Баянауылдағы Жұмбақ қыз тасының сыры әлі күнге дейін беймәлім

ескерткіш, археология
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Археологтер әлі күнге сырын аша алмай келе жатқан ғажайыптың бірі – Баянауылдағы Жұмбақ қыз тасы. Ол өте көне заман ескерткішіне жатады. Көргендердің айтуынша, түс ауа күн сәулесі тіке түскенде бір мезет әлгі тастан қыз бейнесі жарқырап шыға келетін болған екен. 

Ғалымдардың пайымдауынша, балбалтас көне түркі-қыпшақ ескерткіштері қатарына жатады. Ел ішінде айтылып жүрген аңыз әңгімелерге зер салсақ, «Жұмбақ қыз тасындағы» бейне тәуліктің бір мезгілінде, яғни күндізгі сағат үштерде көрінеді.

археология, ескерткіш
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

1974 жылы академик Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдар өңірде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, көне түркі заманынан да бұрынғы дәуірдің қоныс орындарын ашқан. Табылған жәдігерлерді археолог-ғалымдар Алматыға алып кеткен. Кейбіреуі республикалық музейлерде тұр.

археология
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиевтің айтуынша, Әлкей Марғұлан бастаған археологиялық экспедиция «Жұмбақ қыз» маңайынан көптеген тарихи олжаны іздеп тапқан. Бұл жерде өте көне заманға тиесілі сақ, ғұн молалары кездеседі.

«Ол кезде шыбықты ат қып мініп, шапқылап жүрген алаңсыз шағымыз ғой. Археологтердің әрекетін сырттай бақылап тұратынбыз, қызық көрінетін. Бірде ғалымдар әлгі жерден қыз баланың қымбат тастардан жасалған әшекейлерін тапты. Ескі ертоқым қалдықтарын, күміс үзеңгі, үш қырлы жебе ұштарын да көрдік. Үлкендердің айтуынша, археологтер сол жердегі қыз тасын көтеріп, Алматыға алып кетпекші болған екен. Алайда түбі терең көмілген әрі жуан болған соң балбалтасты шығара алмапты. Өкінішке қарай, тас орнынан қозғалып кетті де әлгі сурет кейіннен көрінбейтін болды. Бір туысымның баласы бірде кеңшардың қойын айдап бара жатып, күндізгі сағат үштерде әлгі қыз бейнесін көргенін айтты. Содан бері қыз сұлбасын көрдім деп айтқан жан жоқ», — дейді Рамазан Нұрғалиев.

Мұндай балбалтастың бірі Баянауыл ауданындағы Қаражар және Қаратомар ауылдары маңында да бар. С. Торайғыров университеті Ә. Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Виктор Мерц Қаражардағы балбалтастың орналасқан жері ерекше екенін, әлгі мекенде сақтардың құрбандық рәсімін атқарған орындары болғанын жеткізді.

археология
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Өкінішке қарай, ашық далада жатқан мұндай қорымдар мен балбалтастар арнайы қоршалмаған.

Соңғы жаңалықтар