Баянауылдың жеті кереметі: қасиетті өлкеге барған туристер нені білуі керек

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Баянауыл өңірінің сакралды картасында таңбаланған қасиетті жерлерді туристердің көбі біле бермеуі мүмкін. Тау-тасын аралап, тарихымен танысып қайтамын дейтін адамға бұл жерде қызықтайтын орындар жетерлік.

Баянауылдың жеті кереметі: қасиетті өлкеге барған туристер нені білуі керек
Фото: Валерий Бугаев

Жасыбайда демалу қанша тұрады?

Ең әуелі Баянауылдағы Жасыбай демалыс аймағы мен онда демалу әр келушінің қалтасына қанша салмақ салатынын шамалап көрейік.

Жасыбай демалыс аймағы Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркіне еніп тұр. Көпшілік бұл жерге тамаша тау қойнауында орналасқан Жасыбай көліне шомылып, ыстық құмында қыздырыну үшін келеді. Павлодар қаласынан шамамен 230 шақырым жерде. Демалыс аймағына тек автокөлікпен ғана жете аласыз. Павлодардан аудан орталығына дейін күн сайын таңертеңгі мезгілде автобустар қатынайды. Билет құны — 3500 теңге. Ал кез келген уақытта шығамын десеңіз, такси жеткілікті: жолаушы басына 5-6 мың теңге алады.

Ұлттық парктің мәліметінше, мұнда барлығы 54 демалыс үйі мен 15 қоғамдық тамақтану орны жұмыс істейді. Демалыс үйлеріне бір мезетте 5099 адам қоныстана алады. Туристік маусым 10 маусымнан бастап ресми түрде ашылғанымен, көл жағалауын абаттандыру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Сондықтан көлде ұзақ мезгіл демалуды ойласаңыз шілде айының басына жоспарлағаныңыз дұрыс. Құрылыс жүргізушілер аталған уақытқа дейін барлық абаттандыру іс-шараларын аяқтаймыз деп уәде беріп отыр.

Баянауылдың жеті кереметі: қасиетті өлкеге барған туристер нені білуі керек
Фото: Валерий Бугаев

Енді баға мәселесіне келейік. Ең әуелі, демалыс аймағына кіру үшін адам басына экологиялық төлем алынады. Бекітілген тариф бойынша жеке тұлғалар бір тәулікке — 649 теңге, жеңіл автокөліктер — 1730 теңге, 16 орынға дейінгі шағын автобустар мен ауыр жүк автокөліктері 8650 теңге төлейді. Мұнда көптеген демалыс орындары тек жатын орын мен тамақ пісіруге арналған аймақ қана ұсына алады, яғни отбасыңызбен демалып, ас-ауқат әзірлеуге ерінбеймін десеңіз, адам басына тәулігіне шамамен 10-15 мың төлеуге дайын болыңыз. Ал үш мезгіл тамағы, бөлмесінде теледидары мен салқындатқышы, душы бар эконом немесе стандартты бөлмелер тәулігіне 20-25 мың теңге тұрады. Кейбір демалыс аймақтарында бөреден қиылып салынған жеке үйлердің бағасы да арзан деп айтуға келмейді. 3-тен 12 адамға дейін сыятын мұндай үйлердің тәуліктік жалдау құны 60 мың теңгеден 130 мың теңгеге дейін жетіп тұр. Ал ішіне кемі 5-6 адам қона алатын жеке ағаш үйлерге 50-60 мың теңге шығындайсыз. Кейбірінде үш мезгіл тамақтану қарастырылған, бірақ жан басына әр күн үшін 8-10 мың теңге төлеу керексіз. Мұндай жеке үйлер мен бөренеден қиып салынған үйлердің кейбірінде душ, салқындатқыш қарастырылған. Бұған қоса аумақта киіз үйлерді жалға алуға да болады. Әсіресе, Жасыбай көлінен 18 шақырым жердегі Торайғыр көлі маңында киіз үйлер қалашығы орналасқан. Жай күндері тәулігіне 25-30 мың, демалыс күндері бағасы екі есе қымбаттайтын киіз үйлер көпшілік арасында сұранысқа ие болғандықтан көбі алдын ала бронь жасап қоятынын ұмытпаңыз.

Баянауылдың жеті кереметі: қасиетті өлкеге барған туристер нені білуі керек
Фото: Валерий Бугаев

Жасыбай көлінің суы тұщы әрі мөлдір. Көл жағалауындағы күнқағарлар мен шатырлар, тынығуға арналған жатын орындықтар, душ кабиналары тегін. Айдын маңайында катамарандар мен қайықтарды жалға беру қызметтері қарастырылған. Оларды жалға алу құны кемі 3-5 мың теңгеден басталады. Бұдан бөлек санитарлық тораптар, сусындар мен балмұздақтар сататын дүңгіршіктер қарастырылған.

Баянауыл ұлттық паркі
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі — тек Ертіс-Баян өңірінің ғана емес, күллі Қазақстанның мақтанышы, табиғат пен тарих тоғысқан киелі мекен. Көл жағасынан бастау алатын экотуристік соқпақтар саяхатшыларды қайталанбас табиғи құбылыстармен, аңыздар әлемімен және тарихи терең оқиғалармен қауыштырады.

Баянауыл ұлттық паркі
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Бұл жерде туристік 14 маршрут белгіленген болса, соның ішінде келушілердің кең сұранысына ие 7 туристік маршрут бар. Баянауылдың тарихына қанығамын десеңіз, аталған экологиялық бағыттарды міндетті түрде жүріп өтуіңіз керек.

Мәшһүр Жүсіп кесенесі

Ғұлама Мәшһүр Жүсіптің кесенесі — Жасыбай демалыс аймағынан ең қашық орналасқан туристік маршрут. Асфальт жолмен айналып барсаңыз, 112 шақырымдай.

Мәшһүр Жүсіп кесенесі
Фото: Валерий Бугаев

Ал жергілікті гидтердің көмегіне сүйенсеңіз, дала жолымен тез арада алып барады. Кесене орналасқан Ескелді алқабы — еліміздегі ең ғажайып мекеннің бірі. Ақынның мемориалдық мұражайы, Сарыбұлақтағы қыстау-үйі де туристерді магнитше тартып тұратын орындар. Жұртшылық ең әуелі Мәшһүр Жүсіпті қазақ даласының тарихы мен шежіресін зерттеуші емес, қасиет иесі деп таниды.

Мәшһүр Жүсіп кесенесі
Фото: Валерий Бугаев

Мұны ғұламаның басына тәу етіп келетіндердің қысы-жазы бір үзілмейтінінен байқауға болар. Кесене туралы мына жерден кеңірек оқи аласыз. 

«Қоңырәулие үңгірі»

Жасыбайдан шығатын ең киелі де жұмбақ бағыттардың бірі Қоңырәулие үңгіріне апарады. Баянауылдағы тылсым әрі ғажайып орындардың қатарында Қоңыр әулие үңгірінің алар орны зор. Бұл — Қоңыр әулиенің есімі берілген әлемдегі сегіз үңгірдің бірі. Оны көпшілік Қызыл Ілиястың, Қызыр атаның мекені деп те атайды. 

«Қоңырәулие үңгірі»
Фото: Валерий Бугаев

Өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың айтуынша, Қоңыр әулие үңгірі жердің, жануарлар мен құстар әлемінің қорғаушысы Нұх пайғамбар заманынан бар. Бүкіләлемдік су тасқыны кезінде үш көріпкел Нұх пайғамбардың кемесінен қалып қойыпты-мыс. Үшеуі үш бақанды жалғап, оны пайғамбардың кемесіне байлайды. Сөйтіп бүкіләлемдік ағыспен бойлап солтүстіктен оңтүстікке беттепті.

Қоңыр әулие
Фото: Валерий Бугаев

Алғашқы болып үлкен әулие Құланның бөренесі тасқа соғылып, жұлынып кетеді. Бұл қазіргі Қызылтау маңында болған. Ол жерде Құлан әулие үңгірі сақталып қалған. Ал ортаншы Қыранның бөренесі Ақбет тауына соғылады. Алапат судың беті қайтып, таулар мен шоқылар ашыла бастағанда, кенже әулие Қоңырдың бөренесі үңгірге келіп тірелген екен. Қоңыр әулие сол жерге қоныстанады. Үңгір ежелден қасиетті саналады. Оның түбіндегі қазантасқа су жиналады. Ел арасында әлгі қасиетті суды ішкен адам түрлі аурудан жазылады, тіпті әйелдерді бедеуліктен құтқарады деген әңгіме бар. Ғұлама Мәшһүр Жүсіп бұл жердің киелілігін дәріптеп: «Әулиелердің Алладан пәрмен сұрайтын жері» деп атап кеткен.

«Кемпіртас» жартасы

Кемпір тас жартасы Жасыбай демалыс аймағынан Торайғыр көліне бара бара жатқан жолда, Баян таулары арасында орналасқан. Тас туралы аңыздың бірнеше нұсқасы бар. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының дерегінше, жоңғар шапқыншылығы тұсында бір ананың жеті батыр ұлы болыпты. Олар жаудың ортасында қалыпты, бірақ өздері қарсылыстың мыңға жуық әскерін қырып жіберген. Алайда жау қайта-қайта жиналып, садақпен, мылтықпен атып жетеуін де бір-бірлеп өлтіріпті. Мұны естіген ана қайғырады. Тұрған жерінде тас болып қатып қалыпты. «Тас анаға» қарама-қарсы «Жеті батыр» атты Торайғыр көліне төніп тұрған «Жеті шың» да соны растайды.

«Кемпіртас» жартасы
Фото: Валерий Бугаев

Аңыздың екінші нұсқасында бағзы заманда осы өлкеде өмір сүрген сұлу да қатыгез қыз өз сыңарын таппай, соңында жын-шайтанмен байланысып, мыстанға айналған делінеді. Күн сәулесі алғаш түскен сәтте оның жер астына жасырынып үлгермеген басы тасқа айналып кеткен.

Баянауыл ұлттық паркі
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Бұл жартас — адам баласына тәкаппарлық пен қатыгездіктің соңы неге апаратынын ескертіп тұрған табиғаттың ерекше ескерткіші іспетті. Бұл гранитті мүсіннің ерекшелігі, оған қараған бұрышыңызға байланысты бейнесі құбылып тұрады. Бір жағынан қарасаңыз өр көкірек, тәкәппар жас аруды, екінші жағынан ашулы мыстан кемпірді, ал үшінші жағынан дана, мейірімді әжейді көресіз.

Баянауылдың жеті кереметі: қасиетті өлкеге барған туристер нені білуі керек
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

«Ботаникалық соқпақ»

Егер жаныңыз тыныш табиғатты қаласа әрі жаяу серуенді ұнатсаңыз, ұзындығы 1 шақырымға жетер-жетпес «Ботаникалық соқпақпен» жүріп өткеніңіз абзал.

Ботаникалық соқпақ
Фото: Валерий Бугаев

 Маршрут бойында демалуға арналған ағаш орындықтар мен үстелдер қойылған, ал айналаңыздан мөлдір таза бұлақ ағып жатыр. Бұл соқпақтың басты мақтанышы — ұлттық парктің қызыл кітабына енген қара қатты ағаш.

Ботаникалық соқпақ
Фото: Валерий Бугаев

Сондай-ақ мұнда таңқурай, құлпынай, меңдуана мен құлмақ сынды 70-тен астам өсімдік түрін тамашалап, бұлақтың салқын суынан шөл қандыруға болады. Кей жерлерде сонау динозаврлар дәуірінен қалған қырыққұлақ шөбін де ұшырастырып қалуыңыз ықтимал.

Жасыбай батыр мазары

Баянауыл тауларының ең биік шыңы — Ақбет тауының етегінен өтіп, Сабындыкөл мен Жасыбай көлінің арасындағы тарихи орынға тірелесіз. Бұл — XVIII ғасырда Абылай ханның ту астында жоңғар басқыншыларына қарсы шайқасқан әйгілі батыр Жасыбай Өмірұлының жерленген жері.

Жасыбай батыр мазары
Фото: Валерий Бугаев

Аңыз бойынша, батыр осы көлдің жағасында (ол кезде көл Шойынкөл деп аталған) жауынгерлерімен бірге тынығып жатқанда, жаудың тұтқиылдан жасаған шабуылынан қаза табады. Содан бері халық батырдың есімін мәңгі қалдыру үшін көлді Жасыбай деп атап кеткен. Бұл бағыт — өскелең ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштік пен тағзым ету мекені.

«Кең алаң» алқабы

Алқап тастар мен жартастардан құралған табиғи шолу алаңдарын елестетеді.

«Кең алаң» алқабы
Фото: Валерий Бугаев

Туристер бұл жолда Баянауылдың ең асқақ нүктесі — теңіз деңгейінен 1027 метр биіктікте мұнартқан, халық арасында «ақ ажарлы», «ақ жүзді» деп дәріптелетін зәулім Ақбет шыңымен деңгейлесе өрлейді.

«Кең алаң» алқабы
Фото: Валерий Бугаев

Бұл шыңның «Ақбет» аталуында үлкен сыр бар. Географиялық тұрғыдан алсақ, ол төңірегіндегі өзге таулардан оқшау биік тұрғандықтан таң шапағы мен күн сәулесі оның бетіне бәрінен бұрын түсіп, ерекше нұрланып, жарқырап тұрады.

«Кең алаң» алқабы
Фото: Валерий Бугаев

Ал ел жадындағы ескі аңыз бұл биіктікті мөлдір махаббатпен байланыстырады: өзі сүймеген жанға еріксіз ұзатылмақ болған қайсар ару Ақбет еркіндікті аңсап, осы құздан секіріп кеткен деседі. Енді біреулер бұл шың асқан сұлу Баян қыздың құрметіне аталған дейді.

«Кең алаң» алқабы
Фото: Валерий Бугаев

Ақбет тауының биіктігінен ғажайып өлкенің керемет көркі ашылады. Шыңға апаратын бұл бағыт аса күрделі емес әрі кез келген жастағы саяхатшыларға қолайлы.

Сұлтанмахмұт кесенесі. Әулиебұлақ 

Соңғысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мәңгілік мекеніне жетелейтін мағыналы сапар. Жол бойында саяхатшыларды арнайы жабдықталған жайлы демалыс орындары, сылдырап аққан шипалы бұлақтар мен көз тартар асқақ тау пейзаждары қарсы алады.

Сұлтанмахмұт кесенесі. Әулиебұлақ
Фото: Валерий Бугаев

Сондай-ақ, жолаушылар жол-жөнекей көркі көз арбайтын Торайғыр көлінің жанынан, Сәкен Сейфуллиннің құрметіне қойылған әсем де асқақ «Сәкен жардың» жанынан өтеді. Тау беткейін жарып шығып жатқан Әулиебұлақтың маңайы да аса көркем жер. Бұл жерде еліміздің Қызыл кітабіне енгізілген «Жабысқан қандыағаш» бар. Қандыағашты парк қызметкерлері ғылыми индикатор ретінде пайдаланады. Жазғытұрым төменнен жоғары қарай гүлдесе, жаздың сулы, жаңбырлы болатынын білдіреді. Ал керісінше, жоғарыдан төмен қарай көктесе, алдағы жазда қуаңшылық күтіп тұрғанын болжай беруге болады.

Баянауылдың жеті кереметі: қасиетті өлкеге барған туристер нені білуі керек
Фото: Валерий Бугаев

Бұл сапардың негізгі нүктесі — қазақтың біртуар ақыны, ағартушысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың құрметіне тұрғызылған зәулім кесене. Дәл осы өлкеде ақынның жалынды ғұмыры өткен, шығармашылығы шыңдалған және соңғы демі таусылып, мәңгілікке дамыл тапқан.

Сұлтанмахмұт кесенесі. Әулиебұлақ
Фото: Валерий Бугаев

Атап өтерлігі, ұлттық парк аумағында жалпы саны 24 археологиялық табиғи ескерткіш орналасқан.

Баянауылдың жеті кереметі: қасиетті өлкеге барған туристер нені білуі керек
Фото: Валерий Бугаев

Драверт үңгірі, тастағы көне жазулар, Саймантас, Көгершінтас, Атбасы тасы, Найзатас жартасы, Сақтар қорғаны және т. б. бар.

Баянауылдың жеті кереметі: қасиетті өлкеге барған туристер нені білуі керек
Фото: Валерий Бугаев

Бұл бағыттар тек жан мен тәніңіздің белсенділігін арттырып қана қоймайды, сонымен бірге қасиетті мекеннің тарихын танып, рухани байып қайтуыңызға зор мүмкіндік береді.

Баянауылдың жеті кереметі: қасиетті өлкеге барған туристер нені білуі керек
Фото: Валерий Бугаев

Саяхатыңыз сәтті, әсеріңіз ұмытылмас болсын!

Еске сала кетейік, ғалымдар Баянауылдағы балбалтастардың цифрлық көшірмелерін жасауға кірісті.