Баянауылға ерекше мәртебе беру керек - Арсютин
АСТАНА. KAZINFORM – Баянауылға бірегей тарихи, ғылыми және туристік әлеуеті бар аумақ ретінде ерекше мәртебе беру керек. Бұл туралы Премьер-Министрге сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Николай Арсютин айтты.

- Өңірлердің мәдени мұрасын сақтау және стратегиялық дамыту мақсатында Павлодар облысындағы аудан орталығы - Баянуылға бірегей тарихи, ғылыми және туристік әлеуеті бар аумақ ретінде ерекше мәртебе беру туралы мәселені қарстыруды ұсынамын, - деді депутат.
Оның атап өтуінше, Баянауыл аудан орталығына ерекше мәртебе беру кешенді әлеуметтік-экономикалық тиімділік береді. Атап айтқанда, көптеген жұмыс орны құрылып, шағын және орта бизнес жанданады. Өңірдің инвестициялық тартымдылығы артып, жергілікті және республикалық бюджетке салық түсімдері ұлғаяды. Халықтың өмір сүру сапасы жақсарып, ауданға білікті мамандардың оралуына жол ашады. Көлік, коммуналдық, цифрлық және әлеуметтік инфрақұрылымдар жаңғыртылады.
- Жоғарыда айтылғандарға байланысты бейінді министрліктерге – Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім, Туризм және спорт министрліктперіне Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, Баянауыл аудан орталығына ерекше мәртебе беру туралы мәселені пысықтауды тапсыруды ұсынамыз, - деді Николай Арсютин.
Бұған дейін Баянауылдың тау-тасын үнемі мақтан тұтып жүретін жан - Таисия Наумова жайында жазған едік.