Баян тауларының аманатын арқалап жүрген Таисия

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Таисия Наумова Баянауылдың тау-тасын үнемі мақтан тұтып жүретін жан. Өзі түсірген бейнежазбаларды әлеуметтік желіде бөлісіп, былайғы жұрт көрікті өлке жайында көп мәліметті көкейлеріне түюде. 

Баянауыл қыс
Фото: instagram.com/bayanaul_vibe

Ол жүктейтін бейнероликтер қарапайым болғанымен, шынайылығының нәтижесінде мыңдаған жандардың жүрегін жаулады.

Жер жаннатты — Баянауыл жайлы бейнеақпарат іздеген көпшілік Instagram-дағы @bayanaul_vibe парақшасына үңілетінін жиі байқап жүрміз. Мұнда Арқадағы ерекше жаратылыс, тасын түртсең, тарихы сөйлей жөнелетін құтты мекеннің табиғаты, күмістей жарқыраған көлдер, таумен таласа өскен орман-тоғай, Ақбеттаудың баурайын мекен еткен жабайы жануарлар, тағысын-тағы табиғат бөлшектерін тамашалауға болады.

құсбегі, бүркітші
Фото: Т.Наумованың жеке архивінен

Осының барлығын ерінбей-жалықпай түсіруге дағдыланған Таисия аудан орталығында Шапық Шөкин атындағы № 2 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Айтуынша, бала шағынан табиғатқа аңсары ауып тұрады екен. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен қоршаған ортаға қамқорлық оны осыдан бірнеше жыл бұрын мобилография саласына алып келген. Ол — кәсіби мобилограф емес. Дейтұрғанмен, жұмыстан бос уақытында туған жерінің әсем жерлеріне арнайы барып, телефонының камерасына түсіріп алуды күнделікті әдетіне айналдырған. Кей роликтерге өзі мәнерлеп оқыған өлеңдерінің аудиосын қоса ұсынады.

— Өзім Торайғыр ауылының тумасымын. Ұлтым орыс болса да, жаным қазақ. Қазақ халқы табиғатқа, қоршаған ортаға жақын болатынын байқаймын. Менің жаным да соны қалайды. Кішкентай шағымнан туған ауылымдағы Қандыағаш тоғайы, Әулиебұлаққа төнген Сәкен жары, тау баурайлары, жартастарда секіріп жүретін арқарлар мені ерекше қызықтыратын. Оның үстіне біздің жерден Едіге, Шорман билер, көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, қазақ музыка аспабын жасаудың шебері Қамар Қасымов сияқты танымал тұлғалар шыққан. Осындай қасиет қонған өлкеде тұрып, туған жерді мақтан етпеу мүмкін емес! Ал қоршаған ортаның сұлулығын көре білуге, оны аялауға адами түйсік керек. Көрікті жерлерді камераға түсіріп, әлеуметтік желіде бөліссем, оны өзге адамдар көріп, там-тұмдап мәліметтер алып жатса, мен үшін ғанибет болады деп ойладым, — дейді ол.

Баянауыл қыс
Фото: instagram.com/bayanaul_vibe

Қазіргі уақытта бұл ойының дұрыс болғанына көзі жетіп отыр. Екі жыл ішінде парақшасында әжептәуір жазылушылар пайда болған. Кейде тұрақты көрермендері пікір жазып, ана жерді түсіріп қайтыңызшы деп өтініш жасайды екен. Ондай адамдардың меселін қайтаруға тырысады. 

— Отбасылы адаммын, жолдасым екеуіміз үйде бес бала тәрбиелеп отырмыз. Жолдасым менің қызығушылығыма үнемі түсіністікпен қарап, қолдау жасап келеді. Балаларымызды да табиғатқа сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеп келеміз. Көк қылтиса, ауыл шетіне шығып, самаурын қойып, демалғанды ұнатамыз. Осының барлығы адамның табиғатпен етене болуы керектігін білдіреді, — деп жалғастырды әңгімесін.

Таисия Наумова алдына мақсат қойғыш жан екені байқалады. Айтуынша, осыдан біраз уақыт бұрын жолдасы дрон сыйлапты. Енді соны пайдаланып Баянауыл төңірегіндегі барлық ауылды бейнежазбаға түсіріп, елді мекендерді тарихымен қоса парақшасында жарияламақ ниеті бар. Парақшадағы видеолардан жылдар өте кейінгі ұрпақ өзіне қажеттісін тауып, елінің өткенін таниды деп ойлайды.

— Видеоларымды жиі көретін жерлестерім мені түрлі іс-шараларға шақырады. Жуықта атақты құсбегі, КСРО аңшылық ісінің үздігі Мәуия Әбікеев атындағы құсбегілер турниріне қатыстым. Мені қыран құстың ұшуы, аңдарды қаққан сәттері айрықша қызықтырады. Қазақтың ежелден жалғасқан саятшылық өнерінің қайта жаңғырып, бүгінгі ұрпақтың бойында қанын қыздырып отырғаны меніңше қуантарлық дүние. Құсбегілікпен жастар көп айналысады екен, — деп атап өтті ол.

бүркітші
Фото: instagram.com/bayanaul_vibe

Өзі түсірген бейнероликтерді кейде сабақ үстінде де пайдаланады екен. Бұл іске оқушыларды да жұмылдырып, жақында «Көңілді саяхат» деп аталған халықаралық сайыста өзі үйлестірген балалардың жұмысы 3-орынды жеңіп алыпты.

— Бүгінде қымбат телефонға әуес балалар көп. Тек оны пайдалы іске жарата алатындар аз, — деп қынжылды ұстаз.

Оны Баянауылдағы туристік аймақтардың өз алдына дами алмай отырғаны да мұңайтады. Жасыбай демалыс аймағында қарапайым дәретханалардың жетіспеушілігі, сервистің нашарлығы, абаттандыру жұмыстарының төмен деңгейде жүргізілуіне тұрғын ретінде жаны ашитынын жеткізді. Бұл осы іске жауапты органдар мен жекелеген лауазымды тұлғалардың үйлестіре алмауынан, жауапкершілік пен бақылаудың әлсіздігінен деп ойлайды. Осы орайда халқымыздың «Қалауын тапса, қар жанады» деген нақылын еске салды.

Таисия бүгінде отандық актер әрі продюсер Нұрлан Қоянбаев Instagram-да жариялаған #Qazalemi байқауына қатысып жатыр. Аталған хэштегте оның бірнеше фотосуреті пен видеолары жарияланды.

Еске сала кетейік, туған жердің қысқы көріністері бойынша Нұрлан Қоянбаев жариялаған байқау кең таралып жатыр.

Бұған дейін Кентау тұрғыны қаланың қысқы көрінісі бейнеленген суреттер жариялады.

Сонымен қатар, Төлеби тұрғыны туған жердің табиғатын әлеуметтік желі арқылы танытып жүр.

Ал Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында тұратын мемлекеттік қызметші Ұлан Сайтмұхаев #Qazalemi хэштегімен қысқы көріністерден бірнеше видео жариялады.

Соңғы жаңалықтар