Баянбек Қырықбаев Ақтөбе қаласындағы Астана ауданының әкімі қызметіне тағайындалды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Астана ауданы әкімінің қызметіне Баянбек Қырықбаев тағайындалды. Бұған дейін ол Ақтөбе облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне басшылық етті.

 Баянбек Қырықбаев Ақтөбе қаласындағы Астана ауданының әкімі қызметіне тағайындалды
Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігі

Ақтөбе қалалық мәслихаты Астана ауданы әкімі қызметіне ұсынылған Баянбек Қырықбаевтың кандидатурасын мақұлдады. Жоғары білімді маман Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін құқықтану, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін кадастр біліктілігі бойынша аяқтаған.

- ​Еңбек жолын мұғалім болып бастаған. Әр жылдары Батыс Қазақстан облысы Әділет басқармасының жетекші маманы болып, Ақжайық ауданы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары жер қатынастарының бас маманы, «Ақтөбе Жер ғылыми-өндірістік орталығы» РМК бөлімінің бастығы, Ақтөбе облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы, Қобда ауданы әкімінің орынбасары болды. Сонымен бірге Ақтөбе облысы әкімі аппаратының өңірлік даму, ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. ​Тағайындалғанға дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті Ақтөбе облысының Жер ресурстарын басқару департаментін басқарды, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін Астана ауданының әкімі болған Алмас Жақсылықов он күн бұрын Темір ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. 

Соңғы жаңалықтар