Байден Израиль мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады

АҚШ президенті Джо Байден телеарна арқылы үндеу жасап, Израиль мен Украинаға және АҚШ-тың өзге де одақтастарына көптеген миллиард доллар (Байден жалпы соманы нақтыламады, бірақ алдын ала ақпарат бойынша, 100 млрд) бөлуге өтінішті ертең Конгресске беретінін мәлімдеді. Kazinform бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

джо байден
Фото: Chris Kleponis/Pool/CNP/Global Look Press

Д.Байденнің сөзінше, бұл теңдессіз пакет Израильге қарсыласынан әскери сапа жағынан басым басым түсуге көмектеседі.

«Біз Израиль әуесін күзететін «Темір купол» жұмысын қамтамасыз етеміз. Өңірдегі басқа жаулар Израиль қазір бұрын-соңды болмаған күшке ие екенін білетін болады, бұған уәде береміз. Және солайша қақтығыс ауқымының ұлғаюын тоқтатамыз», - деді Байден.

Сонымен қатар АҚШ президенті:

- Израиль соғыс заңдарын сақтап, бейбіт тұрғындарды қорғау керек екенін;

- тараптар «екі мемлекет» (израильдік және палестиналық) формуласы бойынша бейбіт келісімге келу қозғалысынан бас тартпау керегін айтты.

Еске салайық, 17 қазанда Газа ауруханасына әуеден соққы жасалғаннан кейін Д.Байден Иорданияға сапарын тоқтатып, дереу Израильге ұшып шықты. Америка президенті Тель-Авивте Израиль премьер-министр Биньямин Нетаньяху және елдің әскери кабинетінің мүшелерімен кездесуде АҚШ Израильге қолдау көрсетуін жалғастыратынын айтты.

Кейін Украина мен Израиль мәселелеріне қатысты мәлімдеме жасайтынын атап өтті.

Кеше Израильге Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак барды.

7 қазан күні Палестинадағы ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, елдер соғыс жағдайына көшті.

Израиль-Палестина қақтығысы ушыға бастағаннан бері 3 478 палестиналық пен 1 300 израильдік, сондай-ақ 13 журналист көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар