Байқаушылар сайлау үдерісінің бір нышаны - Демократияны тарату орталығының жетекшісі

   АЛМАТЫ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Байқаушылардың қызметі халықтың сайлауға деген сенімін ұлғайтады.
None
None

Бұл пікірін бүгін Алматыда "Ақ жол" партиясының атынан өкілдік ететін байқаушылар мен сайлау учаскелері мүшелеріне арналған семинар-тренингте "Демократияны тарату орталығының" жетекшісі Дос Көшім білдірді.

"Сайлау комиссиясының да, байқаушылардың да алға қойған мақсаттары біреу. Ол - ҚР Сайлау туралы конституциялық заңының бұзылмауы. Сайлау болған  күні сайлау учаскесінің  ашылуынан бастап дауыс беруді есептеуге дейінгі үдеріс халықтың көз алдында болу керек. Егер олай болмаса жеңіліп қалған жағы сайлаудан кейін дау шығаруы мүмкін. Оны болдырмас үшін сайлауға түсушілер алдын-ала өздерінің байқаушыларын дайындау қажет. Олар ҚР Сайлау туралы заңының негізгі баптарын жақсы білетін адам  болу  керек", - дейді Д.Көшім.

Байқаушылар мен сайлау комиссиясының арасында болып тұратын келіспеушіліктерге қарсы екендігін айтқан саясаттанушы ғалым, байқаушылардың  мәдениетті болуы және екіжақтың бірбағытта жұмыс істеуі қажеттігін жеткізді. Сондықтан бүгінгі семинарда байқаушылардың мәдениеті туралы көбірек айтылды.

 "Саяси партиялардың барлық сайлау учаскесіне байқаушы қоюы жұмыс жоспарына байланысты. Сондай-ақ үміткерлердің сенімді өкілдері де сайлау күні байқаушының рөлін атқарады. Сондықтан, депутаттықтан үміткерлер азаматтардың сайлауға қатысуы мен үгіт-насихат мәселесін ғана емес, өзінің дауысынан айрылып қалмауы үшін жұмыс істеуі керек. Саяси партиялардың не өзге де үміткерлердің барлық сайлау учаскесін байқаушылармен қамти алмауы, ең алдымен, қолдаушы адамдарының аздығынан. Одан кейін,  байқаушының  қажеті бар ма, жоқ па деген көзқарасынан болуы мүмкін", - дейді Дос Көшім.

Оның сөзіне қарағанда, көптеген елдерде байқаушы жоқ. Себебі оларда сайлауға деген сенім  орнықты. Халықаралық байқаушылар да, өздерінің байқаушылары да жоқ сайлау учаскелері Еуропада өте көп. 

Соңғы жаңалықтар