Байқоңырда 500-ге тарта медицина қызметкерінің құқығы бұзылған

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Байқоңыр қаласының прокуратурасы жергілікті аурухананың ұжымдық шартында заң талаптарына қайшы келетін нормаларды анықтады.

дәрігер
Фото: pexels

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, міндетті медициналық және зертханалық тексеруді қызметкерлердің өз қаражаты есебінен өтуі көзделген. 

- Бұл жағдай зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне заңда көзделген кепілдіктерге қарамастан қосымша қаржылық жүктеме түсірген.Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде ұжымдық шартқа өзгерістер енгізіліп, міндетті медициналық қарап-тексеруді жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүргізу тәртібі белгіленді, - делінген хабарламада. 

Осылайша 444 медицина қызметкерінің еңбек құқығы қалпына келтірілді.

Ал Астана прокуратурасы өңірдің 21 мыңнан астам спортшының және 1,1 мың жаттықтырушының құқығын қорғады.