Байқоңыр 60 жылдық мерейтойын атап өтті (ФОТО, ВИДЕО)

«Бұрынғы Кеңес Одағының 46 аймағында тұратын 52 мың ардагердің басын қосқан «Байқоңыр ардагерлер кеңесінің» құттықтауын қабыл алыңыздар», - деді Мәскеудегі ардагерлер кеңесінің төрағасы, РФ әскери-ғарыш күштерінің бұрынғы басшысы, генерал-лейтенант Владимир Иванов.
Байқоңырдың құрметті қонақтарының арасында кеңестік зымыран-ғарыштық техниканың негізін қалаған Сергей Павлович Королевтің қызы, әкесінің «жылнамашысы» Наталья да болды. Ол өз сөзінде әкесінің дәл осы жерде ірі құрылыс жүріп, болашақ ғарышайлағы орналасатынын айтқанын жеткізді. Қала тұрғындары, жұмыскерлер, Байқоңырдың инженер-сынаушылары, Ресей және Қазақстанның зымыран-ғарыш саласының жетекші кәсіпорындарының қызметкерлерімен бірге Байқоңырдағы бұл мерекені атап өтуге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен РФ Үкімет басшысының орынбасары Дмитрий Рогозин, «Қазғарыш» және «Роскосмостың» басшылары Талғат Мұсабаев пен Игорь Комаров қатысты.
«Бүгінгі Байқоңыр - Ресей мен Қазақстан достығының мықты көрінісі, бұл - біздің елдеріміздің мамандарының кәсібилігі арқасында салынып, жұмыс істеп отырған және ең бастысы халықаралық ілкі жобалар үшін әлі талай қолданылатын ғарышайлағы», - деді байқоңырлықтардың алдында сөйлеген сөзінде РФ Үкімет басшысының орынбасары Дмитрий Рогозин.
««Байқоңыр» ғарышайлайғының тарихи және ғылыми-техникалық маңызын түсінген Қазақстан мен Ресей оны ары қарай дамыту бойынша жұмыстарды жүргізіп отыр. Қазақстан мен Ресей Федерациясы президенттерінің қолдауымен аталған ғарыш айлағы әлемдік ғарыш саласының дамуында көш бастап келеді. Ол екі ел арасындағы өзара тиімді ықпалдастықтың, ғылыми-техникалық прогрестің символы іспетті», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары. Балалық кезі мен жастық шағы бұрынғы Ленинск, қазіргі Байқоңыр қаласында өткен ғарышкер Олег Артемьев «Байқоңыр қаласының құрметті азаматы» мәртебелі атағына ие болды. Мерекелік шаралар Байқоңырдың түнгі аспанын жарқын түске бояған тамаша отшашумен аяқталды.