19:51, 04 Сәуір 2015 | GMT +5
Байқоңыр ғарыш айлағында мексикалық спутниктік байланысты ұшыруға дайындық жүргізілуде
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Байқоңыр ғарыш айлағында «Бриз-М» үдеткіш блогы және «MexSat-1» мексикалық байланыс серігі бар «Протон-М» зымыранын ұшыруға дайындық жұмыстары басталды, деп хабарлады Ресейғарыштың баспасөз қызметі.

Мексиканың «MexSat-1» (МексСат-1) байланыс серігін ұшыруға арналған Ресейдің М.В.Хруничев атындағы орталығында шығарылған «Протон-М» зымыран-тасығышы мен «Бриз-М» үдеткіш блогы теміржол құрамымен ғарыш алаңына жеткізілді. Спутниктің өзі Байқоңырға таяу уақытта жеткізіледі, деп атап өтеді баспасөз қызметінен.
Ресейғарыш мамандары ғарыш айлағының 200-ші алаңында «Протон» ұшіру кешенінің жабдықтары мен аппаратурасын алдағы уақытта зымыранды қабылдауға және ұшыруға дайындай бастады.
«Бриз-М» үдеткіш блогы және «MexSat-1» мексикалық байланыс серігі бар «Протон-М» зымыранын ұшыру 2015 жылғы сәуір айының соңына белгіленген.