Байқоңырда бала өліміне жол берген дәрігер сотталды

БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Байқоңырда акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету барысында өзінің лауазымдық және кәсіптік міндетін тиісті деңгейде орындай алмаған дәрігер екі жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқоңырда бала өліміне жол берген дәрігер сотталды

«Аталмыш қылмыстық іс Байқоңыр қалалық сотында қаралды. Азаматша Т-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Ол Н. есімді азаматшаға акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету барысында өз міндеттерін тиісті деңгейде орындай алмаған. Соның салдарынан бұл жағдай сәби өліміне алып келген» делінген Байқоңыр қалалық сотының хабарламасында. 

Емдеуші дәрігер Н. есімді азаматшаның жүктілік мерзімін сол уақытта 38-39 апта деп анықтаған. Ал Байқоңыр қаласының сарапшыларының қорытындысы бойынша ол 40-41 аптаны құраған.  Бұл орайда Қызылорда қаласының сарапшылары жасаған қорытынды да соған сай келеді.

Байқоңыр қалалық соты іс құжаттарын зерттеу барысында азаматша Т-ны кінәлі деп таныды. Оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеуі тиіс. Сондай-ақ, 2 жыл акушер-гениколог қызметімен айналысу құқығынан айырылды.

ҚР ҚК 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, ол жазасын 5 жылдан кейін өтейтін болды.

Сондай-ақ, таяуда Қызылорда облысында қайын әпкесін өлтірген полицей сотталған болатын.