17:59, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Байқоңырда халық санының өскендігі байқалады
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Тұңғыш халық санағының 1999 жылы Байқоңырда ұйымдастырылу шараларына көптеген ұстаз әріптестеріммен бірге белсене араласып, мемлекеттік маңызы зор шараға үлес қосқанымды бүгінде мақтаныш тұтамын,

деді ҚазАқпарат тілшісіне осындағы Абай атындағы №5 қазақ орта мектебінің мұғалімі, санақ бөлімінің нұсқаушы-бақылаушысы Нұрлыбай Түнғатаров. - Сол санаққа мектеп мұғалімдері мен үй басқармаларының қызметкерлері және жұмыссыздар көптеп тартылды. Байқоңыр қалалық әкімшілігінің басшылары мен ресейлік азаматтар да қолдарынан келген қолдау, көмектерін аяған жоқ.
Бізге мектептен арнайы жабдықталған бөлме беріліп, телефон байланысы орнатылды. Жоғары жақтан жіберілген кәсіби мамандардың жергілікті еріктілермен күндіз-түні қоян-қолтық қызмет атқарғанына куә болдым. Ортақ мақсатқа жету жолындағы өзара сыйластық пен ауызбіршіліктің нәтижесінде санақты өз уақытысында және тыңғылықты қорытындыладық.
Арада он жыл өткен соң екінші Ұлттық халық санағының белгіленген мерзімі өз мәресіне таяп келеді. Осы уақыт аралығында елімізде қаншама өзгерістер орын алып, жан-жақты дамудың келесі кезеңіне көтерілдік. Облыс пен аудан орталықтарында бірінен соң бірі бой көтере бастаған әлеуметтік маңызы бар нысандарды былай қойғанда, келешегі бар ауылдардың өзінде жаңа мектеп пен емхана, мәдениет үйлерінің құрылыстары қолға алынуда. Ел игілігін еселеу жолында отандық өнім шығарып жатқан қаншама кәсіпорын бар. Кезекті санақтың ерекшелігін санамалағанда ең алдымен республика тұрғындарының баянды болашағына бағытталатынын атап айтқан абзал. Байқоңыр қаласында биыл басқа аймақтардағы сияқты санақ бөлімдері жасақталып, жүйелі жұмысқа кірісті. Қажетті қызметкерлерді шақырып жатқанын есіткен бойда орналасқан жеріне іздеп барып, іс-тәжірибесі бар ерікті санақшы ретінде қолғабыс көрсететінімді айттым. Қарсы болмастан, құжаттарымды қуана қабылдады. Ережелер де заман талабына сай өзгерген. Жұртшылыққа ұсынылатын сауалнамаларды оқып көргенімде, бұрынғыдан әлдеқайда ауқымды және күрделі екендігін байқадым. Бұл санақ науқанына қатысушылардан белгілі бір деңгейде барынша білікті болуды талап етеді. Сондықтан мұқияттылық қажет. Мемлекеттік маңызды шараға араласқан азаматтардың осы сенімге селкеу түсірмегенін қалар едім, - дейді Н.Түнғатаров.