Байқоңырда қаланы дамыту мәселесі талқыланды

БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Байқоңырда қаланы дамыту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қызылорда  облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Байқоңырда қаланы дамыту мәселесі талқыланды

Жиында тұрғын үй құрылысы, газдандыру, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту, жолдар мен тұрғын үйлерді жөндеу мәселелері айтылды.

Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешев, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қызметкерлері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары және құзырлы мекеме өкілдері қатысты.

Қырымбек Көшербаев Байқоңыр қаласының бірқатар әлеуметтік нысандарын, атап айтқанда, құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлер, газдандырылған әлеуметтік нысандар, Қазақстан азаматтары үшін медициналық ұйымдар мен демалыс орнының жұмысымен хабардар етті.

«Мемлекет басшыларының тапсырмасын орындау барысында ғарыш айлағын және Байқоңыр қаласының дамуын қамтамасыз ету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі «Бәйтерек» бірлескен зымыран кешенін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Байқоңырға үшінші елдің инвестициясын тарту мақсатында Қазақстан, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктері «Союз» ғарыш орталығын жаңғырту арқылы №1 алаңда ғарыш зымыран кешенін құру мәселесін шешу үшін бірлескен жұмыс тобын құрды», - деді аймақ басшысы.

null Байқоңырда ұзақ мерзімді бағдарламаны іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен, қала бюджеті барлық мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін жеткіліксіз. Ресей Федерациясына қарасты деген қаланың заңнамалық ерекше мәртебесі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік бермейді.

«Байқоңыр Қызылорда облысының әкімшілік-аумақтық бірлігі болмағандықтан, қаланың даму шығындары облыстық бюджеттің негізгі шығындарына кірмейді. Бұл мәселенің маңыздылығын ескере отырып, жергілікті бюджеттен айрықша жағдайларда біз тұрғын үй құрылысын дамытуға, сондай-ақ, қаланың су және кәріз желілерін жаңғырту мен қайта құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қаржы бөлдік. Қаланы дамыту үшін республикалық бюджеттен қаражат та бір рет бөлінеді», - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол Байқоңырдың үздіксіз дамуы үшін тұрақты қаржыландыру қажеттігін атап өтті.

Осыған орай, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына Қаржы, Ұлттық экономика, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен Байқоңыр қаласының дамуын қаржыландыру үшін бөлек бюджеттік бағдарлама құру және Қазақстан Республикасының бюджетіне әлеуметтік-экономикалық салада ғарыш айлағын жалға алу үшін жыл сайын Ресей Федерациясынан төленетін қаражаттың бөлігін Байқоңыр қаласының, Төретам мен Ақай елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бөліп беру мәселесі бойынша жұмыс жүргізу міндеттелді.

«Төретам мен Ақайдың дамуын қамтамасыз ету арқылы біз Байқоңыр қаласын дамытамыз, себебі, келешекте бұл елді мекендер қаланың шағын аудандарына айналады», - деді аймақ басшысы.

Еске салайық, ағымдағы жылдың шілде айындағы жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Мамин Дмитрий Рогозинмен ресейлік және қазақстандық тараптардың қаланы дамытуды қаржыландыру мәселесін нақтылау қажеттігі туралы мәселені көтерген болатын.

«Байқоңыр» ғарыш айлағында бірлескен ғарыштық жобаларды жүзеге асыру туралы Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Данбаев сөз сөйледі. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың басшылары Байқоңыр қаласын абаттандыру, оның тұрғындарын жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Атап өткен жөн, бірлескен «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей жобасы 2022 жылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Байқоңыр кешенінде медицина туралы келісімге өзгертулер енгізу, жер учаскелерін бизнес-жобаларды іске асыру үшін жалға беру және Төретам және Ақай елді мекендерін дамыту мәселелері бойынша хаттамаларға қол қойылды.

 Бүгінгі таңда қала әкімшілігі «Роскосмос» корпорациясының қолдауымен қала аумағын абаттандыру, жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстарын жүргізуде. Өз кезегінде облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен 5 көп пәтерлі үйдің құрылысын бастады, су құбыры мен кәріз жүйесін коммуналдық меншікке қабылдап, оларды жетілдіруге байланысты техникалық-экономикалық негіздемелерін дайындап, қазақстандық мектептер мен емханаларды көгілдір отынмен жабдықтады. Сондай-ақ, осыған дейін Байқоңырдағы 5 мектеп түлектері  ҰБТ-ны тапсыруда қиындықтар орын алмауы үшін қазақстандық білім беру стандартына көшті.