«Байқоңырдағы алты мектептің мәселесі шешілді» - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеновамен болған сұхбат берілген. «2015 жылы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бекітілген өңірлік кешенді жоспарларының шеңберінде 322 мың адамды қамту межеленіп отыр. Азаматтарды жұмысқа орналастыру «Жұмыспен қамтудың жол картасының» және «Нұрлы Жол» бағдарламасының, Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы мен басқа да мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын жобалар арқылы жүзеге асырылады. Өңірлердің деректері бойынша, бүгінгі күнге 234 мың адам, оның ішінде, тұрақты жұмыс орындарына 121 мың адам жұмысқа орналастырылды. Бұдан өзге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде кәсіптік оқудан өтуге, жеке ісін ашуға, субсидияланатын жұмыс орындары мен жастар практикасына жұмысқа орналасуға ниет білдірген жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен қамтылған адамдарға мемлекеттік қолдау көрсетуді жалғастырып келеміз. Сонымен қатар, азаматтардың жұмыс күші артық өңірлерден еңбек ресурстарына деген сұранысы бар өңірлерге қоныс аударуына жәрдемдесудеміз», - дейді министр. Өзекті мәселелер көтерілген сұхбат «Ешкім де мемлекет назарынан тыс қалмайды» атты тақырыппен жарияланды.
Бас басылымда «Ай мен Айдын» деген көлемді мақала берілген. «Ғарышқа жіберсеңіз, қарыштап барып-қайтуға дайын болды. Олар Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов еді. Осы екі жігіттің бірі жаңа заманның алғашқы онжылдығында аспанға ұшуға тиіс болатын. Жоспар бойынша. Дей тұрғанмен, дағдарыс деген дүние тірсектен шалып, ойға алған мақсат орындалмай қалды. Бұл жаңалықтан кейін Мұхтар Аймаханов азаматтығын ауыстырды. Ал Айдын Айымбетов Астанаға атбасын бұрды. Осылай жүргенде биыл ойда-жоқта жағымды жаңалық естіп, бөркімізді аспанға аттық. «Қазақстан ғарышкеріне ғарышқа ұшуға рұқсат берілді», деген. Солайша, Айымбетовтың арманы алты жылға кешігіп орындалып жатқан жағдайы бар. Бәрі жақсы һәм дұрыс қой. Бірақ бір мезет өзіңізге: «Мен осы Айдын туралы не білемін?» деп сұрақ қойып көріңізші. Не біледі екенсіз? Аспанға аттанайын деп тұрған азаматыңыз жайында қандай ақпарат бар? Біз бүгін осы бір олқылықтың орнын толтырмаққа талпындық»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Шымкент қаласында орналасқан химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне барып, мұғалімдер мен оқушыларды Білім күні мерекесімен құттықтады.
- Қазақстандағы әрбір үшінші «Алтын белгі» иегері - Оңтүстік Қазақстан облысы мектептерінің түлегі. Облыста 18 112 оқушы ҰБТ тапсырып, олардың орташа көрсеткіші 78,8 баллды құрады. Бұл - өте қуанышты жағдай. Мұның барлығы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана әрі салмақты саясатының жемісі, - деп атап өтті өңір басшысы.
Сонымен қатар, оңтүстікқазақстандық оқушылар 2015 жылы алғаш рет республикалық пән олимпиадасының қорытындысына сәйкес, 2 бағыт бойынша жүлделі үшінші орынды иеленгені де белгілі болды. Облыс басшысы өз сөзінде биылғы жаңа оқу жылында 70 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырғанына тоқталды. - Бұл - республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Еліміздегі ең жоғары туу көрсеткіші біздің облыста тіркеліп отыр. Тұрғындардың әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып келе жатқаны да талассыз, - деді Б.Атамқұлов. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша, жаңа оқу жылында 49 жаңа білім беру мекемесі пайдалануға берілсе, соның 22-сі кеше ашылды. Бұл жайында « Оңтүстіктің оқушылары озып тұр» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Байқоңырдағы алты мектептің мәселесі шешілді» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Өткен жылдың қараша айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Байқоңырдағы алты қазақ мектебінің жаңа оқу жылында қазақстандық стандартқа көшетінін мәлімдеген еді.
Брифингте әкім: «Байқоңырда Қазақстан балалары оқитын алты мектеп бар. Олар Қазақстанның білім стандарты емес, Ресейдің білім стандарты бойынша білім алды. Қазақтың балалары қазақ мектебінде кітап бетін ашады да, «президентім Путин» дейді. Ертең олар қандай азамат, қандай патриот болады деп айта аламыз» деген еді. Сол жолы әкім бұл мектептерді бітірген қазақ оқушыларының Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыса алмайтынын, сондықтан еліміздегі жоғары оқу орындарына түсе алмай қиналып жүргенін айтқан еді.
Міне, талай жылдан бері талқыға түсіп келген Байқоңырдағы мектептердің проблемасы оң шешімін тапты. «Жұлдызды қалашықтағы» 6 қазақ мектебі еліміздің білім беру стандартына көшті. Білім күні алғаш рет аталған мектептің табалдырығын 642 байқоңырлық бүлдіршін аттады. №277 К.Тоқмұхамедов атындағы мектепті өткен алғашқы қоңырау салтанатты шарасына облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысты. ***
Неке келісімшарты әйелдерге қарағанда ерлерге қажет. Бұндай пікірді осы жайында Астанада семинар өткізбек болып отырған Эмин Аскеров алға тартуда. «Экспресс К» газетінде «У меня все ходы записаны» атты материалда Қазақстанда ажырасулар саны азаймай тұрғандығы аталып өткен. Құқық қорғаушылардың пайымынша, бұл жағдайға неке келісімшарттары көмек көрсете алады. Бұл өзекті тақырыптағы бірінші семинарға көп адам жазылған екен.