Байқоңырдың болашағы қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Байқоңыр» ғарыш кешенін дамытудың қазіргі жағдайы туралы баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Соңғы жылдары «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссияның (ҮАК) аясында Ресей тарапымен бірге «Байқоңыр» кешенін дамыту мәселесі бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Соның ішінде, «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешенінің (42, 43 және 45 алаңдар) жерүсті ғарыштық инфрақұрылымы базасында спутниктерді ұшырумен қатар, заманауи транспорттық басқарылатын ғарыштық кемелерді ұшыру мүмкіндігі бар «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін бірлесіп құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ресей тарапы «Бәйтерек» жобасы үшін «Союз-5» орта класстағы заманауи зымыран-тасығышты құру үшін жауап береді (бүгінгі күні зымыран-тасығыштың эскиздік жобасын әзірлеуі аяқталуда), Қазақстан тарапы «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешенінің базасында жерүсті инфрақұрылымды құруға жауап береді.

Еске салсақ, 2017 жылдың 27 маусымында ҮАК төрағалары - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин мен РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Д. Рогозин «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешенінің жерүсті ғарыштық инфрақұрылымы нысандарын Ресей Федерациясы жалға алғандар құрамынан шығарып, оларды Қазақстан Республикасына беру туралы шешімді бекітті.

Бұл шешімге сәйкес, 2018 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағының 42, 43 және 45 алаңдарында орналасқан «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешенінің нысандарын Қазақстанға беру бойынша жұмыстар жүргізіледі және жерүсті инфрақұрылымды құру бойынша жұмыстар басталатын болады.        «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру жобасы аясында бірінші зымыран-тасығышты ұшыру 2022 жылға жоспарланған.

Атап айтқанда,  «Байқоңыр» кешеніндегі келешектегі ынтымақтастық Тұжырымдамасы дайындалып, бекітілген болатын.

«Тұжырымдаманың негізгі ережелері «Байқоңыр» кешені бойынша жалға алу қатынастарды сақтай отырып, кейбір нысандарды жаңа ғарыштық немесе басқа жобаларда пайдалану, әлеуметтік-мәдени немесе басқа мақсаттағы нысандарға қайта бейімдеу мақсатында оларды жалға алудан шығару, сондай-ақ есептен шығару мен кәдеге жарату рұқсат етіледі. Қазақстан мен Ресей «Байқоңыр» кешенінің дамуын қаржыландырады, оның ішінде жаңа нысандар салу және инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Осы мақсатта Тұжырымдаманы іске асыру бойынша жиынтық жоспар жобасы мен Байқоңыр қаласын дамытудың 2018-2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді бірлескен бағдарламасының жобасы әзірленіп, қазіргі уақытта оны бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деп атап өтілген министрліктің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген мәліметінде. 

Соңғы жаңалықтар