Байланыс операторлары үшін тең бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз ету тәсілдерін әзірлеу керек — Үкімет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM — Байланыс желілерінің аса маңызды инфрақұрылымының орнықтылығына бағалау жүргізу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
— Қазіргі жағдайда байланыс саласы аса маңызды инфрақұрылым саналады. Кибершабуылдар, апаттар немесе жекелеген тораптардың істен шығуы бір мезгілде миллиондаған пайдаланушыға және өмірлік маңызы бар сервистердің жұмысына әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда орын алған инциденттерге ден қоюмен ғана шектелуге болмайды. Ықтимал осал тұстарды алдын ала анықтап, негізгі байланыс арналарының резервін қамтамасыз ету және операторлардың штаттан тыс жағдайларға дайындығын тұрақты түрде тексеру қажет, — деді Үкімет басшысы.
Осы орайда Олжас Бектенов Жасанды интеллект министрлігіне уәкілетті органдармен және операторлармен бірлесіп, үш ай мерзімде байланыс желілерінің аса маңызды инфрақұрылымының орнықтылығына бағалау жүргізіп, анықталған тәуекелдерді жоюдың нақты жоспарын ұсынуды тапсырды.
— Сондай-ақ телефон және интернет алаяқтығының жолын кесу үшін операторлардың құқық қорғау органдарымен және Антифрод-орталықпен өзара іс-қимылын күшейту керек, — деді ол.
Оның айтуынша, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін қомақты инвестициялар қажет. Бұл ретте желілердің құрылысы және салынған инвестициялардың өтелуі бірнеше жылға созылады. Уәкілетті органдар инвесторлар үшін тұрақты әрі түсінікті жағдайлар қалыптастыруы қажет. Бұл операторларға желілерді дамытуды ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау операторлардың байланыспен қамту ауқымын кеңейту, байланыс сапасын арттыру және халық үшін көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі нақты міндеттемелерімен қатар жүруге тиіс.
— Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2027-ші жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін салаға инвестиция салу бағытындағы әкімшілік кедергілерді жою және операторлар үшін тең бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз ету тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тартады.