Байлықтың мәдениеті қандай болуы керек

АСТАНА. KAZINFORM — Ірі байларға салықты арттыру — әділеттің ғана емес, мәдениеттің де мәселесі. Бұл пікірді Құрылтай депутаты Айдос Сарым айтты.

Байлықтың мәдениеті қандай болуы керек
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Мысалы Еуропадағы миллиардерлердің біреуінің атын білесіз бе? Әйтпесе Нидерландыдағы, Германиядағы миллиардерлер саны Ресейдегі байлардан көп. Біреуінің де атын білмейміз. Есесіне Қазақстанның миллиардерлерін жатқа білеміз. Той-томалағына қандай жұлдызды қандай ақшаға шақырғанын білеміз. Мұның жұрттың қытығына тиетінін де білеміз, — деді депутат.

Оның айтуынша, түптің түбінде осының барлығы ізет таныту, мәдениет танытуға келіп тіреледі.

— Өткенде Бельгия Корольдігінен жүз шақты кәсіпкер келді. Олардың киіміне назар аударыңызшы. Ешбір алтындатылған костюм көрмедім, бәрі — қарапайым, күнделікті киюге ыңғайлы пиджактар. Бұл да — байлықтың мәдениеті. Біз бір жағынан мал шашпақты салықтық тұрғыдан шектесек, екінші жағынан мәдени жұмыстар да қатар жүргізіліп отыруы керек, — деді Айдос Сарым.

Депутаттың айтуынша, ауқатты байларға қарапайым азаматтар алып отырған жәрдемақыдан бас тарту ұсынылған. Нәтижесінде көптеген ірі кәсіпкерлер жәрдемақыдан өз еркімен бас тартып жатыр.

Еске сала кетсек, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев байларға салықты көтеруді ұсынды.

Үкімет пен Құрылтай осы мәселені зерделеп, тиісті ұсыныстар енгізуге тиіс.