«Бәйтерек» экономиканың нақты секторын 8 трлн теңге көлемінде қаржыландырмақ
АСТАНА. KAZINFORM – «Бәйтерек» биыл экономиканың нақты секторын 8 трлн теңге көлемінде қаржыландырмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин айтты.
- 2026 жылы холдингке 1 трлн теңге капитал берілсе, экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемін 8 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар. Холдинг шағын және орта бизнес пен басым салаларды қолдау бойынша келесідей жоспар құрып отыр. Өнеркәсіпті дамыту қоры құны 7 млрд теңгеден басталатын өндірісті тұрақты дамытуға бағытталған жобаларды қолдайтын болады және машина жасау секторында толыққанды даму институты болып өзгереді. Бұл ретте, Ұлттық банк және басқа да мемлекеттік органдардың ұстанымдарына орай, 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды екінші деңгейлі банктерге беруді келістік, - деді ол.
Оның айтуынша, «Даму» қоры екінші деңгейлі банктердің экономиканы қаржыландырудағы үлесін көбейту үшін шағын және орта бизнестің несиелерін қолдауды бұдан әрі жалғастырады.
Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржы ішкі нарыққа бағытталған өнеркәсіп жобаларына терең өңдеу мен тамақ өнеркәсібіне 1 трлн теңгеге қолдау көрсетеді.
- Қазақстанның даму банкі шикізаттық емес экспортты қолдауға 2 трлн теңге бағыттайды. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі 600 млрд теңгеге экспорттық жобаларды қолдауды жоспарлап отыр. Жобаларды капиталдандыру жеткіліксіз болған жағдайда, QIC қолдау көрсетеді. Осылайша, «Бәйтерек» тобының барлық қаржы құралдары бизнесті қолдауда бірін-бірі толықтырып, аталған секторларды қолдайды, - деді Рустам Қарағойшин.
Айта кетейік, Үкімет отырысында экономиканы одан ары әртараптандыру тәсілдері пысықталды.