«Бәйтерек» холдингінің 2023 жылға дейінгі даму стратегиясы бекітілді

АСТАНА. КАЗИНФОРМ - Бүгін Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің 2014 жылғы алғашқы іштей отырысы өтті. Бұл туралы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

«Директорлар кеңесі Холдингтің 2014-2023 жылдарға арналған даму стратегиясын бекітті. Құжатта Холдингті интеграцияланған даму институты ретінде қалыптастыруға байланысты міндеттер мен таяу онжылдықтағы стратегиялық бағыттар айқындалған», - делінген ұлттық холдингтің хабарламасында.

Сондай-ақ, директорлар кеңесі отырыста «Бәйтерек» холдингінің жарғылық капиталын бюджеттік қаржы есебінен 20 млрд 330 млн 779 теңгеге капитализациялау туралы шешім қабылдады. Бұл қаржының негізгі бөлігі «Қазына капитал менеджмент» АҚ-ның қаржылық капиталын ұлғайтып, Инфрақұрылымдық жобалар қорын құруға жұмсалады. Қалған 330 млн 779 мың теңге «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ына аспап жасау жөніндегі конструкторлық бюро құруға бөлінеді.

Бұдан бөлек, директорлар кеңесі «Бәйтерек» холдингі және «Қазақстандық мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы» АҚ тарапынан «Мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларын сүйемелдеу» ЖШС-нің жарғылық капиталына үлеске кіру мәселесін талқылады. Мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларды сүйемелдеу орталығының жарғылық капиталы 200 млн теңге көлемінде белгіленген. Оның 150 млн теңгесі немесе 75 пайызы «Бәйтерек» холдингінің үлесіне беріледі.

«Қазақстандық мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы» АҚ-ның үлесі 50 млн теңге немесе 25 пайызды құрайды. Мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығының негізгі жұмысы инфрақұрылымдық, соның ішінде мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде жүзеге асырылатын жобаларды құрылымдау және сүйемелдеуге бағытталады. Орталықтың алдын-ала келісімнен өткен жобаларының ішінде Алматы стансасын айналып өтетін теміржол мен Алматы және Қарағанды қалаларында 300 төсек орындық көпсалалы ауруханалар құрылысы бар.

Отырыста холдинг құрамындағы еншілес мекемелер активтерінің құрылымын оңтайландыру мәселесі де талқыланды. Сараптама бойынша, холдинг құрылымында профильді емес активтер жоқ. Дегенмен, бірқатар еншілес компаниялар инвестициялық қорларға немесе инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысып келген. Осыған орай, жыл соңына дейін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры 5 микрокредиттік ұйымнан шығады. «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ технопарктер жұмысын оңтайландыру мақсатында Алматы аймақтық технопаркі мен Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің технопаркін біріктіру бағытында жұмыс жасап жатыр.

Соңғы жаңалықтар