«Бәйтерек» холдингінің рөлі күшейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Экономикалық өсудің проактивті саясатын іске асыру үшін «Бәйтерек» холдингінің рөлі күшейтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

«Бәйтерек» холдингі
Фото: ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

- Инвестицияларды ұлғайту қажеттілігін ескере отырып және жоғары пайыздық мөлшерлемелер жағдайында екінші деңгейдегі банктер мен «Бәйтерек» холдингі нақты секторды кредиттеудің негізгі көздеріне, сондай-ақ экономиканың өсу нүктелері мен сала көшбасшыларын қаржыландырудың негізгі арналарына айналады. Экономикалық өсудің проактивті саясатын іске асыру үшін «Бәйтерек» холдингінің рөлі күшейтілетін болады. Холдингтің бөлу қызметінен стратегиялық инвестициялық қызметіне көшу жоспарланып отыр. Бүгінде ол еліміздің Инвестициялық холдингіне айналды, - деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, холдинг ұлттық экономика үшін барынша мультипликативті әсерді қамтамасыз ететін 15-20 жүйе құраушы жобаны іске асыруға шоғырланады. Қаржыландыру үшін басымдық тау-металлургиялық кешеніне, машина жасауға, энергетикаға, инфрақұрылымға, туризмге, агроөнеркәсіптік кешенге, тамақ өнеркәсібіне, химия, мұнай-газ химиясына, агрохимияға, құрылыс материалдарын өндіруге беріледі.

- Холдингтің 2026 жылға арналған жобалар портфелінің 42 пайызы химия және мұнай-газ химия өнеркәсібін, 19,6 пайызы көлік және логистиканы, 12,1 пайызы энергетиканы, 7,1 пайызы тау-металлургиялық кешенді, 6,4 пайызы агроөнеркәсіптік кешенді және тамақ өнеркәсібін қаржыландыруға тиесілі. Ол үшін Үкімет республикалық бюджет параметрлеріне сәйкес 2026 жылы «Бәйтерек» акционерлік қоғамының 1 трлн теңгеге дейінгі бюджет қаражатын бөлуді жалғастырады. Одан әрі қаржыландыруда екінші деңгейдегі банктердің қаражатын тарту басымдыққа ие болады, - деді вице-премьер.

Айта кетейік, Министрлер кабинетінің мүшелері халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын талқыға салып жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар