«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қызметкерлері дәстүрлі Донор күні аясында 30 литрге жуық қан тапсырды
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қызметкерлері дәстүрлі «Донор күні» аясында 30 литрге жуық қан тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ ұйымдастырған «Донор күні» қайырымдылық акциясы холдинг пен оның еншілес ұйымдарының 116 қызметкерін біріктірді. Барлық қажетті медициналық процедуралардан өткен соң олардың 73-і донор атанды, соның арқасында 30 литрге жуық қан тапсырылды.
Акцияның негізгі мақсаты – қызметкерлер мен қоғам арасында донорлықты насихаттау, донорлық қан мен оның компоненттерін жеткізуді арттыру, сондай-ақ қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларға белсенді көмек көрсету.

Бұл іс-шара «Бәйтерек» холдингінде бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келеді және қызметкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі мен қоғамдағы белсенділіктерін көрсететін дәстүрге айналды.
«Біз бұл идеяны белсенді қолдап, тамаша бастаманың бір бөлігі болған ұжымымызды мақтан тұтамыз. Донорлық қан тапсыру – салауатты және әлеуметтік белсенді қоғам құру жолындағы қадам. Бүгінгі шара біздің осындай маңызды құндылықтарға адалдығымызды көрсетеді», - деп атап өтті холдинг.
