Базалық мөлшерлеме инфляцияны тежей ала ма

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Өткен күндері Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады.

 Базалық мөлшерлеме инфляцияны тежей ала ма
Фото: Kazinform

Қаржы саласының сарапшысы Расул Рысмамбетов Ұлттық банк маңызды таңдау жасау қажет болғанын атап өтті: базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде қалдыру немесе оны көтеру. Трамптың президент сайлануы, тарифтердің өсу ықтималдылығы және инфляциялық тәуекелдермен байланысты экономикалық белгісіздік жағдайында сарапшы ең оңтайлы қадам – мөлшерлемені 0,25%-ға арттыру болар еді деп санайды.

- Меніңше, Ұлттық банк қаңтар айында болуы мүмкін реформалар мен коммуналдық тарифтердің өсуі секілді ықтимал экономикалық оқиғаларды болжауға тырысып, осы жылы инфляциялық дәліз аясында қалуға ұмтылып жатыр. Сондықтан мұның бәрін тежеу керек, – деді ол.

Сондай-ақ Расул Рысмамбетов тарифтердің өсуінің инфляция мен жалпы экономикаға әсері туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, егер жылу және электр энергиясы сияқты тарифтер қалыпты деңгейде өссе әрі бағалар нарыққа жақын болса, ол инвестициялық тартымдылықтың артуына ықпал етіп, ЖЭО немесе МӨЗ сияқты жаңа нысандарды салуға итермелеуі мүмкін. Алайда ол үшін халыққа зиян келтірмейтін дұрыс тепе-теңдікті табу керек.

- Ұлттық банк бұл жағдайда бейтарап ұстанымда, бірақ бұдан әрі шешімдер елдегі ахуалдың қалай болатынына байланысты. Монетарлық комиссияның келесі отырысында анықталады деп үміттенеміз, – деді сарапшы.

Ал экономист Асқар Қысықов базалық мөлшерлеме инфляциямен күрестегі рөліне қарамастан әрқашан тиімді құрал бола бермейтінін айтты. Оның пікірінше, 2015 жылы инфляциялық таргеттеу режиміне көшкен сәттен бастап Ұлттық банктің негізгі мандаты – бағаның тұрақтылығы болды. Алайда, іс жүзінде базалық мөлшерлеме инфляцияны әрдайым ұстап тұра бермейді.

- Осы жылдар ішінде біз базалық мөлшерлеме инфляцияны тежеуге көмектеспейтінін көріп келеміз. Мөлшерлеме жоғары бола тұра, инфляция да жоғары деңгейде қалған кездер болды. Сондықтан базалық мөлшерлеменің инфляцияға әсері көп емес. Біріншіден, пайыздық арна тиімді жұмыс істемейді, өйткені несие берудің айтарлықтай үлесі мөлшерлеменің өзгеруін сезбейтін тұтынушылық несиелер. Мысалы, банктер 30-50 пайызбен несие береді және мұндай несиелер базалық мөлшерлеменің өзгеруіне байланбаған, – деді ол.

Экономисттің пікірінше, қазір базалық мөлшерлеме негізінен депозиттік базаға әсер етеді. Жоғары мөлшерлеме азаматтарды депозиттерде ақша қалдыруға ынталандырады, бұл екінші деңгейдегі банктердің өтімділігін жақсартады. Бұл банктер өз кезегінде қаражатын Ұлттық банкке орналастырып, табыс табады.

- Бізде базалық мөлшерлеме инфляциямен күресудің құралы емес, теңге бағамын қолдау құралына айналып кетті, – деді Асқар Кысықов.

Сарапшы Қазақстандағы инфляция өткен жылы 8,6%-ға жеткенін атап өтті. Айтуынша, бағалардың өсуіне бірінші кезекте тарифтердің көтерілуі әсер етті. Сумен қамтамасыз ету, электр энергиясы және жылыту тарифтері 20-30% - ға өсті, бұл инфляцияның негізгі себебі болды.

- Базалық мөлшерлеме тарифтерге әсер етпейді. Биыл бізде тарифтердің өсуі, сондай-ақ жанар-жағармай материалдары бағасының өсуі мүмкін. Базалық мөлшерлеменің кез келген мәніне қарамастан, инфляция өседі, – деді Асқар Кысықов.

Спикер наурыз айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім қабылдауы мүмкін деп болжайды.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты мәлімдеме жасағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар