Базалық станция дауы: заңгерлер қарсы, операторлар қолдап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Ұялы байланыстың базалық станциясын тұрғын үйлер мен коммерциялық ғимараттардың шатырына орнату мәселесі заңгерлер мен телекоммуникация саласының өкілдері арасында келіспеушілік туғызып отыр.

интернет
Фото: Кселл АҚ

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тұрғындардың міндетті келісімін алып тастау ұсынысын енгізіп жатқан кезде, байланыс операторлары қауымдастығы бұл бастаманы байланыстың сапасын арттыруға жасалған қадам деп есептейді, ал заңгерлер меншік құқығының бұзылуына алаңдаушылық білдіріп жатыр. 

Министрлік ұялы байланыс базалық станцияларын орналастыруға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. «Ашық НҚА» порталында жарияланған жобаға сәйкес, ведомство көпқабатты тұрғын үйлердің шатырына жабдық орнату кезінде тұрғындардың міндетті келісімін алу талабын алып тастауды көздеп отыр. 

Бұл түзетулер тек кондоминиум нысандарына ғана емес, сондай-ақ жекеменшік және коммерциялық жылжымайтын мүліктің басқа да түрлеріне қатысты. Құжат бойынша қоғамдық талқылау 5 маусымға дейін жалғасады, кез келген адам ұсынысы мен ескертуін қалдыра алады.

– Жеке меншік – қол сұғылмайтын құндылық. Түзетулер кондоминиум ұғымын өзгертіп, оны ортақ меншікке айналдырып жатыр. Алайда бұл азаматтық кодекске қайшы келеді. Кодекс өз күшінде қалады және меншік иесінің мәмілені қабылдау немесе қабылдамау құқығын жою мүмкін емес. Жалғыз үміт – Әділет министрлігі мен Конституциялық сотта. Аталған органдарға ұжымдық шағым жолдауға болады, – деп түсіндірді заңгер Сайкен Айсин Jibek Joly телеарнасының эфирінде.

Байланыс операторлары қауымдастығы бұл бастаманы қолдап отыр. Олар абоненттер санының күрт өсуі мен желіге түсетін жүктеменің артуы аясында ұсыныстың өзектілігін атап өтті. Егер инфрақұрылым кеңейтілмесе, операторлар тұрақты байланыс пен жылдам интернетті қамтамасыз ете алмайды, әсіресе халық тығыз орналасқан өңірлерде. Сарапшылардың пікірінше, ғимараттар шатырына базалық станцияларды орнату – ел бойынша цифрлық қолжетімділік пен байланыс сапасын арттыру үшін қажет қадам.

– Операторлар жабдықтың қауіпсіздігін дәлелдеуге, мүлік иелерінің бірлестігімен шарт жасасуға және жалдау ақысын төлеуге міндетті. Бұл байланыс пен интернет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, ал тұрғындар инфрақұрылымды пайдаланғаны үшін өтемақы ала алады. Сонымен қатар, жабдықты бейберекет орнатудың алдын алу үшін оны орналастыру тәртібін нақты көрсету қажет, – деді Байланыс операторлары қауымдастығының президенті Олег Емельянов.

Сала өкілдерінің айтуынша, жаңа түзетулер мен өзгертулерді қабылдау телекоммуникациялық инфрақұрылымның дамуын жеделдетіп, тұрғындар үшін сапалы байланысқа тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді. 

Еске салайық, базалық станция орнатуға үй тұрғындарының 70% келісімі керек.

Соңғы жаңалықтар