БЦЖ вакцинасы аурудың даму қаупін 50% төмендетеді - эпидемиолог

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- БЦЖ вакцинасы аурудың даму қаупін 50%-ға азайтады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында туберкулезге қарсы күрес айлығына арналған брифингте қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикер туберкулездің мегаполистегі жағдай мен алдын алудың тиімді әдістеріне тоқталды Айтуынша, туберкулездің спецификалық профилактикасының басты мақсаты – вакцинация. «Вакцинация жаңа туған нәрестелерге өмірдің 4-7-ші күнінде жүргізіледі. Бірнеше жылдан кейін туберкулездің алдын алу мақсатында 7 жастағы дені сау балаларға (1-сынып оқушылары) ревакцинация жүргізіледі. БЦЖ вакцинасы аурудың даму қаупін 50%-ға төмендетеді. Вакцинациямен қамту неғұрлым жоғары болса, туберкулез ауруы соғұрлым азаяды», - деді Әсел Қалықова.

Вакцинация арқылы туберкулездің алдын алу инфекция деңгейінің төмендеуіне, туберкулездік менингитпен сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің күрт төмендеуіне әкеледі, деп есептейді эпидемиолог.

Туберкулездің алдын алуда ересек тұрғындарды флюорографиялық тексерудің де тиімділігі зор. Жыл сайынғы тексеру туберкулезбен ауыратындарды дер кезінде анықтауға көмектеседі. Туберкулездің алдын алу жүйесіндегі флюорография аурудың ерте кезеңдерінде емдеуді бастауға мүмкіндік береді, бұл - аурумен күрестегі маңызды шарттардың бірі.

«Сонымен қатар туберкулездің әлеуметтік профилактикасы бар, бұл халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, еңбек жағдайын оңтайландыру, өкпе ауруларының алдын алу, тамақтану сапасын жақсарту, маскүнемдікпен, нашақорлықпен күресу., темекі шегу және тағы басқалары», - деп атап өтті эпидемиолог.

Санитарлық-эпидемиологиялық департамент өкілі 2022 жылы Алматыда туберкулездің 482 жаңа жағдайы анықталғанын, сырқаттанушылық көрсеткішінің 3%-ға төмендеуі байқалатынын айтты. «Былтыр туберкулезбен ауыратындардың негізгі көрсеткішін жұмыссыздар – 44,2%, зейнеткерлер – 18,3%, басқа халық – 14,1%, босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдер – 1,2% құрады»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар
telegram