Beatles 42 жылда алғаш рет BRIT сыйлығына ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллектінің арқасында Джон Леннонның вокалымен топтың Now and Тhen композициясы «Жыл әні» номинациясында ұсынылды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

The Beatles номинировали на премию BRIT впервые за 42 года
Фото: x.com/thebeatles

Daily Mail мәліметінше, «Ливерпуль төрттігі» BRIT сыйлығына соңғы рет 42 жыл бұрын музыкаға қосқан ерекше үлесі үшін ұсынылған болатын, енді аңызға айналған топ 45 жыл бұрын марқұм болған Джон Леннонның жазған әнімен жүлде үшін таласады.

Бейсенбі күні кешке биылғы BRIT Awards сыйлығына 13 номинация бойынша 70 үміткер бар екені белгілі болды. 2025 жылғы «Жыл әні» номинациясына The Beatles тобының 2023 жылғы «Now and then» синглы ұсынылған. Бұл — тарихта қалған олардың соңғы әні.

Әнді 1980 жылы қаза болған Джон Леннон 1977 жылы үйінде соло жазбасы түрінде жазып алған, бірақ ол соңына дейін аяқталмай қалды.

Леннон өлтірілгеннен кейін бұл ән олардың 1996 жылғы The Beatles Anthology жобасының бөлігі ретінде The Beatles-дің қайта қосылуы үшін ықтимал үшінші сингл ретінде қарастырылды, бірақ өндірістік қиындықтарға байланысты ол шамамен отыз жылға кейінге қалдырылды.

Топтың қалған мүшелері, 82 жастағы Пол Маккартни және 84 жастағы Ринго Старр бұрын аяқталмай қалған жазбадан 2001 жылы қайтыс болған Джордж Харрисонның гитаралық партияларын пайдаланды.

Соңғы нұсқада Маккартнидің ән үшін жазған қосымша сөздері пайда болды. Леннонның дауысы жасанды интеллект негізіндегі дыбысты қалпына келтіру технологиясының көмегімен алынды. 

Ән Ұлыбритания, Германия және Аустрияда хит-парадтардың көшін бастады, сондай-ақ Аустралия, Бельгия, Канада, Ирландия, Жапония, Нидерланд, Швеция, Швейцария және АҚШ-та алғашқы «ондыққа» кірді.

BRIT премиясы — 1977 жылы құрылған, британдық музыкадағы жетістіктерді атап өтетін марапаттау рәсімі. Ол әртүрлі номинациялар бойынша жүлделер береді. Бұл — Ұлыбританиядағы ең беделді музыкалық оқиғалардың бірі.

Осыған дейін Трамп Кеннеди мен Мартин Лютер Кингке жасалған қастандықтың бетін ашуды көздеп отырғаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар