Beeline, Kcell, Tele2 және Altel тарифтер қаншалықты өзгеретінін жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — Елдегі негізгі ұялы байланыс операторлары тариф қаншалықты өсуі мүмкін екенін мәлім етті.

Beeline, Kcell, Tele2 және Altel тарифтер қаншалықты өзгеретінін жариялады
Фото: Kazinform/ЖИ

Атап айтқанда бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында «КаР-Тел» (Beeline), Кселл және «Мобайл Телеком-Сервис» (Altel және Tele2) басшылығы таяуда тарифтер не себепті өсуі мүмкін екенін түсіндірді.

«КаР-Тел» ЖШС бас атқарушы директоры Джаббор Каюмов компания тарифті шамамен 10 пайызға өсіруі мүмкін екенін растады.

- Кез келген отбасыға немесе абонентіміз үшін шығындардың өсуі өте сезімтал мәселе екенін түсінеміз. Тарифтің өсуі осы саланың капиталды өте көп қажет ететін ерекше сипатына байланысты болып отыр. Соңғы бірнеше жылда операторлардың орташа инвестициялық деңгейі немесе күрделі шығындары түсірген табысының 20%-ына жетті. Бұл желіні кеңейту немесе құрылыс жобаларын жүзеге асыру барысында жабдықтарымызды әр бес жыл сайын жаңартып отыру қажеттігін білдіреді, - деді Джаббор Каюмов.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанды сапалы байланыспен және озық технологиялармен қамтамасыз ету мақсаты тұр. Биыл Beeline-дағы бағаның өсуі тек осы факторларға байланысты болды. Баға инфляция деңгейіне сәйкес түзетіледі және барлық абонентке бірден қолданылмайды. Бұл ретте өзгерістер әртүрлі тарифтік жоспарлар бойынша кезең-кезеңімен енгізіледі. Тариф жылына бір реттен артық өзгертілмейді. Орташа есеппен 10%-ға өседі.

Activ-те бағаны өсірмек

Кселл АҚ басқарма төрағасы Асқар Жамбакин де компания 10-12 пайыз деңгейінде бағаны өсіретінін айтты.

- Кейінгі төрт жыл ішінде компания 468 млрд инвестиция салды. Мысалы, 4G желісін алайық: үш жыл бұрын 5 000 базалық станция болса, бүгінде олардың саны 11 000-ға жуықтады. Бір базалық станцияны орнату — жабдықтарды алу, құрастыру, рұқсаттар мен келісімдерді рәсімдеу, техниканы импорттау және орнату жұмыстарын қосқанда кем дегенде 30 млн теңгеге түседі. Бұл процесс бір айдан астам уақытты алады. Соңғы үш жылда 5 мың 4G базалық станциясы мен шамамен 3 мың 5G базалық станциясы іске қосылғанын ескерсек, сапа жақсармай жатыр деп айту дұрыс болмас. Қамту аймағы да айтарлықтай кеңейіп келеді, яғни қазір халықтың 64%-ы 5G қызметін пайдалана алады. Ал 4G желісімен қамты 95 пайызға жетті, - деді Асқар Жамбакин.

Оның айтуынша, компания инвестициялық қызметтердi ескерiп, бағаны қайта қарайтын болады. Сондықтан, нарықтық жағдайға сәйкес тарифтік жоспар өзгермек. Kcell және Activ абоненттері үшін тариф 10–12%-ға өседі.

Altel басшылығы не дейді?

Өз кезегінде «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2 және ALTEL) басқарма төрағасы Александр Бабичев тарифтердің қайта қаралуы мобильді интернетті тұтыну көлемінің артуымен және желіні кеңейтуге инвестиция салу қажеттілігімен түсіндірді.

Оның деректеріне сәйкес, Қазақстанда соңғы бірнеше жыл ішінде бір абонентке шаққандағы мобильді интернетті тұтыну көлемі төрт есеге артқан. Сонымен қатар, кейінгі төрт жылда бір гигабайттың орташа құны доллармен есептегенде 40%-ға төмендеді.

Сонымен қатар А. Бабичев ұзақ мерзімді перспективада мобильді қызметтерге арналған абоненттік төлемдердің өсу қарқыны инфляция деңгейінен төмен болғанын атап өтті.

— Тарифтік жоспарлардың құны өседі, алайда бұл өсім Қазақстан бойынша бағаның орташа өсу қарқынынан айтарлықтай төмен, — деді ол.

Компания басшысының айтуынша, келесі жылы кейбір тарифтік жоспарлар бойынша бағаны қайта қарау ескерілген. Нақты тариф жоспарына байланысты баға 10%-дан 15%-ға дейін өсуі мүмкін.

Айта кетейік, 2022–2023 жылдардан бастап Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары қызмет көрсету сапасы талаптарын орындамағаны үшін шамамен 7 млрд теңге көлемінде айыппұлға тартылды. 

Қазір ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет қолжетімді. 3G базалық станциялары жаңартылып, 4G-ге көшіріліп жатыр. 

Қалалар мен ауылдарда 5G желісі де кеңейтіліп келеді. 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тарту жоспарланған. Сол уақытқа қарай 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Нəтижесінде мобильді интернет елдегі ауылдардың 92 пайызында қолжетімді болады.