Bek Air компаниясы екі Fokker-100 ұшағын сатылымға шығарды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2019 жылғы ұшақ апатынан кейін қызметін тоқтатқан Bek Air компаниясы екі Fokker-100 ұшағын сатылымға шығарды. 

Bek Air компаниясы екі Fokker-100 ұшағын сатылымға шығарды
Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Сауда-саттықтың электронды алаңында жарияланған ақпаратқа сәйкес, сатылымға шыққан Fokker-100 ұшақтарының тіркеу нөмірлері: UP-F1018 (1991 жылы шығарылған) және UP-F1019 (1990 жылы шығарылған). 

Лоттың бастапқы бағасы – 104,4 млн теңге, ал ең төменгі баға – 67,9 млн теңге. Сауда 26 маусым күні сағат 11:00-де өтеді. Ұшақтардың кедендік берешекке байланысты шектеуі бар. 

Bek Air
Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Әуе компанияның мәліметінше, аталған екі ұшақ 2019 жылдың желтоқсан айынан бері пайдаланылмаған және оларға техникалық қызмет көрсетілмеген. 

Авиациялық техниканы жөндеу және қызмет көрсету бойынша шетелдік компаниялардың қорытындысына сәйкес, 2019 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта ұшақтарға тиісті техникалық қызмет көрсетілмегендіктен олар жарамсыз күйге түскен. Ұшақтардың жарамдылығын қалпына келтіру үшін агрегаттар мен тораптарды, борттық жүйелер мен авиондық жабдықты тексеру және ауыстыруды қоса алғанда, ауқымды жұмыс атқару қажет. 

Алдын ала есептеулер бойынша, бір Fokker-100 ұшағын қалпына келтіруге 2–2,6 млн АҚШ доллары кетеді. 

Bek Air
Фото: e-auction.e-qazyna.kz
сатылымға шығарылды
Фото: e-auction.e-qazyna.kz
Bek Air
Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Еске салайық, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. 

Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды. 

2024 жылы Алматы маңында апатқа ұшыраған Bek Air ұшағына қатысты тергеу аяқталды. 

Соңғы жаңалықтар