Bek Air ұшағының апатына байланысты қылмыстық іс қайта қозғалады

АСТАНА. KAZINFORM — 2019 жылы Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Осы қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс бойынша қайтадан тергеу жүргізіледі. Бұл ақпаратты Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев растады.

Bek Air
Фото: Бас көлік прокуратурасы

— Өкінішке қарай, авиацияда мұндай жағдайлар жиі болып тұрады және түпкілікті шешім табу өте қиынға соғады. Авиациялық апат өте ұзақ қаралады. Қазіргі уақытта барлық құжаты дайындалып жатыр, — деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Сондай-ақ ол тілшілердің: «Аталған компанияға қатысты қылмыстық іс қайта тергеле ме?» деген сауалына «иә» деп жауап берді.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.

Соңғы жаңалықтар