Бек Нұрмағанбет пен Әбілхан Аманқұл әлемдік рейтингіде жоғарылады
Қазақстандық боксшылар Бек Нұрмағанбет (11-0, 9 КО) пен Әбілхан Аманқұлдың (4-0-1, 4 КО) Boxrec.com сайтындағы рейтингі АҚШ-та өткен жекпе-жектерінен кейін жақсара түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Instagram-дағы «Қазақстанның әкіспқой боксы» парақшасында жазылғандай, Б.Нұрмағанбет BoxRec рейтингінде 47-орыннан 41-орынға көтерілді. Ал Ә.Аманқұл жекпе-жегінің тең ұпаймен аяқталуына қарамастан, орта салмақ санатындағы боксшылар тізімінде жоғарылай түсті – 78-ден 70-ке барды.
Еске салайық қазақстандық қос боксшы 1 қазан күні түнде Лаг-Вегас қаласында Сауль "Канело" Альварес - Джермалл Чарло айқасының андеркардында өнер көрсетті.
Нұрмағанбет үшінші раундта нигериялық спортшы Абимбола Осундаироны (5-1, 3КО) нокаутқа жіберсе, америкалық Джошон Джеймспен (7-0-2, 4КО) кездескен Аманқұлдың айқасы төрешілер шешімімен тең аяқталды.
25 жастағы Бек Нұрмағанбет былтыр WBA International-дың суперорта салмақтағы чемпионы белдігін жеңіп алған болатын. Әбілхан Аманқұл биылғы мамыр айында мексикалық файтер Фабиан Фраустоны (7-8-3, 4 КО) екінші раундта нокаутқа жіберген еді. Жалпы 26 жастағы боксшы Д.Джеймске дейінгі барлық айқасын жеңіспен аяқтаған.
Ал кештің басты жекпе-жегінде С.Альварес жеңіске жетті. Бокс тарихында алғаш рет әлемнің екі абсолютті чемпионы кездесті. «Канело» екінші орта салмақта төрт белдіктің иегері, ал Чарлоға бірінші орта салмақтағы WBA, WBC, WBO және IBF титулдары тиесілі.
Жекпе-жекте С.Альвареске тиесілі титулдар бәске қойылды. Кездесу жоспарланған барлық 12 раундқа жалғасты және төрешілердің бірауызды шешімімен «Канелоның» пайдасына аяқталды. Солайша, мексикалық боксшы «Канело» әлемнің абсолютті чемпионы атағын үшінші рет қорғап қалды.