Бекасыл Асамбек еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола алды
АСТАНА. KAZINFORM - Грекия астанасы Афины қаласында өтіп жатқан еркін күрестен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Бекасыл Асамбек (60 келі) тағы бір қола жүлдені қоржынға салды.

Қазақстандық балуан үшінші орын үшін белдесуде ирандық Ариан Мехрализадемен шеберлік байқасты. Нәтижесінде белдесу 9:0 есебімен қазақстандық спортшының пайдасына аяқталды.
Осылайша ол әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Сондай-ақ дүбірлі додада ел құрамасынан еркін күрестен Данаел Әбдіқасым (51 келі) және Дінмұхаммед Қасымбек (80 келі) үздік үштікке табан тіреді.
Айта кетсек, бұдан бұрын Жаңажол Қуанышбек (45 келі) грек-рим күресінен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында топ жарды.
Оған қоса ел құрамасынан Нұрдәулет Кұмарұлы (48 келі), Асқар Нұрәли (55 келі) күміс жүлдегер атанса, Досбол Шамил (65 келі) қола медаль иесі болды.
Ал әйелдер күресінен Мадхия Усманова (57 келі) чемпион атанса, Інжу Баққожа (40 келі) мен Шахизада Даулетжан (69 келі) үздік үштіктен көрінді.