Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ. КҮМІС ЖАМБЫ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарттық агенттігі «ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫМ» атты жаңа жобаны іске қосты. Бұнда оқырман назарына еліміздің танымал жазушыларының жазған, кешегі күніміздің келбетін көз алдымызға әкелетін құнды шығармалар ұсынылмақ.
None
None

Бұл жобаның басты мақсаты. Еліміздің тарих қойнауына кеткен кезеңдеріне, қоғамдық өміріне қайта үңілу, сол арқылы жас ұрпаққа бүгінгі жарқын тәуелсіздіктің қадірін сезіндіру, маңызын ұғындыру, сонымен бірге қазіргі ақпараттық заманда құнды шығармаларды интернет «тіліне аударып» оқырманымен қайта қауыштыру.

«...Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгірді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды. Сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін.» (Н.Назарбаев)

****

Назарларыңыз Бекен ҚАЙРАТҰЛЫның . КҮМІС ЖАМБЫ кітабін ұсынамыз. Бұл кітапта автордың кейінгі жылдары жазылған түрлі тақырыптағы тартымды да тағылымды журналистік туындылары топтастырылған. Ізерлі ізденістер пен зейінді зерттеулердің нәтижесі саналатын шығармаларда бұрын көпшілікке беймәлім болған мәнді мағлұматтар мол ұшырасады. Әсіресе, шетел қазақ диаспора өкілдерінің тарихы мен тағдыр-талайына қатысты тың деректер, тосын дүниелер көп.

Ел шежіресі мен ұлт руханиятына бей-жай қарамайтын оқырманға арналған.

І БӨЛІМ

ТАРИХ. ТҰЛҒА.ТАҒДЫР

КЕСІК БАС ҺӘМ ТІРІ ТҰЛҰП ХИКАЯСЫ

Жазушы Мұхтар Мағауин «Кесік бас - тірі тұлұп» дейтін жүз беттік шағын хикаят жазып, онысы 2007 жылы жарық көрді. Хикаяттағы оқиға сорабы бізге жақсы таныс. Ес біліп, етек жапқалы талай естіген дүние. Қара шалдар тісін қайрап-қайрап сөйлейтін. Әңгіме қызып кеткенде оң тізесінің астында тұрған қайың сапты ақ қамшыны суырып алып, ысылдататын. Соңында бұрқ еткізіп, қара жердің қыртысын бір тартады. Іштегі шерді, бойдағы кекті осылай басатын. Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғы. Біздер таңқы танау, қара бауыр бала едік...

Хикаяттағы қайсыбір әдеби-көркем суреттемелерді қырнап тастап оқысаңыз, хаттап-шотталған тарихи деректерден әсте ауытқымайды екен. Жазылу формасы да тосын. Көркем әдебиеттің өзегіне санасы сүңгімейтін бейғам адам түсінбей де қалуы хақ.

Ендеше хикаяттың басты кейіпкері - Кесік бас кім?

Оның толық аты-жөні - Дамбинжанцан Амурсанаев. Мағауинше - Дамби-Жанцан немесе Жа-лама. Біз жазу барысында Мағауин нұсқасын қолай көрдік. Өйткені, қазақша естуге жатық, тілге жеңіл.

Сонымен, өткен ғасырдың басында, яки 1912-14 жылдары Моңғолияның батыс өңірінде бой көрсетіп, жоңғар-ойраттың орталығы Қобда қаласын қытайлардан азат етуге атсалысқан, артынан осындағы қазақтардың басына қайғы әкелген, тағы бір «Ақтабан шұбырынды» жасаған, Қобда қазақтары тарихында «Жалама айдаған» дейтін лаң туғызған бұл адам кім?

Дамби-Жанцан немесе Жа-лама туралы 1991 жылы моңғолиялық жастар газеті «Монголын Залуучууд» («Моңғолия жастары») басылымында «Қалмақ Дамби-Жанцан» атты көлемді мақала жарық көріпті. Мақала авторы, зерттеуші-журналист З.Лонжидтың жазуына қарағанда, Жа-лама 1862 жылы Еділ бойындағы Астрахан қаласында туған. Ұлты - қалмақ. Ал 2007 жылы Ұлан-батырда шыққан «Моңғолиядағы қазақ халқы» атты жинақта «1860 жылы туылған» деген дерек ұшырасады (150-бет). Жасында будда ілімінің ламаизм тармағын оқып, діни сауатын ашқан. Одан кейін Петербор университетінің заң факультетінде білім алғаны туралы айтылады. Әрине, бұл дәлелдеуді қажет етеді.

Жа-лама алғаш рет 1889 жылы Моңғолияға келіп, сол елді түгелдей билеп-төстеп жатқан қытай шенеуніктерінің қолына түседі. Тұтқынды Үләсутайдағы (Мағауиннің жазуы бойынша алдық, қазақша «Терекі» деген сөз - Б.Қ) орталыққа алып барады. Тергеп, тексереді. Тергеушілерге «Мен Ресей азаматымын, ұлтым - моңғол, атақты Әмірсананың немересі болам, моңғол халқының тағдыр-талайы үшін жаралған жанмын» дейді. Әрі қаладағы орыс консулдығынан адам шақыртуды талап етеді. Консул «барып, жағдаймен таныс» деп, көпес П.И.Кряжевті жібереді. Дәл осы оқиға жайлы Улан-Үде қаласында 1994,1998 жылдары екі рет жарық көрген И.И.Ломакиннің «Голова Джа-ламы» атты кітабында: «Үләсутайда тергеуде отырған лама орыс консулынан кісі шақыртты. Консул көпес П.Кряжевті жіберді. Оған кішкентай сандықшаны ашып, прокламацияны көрсетті. Онда арнайы тапсырма орындау үшін жіберілгендігі туралы орыс тілінде жазылған құжат болған», - дейді.

Жоғарыдағы аты аталған Әмірсана - көшпелі ойраттың соңғы ханзадасы. Орта жүздің сұлтаны Абылаймен қарым-қатынаста болған. 1755 жылы Ойрат хандығы толық жойылған тұста қашып қазақ даласына келген, мұнда да тұрақ таппай, Тобыл қаласына барып паналаған. 1757 жылы сонда шешек ауруынан өлген. Қытайлар ханзаданың өлгеніне сенбей, көрден денесін суырып алып тұрып көрген. Әмірсана кетерінде: «Мен күндердің күнінде келіп, сендерді қытайдың басқыншылығынан құтқарам», - депті-мыс. Осы аңызды айлакер Жа-лама жақсы пайдаланған. Жергілікті халық «Әмірсана ноян бізді орыстан солдат әкеліп, қытайлардан құтқарады» деп сенген. «Қытайлармен қырғи-қабақ күшейген сәтте Жа-ламаның пайда болуы Әмірсана тіріліп келгендей әсер етті» деп жазады моңғол тарихшылары.

Қытайлардың қолынан босаған Жа-лама ешқайда бұрылмай, тура Хүрэ қаласына (Урга) тартқан. Осында бірнеше жыл тұрған. Әйгілі шығыстанушы Ю.Н.Рерих өз күнделігінде: «Қалмақ Дамби-жанцанды бір күні орыс солдаттары тұтқындап, Қияқты (Кяхты) бекінісіне алып кетті», - депті. Бірақ залым Жа-лама Қияқтыға барған күні кенет жоғалып кеткен.

Арада 10 жылдан кейін, 1900 жылы Тибетке экспедиция ұйымдастырған П.К.Козловтың отрядмен бірге Лхасаға барған. Экспедиция басшысының үкімімен тапсырмалар орындап жүріп, тағы жоғалып кеткен. Содан 1911 жылы сап етіп Батыс Моңғолияға жетіп келген. Келе салып, Қобда қаласын қытайлардан азат етуге қатысқан. Соғыста асқан ерлік көрсетіп, Боғда ханның жарлығымен «Қаһарлы қайтпас ноян» атағын алған.

И.Ломакиннің кітабында Қобда қаласын қытайлардан азат ету барысында Жа-лама бастаған моңғол сарбаздары 140 қытайды өлтірді, өздерінен 3-ақ адам шығын болды делініпті. Соған қарағанда, Жа-лама арнайы әскери дайындықтан өткен, соғыс өнеріне ысылған адам тәрізді. 1920 жылы моңғол жерінде айдауда болған мажар әскері Иозеф Гелеттің баяндау хатында «Ол (Жа-ламаны айтады - Б.Қ) Дзержинскийдің «Черезвычайная комиссиясына» шейін кіріп үлгерген еді» деуіне қарағанда, Ресейдің кәсіби барлаушысы болған дейтін де күдік бар.

Дәлел ретінде айтарымыз: орыс армиясында тұтқында болып, 1920-1929 жылдары Сыртқы Моңғолияда жұмыс істеген венгр офицері Иозеф Гелеттің 1936 жылы «Голова таинственного монгола» атты Лондонда бастырған кітабында Жа-ламаны әскери-барлау ісіне Петербордағы арнайы топ дайындағаны туралы дерек бар. Бұдан басқа Моңғолияда ғылыми барлау жұмысын жүргізген поляк Фердинанд Оссендовскийдің «Аңдар, Адамдар және Құдайлар» («Звери, Люди и Боги») атты кітабында Жа-ламаны көзбайлаушылық, сиқыршылық қасиеттерді терең меңгерген, арнайы дайындықтан өткен адам деп сипаттапты. Әрі мынадай қызық фактілерді келтіреді. 1924 жылы адам жіберіп Жа-ламаның басын алдырған моңғолдың көсемі Д.Сүхе-батор арада апта өтпей өзі де белгісіз жағдайда өлім құшты. 1925 жылы Хүрэдегі Боғда ханның мұражайында сақтаулы тұрған Жа-ламаның басын ұрлап алып, Петерборға жеткізген моңғолтанушы-ғалым В.А.Казакевич 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып кетті. Жа-лама туралы өте көп мәлімет жинап, «Святой бандит» атты кітап жазуға дайындалып жүрген жазушы В.Д.Якимов соғыстың алғашқы күні оққа ұшты. 1938 жылы «Знамя» журналына Жа-лама жайлы «Буддийский монах» атты көлемді әңгіме жазған жазушы Б.Лапин де соғыста қаза тапқан дейді. Қысқасын айтқанда, Жа-ламаны жамандап, ғайбат айтуға болмайтын қасиетті адам ретінде суреттейді.

Бірақ бұл пікірге қосылмайтындар да баршылық. Атап айтқанда, Ю.Н.Рерих 1994 жылы Самара қаласында жарық көрген «По тропам среднинной Азии» атты еңбегінде: «Жа-ламаның барлық іс-әрекеті қарақшылыққа жақын болды. Қасында бірге жүрген жолдасын өлтіріп, Лхасадағы Дре-Пунья монастырынан қашып кеткен, тумасы қарақшылыққа бейім адам» десе, атақты материалист ғалым Позднеев Жа-ламаға «заманның алаяғы» деп жалғыз ауыз сөзбен баға берген.

Сол сияқты, Ресейдің сауда агенті ретінде Моңғолияның батыс өлкесінде көп жыл қызмет істеген шығыстанушы-ғалым Алексей Васильевич Бурдуков өзінің 1967 жылы Мәскеуде орыс тілінде, 1987 жылы Ұлан-батырда моңғол тілінде жарық көрген «В старой и новой Монголии» атты еңбегінде Жа-лама туралы өте көп мәлімет келтіріпті.

Осы А.В.Бурдуковтың естелігінде: «Менің алдымда қоңырқай түсті, жағасыз лама шапанын киген адам тұрды. Шапанының ішіне орыс офицерінің кителін киіп алыпты. Жасы 40-45-тер шамасында. Етжеңді, толықша келген семіз адам. Дөңгелек жүзді, бет пішіні келісті, сөйлегенде сөзі мұрнынан мыңқылдап шығады...», - деп суреттейді (64-бет).

Қобда қаласын азат еткенен кейін Жа-лама ойрат нояндарын маңына жинап, қаладан 60 шақырым жерге жаңадан қоныс тұрғызады. Әп-сәтте байып шыға келеді. Өлшеусіз алтын-күміс жинайды. Жоғарыдағы А.Бурдуков: «Жалғыз түйе мініп келген диуана лама екі жылда үлкен феодалға айналып шыға келді» десе (Сонда, 104-бет), тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы 2001 жылы Алматыда жарық көрген «Моңғолиядағы қазақтар» атты еңбегінде: «Моңғолияға «үрерге иті, сығарға биті жоқ» келген Жа-лама екі жылдың ішінде қарамағында 10 мың түтін, 500 тұрақты әскері бар әміршіге айналды» дейді (89-бет).

Осылай жырым-жырымы шыққан ойрат тұқымдастардың басын қосқан Жа-лама көрші отырған қазақтарға ауыз салуды жоспарлайды. Тарихшы З.Қинаятұлы: «1912 жылы күзде Жа-лама құрылтай өткізеді. Моңғол мен Қытай шекарасынан ары-бері өтіп, ешкімге бағынбай жүрген қазақтарды бағындыру керек деген шешім қабылдайды» деп жазады.

Қазақтар болса қатты қарсылық көрсетеді. Қыс ішінде кейбір рулар асудағы қарды бұзып, Алтай бетіне асады. Жа-лама өзіне бағынбаған қарақас руының басшысы Ақымбекті тірідей сойғызып, оның терісіне шөп тығып, құбыжық кейіпте ұзын бақанға мінгізіп, шеріктеріне көтертіп алып жүреді. Бұл оқиға туралы ШУАР-да жарық көрген бір кітапта: «...жендеттер қарақас руының басшысы Ақымбекті тірідей сойып, терісіне шөп тығып, елдің зәресін алатын құбыжық етіп, алып жүрді» дейді. («Абақ керей». Іле Халық баспасы, Күйтін, 1994 жыл, 93-бет).

Екінші бір деректе: «Бітеу сойылған адамның тұлұбы Дамби-Жанцанның қоймасында тұрғанын көзім көрді. Жа-ламадан «Бұл адамның тұлұбын не істейсің?» деп сұрадым. Ол «Діни рәсімдер орындауға қажет» деді. Мен мұндай нәрсені азық-түлікпен бірге сақтауға болмайтындығы жайында ескерттім», - дейді А.Бурдуков. («В старой и новой Монголии». ҰБ, 1987 жыл, 112-бет).

Қазақтар да қарап қалмаған. Жа-ламаның айдауындағы жұрт «Өрікті көл» деген жерге келгенде көтеріліс шығарған. Бұл оқиға жайлы тағы да А.Бурдуков: «Далай хан қошуны (әкімшілік бірлік - Б.Қ) жеріндегі «Өрікті көл» маңында киргиздар (қазақтар) көтеріліс жасады. Олар бір түнде Бұрғыстай өзені жағасында жатқан шеріктерді 33 ноянымен қоса қырып тастап, Ресейдің жеріне өтіп кетті» дейді. Келесі бір деректе: «Өрікті көл жағасы. Айлы түн, жұрт шырт ұйқыда. Шыңғырып, шырылдаған өте жайсыз дауыстан ел шошып оянды. Жұрт үдіре шығып қараса, ботақара Шонжай батыр бір шерікті найзамен шаншып алған, ат үстінде тік көтеріп тұр. Шыңғырған соның дауысы екен. Осылай көтеріліс басталды», - дейді. («Моңғолиядағы қазақ халқы». ҰБ, 2007 жыл, 152-бет).

Айтпақшы, моңғолдар қазақтарды айдап әкеткен соң, қасына бірнеше казак атты әскерін ертіп А.Бурдуков көштің артынан аттанған көрінеді. Қандай мақсатпен жолға шыққаны белгісіз. Олар көшті қуып келе жатып, қазақтар қырып кеткен моңғол нояндарының жемтігінің үстінен түседі. Қолма-қол Бурдуков суретке түсіріп алыпты. Бұл сурет жоғарыдағы И.Ломакиннің архивінде сақталған. Қуаң дала, қырылған қалмақтар, сұрықсыз бейне, сұмдық көрініс...

Осы оқиға жайында Ресейдің «День» атты газетіне Дума депутаты Некрасов мақала жазып, жансауғалап орыстың жеріне келген қазақтарға қамқорлық жасау қажеттігі жайлы үн тастапты. Мақала Ахмет Байтұрсынұлының қолына түскен. Қандастары тап болған қиындыққа қайран Ахаңның жаны күйзеліп, егіле отырып 1913 жылы «Қазақ» газетіне «Орыстың мейірманшылығы» атты мақала жазыпты.

Содан үзінді: «Алтай тауының моңғол бетіндегі қазақтар мен моңғол төрелері арасында үлкен жанжал шығып, 11 төре өліпті. Мұнан кейін моңғолдар қазаққа қарсы әскер аттандырыпты. Қазақтар қорыққаннан 1000 үй, 120 мың малымен орыс қол астына қашып тығылып, орыс хүкіметіне арыз береді, «бізді қол астына алсаң» деп. Қазақтардың бұл арызы Петерборға жеткеннен кейін арыздарын аяқсыз қалдырып, өздерін моңғолға қайтаруға бұйрық шығарған. Қазақтар еркімен моңғолға қайтпайтын болған соң, оларды зорлықпен көшіруге әскер жіберген. Осы күні моңғол әскері қазақтардың қайтуын күтіп отыр. Олар әліпте кек алмақшы һәм басқа патшалыққа шыққаны үшін жазаландырмақшы. Енді бишара қазақтардың қаны төгілмей, мал-мүлкі шабылмай, қалай аман қалар екен? Некрасов айтады: моңғол төрелері бізге сонша қымбат па, олардың кегін қайтару үшін бірнеше мың қазақты құрбан қыларлық?» (А.Байтұрсынұлы. Ақ жол. Алматы, «Жалын» баспасы, 1991, 251-бет).

Ахаң жаны күйзеліп, осылай депті. Бұл ретте тарих үшін Ахаңның пікіріне сәл-пәл түзету енгізген дұрыс сияқты. Қазақтардың қашып орыс жеріне барғаны рас. Бірақ моңғолдар кек алмаққа қазақтарды қайтарып алған жоқ. Петербордың нұсқауымен Боғда ханды Моңғол үкіметі өздерінің бас қолбасшысын жіберіп, кешірім сұрап көшіріп алған. Оның бірінші себебі, қазақтар көшіп кетіп, иен қалған батыс өлкеге қытайлар келіп қоныстанып алуынан қорыққан. Екіншіден, Жа-ламаның лаңын Моңғол үкіметі мойнына алмайды, сол себепті қазақтармен ешқандай араздығы жоқ. Осының дәлелі ретінде босып кеткен қазақтарды қайта қабылдайды.

Осы оқиғалардан кейін Жа-ламаның үстінен жазылған шағым, арыз Петерборға жеткен. Жазған - Ресей асып барған қазақтар. Жоғарыдағы Некрасовтың мақаласына қарағанда, бұл мәселе Дума депутаттары деңгейінде сөз болған. Қазақтан шыққан депутаттар қарап қалмаған деген пікірдеміз. Өйткені, «Қазақ» газетіне Ахаң мақала жазып ғана қоймаған сияқты, Думадағы қазақ ағайындарға айтқан, шара қолдануын өтінген. Олар Жа-ламаны ұстап, Ресейге жеткізу жөнінде қатаң талап қойған.

Ақыры, 1914 жылдың қаңтар айының 31-і күні Уләсутайдағы орыс консулдығына Сыртқы істер министрлігі тарапынан Жа-ламаны ұстау туралы тапсырма берілген. Осы оқиғалардың басы-қасында болған А.Бурдуков: «Дамби-Жанцанды тұтқындау ісіне Моңғолдың әкімшілік ұйымдарын қатыстырмай, Петербордан шыққан шешім бойынша, 1914 жылдың 8 ақпаны күні капитан Булатов басқарған 50 атты казак әскерлері дереу қолға түсірді» дейді.

Бұл алаяқ қарақшыны әскерлер Бииск, Томск арқылы Иркутскіге жеткізген. Қала маңындағы «Централ Александровск» атты жазалау лагеріне апарып қамаған. Бір қызығы, затты айғақ ретінде қазақтың бітеу тұлұбы Жа-ламамен бірге Иркутск қаласына дейін барған. Оны соттағанда өлі тұлұп куә болған.

Иркутскіде сотталған Дамби-Жанцан Якутияға жіберіледі. 1916 жылы жазасын өтеу үшін өзінің туған жері Астраханға жер аударылады. Сөйтіп жүргенде, Қазан төңкерісі басталып кетіп, айдаудан құтылады. 1918 жылы Қияқты бекінісі арқылы Моңғолияға өтеді. А.Бурдуковтың өзінің досы Б.Владимирцовқа жазған хатында: «Ол (Жа-ламаны айтады - Б.Қ) тағы қашып Моңғолияға келді. Ақтың офицері барон Унгерн шақырып еді, бармады. Баркөл жаққа өтіп кетті. Гобидағы елдің басын қосып, әскер жинап жатыр. Оны Қытай қолдап отыр. Көзін жоймаса болмайтын түрі бар», - дейді.

Ақ орыстың офицері Роман Федорович Унгерн-Штернберг 1918 жылы әскерін бастап Моңғолияға басып кірген соң, Жа-ламаны одақтас болуға шақырғаны рас. Бірақ бұл ұсынысты Жа-лама онша қабылдай қоймаған. Себебі, 1914 жылы Жа-лама тұтқынға алынғанда барлық жиған алтын-күміс бұйымдарын Боғда ханның меншігі ретінде Хүреге жеткізген. 1917 жылғы төңкерістің аласапыранын пайдаланып, Жа-ламаның шекара бұзып, Хүреге келген мақсаты - Боғда ханның қолында сақтаулы тұрған бұрынғы байлығын арашалап алмақ ниетте болғаны анық. Бірақ ол дүние-мүлік Унгерннің қолына түсіп кеткен. Алтын-күмісі Унгерннің өңешінен өтіп кеткенін сезген Жа-лама алысырақ кетіп, әскер жинап, ақ пен қызылдың қай жеңгенін қағып тастамақ ойда қытай шегіне асып барып бүгіп жатуға мәжбүр болған.

Унгерн болса, барлық алтын-күмісін 250 түйеге артып, әрбірінің салмағы 4 пұт болатын (1 пұт - 16 келіге тең) 24 қорапты сенімді адамдары арқылы Ресейдің шекарасынан өткізіп жіберген. Бұл байлықты алып келе жатқан керуен қызылдардың қоршауына тап болып, дүние-мүлікті түгелдей жерге көміп тастаған. Өздері қызылдар қолынан қаза тапқан.

Унгерн жойылып, Сыртқы Моңғолия социализмнің жолына түскен 1921 жылы Батыс Моңғолияда социалистік режим орнататын адам қажет болды. Сол сәтте Коминтерннің есіне ақ патшаның айдауында болып, қорлық көрген Жа-лама түседі. 1921 жылы 1 мамыр күні Коминтерн өкілі Б.Шумяцкий Мәскеуге телеграмма жіберген. Онда «Батыс Моңғолияға соцрежим орнату үшін танымал көсем Жа-ламаны өзімізге тарту керек» деген.

Бұл шарт Жа-ламаның құлағына да жеткен көрінеді. Айлакер лама осындай мүмкіндікті қалт жібермей: «Жарайды, мен Батыс Моңғолияға социализмді бір күнде орнатып берейін, бірақ сендер Унгерн асырып әкеткен дүние-мүлкімді ине-жібін қалдырмай әкеле қойыңдар» дейді. Сонымен, қысқасы, Жа-лама қызылдармен де келіспей қалған. Бұдан былай Жа-ламаның көзін тез құртпаса, тағы бір лаң туып келе жатқанын аңғарған Коминтерн 1922 жылы 2 қазан күні Хүреде жиын өткізіп, әскери сот Жа-ламаны сырттай өлім жазасына бұйырып тастаған. Орыстардың ондағы мақсаты - қызылдарға наразы моңғол шонжарлары мен ламалар Жа-ламаға қосылып кетпесін деген алдын алу шарасы сияқты.

Арада екі жыл өткен соң, 1924 жылы ГПУ-дің шешімімен Жа-ламаның көзін жою мақсатында жоғарыдағы қалмақ Харти Кануков Ұлан-батырға келіп, операцияны басқарады. Ламаны өлтірту үшін байырғы досы Нанзад батыр мен мемлекеттік ішкі күзет қызметкері Дугер бэйс бастаған топты аттандырады. Олар бұл жұмыстың қалай іске асқаны туралы жазушы М.Мағауин көзбен көргендей етіп тәптіштеп жазған.

Жа-лама өлген соң ел арасында неше түрлі аңыз тарап кетеді. Жоғарыдағы Ю.Рерих: «Жа-лама өлмеген екен, оны ақ арыстан келіп құтқарыпты деген сөз тарады» деп жазады. Сондықтан айлакер ламаның өлгені туралы ақиқатқа елдің көзін жеткізу үшін Дамби-Жанцынның басын кесіп әкеліп, Уләсутайдағы бекіністің қақпасына биік бағана орнатып, соған іліп қояды. Бір аптадан соң арнайы формалин ертіндісі құйылған ыдысқа салып «кесік басты» Хүрэге алып кетеді. Артынан бұл бас Петерборға жеткізілген.

*****

Сонымен жазушы Мұхтар Мағауин жазған «Кесік бас» хиқаясының шынайы тарихы осындай. «Кесік бас» немесе «Кесілген бас» дәл қазір Петербордағы Эрмитажда сақтаулы тұр. Сақтау құжатының нөмірі - 3397. Эрмитаждағы «Кесік бастың» суреті ғайыптан біздің қолға тиді. Бастың бет пішіні онша бүлінбеген. Жүзінде күлкі нышаны бар. Жазушы М.Мағауинше айтсақ: «Бар болмысын бүтін сақтаған, қорқынышты, жиренішті кесік бас». («Қыпшақ аруы». Алматы, «Атамұра», 2007, 252-бет).

Енді «Тірі тұлұп» хикаясына келсек, тұлұптың ақы иесі белгілі. Марқұм Ақымбек атамыз. Жоғарыда айттық, тірі тұлұп Жа-ламамен бірге Иркутск қаласына барған. Оны апарған - орыс офицері Булатов. Енді жазушы Мағауинның сөзіне жүгінелік: «Жа-лама қастерлеген тірі тұлұп - бақытсыз қазақтың тірідей сыпырылған терісі - қандыра иленген, бар кейпін сақтаған тұлұп тағдыры сәл өзгеше қалыптасты. Әуелде Жа-ламаның қадамын қырыққан капитан Булатовтың қолына түскен еді. Қаныпезер қарақшының қылмысты істерінің бір айғағы ретінде өзімен бірге ала кетеді. Анығы - 18-ші бұлғақ жылы Иркутскіде тұруы. Және чехословак легионының әпесері Вацлав Копецкиймен ежеттес дос болуы. Алас-күлестен соң еліне қайтқан чех жігіті досы сыйға тартқан тірі тұлұпты өзімен бірге әкетуі. Сол қалпы әлде қойма, әлде сандықта сексен жыл жатқан. Ақыры бұл тараптағы қауым да Орыс өктемдігінен азатқа жеткен соң, дүние кеңейген кезде, Копецкийдің әлде немересі, әлде шөбересі біздің тұлұпты Чех республикасының астанасы Праганың қақ төрінде тұрған Ұлттық музейге табыс еткен. Тап-таза бүлінбеген, әсем, әдемі қалпында» деп жазады. Бұған ешбір алып-қосарымыз жоқ. Біздің қолдағы деректер де осылай дейді. Өйткені, жазушы бұл деректі біз су ішкен бастаудан алған көрінеді.

Осыдан екі, әлде үш жыл бұрын «тірі тұлұптың» суреті Чехияның бір журналына шыққаны туралы естіген едік. Осыдан кейін жазушы ағамыз әдейілеп барып «тірі тұлұпты» көзімен көрген. Оны былай деп суреттепті: «Арқадан басқасы түгел екен. Екі қол, екі аяқ, он саусақ, он бақай тырнағымен қоса қаз-қалпында. Сәл-пәл өскен тығыз қара шаш, дөңгелек, жазық маңдай. Қияқ мұрт, оймақтай ауыз. Құлжа мойын, кең иық, зор кеуде. Кіндігі бітеу, белі берік. Ерлік, еркектік мүшесіне дейін өз орнында. Ең кереметі - көзі ашық. Сәл-пәл кілбиген, аз-маз тұманытқан үлкен қоңыр көз. Ашу да, азап та аңдалмады. Жалыныш та, үрей де жоқ. Кірпік қақпастан, тіке қарап тұр. Байыпты, батыл».Қыпшақ аруы». Алматы, «Атамұра» баспасы, 2007, 252-253 беттер)

*****

«Кесік бас» аталған Жа-лама мен «тірі тұлұп» қазақ Ақымбектің тағдыр-талайы осылай аяқталған. Бірінің басы Эрмитажда тұрса, екіншісінің тұлұбы Прага қаласындағы Ұлттық музейде. Ақымбектің ұрпағы дәл қазір бар екендігіне ешбір күмән жоқ.

Сөздің түйіні: ғалым З.Қинаятұлының пікірінше, А.Бурдуков пен Дамби-Жанцан «сыбайлас» болған. Екеуі де өз деңгейінде тыңшылық жұмыстар атқарған. Жа-лама орыстар үшін Моңғолиядан қытайды қууға қажет болса, Бурдуков моңғол тілін жетік білгендіктен халық арасындағы саяси ахуал туралы хабар беріп тұрған.

1921 жылы Моңғолияда төңкеріс орнап, ел социализмнің соқпағына түскеннен кейін Жа-ламаның саяси бүліншілік ұйымдастыру қызметі де аяқталған сыңайлы. Сол себепті Қытаймен байланыс жасамай тұрғанда тезірек көзін жойып жіберген.

Ал біздің «тірі тұлұпқа» айналған Ақымбек ағамыз болса, осы алас-күлес саясаттың құрбаны. Айналып келгенде, осының бәрі «Қытай елі моңғолды сіңіріп кетпесін» деп жасаған орыстардың әрекеті.

ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСҚАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Атажұртты аңсау немесе алма ағашы

Күздің мизам шуағы тарқап, қарашаның бозқырау ызғары сәмбіталдың сағағына ілінген сұршуақ күндердің бірі-тін. «Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен мәртебелі жиын өтеді, оған ғаламшардың сан түкпір, әр қиырында жүрген қазақтар келеді» деген қуанышты хабарды құлағымыз шалды.

Қысқасы, елорда төріне жиналған қандастарымыздың арасында Алданыш Рамазан дейтін 1964 жылы тұңғыш рет Токио олимпиадасына қатысқан қазақтың қызы бар екенін естіп, іздеп барып жолықтық.

Қарсы алдымызда шашасына шаң жұқпаған желаяқ болды-ау дегенге келе қоймайтын, ала қыстай сүрленіп, тоң майы тоқ ішектің сыртына теуіп шыққан, көктемде қатқақ желдің өтіне кептірген ту биенің күрең қазысы сияқты сарыкідір бәйбіше тұрды.

- Сіз Алданыш Рамазанқызы боларсыз?

- Ия, мен Алданышпын - деп қысқа қайырды. Бір ауыз сөздің өзін үлкен акцентпен айтты. Біз селк еттік... өмірі қазақтың сөзін акцентпен айтатын адам көрмегендей. Апамыздың бұзау тұмсығы терлеп жүре берді. Түсінікті, тамырын басып, тәй-тәйлап сөйлеспесек, сүрініп кететін түрі бар. Ептеп әңгімеге тарттық:

- Мен қазақ өмірі мен руханиятынан шалғайда өскен адаммын, - деп әңгімесін бастады Алданыш апай. - Баяғыда орыстар бес жыл күні-түні соғысып, немістерді жеңген 1945 жылы Бай-өлке аймағының орталығы Өлгей қаласында дүниеге келіппін. Қырқымнан шықпай тұрғанда кәрі әке-шешем Ұлан-батыр қаласына қоныс аударған екен. Жарықтықтар 70-ші жылдары асарын асап, жасарын жасап, әкей 108 жасында, анам 90 жасында дүниеден өтті. Бір кіндіктен жалғызбын...

Апамыз Рамазан шалдың жалы мен құйрығы, көзінің ағы менен қарасы екен. Сол заманда (1945 жылдары) Ұлан-батырда қазақтың өзі санаулы. Алдар көсенің сақалындай әр бұрышта бір қадау. Алданыш көзін тырнап ашқанда көргені - моңғол, естіген сөзі - солардың судыр тілі. Енді қайтсін!

Қазақ айтады: «Адам танысқанша, жылқы кісінескенше» деп. Расында, солай сияқты. Жаңа ғана бір-бірімізден үркектеп отырған қос қазақ әнтек-тәнтек әңгімеміз жарасып, қутыңдай қалдық. Журналист деген атымыз бар емес пе: «Қазақстанға келсін деген шақыру барғанда қандай сезімде болдыңыз?», - деп, көкейде жүретін әдеттегі сұрақты бұрқ еткіздік. Сөйтсек, байқамай атып, дәл ондыққа тигізіппіз. Енді апамыз елең етті. Бұзау тұмсығынан тағы да тер саулап қоя берді. Терең күрсінді, күйбіңдеп көзінің жасын сүртті. Бірдемені бүлдіріп алып, бейкүнә кейіпке еніп кететін сәби секілді жыпылықтай қалдық...

- Жаздың үш айында мектеп оқушылары демалатын лагерьде тәрбиеші-ұстаз міндетін атқарып, қыркүйектің ортасында үйіме бір-ақ оралдым. Алаңсыз отыр едім, телефон шақырды, тұтқасын көтерсем, сондай бір биязы үнді әйел адам «Сәлеметсіз бе, Алданыш апай?» дейді. Біз отбасында моңғол тілінде сөйлесетін «нашар» әулеттенбіз. Ұлан-батырдағы азғана қазақпен ешқандай аралас-құраластығым да жоқ. Тап-таза қазақтың тілін естіп таң қалдым. Сөйтсем, маған хабарласып тұрған Астана қаласы әкімдігінің қызметкері Қаламқас деген сіңлім екен.

- Қаламқас не деді?

- «Астана қаласында әлем қазақтары бас қосатын болды, соған сізді шақырып отырмыз» деді. Үйдегі ағайың мен ержеткен балаларым «Мүмкін емес, баяғыда қазақ санатынан сызылып, ыңыршағы қисайып, шонданайы айналып кеткен, ақсақ кемпірді Қазақстан қайтеді?» деп кеңк-кеңк күлді. Сол күні таң атқанша көз ілмей ояу жаттым... Өткен өмірім елесетеді. Қара жердің бауырын шыр айналдырып, қыртысының шаңын қаққан күндерім көлбеңдеп көз алдыма келді. Беу, дүние-ай, сағыныш деген осы екен-ау. Мына дүниеде біз білмейтін, өзгерту қолымыздан келмейтін ұлы заңдылық бар. Мәңгілік бақыт жоқ. Сол сияқты мәңгілік азап та болмақ емес. Дүние аққан су сияқты, өтеді де кетеді. Жүректе тек сағыныш ғана қалады екен. Абай атамыз: «Өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ!» деп қалай дәл басып айтқан. Шүкір, мені де біреулер іздейтін күн бар екен-ау. Моңғолдағы қазақтың іргесі сіңген, мына тұрған Бай-өлке аймағында мені білетін бір адам жоқ, айдаладағы Қазақстан қайдан тапты? Санам саққа жүгірді, ойым онға бөлінді.

Ұмытпасам, 1968 жылы Тәшкент қаласында жеңіл атлетикадан үлкен халықаралық жарыс өтетін болды. Біздің елдің құрамасының мүшелері Иркутск қаласына келіп, Иркутск-Тәшкент пойызына отырдық. Пойыз Алма-Атада (өз сөзі болған соң өзгертпедік - Б.Қ.) жарты сағат ғана аялдады. Ентелеп терезеге телміремін. Анадайда Алатау мұнартады. Алғаш рет Алма-Атаның алмасын жедім. Бір құдайдан менің тілеуімді тілеп, жаратқанға мың мәрте жалбарынып, үйде қалған әкем мен шешеме арнап бір-бір қызыл алма орап алдым. Әкем сол алманы жемеді. Сандыққа салып алты жыл сақтады. Үйге келгендерге «Бұл Алма-Атаның алмасы, қызым әкелген» деп көрсетеді. Құшырлана бір иіскеп, сандыққа қайта тоғытады. Мүмкін, біреулер күлетін де шығар. Әкей сол алмаларды әбден шіріген соң, ораулы тұрған аппақ матасымен бірге Бұрғыстай бұлағының басына апарып, адам аяғы баспайтын жықпылдың арасына көмді. Ұзақ отырып дұға оқыды. Артында тұрған маған қайырылып: «Қызым, мына жерді ұмытпа, бір күндері осында Алатаудың алмасы өсетін болады» деді. Арада көп жыл өткен соң сол жерге расында алма ағашы өсіп шықты...

Әңгіме осы межеге жеткенде апамыздың бұзау тұмсығы пырсылдай бастады. Қарасам, жылап отыр екен. Тірліктің қаттысы мен тәттісін көп көрген адам ғой еңсесін тез тіктеді. Орнынан ауыр қозғалып, терезенің алдына барды. «Думан» қонақ үйінің 17-ші қабатында тұрып, асықпай Астанаға қарап шықты. Тағы да ауыр күрсінді. Айналып келіп қайта отырды. Манағыдай емес, көңілі шат. Әңгімесін ары қарай сабақтады:

- Астанадан Қаламқас сіңлім хабарласқан күні менен ұйқы қашты. Әр нәрсені ойлап жатып, таңға жақын көзім ілініп кеткен екен, түс көрдім. Түсімде қараңғы мен жарықтың арасы, ала көлеңке қызыл іңірдің кезі екен деймін, батыс жақтан қатты дауыл тұрып, елдің бәрі дүрлігіп жүр. Жапырылған жұрт қаша-қорасын қамдап, біреулер жерге қазық қағып, тағы бірдемелерін байлап жатқан сияқты. Биік үйлер дауылға теңселіп, шынар ағаштай ырғалады. Аспанға қарасам, қаптаған ақ көбелек сияқты қалықтап, сансыз ақша ұшып жүр. Дүниеқор бейбақтар қара терге түсіп, аспандағы ақшаны қуады-ай кеп, ұстатпайды; біреулер жерде тұрып қолын созса, ақша өзінен-өзі келіп қонып жатыр. Ел қатарлы мен де қолымды созып едім, қалықтап келіп қолыма ақша қонды. Қарасам, ақша емес, хат екен. Қазақстаннан келіпті деймін. Қуаныштан жарыла жаздап ояндым.

Ертеңінде Астана қаласы әкімінің орынбасары қол қойған шақыру хат келді.

Жаңа рекордтар жетегінде

Хат қолына тиген Алданыш апай құстай ұшып Мемлекеттік спорт комитетінің бастығына барған. Есік көзінде үймелеген адамдарды түріп тастап, ай-шай жоқ басып кірген. Қолындағы бір парақ көгершін хатты кең байтақ «бастық үстелге» лақтырып тастап, екі аяғын көсіліп отырып қалған. «Қазақстаннан хат келді, мені шақырып жатыр». Мән-жайды түсінген бастық «Сізді біз күллі моңғол елінің атынан олимпиадаға қатысқан әрі жеңіл атлетикадан «Спорт шебері» атанған алғашқы әйел деп жүрсек, әлемдегі қазақ иісті қауымда сізден бұрын олимпиадаға қатысқан әйел заты жоқ екен» депті. «Оны қайдан білесіз?». «Біздегі дерек солай» деп жымиған көрінеді үлкен бастық.

Қысқасы, атажұртына аттанған Алданышты әріптестері шығарып салған. Әуежайдан аппақ ұшаққа отырып, Бейжіңге бет алған. Себебі, Ұлан-батырдан Астанаға төте рейс жоқ. Бағыты: Ұлан-батыр - Бейжің - Алматы-Астана...

Алып ұшақ аспанға ілініп қалған сияқты, үздіксіз діріл қаққан мотор үнінен басқасы тып-тыныш. Ұшаққа отырғанға дейін алабұртқан көңілі аздап сая тапқандай. Көз алдына өткен өмірі елестеді...

Қаланың қақ ортасында орналасқан №18 мектептің табалдырығын алғаш аттап, қолына әліппе ұстағаны кеше ғана сияқты. Содан бері де жарты ғасыр өтіп кетіпті-ау. Алтыншы класта оқып жүргенде мектепке бір орыс, бір моңғол - екі ағай келіп спортқа бейімі бар балаларды таңдайды. Олардың көзі бірден Алданышқа түседі. Сұңғақ бойлы, қыпша бел, қылтасы тау маралының артқы сирағы тәрізді сіңірлі қазақтың қызын көргенде Иванов бапкердің көкшегір көзіне нұр ойнап шыға келген. Арқадан қағып тұрып: «Ертең кешкі сағат бесте орталық спорт сарайына келе қал, қалқам!», - депті.

Ертеңінде күллі қаладан жиып-теріп әкелген бір қора баланы жалаңаяқ жарыстырып қоя береді. Алдакең басқалардан оқ бойы озып келеді. Бұл 1960 жылдың көктемі. Жасы жетпісті еңсерген, қарт революционер, талай оттың өтіне қақталып, талай судың мұзына қарылған, тәжірибелі бапкер Ивановтың жеке бақылауында осылай кәсіби жаттығуды бастайды.

Тура тоғыз айдан кейін, 1961 жылы Бүкілхалықтық спартакиада өтетін болады. Спартакиаданың не екенін спорттан хабары бар адамдар біледі. Қазақша айтқанда, аумақтық деңгейдегі құрамалар арасында өтетін өте үлкен жарыс. Олимпиада сияқты 3-4 жылда бір өтеді. Мәртебесі де биік. Тек мықтылар ғана сайысатын осындай ұлы дүбірге бапкерлер 16 жасар қазақ қызын үкілеп жібереді. Алдакең 200 метрге жүгірістен әйелдер арасындағы рекордты быт-шыт қылады. Жаңадан рекорд жасайды: 25,6 секунд! Бұрынғысы 27,3 екен.

Ағыл-тегіл қуанышқа кенелген Иванов бапкер «Рекорд, рекорд, рекорд!!!» деп дәурігіп, жалпақ алаңды айнала шауыпты. Сондағы үкіметтің берген сыйлығы бір жапырақ мақтау қағаз бен 30 төгрөг ақша. Қайта ұстазы бір уыс шоколад ұстатыпты. Оны тісі жоқ кәрі әкесі мен шешесі мылжалап бір ай жепті.

Арада тағы бір ай дөңгелеп өткенде, бабы мен бағы келіскен Алданыш 400 метрді 58,8 секундте, 800 метрді 2.20,7 секундте жүгіріп өтіп, күллі рекордтардың бәрін жаңартып тастайды. Бұл - бұрын-соңды болмаған елеулі жетістік. Жоғарыдағы 200 метр қашықтықта тоқтатқан рекордын басқалар үш жылдан кейін жаңартыпты. 400 метрдің рекордын 20 жылдан кейін өзінің төл шәкірті әрең бұзған. 800 метрдің рекорды мұрты бұзылмай әлі тұр. Соған қарағанда, ол жақта Алданыш сияқты желаяқ қыз әлі туған жоқ.

«Менің қасіретім - артымда тұяқтының дүбірі болмады»

Әп-сәтте атағы дүркіреп шыға келген жас қыз: «Жеңіл атлетикадан әйелдер арасындағы тұңғыш спорт шебері мен болуға тиіспін!», - деп өзіне-өзі серт қояды. Содан жаттығу да жаттығу... Желмен жарысып тағы бір жылды артқа тастайды. Келесі 1962 жылы 8-ші класты бітіріп, қаладағы медициналық техникумға емтихан тапсырып, қабылданады. Күндіз сабақ, кешке жаттығу, түнде жұмыс... Себебі, кәрі әке-шешесі зейнетақы алмайды. Оларды асырау керек. Артында тіреп тұрған туысы болса жөн. Жалғыз басын тауға да соғып, тасқа да соғып өмір сүруі қажет.

- Бірде күні бойы жаттығу жасап келіп, түнде ауруханаға кезекшілікке шықтым, - дейді Алданыш апай. - Жаңа туған жас нәрестелерді емдеп-сауықтыратын бөлімде істеймін. Ұйқы-күлкі жоқ, таң атқанша зыр жүгіреміз. Сәбилердің іш ауруы өршіп тұрған кез. Көздің шырымын да алмай, таңертең сабаққа кете береміз. Бір күні сабаққа шығып бара жатып, аурухананың сыртқы есігінің алдында әлім құрып, шөке түсіп отырдым да қалдым. Аяқ-қолым дірілдеп жүре алмаймын. Қасымдағы курстас қыздар басымды сүйеп тұрғызып алды. Осы оқиғадан кейін бапкерім «Оқуды тоқтат, бір жылға ұлықсат алып берейін, келер жылы жалғастырасың, мұндай жағдайда нәтиже шығара алмайсың!» деді.

Ол заманда спортшыларды тынықтыратын дәрі-дәрмек жоқ. Амалсыздың күні дегендей, бапкері Алданышқа ақ қантты ұнтақтап, ерітіп «глюкоза» жасап береді. Тура жаттығу басталмас бұрын бір қасық қант-глюкозаны өз қолымен ішкізеді...

Шын мәнінде 1961 жылдан 1971 жылға дейінгі 10 жыл ішінде Алданыштың алдына түскен адам баласы болмапты. Спорт сүйер қауым апамызды «жеңіл атлетиканың падишасы» атандырған осы тұс. Құдайдың құдіреті-ай, қарсылас шақ келтірмеген. «Қайтсем де жеңем» деп сайланып келген мықтылар Алданыш лып еткенде, 60-70 метр артта қалып қояды.

Содан күллі Моңғолия Алданышқа қарсылас таппай қатты қиналыпты. Қарсылас болмаса, шын жүйріктің өзі өспейді. Ары ойланып, бері ойланып ақыры түк таппаған соң 400 және 800 метрге жүгіретін ұлттық құрамадағы ерлердің арасына қосып қоя береді. Қараса, Алдакең баяғы желп-желп етіп бірінші келе жатыр дейді. Қыздан жеңіліп қалдым деп, бір жігіт кетиін басынан үш айналдырып лақтырып жіберіпті. Намысшылын қарамайсыз ба. Осындайда қызық болған көрінеді.

Бірде жоғары оқу орындары арасында универсиада өтіп, жарысатын әйел заты табылмай, тағы да ер адамдармен жарыстырады. Осы жарыста 200 метрге жүгіріп өткен өзінің бұрынғы рекордын қайтадан жаңартады. Екі секундқа қысқартыпты.

Қысқасын айтқанда, әттең бір тұмсық тістесіп жарысатын қарсылас болғанда ғой... Бірақ тағдыр деген осы. Оған өкпе айтуға пенде баласының хақысы жоқ. Тәңір айтты, құл көнді.

«Менің бір ғана қарсыласым болды» дейді Алданыш. Ол - тілі тыным таппай сыртылдап тұратын секундөлшегіш. Соңында адам таппай, жансыз секундөлшегішпенмен жарысатын болған ғой.

«Әттең, артымда мені өкшелеп келе жатқан адам баласының тұяқ дүбірі мен ентіккен ыстық демі естілгенде ғой, дүниені шыр айналдырар едім...». Бұл жасы алпысты алқымдап қалған, ішінде өкініш пен шердің сарысуы тарқамаған адамның сөзі. Екеуміз де бір сәт үнсіз қалдық. Әңгіме жалғассын деп лып еткізіп ортаға бір сұрақ тастадым:

-Алданыш апай, содан сіз 1964 жылы Токио олимпиадасына баратын болдыңыз...

-1964 жылы Токио қаласында жазғы олимпиада ойындары өтетін болды. Оған әлемнің 93 елінен 5140 спортшы қатысқаны белгілі. Оның 681-і әйел заты. Бұл әлемдік олимпиада тарихында Азия құрлығында өтіп отырған тұңғыш дода.

1963 жылы осы олимпиадаға моңғол елінің спортшылары спорттың бірнеше түрінен қатысатын болып шешілді. Оған дейін қатысатыны жайында айтылған жоқ. Төрт жыл жүйелі түрде дайындалатын олимпиадалық циклге біз бір жыл ғана дайындалдық. Мені олимпиадаға дайындау үшін Кеңес елінен арнайы бапкер шақырып, соған жүктеді. Төрт жылдық циклді бір жылда орындап шығуға тура келді. Жаттығу аса ауыр болды.

«Партия, сен мені білмейді екенсің!»

1964 жыл. Дүние жүзі екі лагерьге бөлініп, саясат күйіп тұрған заман. Сенің түр-түсің қандай, саяси сауатың бар ма, екі ортада оңбаған капиталистерге күлкі болып жүрмейсің бе... Партия бәрін тексереді. Ол емеурін білдірмесе, күнің қараң.

Қысқасы, Олимпиадаға баратын спортшыларды партияның адамдары келіп тексеретін болады. Дәл сол кезде Алдакеңнің аяғы жарақаттанып, жон арқасына суық тиіп, үйінде ауырып жатады. Үйіне жыларман болып бапкері келеді. Шегіркөз орысты көрген кемпір мен шал: «Жаттығуыңа бар, қарағым, орыс ренжіп кетіп, пәле болып жүрмесін, бұлар да бізге жалынады екен-ау», - деп, жымың-жымың күліпті.

Бапкері «Бір аяғың сау екен, жаттығуды жалғастыр» дейді. Жарақаты бар аяғын байлап алып, екінші сау аяқпен секіріп, шоршып жаттығу жасайды. Тексеруге келген партия бір аяқпен шоршып жүрген қызды көріп: «Мына адамды мүгедектер жарысына дайындап жатырсыңдар ма?», - деп, қалпағын қолына алып, күн салып ұзақ қараған. Одан кейін бапкер орысты мазақтап қарқ-қарқ күлген. Партия шәнтиіп тұрып, «Сіздер коммунизмге бір аяқпен өтесіздер ме, қалай?..» деп тағы бір дүркін селкілдеп күліп алған. Бапкері айтыпты: «Бір апта уақыт беріңіз!». Партия мазақтағандай болып, «Екі апта алыңыз» дейді.

Осылай бір апта өтеді. Орталық партия комитетінен адамдар келіп, соңғы рет іріктеу өткізетін болады. Алданыш болса: «Жүйелі жаттығуды бір апта үзіп алдым, осымен тәмәм болған шығармын» деп үмітін үзе бастайды. Бапкері «Уайымдама, бәрі жақсы болады» дегенінен жазбайды. Тіпті, бұрынғыдай емес қабағы ашылып, мәз-мәйрам. Бұл кісінің өмірлік ұстанымы - «ертеңге қалдырайық» дейтін сөзді жек көреді екен. «Сендерді құртатын - осы сөз» дейді. Жаттығудан бір минут кешіксең, ақырзаман орнады дей беріңіз.

Түстен кейін партия келіп: «Ана қызды жүгіртіңдер, әуселесін байқайық», - депті. Орталық партбюроның көз алдында - күллі ығай мен сығайлар бақырайып қарап тұр. Алданыш кер маралдай былқ-сылқ сәнді жүріспен аяғын аршындай тастап, 800 метрге барып тұрады. Қызыл жалау жалп етті, жас қыз зымырап жолға шықты. Қанат байлаған құстай ұшып келеді: «Жамандатқыр партия, сен мені білмейді екенсің!». Намыс найзағайы санасын бір тіліп өтті. Көз алдында жайдың оты ойнады. Оқтай атылып, көмбеден өтті. Рекорд!!! Осылай партияның көз алдында 800 метрге жүгіруден әйелдер арасында жаңа нәтиже дүниеге келді. Уақыты - 2.10,07. Күні бүгінге дейін ешкім бұза алмай, аңызға айналған рекорд осылай дүниеге келген. Жарты ғасыр болды әлі мызғымай тұр.

«Әттең, мен заманымнан озып тудым, қазіргідей ғылым-білім жетілген, биотехнология іске қосылған уақытта туғанда ғой, дүниені шыр айналдырар едім...». Бұл да сол - барын сарқып бере алмаған, бір өкініші ішінде кеткен адамның сөзі. Осылай деді де, апамыз жанарымен жер шұқып үнсіз қалды. Біз пақыр үнсіздікті бұзып тағы бір сұрақ қойдық:

-Бір апта жаттығуды үзіп тастап, басқалар басыңыздан бақ тайды деп масайрап тұрғанда, қалайша рекорд жасап жібердіңіз?

-Егерде мен аяғымнан жарақат алып, бір апта дем алмаған жағдайда рекорд жаңарта алмас едім. Бір аптада күш жинап үлгерген сияқтымын. Екіншіден, тұла бойымда намыс оты оянды. Аса бір құштарлық пайда болды. Орталық партбюродан келіп тамашалап тұрған адамдардың бірі: «Ойбай-ау, мына қыздың белі үзіліп кетпей неғып тұр», - деп таң-тамаша болып жатты. Соған қарағанда, дене мүшем сымға тартқандай жіңішке болдым-ау деймін.

«СССР» дегенді жұлып тастап, «МНР» деп жазып алдық»

Токиода өтетін жазғы спорт ойындарына қатысатын Моңғолия құрамасы 1964 жылдың 17 қыркүйегінде Ұлан-батырдан аттанбақ болады. Барлығы - 45 спортшы. Жапонияға бару үшін Қытай елінің территориясын басып өтуге тура келеді. Ол тұста Қытай елі моңғолдарды жеке мемлекет ретінде мойындамаған заман. «Сендерге не жоқ, ары жүріңдер!» деп зекіп тастайды. Оның бер жағында Қытай елі мен моңғолдардың «ағасы» - Кеңес одағы арасында қырғиқабақтық бар. Бірін-бірі иттің етіндей жек көреді.

Содан үкімет басындағы адамдар ақылдаса жатып, «олай болса, Кеңес одағының ұлттық құрамасымен қолтықтасып бірге барайық» деп шешім қабылдайды. Осылай деп жапондарға айтып қояды. Ертеңінде Жапония жағынан нота келіп тұр: «Моңғолия спортшыларын Кеңес елінің құрамасымен бірге қабылдамаймыз. Сендерді жеке шаңырақ көтерген тәуелсіз мемлекет есебінде жеке дара қабылдайтын боламыз».

Сөйтіп, саяси ахуал дөңгеленіп, тұрақ таппай тұрған соңғы күндердің бірінде Олимпиадаға аттанатын барлық спортшыларды орталық комитет жинап алып, Шыңғыс ханның өмірі мен тарихы, әскери қолбасшылық дарыны, әлем тарихындағы орны, ол туралы шетелдерде жазылған туындылар жайлы күндіз-түні дәріс оқиды. Шыңғысты мақтап-мадақтауға тыйым салынған заман. Оның сырын артынан айтамыз.

«Жоқтық жомарттың қолын байлайды» дегендей, енді-енді есін жиып келе жатқан моңғол елі апыл-ғұпыл Олимпиадаға дайындалған бір жылдың ішінде ұлттық құрамасына арнайы киім де тіктіріп үлгермеген. Қысқасы, киіп шығатын киім жоқ. Содан қайтсін, - Кеңес одағының ұлттық құрамасы киіп баратын спорттық костюмдерін сатып алып, жағасы мен жеңін жұлып тастап, оның орнына моңғолдың ұлттық нақыш, белгісі бар жаға-жең тігіп, арқасындағы «СССР» деген жазудың орнына «МНР» деп жапсырып алып, құлдыраңдап шыға келеді. Одан басқа үкімет тарапынан қыздарға арнап, ақ матадан гүлді шапан тігіп берді.

Жоқтан бар жасап, жамап-жасқап киініп алған спортшылар жүк тасымалдауға арналған ұшаққа отырып, Иркутск қаласына келді. Сол жерде азғана аялдап, орыстың келесі бір ұшағын жалдап мініп, Хабаровск қаласына табан тіреді. Бұл жерден пойызға отырып, Находск портына барды. Находскіден орыстың жолаушы тасымалдайтын кемесіне отырды. Кеменің үстінде үш күн, үш түн жүрді. Ешқандай қимыл, қозғалыс жоқ.

«Әттең, жолдың қиындығынан болып, бір апта жаттығу кестесін жоғалтым, әйтпегенде, қола медалдың шетін тістеп жығылатындай шамам болды». Бұл да - сол өзекті өртеген байырғы өкініштің бір шері-дағы. Осыны айтып, апай тағы да үнсіз қалды. Реті келіп тұрған сұрақты лық еткіздік:

-Жапония сіздерді қалай қарсы алды?

-Ерекше құрметпен қарсы алды. Аттанардан бұрын Шыңғыс хан туралы не себепті оқытып-тоқытқанын мұнда келіп білдік. Бізді Шыңғыс ханның ұрпағы деп таниды екен. Барлық газет-журналдар солай деп жазып қойыпты. Табанымыз қара жерге қалай тиді, күтіп тұрған жағадағы халық «Шыңғыс хан, Темүжин, Құбылай» деп ұран салып қоя берді. Сөйтсек, Жапонияда Ішкі Моңғолиядан барған моңғолдар өте көп тұрады екен. Солар тайлы-тұяғы қалмай келіпті. Тап-таза моңғол тілінде сөйлеседі. Әрі шетелдік журналистерге аударма жасап береді. Олардың сұрайтыны тек Шыңғыс хан жайында. Оқып алған дүниелерімізді сарнап айтып береміз.

«Жарыс жолына шыққанымда, Қосанов ағай қол бұлғап тұрды»

1964 жылы 10 қазан күні жазғы Токио олимпиадасының ашылу салтанаты өтті. Қатысқан барлық спортшылардың санына сәйкес аспанға мыңдаған аппақ көгершін ұшырылды. Бұл - бейбітшіліктің белгісі. Олимпиада алауын 1945 жылы Нагасаки, Хиросима қалаларына атом бомбасы түскеннен кейін алғашқы дүниеге келген бала Иосинори Сакка дейтін 19 жастағы азамат жаққаны мәлім. Бір қызығы, осы студент жігіт пен біздің Алданыш апайымыз екеуі түйдей құрдас болып шығыпты. Кәдімгідей кездесіп, амандасып, танысқан екен.

Алданыштар орналасқан қонақ үй мен жаттығатын жердің арасы алыс. Спортшылар жаттығу орнына барып-келуі үшін бір-бір белсебет береді. Алдакең белсебет мініп үйренбеген. Екі аяқты көлікті лақтырып тастап, жаяу тартады. Климаты өзге, ауа райы дымқыл өлкеге үйрене алмай қиналыпты. Екі күннен кейін жеңіл атлеттердің жарысы басталады.

Шу дегенде, 800 метрлік жарыс жолына шыққан Алданышқа ең соңғы 8-ші жолдан сөре сызығы бұйырды. Бұған дейін 8-ші жолдан жүгіріп көрмеген, 8-ші жолақтың бар екенін білмейтін. Өйткені, өз еліндегі ең үлкен деген жарыс жолы 6-ақ жолақтан тұратын. Бұл да болса тағдырдың жазуы шығар. Сөйтіп, 800 метр қашықтыққа жарысқан 66 адамның арасынан 22-ші орынға, 400 метр қашықтыққа жарысқан 60 адамнан 20-шы орынға табан тіреп тоқтаған. 800 метрліктен ағылшынның ақ қылшық желаяғы Э.Пэккер топ жарып, әлемнің және олимпиаданың қос бірдей рекордын жаңартады (уақыты - 2.01,1). 400 метрлікті австриялық желаяқ Э.Катберт 52,0 секундта жүгіріп өтіп, тағы да олимпиада рекордын жаңартады.

Монғолияда басқадай спорт түрлері, соның ішінде жеңіл атлетика дамып, кемелдене қоймаған 1964 жылы Токио олимпиадасында Алданыштың көрсеткен нәтижесі жаман емес еді. Өйткені, аузымен құс тістеген Кеңес елінің желаяқтарының өзі 400 метрде алғашқы ондыққа ілінбей қалса, 800 метрлікте Л.Эрик 6-шы орынға әрең ілінген.

Жапондар болса тегі азиялық моңғолдарға бүйрегі бұрып, орыстармен бірге аттануына қарсы болады. Оларды жібермей қойыпты. Олимпиада жабылғанға дейін сонда болған.

«Әттең, бұрын теңіз деңгейінен төмен жерде жаттығу жүргізіп көрмегендіктен бе, Токиода өзімді әлсіз сезіндім». Бұл да - сол ескі өкініштің сарытап болған сорабы.

Соңында былай деп сұрақ тастадым:

- Токио олимпиадасына марқұм Ғұсман Қосанов ағамыз да барған. Кездесіп үлгердіңіз бе?

- КСРО құрамасында Қосанов ағадан басқа тағы бір қазақ болды. Ол кісі жарысқа қатысқан жоқ. Қосымша құрамда отырды. Аты-жөні, ұмытпасам, Әмин Тұяқов дейтін азамат. Осы кісімен бір-екі жағдайда тілдесіп жүрдім. Қосанов ағай мен жарыс жолына шыққанымда, орысшалап «сәттілік тілеймін» деп, алыстан қолын бұлғап тұрды.

Ғұсман ағай 100 метрлік жарыс жолына шыққанда мен қарап тұрдым. Жауын аралас бұршақ құйды да кетті. 10,9 секунд жүгіріп өтіп, 6-шы орынға табан тіреді. Төрт жыл бұрынғы Рим олимпиадасындағы көрсеткішін де (10,7 секунд) қайталай алмай қалды. Жалпы Кеңес одағынан барған қысқа қашықтыққа жүгіретін атлеттердің бәрі жарыс жолынан шығып қалды. Өздері оған қатты жауған жауын кінәлі деп жатты. Сонда ойладым, желаяқ спортшы адам құйып тұрған жауынның астында да жүгіріп үйренуі керек екен-ау...

ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ГЕНЕРАЛДАРЫ

Дәлелхан Сүгірбаев

Қазақ жұртының жалынды азаматтарының бірі - Дәлелхан Сүгірбаевтың өмір тарихы әрқилы. 1906 жылы Монғолия жерінде дүниеге келген. 1921 жылы қызылдардан жеңіліп, Қобда өлкесіне ауып барған Бакич бастаған ақ гвардияшылардың қолына түсіп, ағасы Дөрбетхан, інісі Мұқамен бірге ату жазасына үкім етіледі. Үкім орындалып жатқанда ғайыптың күшімен қашып құтылады. Ағасы мен бауыры оққа ұшады. Содан 1921 жылы Монғол елінде төңкеріс орнап, жаңа үкімет құрылғанда оны қолдаушылар қатарында болады. 1928 жылы Ұлан-батыр қаласында өткен кезекті Құрылтайға барып қатысады. Құрылтайда байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу мәселесі сөз болады. Содан секем алған Дәлелхан бір түнде қашып, Қытай еліне өтіп кетеді.

1940 жылы басталған Алтай қазақтарының көтерілісіне ниеттес болады. Сол үшін қамауға алынған сияқты. Жазушы, марқұм Жақсылық Сәмитұлының 2000 жылы Алматыда жарық көрген «Қытайдағы қазақтар» атты еңбегінің 114-бетінде: «1941 жылы 10 қазан күні Д. Сүгірбаев тұтқындалды. Бір-ақ түнде жоғалып кетті», - депті. Ал түркиялық зиялы ақсақал Дәлелхан Жаналтайдың естеліктерінде: «1942 жылы Сарысүмбедегі Совет консулы Дәлелханды ұрлап әкетті. Қол-аяғын байлап жүк машинаға тиеп, Жеменай шекарасы арқылы Алматыға апарды», - деп жазады (Қилы заман, қиын күндер. - Алматы, 2000. 55-бет).

Кеңес елі Д. Сүгірбаевты Алматыда оқытып-тоқытып, 1944 жылы Ресей арқылы Монғолияның батысындағы Бай-өлке аймағына жеткізіп, одан ары Оспан бастаған көтерілісшілерге қосады. Осы жылы Алтай қазақтарының «Уақытша төңкерісшіл үкіметі» орнап, ондағы партизандар қолбасшысы болып Д. Сүгірбаев тағайындалады. 1945 жылы үш аймақ көтерілісінен пайда болған Шығыс Түркістан республикасының ұлттық армиясы атты әскерінің қолбасшысына тағайындалып, мемлекет басшысы Әлихан төренің жарлығымен генерал-майор шенін алады. 1947 жылдың ақпан айында Алтай аймағының генерал-губернаторы болады. Жоғарыдағы Дәлелхан Жаналтай қария өзінің естелік жазбаларында сол кездегі атау бойынша «генерал Сүгірбаев» деп жазыпты.

Алтай қазақтарының ардагер ұланы, генерал Дәлелхан Сүгірбаев 1949 жыл ұшақ апатынан қаза тапты.

Жайсанып Мүдәрісұлы

Атақты ұшқыш, жалынды әскери қайраткер Жайсанып (Зайсанов) Мүдәрісұлының да тағдыры сан қилы. Марқұмның басына қойған құлыптаста туған жылы «1910» деп жазылыпты. Туған жері - Зайсан өңірі. 1925 жылдары Зайсан жақтан Монғол еліне өтіп кеткен. Содан 1932 жылы Монғол елі атынан Кеңес елінің Орынбор қаласындағы әуе күштері училищесіне оқуға барады. Әрине, оған жас азаматтың орыс тілін жақсы білетіндігі себеп болғаны сөзсіз. Оқуын бітірген соң, 1937-1939 жылдары өзі оқыған Орынбордағы ұшқыштар училищесінде ұстаз болып қалып қояды.

Бірақ 1939 жылдың басында Моңғол елі кері шақырып алады. Себебі, 1938 жылы 1 желтоқсан күні Монғол армиясының тарихында тұңғыш рет әуе күштерінің күшейтілген полкі құрылған болатын. Соған тәжірибелі басшы қажет еді. Әрі Халкин-гол маңында Жапон миллитаристерінің шабуылдау қаупі төніп келе жатты. 1939 жылы Халкин-голда КСРО мен Монғолия қарулы күштері бірлесіп, жапондарға соққы берді. Соғысқа өз полкын бастап, полковник Жайсанып та қатысты.

Жайсанып Мүдәрісұлы 1942 жылдың 15 қазанында Монғолия Үкімет басшысының № 00182 бұйрығымен Әуе қарулы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. 1944 жылдың сәуір айында Ұлы Құрылтайдың № 22 жарлығымен оған генерал-мойор шені берілді.

1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, Кеңес одағы Жапонияға қарсы жедел түрде соғыс жариялады. Оған Монғолия да қатысты. Осы жорықта Жайсанып басқарған Монғол елінің ұшқыштары жапондарға қарсы әжептәуір соғысқан сыңайлы. Мысалы, архивте сақталған жорық жазбаларының бірінде «Мүгден әуежайын басып алдық. «Супер» маркалы 49 ұшақты, «Дюблестник» типтегі 11 ұшақты қолға түсірдік. Рапорт беруші - генерал-майор М. Зайсанов» деп қол қойылған.

Жапония жеңілгеннен кейін орыс-монғолдың бір топ генералдарымен бірге Жайсанып Мүдәрісұлын Бас қолбасшы И.В.Сталин Мәскеуде қабылдаған. Өз қолымен Кеңес Одағының «Қызыл Ту» орденін тапсырған. Осы оқиға жайында ертеректе Жайсаныптың өз аузынан жазып алған, бүгіндері Ұлан-батыр қаласында аман-есен тұрып жатқан академик-ғалым, жазушы-журналист Ислам Қабышұлы 1980 жылы Өлгей қаласында жарық көрген «Аймағым - алтын ордам» атты естеліктер жинағында былай деп еске алыпты: «... орден тапсырып тұрып И.В.Сталин: - Құрметті генерал, сіз қай ұлттан боласыз? - депті. Жайсанып: «Мен қазақпын, жолдас Бас қолбасшы!»-дейді таза орыс тілінде. Сонда И.В.Сталин: - Сізді мен сырттай 1939 жылдан бері білемін, аз халықтың үлкен жүректі азаматы екенсіз, құттықтаймын!».

Мемлекет басшысы маршал Х. Чойбалсанның 1948 жылғы 28 маусымдағы бұйрығымен генерал Жайсанып КСРО Әуе күштері академиясына оқуға жіберіліпті. Одан кейінгі өмірі күңгірт. 1953 жылы біржола тұрып қалу үшін Алматыға ат басын бұрған көрінеді. Оған сол тұстағы жағдай сай болмаған. 1965 жылы дүниеден өткен.

Жекей Қалидолдаұлы

Бұл азамат 1959 жылы Монғолия елінде қарапайым қазақ отбасында дүниеге келіпті. 1967-1975 жылдары орта мектепте оқып, білім алған. Одан кейін Қобда қалалық ауылшаруашылық техникумында оқып, 1979 жылы әскери борышын өтеуге аттанған. Армия қатарында жүріп, алғырлығымен көзге түседі. Содан астанада орналасқан Сүхе-батор атындағы әскери жоғары оқу орнының курсанты атанады. 1983 жылы аталмыш оқу орнын бітіріп, Батыс шекарадағы «Бұлғын» отрядына қызметке тағайындалады.

Тегеурінді азамат шекара отрядында взвод командирі ретінде жұмысын бастап, айналасы оншақты жылдың ішінде жылжымалы топ жетекшісі, штабтың әзірлік бөлімінің басшысы, соңында отряд командирлігіне дейін көтерілген. 1990 жылы Мәскеу қаласында шекара әскерилерінің мамандық жетілдіру курсында оқып келіп, байырғы қызметіне қайта кіріседі.

Содан 1997 жылы үкімет жолдамасымен Мәскеу қаласындағы Шекаралық әскери басқару академиясына оқуға аттанады. Осында оқи жүріп әскери ғылымның докторы атағын қорғайды. 2000 жылы академияны бітірген соң, Бай-өлке халқының қалауымен Ұлы Құрылтайға депутат болып сайланады.

Жекей Қалидолдаұлы қызмет барысында «Алтын жұлдыз», «Майдан даңқы» қатарлы үкіметтік жоғары наградаларға ие болыпты. 2004 жылы депутаттық мандаты аяқталғаннан кейін Монғолия шекара әскері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады.

2007 жылдың 27 шілдесі күні Моңғолия Президентінің жарлығымен оған бригада генералы атағы берілді.

БАЛУАН ШОЛАҚТЫҢ ҒАЛИЯСЫ

Қазақ өнерінің «алтын ғасыры» атанған (А. Сейдімбек) ХІХ ғасыр қазақ қоғамына таңдаулы тұлғалар сыйлады. Нәтижесінде, ауасы саумал, самалы салқын, селеулі дала Сарыарқаның «әншілік» дәуірі туды. Атақты Біржан салдан бастап Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Мәди, Естай, Майра, т.б дүлдүл жыршы, бұлбұл әншілер болашағы орыстың бұғауына байланып, басы бодандық қамытына ілінген қазақтың зарын әнге айналдырды. Ұлы Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының «Адамшылық егінін шаштым, ектім, Көңілін көтеруге құл халықтың» дегеніндей, ақын атаулысы да бір сұмдықтың ұшығын аңдап, зар толғаудың тиегін ағытты. Тарих бұларға «Зар заман» жыршылары (М.Әуезов) деген баға берді.

Бұл дәуір де өтті, кетті. Тек куәсіндей болып небір әндер қалды. Соның бірі - Балуан Шолақтың «Ғалия» әні. Осы ән туралы академик Ахмет Жұбанов: «Ғалия» әні - әннің төресі. Үлкен жүректен, шын сезіммен шыққан ән. Бастаған жерден-ақ асқан ынтықтық бары сезіледі... Бірақ бабына келтіріп орындау көрінгеннің қолынан келе бермейді.», - деп жазады (А.Жұбанов. Замана бұлбұлдары. Алматы, 2001, 134-б).

Осы әннің дүниеге келуіне себепкер Ғалия туралы не білеміз? Әрі балуан, әрі әнші, әрі сері Балуан Шолақты ынтықтырған Ғалия кім болды екен?

Біршама жыл бұрын байырғы журналист, қарт қаламгер Октябрь Әлібеков өзінің жеке мұрағатынан Ғалияның суретін көрсетті. Суретті өткен ғасырдың 90-шы жылдары белгілі кәсіпкер Марат Нәбиев әкеліп берген екен. Марат Әскенұлы - өзі бастама көтеріп, Ақмола облысы, Бұланды ауданы (бұрынғы Макинка ауданы) жеріндегі Балуан Шолақтың зиратын жөндеп, басын көтерген азамат.

Көнекөз қариялардың айтуынша, қазіргі Конгрес-Холл сарайы тұрған жерде өте ертеде базар болған. Ол әдеби шығармаларда көп айтылатын әйгілі «Қараөткөл» базары екен. Арқаның ауқатты адамдары жаз шыққан соң базарға үй әкеліп тігіп, бір жағынан өнімдерін (қымыз, сүт, ет, құрт-май, т.б) саудалайтын болса, екінші тараптан, қыстай ұйып жатқан дала серілерінің өнерін тамашалайтын болған. Арқаның айтулы әншілері бұл базарға соқпай өтпейді. Айлап жатып, ән салады.Көрермені - қара халық, тыңдаушысы - дүйім жұрт.

Елмен бірге Ғалия да базарда қымыз сатады. Ажарына арулығы сай, анадан артып туған құлын мүшесі көз қарықтырар, қараторының әдемісі Ғалияның қымызханасына бір күні Балуан Шолақ ат басын бұрады.Бұл шамамен 1908-1909 жылдары болса керек. Балуанның тасы өрге домалап, әнімен Арқаны тербетіп, күшімен жауын еңсеріп жүрген, қырықтың қырқасына шыққан керемет кезі екен. Ғалия болса 22-23 жаста.

Ғалия балуанға өз қолымен қымыз ұсынады. Дүниенің дүр сілкінген кезі де осы болар, дала серісінің жүрегіне Ғалияның ару бейнесі қашалады. Осылай «Ғалия» әні туады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, тоғыз жолдың торабы Ақмолада көшпенді қазақтардың саудасын ортақтастыратын татар, ноғайлар болған. Осылардың бірі - Сұлтанай Қамза деген ноғайдың саудасын жүргізетін Тілеу атты қазақ екен. Түбі - Жаңаарқа жақтан, руы - Арғын, оның ішінде Аралбай. Сегіз бөлмелі үйі бар дәулеттілер санатындағы отбасы. Үлкен әйелінен Ғалия, Мәрзия атты екі қыз туыпты. Шолақтың әні арқылы тарихта аты қалған Ғалия осы.

Ғалия жайында академик Ахмет Жұбанов деректер жинап, Шолақ пен Ғалия арасындағы оқиға турасында алматылық Мәкура Есілбаева деген адамнан өте ертеректе біршама толық мәлімет жазып алыпты. Осында баяндалғандай - Ғалия қара сұрлау келген, ат жақты, ұзын бойлы, бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, он саусағынан өнер тамған шебер екен. Әсіресе, тамағында шешек дағы көп қалғандықтан, орамалымен алқымын қымтап байлайтын әдеті болғаны туралы да ел ішінде әңгіме бар. Бұны суретінен де байқауға болатын сияқты.

Шолақтың жеке өміріне қатысты жазылған зерттеулерде қайшылықтар көп. Балуанның қазақтың ата қонысын баса көктеп, шұрайлы жерлерге келіп қоныстанған орыс пен украиндарға түре тиісетін әдеті болыпты. Шын мәнінде бұл Шөкеңнің өзінше көтерілісі еді. Бұл әрекетін Кеңес заманының зерттеушілері «халықтар достығын» түсінбеді, біреулердің айтағына еріп қателесті деп бағалайды. Бірақ жазушы Әнес Сарайдың тәуелсіздік жылдары жазылып, Астанадағы қазақ драма театрының сахнасында қойылған «Балуан Шолақ» атты драмалық шығармасында жоғарыдағы бұрмалаушылық түзетіліп, балуанның күрескерлік қыры ашып көрсетілген.

Осы туындыда суреттелгендей, Шөкең бір жылдары қатты қуғын көрген. Тіпті неше дүркін абақтыға қамалып,одан қашып шығып, жасырынып жүрген күндері де болған. Ғалиямен дәл осындай жағдайда жүріп танысқан.

Енді Ғалия туралы жазып алған А.Жұбановтың естелігіне қайта жүгінейік. Ғалия қазақи әдет бойынша Біржан деген жігіттің атастырылған қалыңдығы ретінде ұзатылады. Барған жерінде екі жылдай тұрып, Қараөткелдегі төркін жұртына көшіп келеді. Шөкеңмен көңіл байласатын тұсы - осы кез. Ғашығына арнап сегіз қалта жият кестелеп, оған өрнектеп атын жазады. Онысын құп көрмеген күйеуі таяқтап үйінен қуып тастайды. Ғалия қашып әкесінің үйіне келеді.

Ата-анасы қызымен ақылдаса келіп, күйеуінен ажырасуын құп көреді. Бірақ күйеуі төлеген қалың малын даулайды. Оны төлеуге Ғалияның әкесі Тілеудің жағдайы болмайды. Іс билер сотында қаралатын болады. Оқиғадан хабардар Балуан Шолақ не де болса, мал тауып келу үшін Көкшетауға жүріп кетеді. Жолай бір танысының үйіне түсіп, тыныштала алмай, домбырасын қолына алып:

Ғалия айналайын қалып еді,

Көп жылап таңға жақын талып еді,

Білмеймін не болғанын әңгіменің,

Біржанмен биге түсіп қалып еді, -

деп бір қайырып ән салып, асқа да қарамай жүріп кетеді. Көкшетауда балуанды басқа тағдыр күтіп тұр екен. Ұстап, түрмеге жауып тастайды. Ғалия болса билер сотында өз дауын өзі ұстап, Біржанды жеңіп шығады. Басына толық бостандық алады. Ал Шөкеңе жоғалған сексен өгіздің жаласына Семейден ұрланған бір топ жылқы қосылып, ісі қалыңдайды. Ғалия күтумен күндерін өткізеді. Оның үстіне сотта жеңілген жақтың қыспағынан не істерін білмей қиналып жүргенде, «Шолақ пәлен жылға сотталып, жер аударылыпты» деген хабарды естиді. Бұл қарсы жақтың таратқан жалған жаласы еді. Ғалия әрі-бері толқып, әкесінің нұсқауымен Есенжолдың Қанапиясына тоқалдыққа барады.

Шөкең Көкшетауда түрмеде жатып, Ғалияның атын неше түрлендіріп әнге қосады. Аузынан шыққан әнді ел лезде қағып алып таратады. «Ғалия» әнінің осылай әртүрлі нұсқасы пайда болады. С.Оспанов құрастырып бастырған «Балуан Шолақ» кітабынан осы әннің 6 түрлі нұсқасын көруге болады.(«Жалын» баспасы, Алматы, 1998).

Балуан Шолақты Қараөткелдің түрмесіне әкеліп қамайды. Енді Шөкең ғашығымен кездесетін мүмкіндікті қарастырады. Бірде түрме әкімшілігінен рұқсат алып, ауладағы биік дуалдың үстіне шығып, «Ғалия» әнін аспандата шырқап, шерін басады. Ондағы ойы Ғалия түрменің маңында жүрсе естісін дегені болса керек. Бір күні ғашығының біреуге тоқалдыққа тиіп кеткені жайлы хабар алады. Түрмеден босап шығып, Тілеудің үйіне барып, мән-жайға қаныққан соң, әйелдің опасыздығына ренжіп, қайта қайырылмай еліне аттанып кетеді.

Ғалия болса Қанапиядан тағы айырылысып, Қоянды жәрмеңкесіне барып қымыз сатады. Осында жүріп семейлік Қали деген жігітке үйленеді. Күйеуін ертіп Қараөткелге келіп қыстайды. Қалидың Семейде әйелі қалады. Арада бес-алты жыл өткен соң Қалиды ертіп Семейге келіп, оның бұрынғы әйелінен кешірім сұрап, өзі бала көтермеген соң бір қызын асырап алады. Оны өз қолымен ұзатады. Туберкулез ауруына шалдығып, 1922 жылы 35 жасында қайтыс болады. Байырғы астаналық ақсақалдардың әңгімесіне қарағанда, Ғалия осы күнгі «Жастар» шағын ауданы аумағындағы ескі зиратқа жерленген.

Шөкең Ғалиядан үш жыл бұрын, 1919 жылы дүниеден өткен. Бұл оқиға Алланың қалауымен, тағдырдың жазуымен осылай аяқталыпты. Артында мұра болып «Ғалия» әні қалды.

ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ӘЖЕСІНІҢ ҚАБІРІ

Ол зират Астана іргесіндегі Төңкеріс ауылының қорымында жатыр. Қажымұқан балуанның өмір тарихы алып күшінің арқасында әлем спорт тарихына енді. Қазақ халқы осы тумасы арқылы әлі талай ғасыр мақтана алады. Уақыт - ұлы таразы. Екшейді, елейді, ақиқатты ақтайды, өнегеліні өрге сүйрейді. Тек таңдаулы тұлғаларға ғана тарих өз қойнауынан орын береді. Осындай таңдаулының бірі - Қажымұқан Мұңайтпасұлы.

Көзі қарақты қауым түгел біледі. Қажекеңнің туған ауылы осында. «Әкесі Мұңайтпас, бұрынғы өткен аталарының бәрі осында жерленген» дейді ауыл ақсақалдары. Бірақ мынау деп дәл басып айтып бере алмайды. Себебі, қорымның өзі жерге айналып кеткен.

Осы «Қажымұқан» ауылының арғы жағында Сарытерек, Төңкеріс ауылдары іркес-тіркес қоныстанған. Бәрі - бала Мұқанның ізі қалған жерлер. Осыдан 5-6 жыл бұрын жасы сексеннен асып кеткен Халық деген қағылез қариямен кездестім. Қутыңдаған әзілқой ақсақал Оспанханның жазған шақпа қалжыңдарын жатқа оқып отырды. Қаладан 40 шақырым жердегі Төңкеріс аулында тұрды екен. Сөз арасында әлгі қария былай деді: «Балам, мен тұрған Төңкеріс ауылының іргесіндегі зиратта Қажымұқанның әжесі, асырап, сақтап адам болдырған анасы Ақыштың (Айсарының) зираты бар. Білетіндер азайып барады. Келіп, көріп кетсеңші». Біз барғанды мақұл көрдік.

Арада айлар өтіп кетті. Әне-міне деп жүргенде, Халық ақсақал дүние салғанын естідім. Санды ұрып біз қалдық. Бірақ осы елдің адамдарынан жалықпай сұрастырып жатып, біледі-ау деген біреуді таптық. Ол азамат Қарағандыда тұрады екен. Аты-жөні - Қуатбек Дайрабайұлы Атыбаев. 1954 жылы осы Төңкеріс аулында туған. Әкесі Дайрабай бала кезінде зиратты көрсетіп: «Есіңе сақта, балам, бұл - Қажымұқанның анасының зираты. Мына басына қойылған ұзындығы 2 метр, ені жарты метр қыш тасты әкем Атыбай керуен тартып барып Самарқан жақтан әкелген. Мақсаты ата-бабаларының басына орнату екен. Содан бір күні үйге Қажымұқан келіп, «Атеке, мына тасты маған бер, шешем басына апарып орнатайын» депті».

Осылай Айсары әжеміздің зиратына хас шебер бәдіздеп жазған Құран аяттары нақышталған Самарқанның көк сұр тасы орнатылыпты.

Бұл арада Қажыекеңе қатысты жазылған дүниелерді (хикаят, очерк, зерттеулер) салыстыра отырып бір байқағанымыз, жазушы Қалмахан Әбдіқадыровтың 1948 жылы жарық көрген «Қажымұқан» хикаяты қай жағынан да нақты өмір шындығынан алыс кетпеген. Себебі балуан жазушының үйінде қона жатып, басынан өткен оқиғаларды өз аузымен баяндап берген.

Хикаяттағы деректемеге сүйенсек, Айсары - балуанның әжесі. Ал Мұқанның туған шешесінің аты - Кәбира. Ол - Лұқ батырдың қызы. Лұқ пен балуанның атасы Ернақ ақиреттік дос болған. Сол себептен де Лұқ батыр қызын Ернақтың баласы Мұңайтпасқа ұзатады. Кәбира келін болып түскен соң бес жылдан кейін аяғы ауырлап егіз ұл табады. Аттарын Асан және Үсен деп қояды. Бұл сәбилердің ғұмыры қысқа болып, екеуі де шетінейді. Айсары әжейдің қайғысы қалыңдап, қабырғасы қайысады. Оның үстіне келіні Кәбира құрсақ көтермей үш жыл өтеді.

Бір күні Айсары жоқ боп кетеді. Ауыл адамдары ары-бері іздеп таппайды. Ел Есілдің суына түсіп кеткен шығар деп жорамалдайды. Сөйтсе, бірнеше күншілік жердегі «Дәрілі қорымға» барып, шөп әкелген екен. Содан бір қойын сойып, әкелген дәрі шөптің тамырын сүтке қосып келініне он бес күн ішкізеді. Осы ем-домнан кейін Кәбира жүкті болып жыл өткен соң дара тұлға Мұқан дүниеге келеді. Қайран ана мың жылда қайталанбас алыпты туып, екі күннен соң өзі дүниеден өтіп кеткен. Кәбира аса қарулы адам болғаны туралы кітапта айтылады.

Жетім қалған Мұқанды асырап адам болдырған - әжесі Айсары. Жоғарыдағы хикаятта Қажымұқанның өз аузымен айтылған мынадай жолдар бар: «Менің өмірімді жазғанда анам Айсарыны қалдырма. Менің өрбіген өмірімді, тасыған қайратымды берген сол адам. Мен оның Қап тауындай биік, күннің шуағындай жылы мейірбандық еңбегінің тозаңын да өтегем жоқ. Мені білгісі келген адам - менен бұрын соны білсін. Онан басқа кісі мені асырап кемеліме келтіре алмас еді». (Қажымұқан қағанаты. Ордабасы, 2001, 44-бет).

Міне, бұл - Қажекеңнің әжесі туралы лепесі. Кейінгі елдің айтуынша, балуан кеудесіне тас қойдырып, оны шойын балғамен соққылатып жатып, «Ақыш, Ақыш, Ақыш» деп айғайлап жатады екен.

Айтпақшы, 2005 жылдың жазында Астанадағы АСТВ телеарнасының журналисі Торғын Мэлісқызы зиратты экранға шығарып, бірнеше дүркін республика көлемінде көрсетілім ұйымдастырды. Бір қызығы, селт еткен жан болмады. Біз пақыр ойлаған едік: «Алыптың аузын аққа тигізген анасына Алланың ризалығы үшін басына барып, бір ауыз аят оқиын дейтін біреу табылар», - деп. Олай болмады. Әйтеуір, сонау Темірлан жақтан балуанның шөбересі - бір жап-жас қыз арнайы келіп, зиратты таспаға жазып алды. Осыған шүкір дедік.

ХАЛҚЫН-ГОЛ ШАЙҚАСЫНЫҢ ҚАҺАРМАНЫ

Екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына сан жылдың жүзі толды. Батыс саясаткерлері өткен-кеткенді қазбалап, бәзбір оқиғаларға саяси рең беріп те қойды. Мысалы, Польша елі «сұм фашистердің соққысына алғаш ұшыраған біз едік» деді. Онымен қоймай, «мына жақта Гитлермен алысып жатқанда, Сталин арқамыздан қанжар қадады» деп салды.

Қысқасы, Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы басталыпты. Еуропа солай дейді. Бірақ фашистік Германияның одақтасы - жапон милитаристері 1935 жылы Қытайдың шығыс бөлігін басып алып, Ішкі Моңғолияны өзіне қаратты. Ол аздай, Кеңес одағының шекарасын қайта-қайта түртпектеп мазасын алды. Сасқалақтаған Кеңес елі 1936 жылдың 12 наурызы күні КСРО Қорғаныс Халық Комиссары К.Е.Ворошиловтың бұйрығымен 57-ші арнаулы корпусты күшейтіп, Халқын-гол маңына әкеліп орналастырды. Моңғол жағы болса, «Сіз бастаңыз, біз қостайық» дегендей, шағын армиясын ол да алып келді. Осылай бір шайқастың басталары анық болды.

Жапондар шекараға келіп қалған Кеңес-Моңғол әскерін сарылтып күттіріп қоймай, 1939 жылдың 11 мамыры күні соғысты бастап кеп жіберді. Халқын-гол шайқасының қос қапталы 80 шақырымға, майданның алғы шебінен артқы тылына дейін 25 шақырымға созылып жатты.

Мамырдың 11-інде басталған соғыс осы айдың 31-іне дейін жалғасты. Жиырма күннің ішінде самурайлардың беті қайтты. Олар сәл ентігін басып алып, шілденің 2-сі күні шешуші шайқасқа кірісті. Соғыс қыркүйек айының ортасына дейін жалғасты. Екі ай жарымға созылған ұрыста жапондар 50 мың адам, 660 ұшақ, 175 зеңбірек, 340 шақты пулеметінен айырылып, тура қыркүйектің 16-сы күні жеңілгені туралы актіге қол қойды.

КСРО Жоғары Кеңесінің Жарлығымен Халқын-гол соғысына қатысып, ерлік көрсеткен Қызыл Армияның 17068 офицері һәм жауынгерлеріне орден, медаль берілді. 73 адам «Кеңес Одағы Батыры» атағына ие болды. Ұшқыштар - Я.В.Смушкевич, Г.П.Кравченко, С.И.Грицевец екі мәрте батыр атанды.

Жауын жеңіп, көңілі орныққан Моңғол үкіметі де қарап қалмай, Мемлекеттік Кіші Құрылтайдың шешімімен Моңғол Халық Армиясының 726 офицер һәм жауынгерлеріне, Қызыл Армияның 326 жауынгеріне «Майдангерлік Қызыл Ту» орденін табыстапты. Оның сыртында 14 адамға «Моңғолияның Халық Батыры» атағын берген. Осы он төрт адамның екеуі - орыс, біреуі - қазақ. Екі орыстың бірі - атақты қолбасшы Г.К.Жуков болса, екіншісі - И.И.Федюнинский. Ал батыр қазақтың аты-жөні - Ікей Мизамұлы.

Батыр қазақ кім?

Батыр Ікей Мизамұлы туралы жаңа мәліметке қол жеткіздік. 2009 жылы Моңғол елінде Халқын-гол шайқасының 70 жылдығы кеңінен аталып өтті. Тіпті Ресей Федерациясының Үкімет басшысы В.Путиннің өзі барып, қол соғып, құттықтап қайтты.

Біз өз тарапымыздан аталмыш елдің Архив және тарих зерттеу орталығына электронды хат жолдаған едік. Олар Ікей марқұм туралы мұрағат мәліметтерін жіберді. Осындағы деректерге қарағанда, батыр ағамыз 1911 жылы Бай-өлке аймағының Делүн сумын жерінде туыпты. 13 жасқа дейін ауқатты ағайынның мал-жанына қарайласып жүріп, 1926 жылы орыс саудагерлері орнатқан қойдың жүнін жуатын орында 3 жыл жұмыс істеген көрінеді. Әбден буыны қатып, бұғанасы бекіген соң, 17 жасында қара танып, қалам ұстапты. 1931 жылы Қобда аймақ орталығында ашылған қазақша оқытатын мектепте білімін толықтырып, 1932 жылы Ұлан-батыр қаласындағы Әскери жоғары оқу орнына барған. 1934 жылы көктемде оқуын тәмәмдап, офицер шенін алған. Халық әскерінің 1-ші дивизиясы 2-ші полкінде взвод командирі қызметіне тағайындалған.

Күзде орталық өлкелерде етек алған ламалар көтерілісін тізгіндеуге қатысқан. Көрсеткен ерлік пен ептілігі үшін орден алған. Осы сапарында қалқа моңғолдың Должын дейтін ару қызын қатындыққа алған. Адам сияқты отау көтеріп, шаңырақ құрған. 1939 жылы қайтыс болғанға дейін тату-тәтті өмір сүрген. Бірақ заты басқа жеңгеміз қазақтан құрсақ көтермепті. Артында іліп алар тұяқ қалмады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Халқын-гол шайқасы басталған 1939 жылдың мамыр айында Ікей соғысқа өзі сұранып өтініш жазған. Жарықтықтың көне ұйғыр қарпімен жазған ирек хаты архивте әлі бар екен. «Ел басына күн туғанда, еңку-еңку жер шалған қазақтың баласы едім, жапырайған жапонның жағасынан бір алып көрейін» депті. Ікеңнің арман-арызын қабыл еткен басшылар оны 6-шы Тамсық дивизиясының 17-ші атты полкының 4-ші сумынына (рота) командир етіп тағайындайды. Бұл дивизия әне-міне соғысқа кіреміз деп, ентелеп дайын тұрған.

Қысқасы, мамыр айында атойлап ұрысқа кірген. Жаудың бетін қайтарған. Келесі шілде айында басталған екінші зор майданға тағы да қол бастап шыққан. Шілденің 3-і күні Баян-саған шайқасында асқан ерлік көрсеткен. Қолбасшылар оны «Қыран Бүркіт» деп мақтапты. («Біздің биік арыстар». Өлгей қаласы, 1980, 7-8 бет).

Әбден еті қызып, қаны қарайған Ікей батыр шілденің 24-і күні болған кезекті шабуылда ротасын бастап, самурайлардың шебін бұзып кіріп, тас-талқан етеді. Ақыры қасында бірге жүрген көмекшісі орыс Иванов және бірнеше жауынгер жолдастарымен бірге зеңбіректің дөп тиген оғынан қаза табады.

Ікей марқұм Моңғолияда қазақ атаулыдан тұңғыш армия қатарына шақырылған алғашқы азаматтардың бірі екен. Екінші бір есте боларлық дүние, Халқын-гол соғысына екі қазақ қатысыпты. Бірі осы - Ікей Мизамұлы, екіншісі - Жайсанып Мүдәрісұлы. Ікей «Моңғолдың Халық Батыры» болды. Жайсанып алғашқы генерал атанды.

Ікейдің суреті сақталмаған

Ікей Мизамұлының бірде-бір фотосуреті сақталмаған. Көпшілікке белгілі бейнесі өзі өлгеннен кейін қолдан сызылған. Бір қызығы, сызған адам Ікейді өмірі көрмеген. Бұл әңгімені өз басым 1983 жылы Халқын-гол шайқасына қатысқан ардагер, бертінде Халық жазушысы атағын алған қаламгер С.Тарба дейтін ақсақалдың аузынан естіген едім.

Ол заманда қазақтар суретке түсуден қатты қорқатын. Өйткені, о дүниеге барғанда Алла тағала «мына суретіңе жан кіргіз дейді» деп қорқатын. Ікей де осындай ата-баба дәстүрінен асып кете алмапты. Суретке түспейтін болған.

Содан күллі моңғолдың көсемі Д.Сүхе-батордың жесірі Янжыма дейтін әйел Ікейдің жесірі Должынды шақырып алып, «Мына суретшіге байың Ікейдің түр-келбеті қандай болғанын айт, суретін салсын!» деп бұйрық берген. Әйел айтып отырған, суретші салып шыққан. Сурет Ікей Мизамұлының нақ өзі болып шыға келген. Жоғарыдағы жазушы С.Тарбаның естелігінде: «Мен Ікейдің қолында жауынгерлік борышымды өтеген адаммын. Оны жеті қараңғы түнде көрсем танимын. Мына суреті өзінен айнымайды. Егер батыр тірі болып, суретін салар болса, дәл мұндай ұқсамауы да мүмкін еді», - дейді.

ҚҰТ ТАҒДЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕР

Монғолия қазақтарынан шыққан қайраткер Қашқынбай Мәлікұлы 1918 жылы туған адам. Байөлке аймақтық іс басқару орнында сақталған және қайраткер ағаның өз қолымен толтырған архив құжаттарындағы деректе Қашекең 16 жасында алғаш мектеп табалдырығын аттағаны жазылыпты. Үш сыныптық білім алғаннан кейін ел басқару ісіне араласқан. Оқытқан ұстазы - Бердіқожа Жолтаев дейтін Коминтерн өкілі ретінде Монғолия еліне 1930-шы жылдары барған Семейдің қазағы. Осы Б. Жолтаев Кеңес ұйымдарының тапсырмасымен 1940 жылдардан бастап 8 жылға жуық Қытай елінде тыңшылық қызмет атқарған екен. Артынан Монғолияға қайта оралған тұста Кеңес ұйымдары тарапынан Жолтаевты атып тастау жөнінде бұйрық келген.

Осы тұста Ұлы Құрылтай (Парламент) төрағасының орынбасар-хатшысы қызметін атқарып жүрген Қашекең ұстазын ату туралы үкім шыққанын естіп, оның ісін Құрылтай басқарма мүшелерінің талқысына ұсынып, Кеңес елінің елшісін көндіріп, ақтау жөніндегі шешімді шығартып алып, үкімді орындауға тиіс Қобда аймаққа тартады. Ұшақтан түсіп, тура түрмеге барса, ұстазын 5 минут бұрын атуға алып кетіпті. Бірақ атып үлгермеген. Бердіқожа Жолтаев ағамыз осылай бір ажалдан қалған.

Қашқынбай Мәлікұлының тағдырындағы аса елеулі оқиға - Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда Монғол елі атынан майданға көмек әкеліп, 4 ай соғыс шебінде солдаттармен бірге окопта жатып, Бас қолбасшы Сталиннің қабылдау қонақасына қатысып, көсемнің қолынан 747-ші нөмірлі «ТТ» пистолетін сыйлыққа алуы. Бұл қару қазір Байөлке аймағының орталық мұражай қорында сақтаулы тұр.

Қашекең бұл сапары жайында 1985 жылы Жеңістің 40 жылдық мерекесі қарсаңында «Өмір өрнектері» дейтін көлемді естелік жазып қалдырған екен. Осы естеліктен үзінді келтірсек: «... 1942 жылдың күзінде мені Ұлан-батырға шақырды. Қызыл Армияға көмек апаратын топтың құрамына енгізіпті. Делегацияны маршал Х. Чойбалсын бастап жүрді. «Төңкерісшіл Монғолия» атты танк колоннасын сыйға тару үшін 300 килә таза алтын, 100 мың америка доллары, 2,5 млн моңғол ақшасы, азық-түлік, киім-кешек бар - барлығы 237 вагон дүние-мүлікті тиеп алып, 1942 жылы қараша айында жолға шықтық. 1943 жылы 12 қаңтар күні Мәскеу маңындағы Нарофоминский дейтін шағын қалашықта Монғол жұртының қаражатына жасалған 53 танкіні полковник М.Т. Леонов басқарған 112-ші танк бригадасына тапсыру рәсімі өтті. Мен қабырғасында «Бай-өлке» деген үлкен жазуы бар танкіні экипаж командирі Резковқа тапсырдым. Ол мені танкке отырғызып, ары-бері алып жүрді. Бай-өлкеліктер жинап берген азық-түлік, киім-кешекті солдаттарға үлестіріп бердім. Жиын соңында бригада командирі: - Біз бұл танкілермен Берлиннің көшесін таптаймыз, - деді».

Осы рәсімнен кейін делегацияны И.Сталин қабылдаған. Қонақасы берген. Онда Қашекең де болған. Жоғарыдағы естелігінде Сталинді суреттеп жазыпты. «Менің қазақ екенімді біліп, аса ықыласпен құшақтап көрісті» дейді. Себебі, сол тұста соғыс Мәскеуден 150 шақырым жерде жүріп жатқан. Мәскеуді қазақтар һәм қазақстандықтар қорғап қалды. Тегі Бас қолбасшы қазақтардың қадірін түсінсе керек. Қашекеңді құшақтап, Сталин фотоға түскен. «Осы фотоны түсірген адам қайтар жолда немістердің әуе шабуылынан қаза тапты. Барлық құжаттар өртеніп кетті» деп жазыпты Қашекең. Қайраткер ағамыз майданға қазақтың ұлттық киімін киіп барған екен. Басында үкілі керей пұшпақ тымақ, үстінде ақ сеңсең қой терісінен тігілген ішік...

Жоғарыдағы 112-нші танк бригадасы туралы Монғол баспасөзінде көп жазылыпты. Моңғол елі сыйлаған 53 танктің он шақтысы 5375 шақырым жол жүріп Берлинге барған. Бір таңғаларлық жағдай: «Бай-өлке» атты танк те аман-есен Берлинге тұмсық тіреп тоқтаған. 16 Кеңес Одағының Батыры жаралыпты. Соғыстан кейін бригадаға Сүхе-батор есімі беріліпті.

Қашқынбай ағаның тағдырына Қытай көсемі Мао Цзе Дунмен де кездесіп, әңгімелесу сәті бұйырыпты. 1956 жылы Қытай компартиясының кезекті ҮІІІ съезі өтеді. Монғол елінің делегациясы құрамында Қашекең де барған екен.

Қоғам қайраткері Қашқынбай Мәлікұлы өз дәуірінде 3 дүркін Ұлы Құрылтайға депутат болып сайланған. Ұлы Құрылтай төрағасының хатшысы қызметін атқарған. Қашекеңнің замандасы Абай Рамазанұлының естелігінде: «Қашекең Монғолдың төрт ұлы патшасының мөрін ұстаған адам. Ұлы Құрылтайдың хатшысы қызметін атқарып тұрғанда Құрылтай аппаратында сақтаулы Шыңғысханның мөріне, 19 ғасырда Монғолды билеген Боғда ханның мөріне, 1924 жылдан 1950 жылдарға дейін барлық құжаттарды заңдастырған Кіші Құрылтай мөріне және өз дәуіріндегі Ұлы Құрылтай мөріне иелік жасап, әр дәуірдің тарихи құжаттарын кепілдендіріп отырған», - деп жазыпты.

40 жылдан астам Монғол елін басқарған мемлекет басшысы Ю. Цеденбал да Қашакеңді қатты құрметтейтін болған. Әркез кездесіп амандық-саулық сұрасып тұрған. Цеденбал өзінің бір естелігінде: «Мен Қашқынбай мен Оразбайды ерекше қадірлеймін. Ол екеуі үкімет бастауға лайық кемеңгер тұлғалар», - депті («Халқының адал перзенті» естеліктер жинағы. Ұлан-батыр, 2004, 79-бет).

Қашқынбай аға 1986 жылы дүниеден өтті. Артында естелік болып айтқан сөзі, атқарған еңбегі қалды. Марқұмның кіндігінен тараған ұрпақ-жұрағаты қазір Бай-өлкеде және Қарағанды облысының Осакаров ауданы мен Теміртау қаласында тұрып жатыр.

ТҰРАТЫДА ТУҒАН ТАРЛАНДАР

Орыс жұртының аса танымал азаматы, әскери ұшқыш А.И.Покрышкин: «Соғыс - адамдарды азайтып, батырларды көбейтеді» -деп жазыпты. Расында солай. Ұлы Отан соғысында қазақтар үлкен ерлік көрсетті. Көп батырлар туды. Бұрынғы КСРО-ның Бас хатшысы Л.Брежнев өзінің тың игеру туралы естелігінде: «...қазақтар қарапайым халық, сөйте тұра олар ержүрек, батыр жұрт екеніне Ұлы Отан соғысы кезінде толық көзім жетті»- деген еді ғой.

Біреу білсе, біреу білмес, Ұлы Отан соғысына қатысып батыр атағына ие болғандардың ішінде басқа жерде туып-өскен қазақтар да бар. Мысалы, Таулы Алтай Республикасының Усть-Кан ауданы, Черный Ануй ауылдық әкімшілігіне қарасты елді мекенде 300-ге тарта қазақтар тұрады. Итарқасы қиырда отырған бұл қандастардың тілі баяғыда дүбараланып кеткен. Бірақ өздерінің қазақ екенін жақсы біледі.

Тарихы да тым көмескі. Ескі дерек көздердің айтуына қарағанда, қазақтар осыдан 160 жылдай бұрын Черный Ануйдан үш шақырым жердегі Тұратыға келіп қоныстанған. Патшалық Ресей шенеуніктерінен жәбір көрген немесе итжеккенге айдалып, содан қашып шыққан қазақтар осында келіп паналапты. Оларға ит тұмсығы өтпейтін ну қарағайдың ішін мекендеп, патшаның әміріне бағынбайтын, көне дәстүрлі дінді ұстанушы кержақтың шонжарлары жер беріп, жылқы бақтырған. Қазақтар қымыз сатқандықтан, бұл жер саяхатшылар күнделігіне жазылып, Тұраты қымызымен әйгілі болыпты. Кержақтар қазақтарға шоқынып, өз діндерін қабылдаған жағдайда ғана жер бергенге ұқсайды. Орыстарға қарсы шығып, шоқынбай кеткен екі адам болыпты. Бірінің аты ­­­- Туғанбай, екіншісі - Елеуіс деген екен.

Ұлы Отан соғысы басталған жылдары Тұратыда 20-25 үй қазақ болған көрінеді. Осы бірнеше түтіннің ер азаматтары ел қатарлы соғысқа аттаныпты. Ғажап, аядай ауылдың төрт жігіті «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болған. Осылардың екеуі туралы нақты дерек бар. Бұлар ертеде бұғауға басын имей кеткен Туғанбай мен Елеусіздің ұрпақтары.

Черный Ануй аулының ортасында қос батырға қойылған ескерткіш бар. Ауылдың орта мектебі Қ.Туғанбаевтың атында болса, Ж.Елеуісовтің атында Тұраты ауылында көше бар екен. Ж.Елеуісовтің туған қарындасы мектепте тарихтан сабақ береді. Туған ауылының тарихын зерттеумен айналысып жүр. Новосібір, Томск қалаларының архивінен біршама мәлімет тапқан. Сондай-ақ, ауылда Қ.Туғанбаевтың қызы, әлде қарындасы тұрады.

Енді осы батыр қандастарымыз туралы не білеміз:

*****

Қадыран Туғанбаев ­­­- 1942 жылы 18 жасында соғысқа шақырылып, барлаушы болған. Совет армиясының 333-ші дивизиясы, 1116-ші атқыштар полкында жауынгерлік міндетін атқарады. 1943 жылы Совет армиясы Днепрге келіп тіреледі. Немістер өзеннің арғы жағалауына өте күшті қорғаныс шебін орнатып, Совет әскеріне қарсы соққы беруге көп уақыт дайындалады. Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең бір шешуші шайқастардың бірі осы. Әскерлердің арғы жағалауға аман-есен өтіп, шығуын қамтамасыз ету 333-ші дивизияға жүктеліпті.

Арғы жағалауда биікте орналасқан жау пулеметі біздің әскерлерге оқ бүркіп, аттап бастырмай қинайды. Жаудың пулеметіне қарсы шапқан қазақ Қадыран граната тастап, тажалдың үнін өшіреді. Бірақ өзі де ауыр жараланады. 1944 жылы 19 наурызда Қадыран Туғанбаевқа Совет Одағының Батыры атағы беріледі. Есіл ер оны көре алмапты. Жарлық шығардан үш ай бұрын қайтпас сапарға аттаныпты.

*****

Жәнібек Елеуісов ­­1925 жылы туған. 1942 жылы 17 жасында майданға сұранады. Бірақ оның өтінішін 1943 жылы қабыл етіп, 6 айлық мергендер курсына жібереді. Сол жылы ол Воронеж майданының 6-ншы гвардиялық дивизиясының 25-інші гвардиялық пулемет полкына командир болып барады. 1943 жылы Днепр өзенінен өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады.

Ол ата-анасына жазған хатында былай деген екен: «Мен үшін қайғырмаңыздар, қайта қуаныңыздар, өйткені, мен өз отаным алдыңдағы борышымды өтеуге бара жатырмын. Мен жаудан қорықпаймын. Отанымды соңғы күшім қалғанша қорғаймын... «

Ж.Елеуісов пулемет полкына командир болып тағайындалады. Майданның алғашқы күні оның полкі жаудың 40 жаяу әскерін өлтіріп, 95 немісті тұтқындайды. Сол ұрыста Жәнібектің өзі 4 жау әскерін өлтіреді. Тағы бір ұрыста ол жаудың 5 әскерін жойып жіберген. Өзінің аяғына оқ тиіп, жарақат алады. Сонда да майдан шебін тастап кетпейді. Полктың Днепр, Припяти өзендерінен аман-есен өтуіне елеулі үлес қосады.

6-ншы гвардиялық дивизияның командирі, генерал-майор Г.Ивановтың естеліктерінде: «...Бір соғыс есімде: ұрыс кезінде Жәнібектің полкінен бір адам қалмай қырылып қалыпты. Жалғыз қалған Жәнібек бір пулеметтен екіншісіне жүгіріп жүріп атысып, жау әскерін тұсап тұрды. Немістер ол жерде біреу емес, бірнеше адам бар деп ұққан екен. Міне, осы батыр қазақ баласы Жәнібек болатын»

Кеңес Одағының Батыры Жәнібек Елеуісов 1946 жылы майданнан аман оралды. Тұратыдағы орта мектепте директор болды. Алтай өлкелік Кеңесіне депутат болып сайланды. Қазақстанға 1954 жылы көшіп келіп, өмір сүрді. Балалары қазір әртүрлі әскери салада ойдағыдай қызмет етіп жүр.

КАШМИРДЕГІ КӨШПЕНДІЛЕР

АҚШ-та жарық көретін «Нэйшнл джиографик мэгэзин» журналының 1954 жылғы 61-ші санында «Қазақтар азаттыққа қалай аттанды» дейтін мақала жарияланған. Оның авторы - Милтон Дж. Кларк деген америкалық азамат. Осы мақаламен бірге қазақтар өмірінен түсірілген түрлі-түсті суреттер де берілген. Бажайлап қарасаңыз, суреттерден нағыз қазақы тұрмысты, этнографиялық өмір салтын аңғарасыз. Суреттер Пәкстанның Сринагар қаласынан 90 шақырым жерде биік таудың аңғарында түсірілген. Сонда бұл қазақтар кімдер?

Бұлар - атам заманнан қиыр қонып, шет жайлап жүретін Алтайдың Абақ керейлері. Алғаш 1930-шы жылдары Өр Алтайдан үркіп, қазіргі Шинжан өлкесінің оңтүстік-шығысына барады. Онда тұрақтап байыз таппай ақыры 1940 жылы Үндістан асып кетеді. Марқұм Халифа Алтай осы көштің бел ортасында жүрген. Сол кісі айтатын: «Алғаш Алтайдан көшкенде 36 мың адам едік, 1941 жылы Үндістанға осыдан 3039 тірі жеттік. Арада бір жыл өткенде жерсінбей 2000-ға тарта адам өліп кетті. 1942 жылы 1150 адам тірі қалдық. Содан 1946 жылға дейін бірде-бір әйел баласы құрсақ көтермеді. Тура жетінші жылы дегенде алғашқы бала туды».

Жоғарыдағы Сринагар қаласы - Кашмир өлкесінің орталығы. Сол кезде Кашмир өлкесі Үндістан мен Пәкстан арасындағы даулы өңір болатын. Халқының көбі мұсылман дінін ұстанатын болғандықтан алғаш Үндістанға өткен қазақтар осы өңірге ойысып келген. Оның бер жағында Кашмирдің билеушісі Шейх Мұхамед Абдулла қазақтарды жерінен ауған «мұхажир» санап көп көмек көрсеткен.

Қазақтар осында 12 жыл тұрып, 1954 жылы Түркияға қоныс аударған. Осы қазақтарға 1951 жылы жоғарыдағы америкалық журналшы келіп, бір жыл бірге тұрады. Қазақтың тілін үйренеді. Кино түсіреді. Марқұм Халифа атамыз: «Е, ол біздің Кларк емес пе!» деп сүйсініп айтып отырғанын талай естіген едік.

Осы қазақтар дүниенің жартысын айналып, соның ішінде даланың қоңыр аңы да өте алмайтын атақты Такламақан шөлін басып, Гималайдан асып түскен. Жан баласының табаны тимейтін Тибеттің Дуньхуан өлкесіндегі Цзяньфодун жартасын көктей өтіп, ұзындығы 1 миль үңгірдегі будданың мүсіндері мен фрескалық өрнектерін көрген. Артынан өкшелеп қуған жаудың әскерлерімен аянбай соғысып, 90 пайызы жолда қырылған бейбақтар деп айта аламыз ба?. Шындығында солай. Көп жылғы өмір мен өлім арпалысы қазақтардың сағын сындыра алмаған.

Америкалық журналшының мақаласын ұлтшыл азамат Сәбетқазы Ақатай марқұм өткен ғасырдың 90-шы жылдары қазақ тіліне аударып, жарияламаққа ниет еткен көрінеді. Содан шағын үзінді ұсынған жөн болар: «...мен Кашмир жазығындағы Сринагарда ата-бабалары 2 мың жыл Орталық Азияда көшіп жүрген ерекше халықтың өкілі ­- қазақтардың арасында бір жыл болдым. Қасіретті жорықтың қатаң сынын артқа тастаған қазақтар енді ес жия бастаған секілді. Олардың дәулескер ауыз әдебиетін тыңдаған алғашқы америкалық мен болармын. Бұл көшпенділер жаз шыға шаңы мен қапырығы ығыр қылған орынды тастап, жайлауға шықты. Кашмир арғымақтарын ертеп мінген олар (мені де ертіп алды) тауға шығып кетті. Бие байлап, рахат өмірді бастап кетті...».

Милтон Дж. Кларк қазақтардың өмір тарихын зерттеумен ғана айналыспаған көрінеді. 1954 жылы бұлардың Түркияға көшуіне мұрындық болған. Тіпті 1953 жылы АҚШ-тың президенттігінен үміткер Адлай Е. Стивенсонды Сринагарға ертіп келіп, қазақтардың өмірімен таныстырған. Хасан Өралтай ағамыздың айтуынша, Милтон Дж. Кларк - АҚШ-тағы ЦРУ-дың қызметкері. Ол қазақтарды шынында коммунистік режимнің тепкісінен қашты ма, жоқ па дегенді анықтау үшін жіберілген адам дейді.

Қалай десек те, оның суреттері бүгінгі қазақ диаспорасының тарихи құжаты ретінде қымбат. Жоғарыдағы діттеген жеріне жете алмай қаза тапқан немесе қаңғырып басқаларға қолды болып кеткен бейбақтардың сарқытындай тарихтан бізге жеткен тәбәрік.

Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыдағы қазақтардың аласапыран өмірі жайлы: «Туған жерінен тыс бүкіл жер шарына шашырап өмір сүріп жатқан бес миллионға жуық қандастарымыздың қандай қайғылы да, қорлықты жолдан өткенін бүгінгі көзі тірілердің ешқайсысы да өз деңгейінде барша қасірет-қайғысымен бейнелеп бере алмайды. Өйткені, кейде құжат жетіспейді, кейде босқындардың тұтас көш-керуенінің іздері белгі-бедерсіз тау шатқалдарына сіңіп, жоқ боп кетеді немесе мүрделері қазақ даласынан шалғайда атаусыз қалған» депті. (Тарих толқынында. - Алматы: «Атамұра» баспасы, 1999, 140-бет).

Шындығында, қазақ тарихындағы аса бір елеулі оқиға - түйелі көшпен «Гималай асқан» көшпенділер туралы соңғы жылдары бірнеше шығарма жарық көрді. Х.Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Д.Жаналтайдың «Қилы заман - қиын күндер», Хасен Өралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» кітаптарында егжейлі-тегжейлі баяндалған.

МҰҚАНОВТЫҢМОҢҒОЛИЯҒА САПАРЫ

Қазақ әдебиеті алыптарының бірі - академик-жазушы Сәбит Мұқанов 1966 жылдың жазында ресми сапармен Монғолия қазақтары қоныстанған Бай-өлке аймағына барған.

Бұл кездесу ондағы қазақтар үшін көктен Ғайса түскендей әсер қалдырған көрінеді. Сәбеңді көріп, қолын алған, қасына отырып әңгімесін тыңдаған адамдар әлі күні: «Баяғыда Мұқанов келген жылы...», - деп, ұзын сонар хикаясын бастайды-ау. Расында, осы жылдары бай-өлкелік қазақтар арасына Сәбеңнің «Ботакөз» романы кең тарап, сауаты бар қазақ баласы оқып шыққан, сауаты жоқтар оқытып тыңдаған, «Сұлушаш» поэмасын екінің бірі жатқа айтатын, нағыз бір рухани таза, жұтынып тұрған заман еді.

Сөйтіп, Сәбең келеді. Ат басын Бай-өлкеге емес, таза дөрбет тұқымы тұратын Ұбыс деген аймаққа бұрады. Себебі бұл аймақ КСРО-ның Тува Республикасымен шекаралас. Екі тарап арасында шекара мәселесі туындайды. Осыны реттеу үшін КСРО арнайы делегация жасақтайды. Өкілдікті сол тұстағы Бурят АКСР-нің Жоғары Кеңес төрағасы Хохолов деген бастап келеді. Сәбең жай ғана мүшесі болса керек.

Ұбыс аймағы басшыларының бірі - қазақ азаматы, И. Сталин көсемнің қолынан дәм татып, сыйлыққа тапанша алған, қытай көсемі Мао Цзе Дунмен бірге түстеніп, суретке түскен қоғам қайраткері Қашқынбай Мәлікұлы деген ағамыз еді. Сәбеңді осы Қашқынбай алдымен қабылдаған. Одан кейін дүниені дүркіретіп, Сәбең Бай-өлкеге келеді. Бүтін халық аяғынан тік тұрып далада қарсы алады. Осы топтың арасында Монғолиядағы қазақ әдебиетінің негізін қалаған, тұқым жағынан Шәкәрім Құдайбердіұлына жиен болып келетін, атақты «Бүркіт» поэмасы моңғол тіліне аударылып, орта мектептің әдебиет оқулықтарына енгізілген, шалғы мұрты көкке шаншылып сөйлейтін, атақты суырып салма ақын Ақтан Бабиұлы да болған екен.

Сәбең мойнын созып, қалың жұрттың ортасында тұрған Ақтанға қарап айғай салыпты: «Ей, сен Ақтан емессің бе?». Ана кісі: «Иә, Ақтанмын, қалай таныдың?», - дейді. Сәбең: «Андағы мұртыңнан таныдым», - деп күліпті. Ақтан да тыныш тұрмай: «Сен Сәбит емессің бе?» - дейді әдейі, танып тұрса да. Сәбең де: «Ой, мені қайдан білесің?», - деп қалбалақтап қалады. Сонда Ақтан ақын: «Ұртыңнан таныдым!», - депті.

Осылай Сәбең бай-өлкелік бауырлары арасында арқа-жарқа екі-үш күн қоныпты. Кеңес елінен келген өкілдерге арнап әкімшілік қонақ үйінен арнайы люкс бөлме әзірленіп, оған Хохолов пен Сәбеңді жатқызады. Сәбеңнің ресми сапар екендігі есінен шығып кеткен. Ақтан мен Социалистік Еңбек Ері, шопан, шежіре қарт Серікбайды жанынан тастамай, күнді түнге жалғап әңгіме соғады. Тіпті тамаққа да қарамапты жарықтықтар. Содан кешке қоналқыға жатарда бастықтар келіп, Сәбеңді бөлмесіне апарып орналастырады. Арада он минут өтпей, Сәбең қашып шығыпты. «Әй, қарақтарым!», - депті сонда жалыныңқы дауыспен: - Мен әтір сасыған орыстың қасында күнде ұйқтап жүрмін ғой, бүгін ана теке сасыған екі шалдың қасына жатайыншы». Содан, қонақжай жұрт шыт жаңа бөлме әзірлеп, үш шалға темір төсек қойып беріпті.

Ертеңіне Сәбеңді ауыл ақсақалдарымен бірге аймақ әкімшілігі «Ике бұлан» деген аралға апарып, далада мал сойып, ас береді. Жазушының астына ат мінгізіп алып жүреді. Осында қонаққа келген барлық адамға бір-бір төстік қақтатамыз деп, 70-80 қой сойыпты. Мұны көрген Сәбең басын шайқады дейді. «Тым ысырапқа бармаңдар, әсіре ақкөңіл екенсіңдер» деген де қойған.

Сол тұста аймақ орталығында 10 жылдық қазақ орта мектебі бар-тын. Оның оқу ісінің меңгерушісі - Алматыдан филфакты енді бітіріп барған Қабидаш Қалиасқарұлы дейтін жас азамат. Әйелі Бекбосынова Роза Аманқызы - Талдықорғанның тумасы. Оның жаңадан Бай-өлкеге келін болып түскен кезі. Осы кісілер Сәбеңе арнап кабинет жасайды. Маңдайшасына «Советтік сөзге қаламы// Көрмеген әсте мұқалып,// Мұны жазған кәдімгі Сәбит Мұқанов» деп іліп тастайды. Барлық кітаптарын тізіп, көрме ұйымдастырады. Сәбең қатты риза болып, көзіне жас алыпты. Тебіреніп тұрып: «Мені өз отандастарыма қарағанда, сіздер жақсы біледі екенсіздер», - деп рахмет айтыпты.

Сапар аяқталған соң Ұлан-батырға ұшаққа отырып аттанады. Жолай мемлекет басшысы Ю.Цеденбалға кіріп, Бай-өлке қазақтарына қатысты ұстанып отырған партияның көзқарасына үлкен алғысын жеткізеді. Қазақстанға оралған соң осы сапары жайында «Социалистік Қазақстан» газетіне шағын мақала жазады.

Осылай Бай-өлкеде Сәбеңнің басқан ізі аңыз болып қалды.

БЕРЛИНГЕ БАРҒАН «БАЙ-ӨЛКЕ» ТАНКІСІ

Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылдың 22 маусымы күні Моңғол елі де төбесінен жай түскендей қатты абыржыпты. Өйткені шығыс жағында жапондар өңмеңдеп, шекараға дейін тіреліп, келіп алған. Онымен қоймай, құныққан милитаристер аузы алты қарыс Қытайдың шығыс өңірін басып алып, Манж-го атты қуыршақ мемлекет орнатып қойғанын қайтерсіз. Қытайдың басқа өлкелері қалтырап-дірілдеп әзер отырды.

1939 жылы жұлқына берген жапондарды Халкин-гол өзені маңында Кеңес әскері бір тықсырып тастаған-тын. Бірақ қауіп әлі сейілген жоқ. Енді міне, арқа сүйеп, өздерін адам қатарына қосар деп үміт артып отырған жалғыз «ағасы» - Кеңес еліне сұм фашистердің баса-көктеп кіріп кетуі, әрине, жақсы емес. Басқалар сияқты шоқпарын алып, тұра ұмтылатындай қауқар қайда.

Сонымен елдің басшылары ақылдаса келіп, соғыс басталған күннің ертеңінде Мемлекеттік Кіші Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақырыпты. Құрылтай мүшелері ары-бері ақылдасып, Кеңес жауынгерлеріне қаржылай һәм мүліктік көмек көрсету керек деп шешкен. Осылай халық арасында «Екінші дүниежүзілік соғысқа көмек» акциясы ұйымдастырылып, малшы араттар қолындағы жылқысын, сандығындағы алтын-күмісін, қойдың иленген терісінен жасалған жылы тондарын, ет-май, құрт-ірімшік, сүт өнімдерін жинайды.

Алғашқы көмекті 1941 жылдың қараша айында жолдайды. Бұл жолы 15 мың тері тон, 3 мың бума азық-түлік, барлығы 1,8 млн сомның дүниесін жөнелтеді.

Келесі кезекте жиналған 100 келі алтын, 100 мың америка доллары, 2,5 млн моңғол ақшасын 1942 жылдың басында «Внешторгбанк»-тің есеп-шотына аударады. Бұл қаржы қолма-қол танк шығаратын зауыттарға жіберіліп, 53 танк жасалады. Оның 32-сі - «Т-34» маркалы жаңа танктер. Нәтижесінде «Революциялық Моңғолия» атты танк колоннасы пайда болады.

Тек осы 1942 жылдың өзінде майданға көмек ретінде 236 вагон жүк жөнелтілген. Атап айтқанда, азық-түлік заттары - 600 тонна, тері тон - 30 мың дана, 27 мың киік (ақ бөкен) еті, т.б. Бұлардан басқа 485 мың жылқы айдалған.

1943 жылы тағы да қарапайым араттар (халықтар) тапқан-таянғанын жинап-теріп, 2 млн сомға «Моңғол арат» атты ұшақтар эскадрильясын жасақтайды. Ұшақтарды Смоленск облысындағы «Вязовая» стансасында орналасқан 322-ші жойғыштар дивизиясының 2-ші гвардиялық полкына табыс етеді. Осы моңғол ақшасынан жасалған ұшақтарға отырған кеңестік ұшқыштар арасынан - Н.Пушкин, А.И.Майоров, М.Е.Рябцев секілді Кеңес Одағының Батырлары шыққан екен.

Осының бәрін жиып-теріп, өзіміздің «домалақ» есеппен шамалағанда, майданға моңғол араттары 65 млн сомның дүниесін жіберіпті.

Мұндай үлкен халықтық науқаннан Бай-өлкенің қазақтары қалай тыс қалсын?! Олар да ел қатарлы азық-түлік өнімдерін жинап тапсырған. Аймақтық архив қорында сақталған мәліметтерге қарағанда, 1941-1942 жылдары аймақ халқы 702 899 сомның дүниесін жинап, 4791 күлігін майданға жіберген. 1943 жылы 376 370 сомды ақшалай табыстап, оған қосып 2629 жылқы берген. 1944 жылы 103 768 сом жинап, тағы да 791 ат дайындаған. 1945 жылдың басында 1071 ат берген екен (Аймақтық архив қоры, ф-4, хд-3).

Осы жиналған дүниелерді майданға жеткізіп беріп, елдің аманатын табыстау үшін сол кездегі аймақ басшыларының бірі - Қашқынбай Мәлікұлы 1942 жылы қысқа салым жолға шығады. Аяңдап астанаға барады. Сол жерде мемлекет басшысы Х.Чойбалсын басқарған делегаттармен бірге Мәскеуге қарай беттейді.

Қашекең осы сапары жайында 1985 жылы Жеңістің 40 жылдық мерекесі қарсаңында «Өмір өрнектері» дейтін көлемді естелік жазып қалдырыпты. Осы естеліктен үзінді келтірсек: «...1942 жылдың күзінде мені Ұлан-батырға шақырды. Қызыл Армияға көмек апаратын топтың құрамына енгізіпті. Делегацияны маршал Х. Чойбалсын бастап жүрді. «Төңкерісшіл Монғолия» атты танк колоннасына сыйға тарту үшін 1942 жылы қараша айында жолға шықтық. 1943 жылы 12 қаңтар күні Мәскеу маңындағы Наро-Фоминский дейтін шағын қалашықта Монғол жұртының қаражатына жасалған 53 танкті полковник М.Т.Леонов басқарған 112-ші Қызыл тулы танк бригадасына тапсыру рәсімі өтті. Мен қабырғасына «Баян-Улгей» деген үлкен жазуы бар танкті экипаж командирі Резковқа тапсырдым. Ол мені танкке отырғызып, ары-бері алып жүрді. Бай-өлкеліктер жинап берген азық-түлік, киім-кешекті солдаттарға үлестіріп бердім. Жиын соңында бригада командирі: - Біз бұл танкілермен Берлиннің көшесін таптаймыз, - деді».

Жоғарыдағы 112-ші танк бригадасы туралы Монғол баспасөзінде көп жазылыпты. Монғол елі сыйлаған 53 танктің он шақтысы 5375 шақырым жол жүріп, Берлинге барған. Бір таңғаларлық жағдай, «Баян-Улгей» атты танк те аман-есен Берлинге тұмсық тіреп тоқтапты. Осы танк бригадасынан соғыс жылдары 16 Кеңес Одағының Батыры шығыпты.

Соғыстан кейін бригадаға Сүхе-батор есімі беріліпті.

ДЕНЕСІ ТИБЕТТЕ, БАСЫ АЛТАЙДА ЖЕРЛЕНГЕН БАТЫР

Шинжандық танымал жазушы Шәміс Құмарұлы «Бөке батыр» атты тарихи роман жазып, 1987 жылы Қытай елінде жариялады. Осы шығарма 1993 жылы «Жұлдыз» журналының 1-2 сандарында жарық көрді. Бөке батыр Жырғалаңұлы 1846 жылы туған. Бір әкеден - екеу. Артынан ерген інісі - Шөке батыр.

Алтай асып барған қазақтарға қоныс кеңейту қажет болды. Сан жылдардан бері ірге теуіп, қазығын терең сіңірген қалмақ-торғауыттар жер бере қоймайды. Бөке бір топ жолдасымен Шіңгілдің Аққарын, Қарағаш өңірінен бірнеше ошақ қазып, оған қара талдың өртенген ескі көмірін көміп кетеді. Арада бір талай уақыт өткенде барып, жергілікті қалмақ төрелерінен мына жер біздікі деп даулайды. Содан Шыңғыс ханнан бері келе жатқан көшпенділердің қоныс иелену заңында айтылған «Иесіз жерге кім бұрын келіп күлін төксе, жер иесі сол болады. Байырғы мекенге иелік ету үшін қазған ошағы, мөрленген жұрты болуы керек» делінген қағидатқа сүйеніп, шатақ шығарады. Екі жақ адам шығарып тексеріп көрсе, шынында Шіңгілдің қара талының күйген көмірі шығады.

Осылай қазақ пен қалмақ арасында жерге талас, жайылымға егес үнемі болып тұрады. Әсіресе, ежелгі Жібек жолы бойындағы байланыс бекеттерін күш-көлікпен қанымдаудан бас тартқаны үшін жергілікті билік Бөке батырға қырын қарай бастайды. Осындай әртүрлі себептерге байланысты Бөке елін бастап, шығысқа қарай - Боғда тауына көшіп барады. Бұл өлке - бұған дейін қазақ баласының табаны тимеген жер. Боғда өңірінің орталығы Шонжы қаласында төрт ұлттың (ханзу, ұйғыр, монғол, қазақ) өкілдігі ашылады. әр ұлттан шаңия (өкіл) тағайындалады. Қазақ атынан Бөке батыр сайланады.

Осылай өзі дара билік жүргізді. Халқына жайлы өмір жасады. Сондықтан да болар, Алтай, Тарбағатай өңірінің қазақтары Бөкенің еліне көшіп келе бастады. Жергілікті қытай шенеуніктері қазақтардың күшейіп кетуінен қорқып, Үрімжідегі үкіметке «Бөке жеке дара хандық құруды қолға алып жатыр» деп арыз түсіреді. Бөке батырды тұтқынға алады. Елін Алтай, Тарбағатайға қайта көшіру үшін әскер аттандырады. Ел көшуден бас тартып, әскерлермен қақтығысады. Батырдың інісі Шөке Үрімжі ұлығына үлкен сый беріп, ағасын босаттырып алады. Түрмеден шыққан Бөке елдің астанасы Пекинге барам деп аттанып кетеді. Бірақ Пекинге бармайды, жайлы қоныс іздеп жер шалып кеткен екен, жыл өткен соң келіп, елін бастап шығысқа қарай көшеді. Сол кеткеннен мол кетіп, Тибет асып, Үндістанның шекарасына ат тұмсығын тіреп тоқтайды. Бұл - 1900 жылдар шамасындағы жағдай.

Бөкенің елін қайтарып келу үшін Үрімжіден толық қаруланған 500 атты әскер шығады. Ақыры Бөке батыр қарсылық көрсетіп, қырғын соғыс өрті тұтанады. Қытайдың 500 шерігінің 300-ін жер жастандырады. Қазақтардан батырдың жалғыз інісі Шөке және жиырмадай адам шығын болады. Қытай үкіметі Бөкенің басы үшін мол сыйлық тағайындайды.

Бөке батырды 1904 жылдың жазында Тибет төрелері ел астанасы Лхаса қаласына шақырады. Тибет төрелері құрметті қонақасы береді. Содан еліне оралған Бөке келе ауырып, қаза табады. Халқы батырды інісі Шөкенің қасына жерлейді. Бұл жер қазір «Есекбатқан» деп аталады. Тибет автономиялы ауданы, Алтынтоқ қорық мекенінің жері.

Бөке батыр қаза болғаннан кейін 12 тәулік өткенде Үрімжіден қисапсыз әскер келіп, елді қайта айдайды. Бөке батырды көрден суырып алып, басын кесіп әкетеді. Өйткені бұл басты әкелген адамның алдында зор қошемет күтіп тұрған еді. Батырдың басын Үрімжі көшесіне іліп қояды. Соңында баласы Рабай әкесінің басын сұрап алып, байырғы мекені - Алтай нулы өлкесі, Шіңгілдің бойы, Аралтөбе ауылына қарасты Обаты қыстағына әкеліп жерлейді.

Осылай Бөке батырдың денесі Тибетте, басы Алтайда жерленген. Дене мен бастың арасы мыңдаған шақырым алшақ жатыр. «Беу, дүние-ай!» деген. Осы Бөкенің елінен бөлініп қалған азғана ел Тибетте әлі күні бар көрінеді. Бірақ бүтіндей өзгеріп кеткен. Тек өздерінің қазақ екендіктерін ғана біледі.

Жоғарыдағы Бөке батырдың баласы Рабай әкесінің басын Алтайға жерлеген соң, ауылын бастап, Монғолияға ауып кетеді. Ал Шөке батырдың ұрпағы Иманбала Шіңгіл бойында қалып қойып, артынан Бөркөл жаққа қоныс аударған екен. Осы Рабайдың баласы Айыпханнан тараған ұрпақ немесе Бөке батырдың шөбересі Саған ақсақал 1995 жылы Астанаға көшіп келді. Балалары әр салада абыройлы қызмет атқарып жүр. Кенже баласы Жәнібек - үлкен кәсіпорының жетекші мамандарының бірі болса, ортаншы ұлы Асылбек - орта мектепте мұғалім. Қытайда қалған Шөке батырдың жалғыз ұлы Иманбаладан туған Жапанхан ақсақал да 2006 жылы Астанаға көшіп келді.

КҮМІС ЖАМБЫ

1979 жылы 114 жасында Заят Мәлікұлы деген қария Монғол елінің Қобда аймағында дүниеден өтті. Марқұмның туған жері - Шыңжан өлкесі. Бұрынғы ­­- Шығыс Түркістан. Өмір тарихына үңілсек, Заят ақсақал 1930-1940 жылдары Шығыс Түркістан өлкесінде өрістеген аласапыран тұсында Монғолияға өтіп кеткен. Ол жақта анасы, әйелі және екі қызы қалып қойыпты. Олардың ұрпағы әлі сонда тұрып жатыр.

Заят ақсақал бес тіл білетін сұңғыла, шариғат жолын ұстанған, оқығаны мен тоқығаны көп кісі еді. Ана тілін айтпағанда, орысша, қытайша, монғолша, ұйғырша емін-еркін сөйлейтін.

Монғолияға келген алғашқы жылдары Ақкөл деген елді мекенде орыстардың жүн жуатын орнында жұмыс істеп, аудармашы қызметін қоса атқарған. 1934 жылы Тақай Тәпбайқызымен жаңадан шаңырақ көтереді. Осы зайыбынан туған ұл-қыздары қазір түгелдей Қазақстанға көшіп келді.

1965 жылы ақсақалдың 100 жасқа толу құрметіне Мемлекет басшысы Ю.Цеденбал арнайы құттықтау жолдап, республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, генерал Г.Жамяанды жіберіп, сый-сияпат көрсетеді. Осы кездесу барысында орталықтан келген бастықтар: «Ақсақал, зейнетақыға қанша төгрег (теңге) аласыз?» - деп сұрапты. Сөйтсе, Заят қария 100 жасқа дейін ешбір зейнетақы алып көрмепті. Ақсақалды «қоғамға еңбек істемеген адам екен» деп ойлап қалмаңыз. Өмірінде бір күні еңбексіз өтпеген. Былайша айтқанда, бұл адам үкімет тағайындаған зейнетақыдан бас тартқан. Сол үшін отқа да, сотқа да сүйреген. «Үкіметтің жәрдемінен бас тарттың, халық жауысың» дегенге дейін барған. Сонда азар да безер болған қарияның айтатын уәжі: «Мен харам ақша алмаймын, өлгенде отқа күйемін, тіріде дұғам қабыл болмайды». Содан кейін үкімет адамдары жалынып: «Бұл - харам дүние емес, жасыңызда істеген еңбегіңіздің ақысы», - десе, ақсақалдың одан ары шыр-пыры шығады екен: «Ойбай-ау, ол кезде істеген еңбегім үшін айлық алдым емес пе!». Ақыры үкімет те, Ю.Цеденбал жарықтық та айтып ұқтыра алмаған.

Бұл ғаламда біз білмейтін құпия көп. Заят қария орталықтан сыйлық алып келген Жамяан генералға: «Қарағым, сен де менің жасыма кел», - деп батасын беріпті. Ақсақалдың ақ адал батасын генерал да шын ниетімен қабылдапты. Құдайдың құдіреті, 2006 жылы осы генерал 100 жасқа толған екен.

Заят қарияны біз де көрдік. Тура 100-ден асқан шағында қолына таяғын ұстап, күміс сақалы желбіреп, үш шақырым жерден жаяулатып, немерелеріне бес ешкісінің сүтін әкеле жататын.

Тағдырдың ісінде шек бола ма? Бертінде естідік, осы кісінің анасы 1989 жылы 143 жасында Шыңжанның Турфан өлкесінде дүниеден өтіпті. Марқұм шешесі өмір бойы «бір күні келер» деп ұлын күтіпті. Кешке ұйықтар алдында үй ішіндегі пештің көмейін отынға толтырып, үстіне су толы шәугім асып қояды екен. «Ұлым шөлдеп келетін шығар, дайын тұрсын», - дейтін көрінеді. Ол - ол ма, өмір бойы жас баланың жұдырығындай күміс жамбыны жіп тағып, мойнына асып жүріпті. «Егер де біреу-міреу «Ұлың келді, сүйінші!» десе, ұялып қалмайын», - деп жанын жалдаған түрі екен. Қайран ана дүниеден өтерінде «күміс жамбыны өзімен бірге қоса жерлеуді» өтініпті. Мүмкін, о дүниеге барғанда ұлыма ұшырасармын деген үміті шығар...

ТЕМІРТАУ КӨТЕРІЛІСІНІҢ КУӘГЕРІ

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, Ұлттық қауіпсіздік саласының бұрынғы қызметкері, көпті көрген көнекөз қария Кәри Әбитов ақсақал Астанада тұрады. Кәрекең - кәмпеске оқиғасын, одан кейінгі аштық жылдарын көзімен көрген адам. Одан кейін Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, бертінгі кеңес билігі кезінде Ұлттық қауіпсіздік мекемесінде қызмет атқарған. Әсіресе, өткен ғасырдың 50-інші жылдарының соңында Кеңес одағын дүр сілкіндірген «Теміртау көтерілісі» тұсында Кәри аға арнайы тапсырма орындап, қылмыскерлерді құрықтауға қол ұшын тигізген еді. Осы оқиға жайлы көтеріліс куәгерімен өрбіткен әңгімені ұсынып отырмыз.

- 1959 жылы шілде айының 31-і күні түнгі сағат 3.00-де біреу есік қақты. Дереу есік ашып дедім, аты есімде жоқ, комитетте істейтін қазақ жігіті: «Мен кезекшімін. Облыстық қауіпсіздік комитетіне тез келіңіз. Әскери форманың қажеті жоқ. Тек қаруыңызды тастамаңыз деді». Ол кезде қаланың Энгельс көшесіндегі екі бөлмелі ағаш үйде тұратынбыз. Қазір бұл арада «Буратино» атты дүкен тұр. Тез киініп, кеңсеге келдім. Мекемеміз - қазіргі орыс драма театрының қарсысында тұрған әшекейлі сары үй.

Келсем, менің алдымда біздің жігіттердің бес-алтауы жиналып қалыпты. Олар: Алтай Нұрқанов, Иван Степанович Клименко, Василий Софанович Азарав, Владимир Сергеевич Ким. Бұл жерде бәріміз де аң-таң болып тұрдық. Вахтерге де еш нәрсе белгісіз екен. Сөйткенше болған жоқ, екінші қабаттан облыстық Қауіпсіздік комитеті басқармасының орынбасары полковник Моисеев шығып, қатты дауыспен бұйрық берді:

- Тез бухгалтериядан ақша алып, ауланың ішінде тұрған машинаға мініңдер! - деді, Барлығымыз 250 сомнан ақша алып, машинаға отырдық. Бізді жылдам әуежайға алып келді. Ол әуежайдың орнында қазір Президент ордасы тұр. Бір сағат өтпей, ұшағымыз Қарағандыәуежайына таңғы сағат 5.00-де келіп қонды. Карлагтан тұтқындар қашып, соған көмекке алып келген шығар деп ойладық. Ұшақ салонынан түсіп келе жатқанымызда, бізді қарағандылық екі әріптесіміз қарсы алды. Олар «Теміртауда көтеріліс болып жатыр» деп хабарлап, бізді Қарағанды облыстық Қауіпсіздік комитетінің кеңсесіне алып келді. Осы жерде сағат 7.00-ге дейін Алматыдан келетіндерді күттік.

Алматыдан Қазақстан шекара әскерінің командирі, генерал-лейтенант Босый бастаған шекара училищесінің, комитеттің жігіттері, әскерилер, басқа да азаматтық қызметтегілер келді. 10-15 автобуспен қырық шақырым жердегі Теміртауға аттандық. Көшесіне жақындай бергенде, автомат, қол пулеметтермен қаруланған әр жерде 5-6-дан топтанып жүрген әскери адамдарды көрдік. Төтенше жағдай орнапты.

Бір күннің ішінде Ташкент, Мәскеу, Барнаул, Свердловск, Новосибирск, тағы басқа әскери округтардан Қарағанды әуежайына 70-тен астам ұшақ келіп қонды. Жоғарғы Кеңес президиумының басшысы Л.И. Брежнев, Мәскеуден Қауіпсіздік комитетінің орынбасарлары - генерал-лейтенант Гумилов, генерал-майор Чистяков және тексеру бөлімдерінен де көп кісі келіпті.

Қазіргімен салыстырғанда, келіп қонған 70 ұшақ көп болып көрінуі мүмкін. Ол кезде қазіргідей көп орынды ұшақтар шыға қоймаған кезі болатын. Қонған ұшақтардың көпшілігі - 18-20 орынды «ИЛ-14» ұшақтары болатын.

Көтерілістің шыққан күні - 1959 жылдың 31 шілдесі, сенбі. Теміртау қаласы жаңадан құрылып жатқан кез. Халық тегіннен-тегін ашынып, көтеріліске шықпайды ғой. Теміртаудың Домна пештерінде өте ауыр жұмыста істейтін 40 мыңға жақын жұмысшылар жаз бойы жұқа материалдан жасаған палаткаларда тұрыпты . Жаз ортасы ауып, күздің жаңбырлы суық түндерінің алды сезіле бастаса да, бұларға деген жылы орынның хабары естілмеген. Жуынып, шайынатын мүмкіндік жоқ. Ыстық тамақ та мезгілімен берілмейді.

Ал басқа елден жалданып келіп істеп жатқан өздеріндей болгарлық жұмысшыларға өте жоғары жағдай жасалған. Олар екі қабатты жатақханаларда тұрады. Едендерінде кілем төселіп, ғимараттың іші кірсең шыққысыз. Ыстық, суық суы, ванна, душ дегендері - бәрі де жұмыс істеп тұр. Оларға деген асхана да, аспазшы да бөлек. Қалай тынығып, демалам десе де, барлық жағдай жасалған.

Палаткалық қалашықта тұратындар - Совет үкіметінің әр республикасынан жиналғандар. Әр ұлттың өкілдері, қазақстандықтар да, қазақтар да аз болмаған. Жоғарыдағы айырмашылық жұмысшылардың ашу-ызасын туғызған.

Сол күні түн салқын болып, суық сумен жуына алмаған жұмысшылар топтанып барып, асхананың ыстық тамағын тартып алып ішеді. Осылай басталған бұзақылық ары қарай жалғасып, сыра сатып тұрған дүңгіршекті басып алып, ол сусынды өздері тегін ішеді. Сыраға қызған соң, кондитер дүкенінің тәтті тағам, конфеттерін күшпен олжалайды.

Жұмысшылардың бұл қылықтары милицияға хабарланады. Милиция қылмысты бастаушылардың ішінен 7-8 адамды ұстап апарып қамап қояды. Ертеңінде жексенбі күні палатканың тұрғындары тік көтеріліп, Теміртау қаласының милиция үйіне барып, жігіттерді босатуды талап етеді. Оған көнбеген милициямен шайқас басталады. Милиция бастығы соққыға жығылады. Көтерілісшілер басып кіріп, байланыс сымдарын үзіп,сейфтерді құлатып, барлық құжаттарды өртеп жібереді. Аяғы үлкен атысқа ұласып, мыңдаған адамдар тұратын «палаткалық қалашық» өртенеді. Көзі қызарған көтерілісшілер енді қала әкімшілігіне беттейді.

Сол кезде Теміртауда «МеталлургСтрой» деген атпен Одақтық дәрежедегі құрылыс тресі болған. Оның орталық комитеттен арнайы бекітілген Коркин деген жетекшісі және «ҚазМеталлургСтрой» тресінің Вишневский ныспылы басшысы болған. Алаңдағы халық «бізді осындай жағдайға жеткізген Коркин мен Вишневскийді қолымызға беріңдер, қазір дарға асамыз» деп айқай шығарыпты. Қала басшылары әлі де болса сес көрсетіп: «Іштеріңдегі коммунистар мен комсомолдар қол көтеріңдер», - деп дауыстайды. Сонда жиналғандар ішінен біраз адам жата қалып, қол орнына аяқтарын көкке көтеріп, басшыларды келеке ете бастайды. Жағдайдың ауырлап жатқанын сезген басшылар митинг өткізудің орнына жан сауғалап, мінберден түсіп, өздері зорға қашып құтылыпты.

Бізді тобымызбен қаланың милиция бөлімшесіне алып келді. Екі қабатты үй екен. Телефондары үзілген, сейфтері құлаған, қағаздары шашылған, опыр-топыры шығыпты. Матрастарды жерге төсеп, сол жерде аздап дем алдық.

Азғана уақыттан кейін Алматыдан келген Жалмағамбетов деген кісі (кейіннен генерал болды) бірнешеуімізді іріктеп алып, тапсырма берді. Көтеріліске шыққандардың ішінде оқ тигендері, басқа жараланғандары да аз емес. Бірақ олар қорқып, дәрігерге көрінбей, жасырынып жатқан көрінеді. Соларды іздеп табу бізге жүктелді. Әрі көтерілісті пайдаланып аса ауыр қылмыс жасаған топты да табу міндеттелді.

Біз кеншілер тұратын «палаткалық қалашыққа» беттедік. Жолшыбай көргеніміз - қабырғалардағы оқтың ізі. Атыс орталықтағы әмбебап дүкенінде, асханада да болыпты. Қарусыз адамдардың біразы шығын болып, көпшілігі жараланыпты. Жараланғандарды анықтап, қажет деп тапқандарды тергеуге жібердік.

Осы шұрық-шұрық болып оқтан тесілген үйлер мен ғимараттардың қабырғаларын бір тәуліктің ішінде бүтіндеп, әктеп, сырлап, еш нәрсе болмағандай жөндеп тастады.

Үздіксіз күні-түні жұмыс атқардық. Бір күні көтерілісті ұйымдастырып, қарапайым халықты арандатқан топпен Галя деген поляк әйелдің байланысы болуы мүмкін деген дерек қолға түсті. Жалмағанбетовтің жеке тапсырмасы бойынша «палатка қалашығының» қасындағы асхананың меңгерушісі Галямен кездесу маған жүктелді. Жобасы Галя бұрын да әр жағдайды біліп, хабарлап тұратын адам тәрізді. Көтерілісшілерді Галяның білетініне іздеушілер сенімді болған.

Сол күні аспан ашық болды, сағат таңертеңгі 9.00-де баракка келдім. Галя ұзын дәліздің ең түкпіріндегі бөлмеде тұрады екен. Бұл оқиға 9 тамыз - Құрылысшылар күні қарсаңында болғандықтан, бөлмеде алдарындағы столы тамақ, арақ-шарапқа толы, дуылдасып отырған бірнеше жігіттің үстінен шықтым. Есік қаққан мені көре салып, жігіттер ортаға шақырды. Сыпайы ғана «Галяда кішкене ғана шаруам бар еді» деп тездетіп, қараңғы дәлізден әйелді далаға алып шығып кеттім. Өзімді «милиция қызметкерімін» деп таныстырдым. «Осылай да, осылай, сенің қылмыскерлермен байланысың бар екен, жағдайды білесің, көмектесуің қажет» дедім. Ол біраз ойланып тұрып, келісті. Бәрін айтып берді.

Галяны ертіп қалалық милиция бөлімшесіне келе жатып, жолай айтылған әңгімеден түсінгенім: көтерілісті ұйымдастырушы - үш фамилиямен жүретін, қазіргі аты-жөні Ломоносов деген азамат екен. Ломоносовтың қолында әр түрлі мөр, қосымша құжаттар жасайтын қағаздары, өзіне жақын ұстайтын 30-40 шақты жігіттері бар екенін мәлімдеді. Бүгін олардың Ақмола-Ташкент пойызымен кететінін, жолашар жасау үшін ескі Теміртауға арақ әкелуге кеткенін, түнгі сағат 12.00-01.00-де өтетін пойызға дейін жолашар жасайтынын айтып берді. Жолашарға шақырылғандар ішінде Галя да бар екен.

Екеуіміздің арамызда болған әңгіме штабқа келген соң Жалмағанбетов және мәскеулік генералдардың қатысуымен қайта баяндалып, барлық сөз магнитофонға жазылып алынды. Әйел кеткеннен кейін де артынан арнайы бақылаушылар жіберілді. Өтірік айтуы да мүмкін ғой.

Кешкі жиынның болатын жері анықталғаннан кейін, түнде жаңағы әйелмен кездесуге мені жұмсап, қасыма Горагаш, Жирнов деген қызметкерлерді қосып берді. Көше патрулы сияқтандырып әскери киім киген жүзден астам біздің қызметкерлер жатақхана жақты, тағы осыншама әскер біз баратын асхана маңын қоршауға алды. Күндізгі келісім бойынша сағат түнгі 11.30-да сыртқа шығатын Галя көрінбейді. Амалым құрыған соң, жанымдағы екі серігімді сыртқа тастап, қора жақтан айналып түсіп, баракка кірдім. Әлден уақытта иығына плащ жамылған Галя шықты да, тура дәретханаға беттеді. Оның қайта оралуын бақылап, тасада аңдып тұрдым да, жақындап қасына келдім. Галямен енді тілдесе бергенімде, үйдегілер бірдемеден секем алған болу керек, далаға атып шығып, қолдарында қарулары бар бізді қоршап алды. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, маған әлгілер шамамен 100 қаралы секілденді.

Менің мынадай жағдайға тап болғанымды көрісімен, қасымдағы екі әріптесім мініп келген «Победа» машинасына отырып, тайып бермесі бар ма!? Әйелдің тапқырлығы болмағанда, сол жерде қаза болуға тиіс едім. Галя маған өзінің бұрынғы танысындай пиғыл білдіріп: «Сендерге не болған, бұл өзіміздің жігіт емес пе, тимендер», - деп айқай салғаны. Сонда барып жаңағылар екі жарылып тұра қалды. Сол сәтте жан-жақтан көзді дереу қарықтыратын прожекторлар жарығы түнді қақ тіліп түсті. Сыртқа айнала бергенімде, түрі қазақ сияқты бір жігіт Галя екеуімізді іліп әкетті де, машинаға мінгізіп ала жөнелді. Сөйтсем, ол Қарағанды облысы Қауіпсіздік мекемесінде істейтін кәріс азаматы екен. Бізді құтқару жөнінен тапсырма алғанға ұқсайды.

Штабқа келсем, тастап қашып кеткен Горагаш пен Жирнов милиция бөлімшесінде отыр екен. Оқиғаны бастан-аяқ білгеннен кейін Жалмағанбетов бұл екеуін қызметтен шығармақ болды. Маған «рапорт жазыңыз» деді. «Әйтеуір тірі қалдым ғой» деп, екеуіне кешірім жасадым.

ТҰҒЫРЫЛ ХАН ТУРАСЫНДА

Орта ғасырда Орта Азияда орын алған оқиғалар тізбегі күллі адамзаттың назарын әлі күні өзіне аударумен келеді. Осы өлкеде V-VIII ғасырларда өмір сүрген көшпелі әскери мемлекеттер Қырғыз, Ұйғыр, Түркі қағанаттарының жалғасы Керей, Найман, Қоңырат, Меркіт, Оңғыт (Уақ), Татар, Монғол, Жалайыр тайпалары хақында орта ғасыр тарихшылары көп жазған. Әсіресе, ұлы қаған Шыңғыстың өмір тарихына қатысты материалдарда аталмыш тайпалар туралы мол айтылады. Қытайдың көне деректерінде, Еуропа саяхатшыларының жолжазбаларында хатталғандары өз алдына.

Осы кезеңде өмір сүрген жеке тұлғалар арасындағы танымал адамдардың бірі - Керей Тұғырыл хан. Монғол елінің археологтары Тұғырыл хан ту тіккен Тула өзенінің бойындағы ескі хан ордасына кешенді түрде қазба жұмыстарын жүргізіп, толыққанды зерттеуді бастады. Хан ордасы ел астанасы - Ұлан-батырдан 30 шақырым жерде орналасқан. Аспалы шыңдай асқақ Боғда тауының етегінде. 1204 жылы Керей хандығы құлаған соң, Шыңғыс қағанның осында орда құруына байланысты тарихта «Шыңғыстың ІІІ ордасы» деп те аталады. Боғда тауы бертінге дейін Тұғырыл ханның құрметіне «Хан тауы» аталып келген.

Осындағы зерттеу жұмыстарының нәтижесіне қарағанда, хан ордасының сәулеттік құрылымы аса шебер салынған көрінеді. Әсіресе, қазба жұмысы барысында табылған заттар Тұғырыл ханның батыстағы Еуропа және шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктерін толық пайдаланғанын дәлелдеуде. Хан сарайының ортаңғы бөлігі 15х35 метр алаңды алып жатыр. Төрт үлкен бағана тіреудің сұлбасы сақталған. Биіктігі 6-7 метр шамасында.

Құрылыстың архитектурасы шығыс үлгісінің мәнерінде жасалған. Жоғары шатырдан аққан суды пайдаланатын кәріз жүйесінің сорабы жақсы сақталған. Сарайдың ішкі жағының төбесі шығыстық мәнер бойынша безендірілген. Дала аңдарының бейнесі көркем түрде нақышталып, қабырғаларға қашалған. Айдаһар, мешін, пілдің мүсіндері, гүлдердің әсем оюлары бейнеленген заттар көптеп табылып жатыр. Бұл ою-өрнектер стилдік жағынан Үнді-қытай зергерлерінің қолынан шыққан туынды деген тоқтам жасалуда. Бұл заттар Тұғырыл ханның будда мәдениетінің ошағы болған елдермен де сауда-саттық, барыс-келіс қарым-қатынасында болғанын айғақтап отыр.

Бұлардан басқа, қазба жұмысы барысында табылған тағы өзге дүниелер зерттеушілердің назарын ерекше аударыпты. Атап айтқанда, шығыстық жыл санаудың дәстүрлі 12 жануары бейнеленген, дөңгелек пішінді, ортасы тесік, алтын жалатылған «Уақыт есептегіш құрал» мен бұдан бөгде бірнеше түрлі сыйынатын пұттар мүсінінің табылуы таң қалдыруда.

Өйткені Тұғырыл ханды бұған дейін христиан дінін ұстанған деп келдік. Ендеше, христиан дініне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бұл заттар хан ордасында қайдан жүр? Мүмкін, тәңірлік таным немесе бақсылық бөгу дінді ұстанған көшпенділер өмірінің бір саласы хан ордасында христиан дінімен бірге жасап келген болар деген жорамалдар жасалуда. Тіпті Тұғырыл хан христиан дінін ұстанған жоқ дейтін пікірлер де айтыла бастаған. Осы соңғы болжамның шындыққа жақын болуы да әбден мүмкін.

Моңғол империясының тарихын зерттеушілер «Шыңғыс қағанның алғаш адам қатарына қосылып, ат жалын тартып мініп, күйзелген елін бүтіндеп, күйреген жұртын жинағанда дем беріп, демеу болған кісісі - осы Тұғырыл хан» дейді.

Атақты керей Көкеш бақсының хан Шыңғысқа қаратып айтатын:

Тәңірден суат алдың,

Тұғырылдан қуат алдың,

Найманнан хатшы алдың,

Керейден бақсы алдың,

Қоңыраттан ақыл алдың,

Жалайырдан батыр алдың,

Меркіттен қатын алдың, -

дейтін толғауында дүйім тарихтың сыры жатыр.

Тұғырыл хан 1130 жылы туған. Шыңғыстан 32 жас үлкен. Есукейдің серт байласқан досы. Себебі, Есукейдің атасы Амбығайды, Тұғырылдың атасы Марғұзды татарлар мен жүржіндер ұстап алып, Алтын елінің патшасының қолына тапсырған. Алтын ханы оларды ағаш есекке шегелеп өлтірген. Оның сыртында Тұғырылдың әкесі Құршақұз Бұйрық пен Есукейдің әкесі Қабыл дос болған.

Тұғырылдың да көрмегені жоқ. Он үш жасында татардың Ажай ханы тұтқынға түсіреді. Одан қашып шығып еліне келіп, қайырымсыз аға-інілері Тайтемір мен Бұқатемірді ығыстырып хан тағына отырады. Осылай тозған елінің аузын аққа жеткізіп, алыс-жуыққа атағы шығып дүркіреп тұрған шағында, бір күні жылап-еңіреп алдына Есукей досының баласы Темужин келеді.

- Қарағым, саған не болды? - деп сұрайды Тұғырыл хан.

- Хан әке, Қоңырат Дай шешеннің қызы Бөрте менің қалыңдығым еді. Соны әйелдікке әкеліп, отау көтеріп едім. Тұқымы құрығыр меркіттер қатынымды тартып әкетті, - дейді Темужин.

«Саспа, балам, - дейді Тұғырыл хан, - Әкең жақсы адам еді, аруағы риза болсын, мына менің ұлым Сенгүн ішімнен шықса, сен сыртымнан шыққан ұлым емессің бе? Қайда ол қаңғыған меркіттер!? Сақалынан сүйреп, сабасына түсірейін!» - деп атқа қонып, Темужиннің шайқалған шаңырағын тіктеп берген екен. Осы оқиға жайлы моңғолдың «Құпия шежіресінде», «Алтын шежіресінде», Рашид-ад-диннің тарихи шығармаларында айтылады. Бұл оқиға 1180 жылы болған.

1190 жылы Тұғырыл хан, Темүжин, Жамуқа үштігі атқа қонып татар-меркітті тыныштандырады. Осы жорықта Жамуқа мен Темүжин барлық бұқарасын сарқып жүріп, 20 мың әскер әрең шығарғанда, Тұғырыл хан қиналмай-ақ бір өзі 20 мың қолды бастап келген. Осы жолы Алтын елінің императоры Тұғырылға «Уаң хан» деген атақ береді. Бұл атақ артынан ханның есіміне айналып кеткен жайы бар. Италиялық жиһангез Марко Поло: «Әлемге аты әйгілі, әсіресе еуропалықтар қатты әсерленетін шығыстағы «Иоан поп» дегеніміз осы «Уаң хан»» деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ван хан» деген атпен белгілі.

Заман өте келе, Тұғырыл хан да Шыңғыспен шайқасып, жеңіледі. Жан сауғалап батыстағы Найман хандығына бара жатқанда, шекара күзетінде тұрған қарауылдар қолынан қаза табады. Өлі бастың атақты керей Тұғырыл ханның мүрдесі екенін таныған найманның Дайын ханы оны күміспен күптетіп, өзінің алтын тағының үстіне қойып, аза тұтады. Бұл 1204 жылы болған оқиға. Сол сәттен бүгінге жеткен жоқтау бар. Онда:

Уа, Тұғырыл, Тұғырыл,

Айбатты алып хан едің,

Даңқың кеткен әлемге,

Атағы зор жан едің,

Құтлық әже өсірген,

Бұйрықтан туған дана едің..., -

деген жыр жолдар бар.

Құдайдың құдіреті-ай, күллі найман аза тұтып жатса, әлгі өлген ханның басы ыржың-ыржың етіп күліпті. Бұны жаман ырымға жорыған екен. Ақыры ол да рас болды.

Тұғырылдың інісі Жақа батырдың асқан сұлу төрт қызы болған. Осының үшінші қызы Сұртоқтыға Шыңғыстың кіші ұлы Төле үйленеді. Сұртоқтыдан атақты хандар Мөңке, Құбылай, Құлағу, Арық-бұқа төртеуі туған.

АЛТАЙ АСҚАН АЛАШ АРЫСТАРЫ

Қазақ халқының тарихында ерекше маңызға ие оқиға - Алаш автономиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрылуы. 1917 жылы желтоқсан айының 5-13-і аралығында Орынбор қаласында екінші жалпы қазақ съезі өтеді. Бұл съезді өткізу туралы шешім осы жылдың сәуір айындағы Торғай қазақтарының жиынында қабылданған. Негізгі ұйымдастырушылары: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Е.Омаров, С.Досжанов, М.Дулатов.

Осы тарихи жиынға 9 облыс (Ақмола, Торғай, Семей, Жетісу, Сырдария, Орал, Бөкей ордасы, Ферғана, Самарқан) және Алтай губерниясында тұратын қазақтардан барлығы 82 өкіл қатысқан. Күн тәртібіне 10 мәселе қойылған. Соның екіншісі - Алаш автономиясын жариялау еді. Ә.Бөкейханов бастаған топ автономия жариялау әзір ертерек деген пікір ұстанған. Екінші - Халел және Жанша Досмұхамедовтар бастаған топ дереу автономия жариялау қажет деген пікірде болған. Ақыры Алаш автономиясын жариялау туралы бір шешімге тоқтап, Алашорда үкіметін құрған. Үкімет төрағалығына Әлихан Бөкейханов сайланып, 25 адамның құрамына үкімет мүшелерін тағайындаған.

Алаш автономиясының аумағына жоғарыдағы 9 облыс, 1 губернияда тұратын қазақтар және Әмудария, Закаспий уездерінің қазақтары қатысты делінген. Ары қарай әскер-милиция құру, қаржы табу жолдары қарастырылған.

Кешікпей балшабектер билігі күшейіп кетуіне байланысты Алаш автономиясының өрісі тарылды. 1918 жылдың наурыз айында Оралдан Халел және Жанша Досмұхамедовтар Мәскеуге барып, Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ленин және ұлт істері бойынша халық комиссары Сталинге жолығады. Қысқасын айтқанда, келіссөз нәтижесіз аяқталады. Қазақ даласын басқаруда балшебек Ә. Жангелдиннің ықпалы арта бастайды.

Осы кезден бастап қазақ ұлтшылдары Сібір уақытша үкіметі (Омбы) мен Бүкілресейлік құрылтай жиналысының (Самара) қуатына сүйенбек болады. 1918 жылы шілде айында Самарадағы Уақытша үкімет Алашордаға 2 млн сом ақша, 3000 әскерге қару-жарақ беріп көмектеседі. Тек Батыс Алашордаға 2000 мылтық, 37 пулемет, 2 зеңбірек берген екен. Оның өзі қазақтарды қызылдарға айдап салудың бір бағыты еді. Ал Бүкілресейлік құрылтай жиналысы Алаш автономиясын мойындаудан бас тартқан.

Осындай қиын-қыстау жағдайдан кейін Алаш қайраткерлері әртүрлі жолдар іздеген. Соның бірі шетелдегі қазақтармен байланыс жасап, оларды Алаш шаңырағының астына біріктіру ісі болатын. 1917 жылдың бейресми дерегі бойынша Ресейге бағынышты өлкелерде 5 млн 400 мың қазақ тұрған. Ал шетелде қазақтар Қытай мен Монғол елдерінде ғана бар еді. Осы тұста Қытай елінде 150 мыңға тарта қазақ болса, Монғол елінде 20 мыңның шамасында екен.

1918 жылдың көктемінде Алаштың кейбір көсемдері Семейге жиналып ақылдасады. Мұндағы мақсат шетелдегі қазақтарға барып, онда Алаш идеясын насихаттау еді. Бұл басқосуға Абайдың ақын шәкірті Көкбай Жанатайұлы, Абайдың баласы Тұрағұл, атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы бастаған алаш ардақтылары қатысады.

Осы жылдың жазында Қытай елін бетке алып Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Садық Аманжолов, Райымжан Мәрсеков жолға шығады. Олар Ақсуат өлкесін басып өтіп, Шәуешек қаласына барады. Кезінде Семей қаласында тұрып, осында қоныс аударған көпес Рамазан Шәнішевтің үйіне түседі. Елді жинап келген мақсаттарын айтады. Осы кездесуда әйгілі әнші, ақын Әсет Найманбайұлы да болады. Атақты «Алаш» атты толғауын шығарған. Әсет ақынның екі жыл бұрын, 1916 жылы осы өлкеге біржола қоныс аударған кезі-тін.

Алаш көсемдерінің бұл сапарынан бізге мұра болып жеткен екі дүние бар. Олар: Шәуешекте Ахаңдарды суретке түсірген Ахметжанның фотосы мен Әсеттің толғауы.

Міржақып, өлең айт деп, қолқаладың,

Мен бе ақын, сен тұрғанда ой табатын,

«Алаш» деп ағайынға сауға салып,

Ахаң ер отырмай ма жол табатын, -

Деп сөз бастаған Әсет ақын Ахаңа біршама наз айтады. Шын мәнінде Алаш ардақтыларының бұл сапарын жергілікті жұрт тым құптай қоймаған. Ол жайында Әсеттің айтқан жырынан да байқалып тұр. Мысалы:

О, Аха, не дегенің - бүй дегенің,

Алашқа бар қазақты жи дегенің,

Сыртта жүрген ағайын суық бауыр,

Оған мысы жүрмейді түздегі елдің,

Жарыссаң - төбеге озып шықсаң нетті,

Белдессең - белін үзіп жықсаң нетті,

Тозған елден тойынар күй іздемей,

Өз халіңді анықтап ұқсаң нетті, -

дейтін наразы көзқарас бар.

Шәуешекке келген Алаш өкілдерін қазақтың ауқатты байы Құсайын өзі ертіп, Үрімжіге апарады. Оларды Шынжаң өлкесінің билеушісі Ян Зын Шин қабылдайды. Кездесуден еш нәтиже шықпаған. Бұл арада ескерте кететін жайт, Шәуешек қаласында баяғыдан келе жатқан орыс консулы болған. Осы консул Кеңес үкіметінің мүддесіне ойысқан болуы керек. Сондықтан да Алаш арыстарының сапарына шектеу қойылған. Тіпті арыстардың қандай шаруамен келгенін де біліп отырған. Тез қайтуға мәжбүрлеген.

Ахаң мен Жахаңа еріп барған Садық Аманжолов пен Райымжан Мәрсеков жайында айтар болсақ, С. Аманжолов екінші жалпы қазақ съезінде Жетісу облысы атынан Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланғаны туралы дерек бар. Қуғын-сүргін жылдарынан аман өтіп, 1941 жыл қайтыс болған.

Ал Райымжан Мәрсеков - Алашорданың шығыс бөлімшесінің белді өкілдерінің бірі. Алаш полкын жасақтаған. Алаштың ұраны «Сарыарқа» газетін Семейде шығарып тұрған. Азамат соғысы жылдары жергілікті халықты азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз ету үшін шығыстағы Владивосток қаласына барып, америкалық «Мейер» фирмасымен шарт жасап, Семейге 15 миллион сомның затын әкеліп, халықты қамтамасыз еткен қайраткер. Жоғары білімді заңгер. 1922 жылы Семей губерниясының атқару комитетінде үлкен қызмет атқарып жүріп, жалғыз түнде Қытай еліне асып кеткен. Сонда жүріп, 1939-1940 жылдар шамасында атылған.

Осы Алаш арыстары қайтар жолында жайлауда отырған Таңғыт үкірдайдың ауылына келіп ат суытқан. Артынан Таңғыт Еңсеұлына «Алашордаға бүйрегі бұрған» деген жала жабылып, 73 жасында бұл адам да атуға бұйырылған. Алаш арыстарының осы сапары кезінде бірге жүрген, дидарласқан адамдардың көбі артынан атылған, асылған.

Бұдан біз 1937-1938 жылдардағы жаппай жазалау науқаны Қытайдағы қазақтарды да айналып өтпегенін аңғарамыз.

ІІ БӨЛІМ

ТАБИҒАТ.ТЫЛСЫМ.ТАМЫР

ҚАСҚЫРЛАР ХИКАЯСЫ

«Жуас қасқыр»

Бұл да бір заман еді-ау. Кеңес үкіметі төңкеріліп түсіп, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқан кез. Сонау 1993-тің тақырланған тауық жылы-­тұғын. Қараша айының соңғы парақтары қырқылып, сүреңсіз желтоқсанның сұрғылт бұлты қоюланып, әне-міне терістен орай соғатын сырғыма ақ боран басталатын сыңайда, аспанның толғағы ауырлап, еңсені көңілсіз зіл басқан күндердің бірі еді. Жиегі қырқылып, ақтазданған, әрі ыстанып, түтін иісі сіңген түлкі тымағын милықтата киіп, Кәдең шал сыртқа шықты. Желді күнгі көлдің толқынындай қатпар-қатпар әжімін тыржитып аспанға қарады.

- Япырмай, мына күннің ашылатын түрі жоқ. Қосындағы балалар не болып жатыр екен, - деп, совхоздың жылқысы қыстайтын қүрең адыр жаққа қарап ұзақ тұрды.

Заман осылай құбылады деп кім ойлаған. Көрген түс сияқты өтіп жатқан өмір. Кәдең жыл жарым бұрын екі отауын жетелеп, әулеттің қарашаңырағын бастап, атамекеніне сонау Алтайдың арғы бетінен көшіп келген. Алғашында совхоздың бір отар саулық қойын бақты. Жаз жайлауға шықты. Қобданың боз талынан иіп жасаған, уығының қары боз баланың білегіндей алты қанат ақ үйін Жетімтөбенің бауырына тікті. Сарысудың кебер арнасын жағалай қонған шопандар Кәдеңді ерулікке шақырып мәре-сәре, жаз да өтті.

Қыркүйектің аяғында күзеулікке келіп қонды. Құдайға шүкір, малдың бабын бір кісідей біледі, саулықтарының күйі жақсы. Бірақ бір түсінбейтіні: осы қойлар мал сияқты дүркіреп тұрып, өмірі бір үрікпейді. Айдалада тоқтап тұрған жүк көлігін көрсе болды, солай қарай маңырай шұбырады-ай келіп. Сөйтсе, ала қыстай машинамен жем шашып, жаман үйреткендіктен, мал екеш мал да жанын қинамай жейтін тегін тамақты аңсап, мотордың үнін естісе, «азанның» дауысын естіген сопылар сияқты елеңдеп тұрады екен. Ештеңеден үркіп, қорықпайды. Қазақстанның қойы осындай жуас болады деп кім ойлаған. Мал емес, жаңа тұрпаттағы адамзатқа әлі белгісіз хайуан сияқты. Кадең осының құпиясын таппай басы қатып жүр.

Әнеугүні жайылымға шығуға жарамай, ауылдың шетінде қалған төрт-бес басқа тапа-тал түсте қасқыр шапты. Қыста туған бөлтірік екен. Ақсақ қоңыр тоқтыны алқымдап апарып, жалғыз тартып жұқа шабын жарды да, ішек-қарнын ақтарып жей бастады. Мына құдіретті қараңыз, қасындағы басқа қойлар түк болмағандай пысқырып қойып, қасқырды айналып жайылып жүр. Шабдар бестісін омыраулатып шауып келе жатқан Кәдең мына қызыққа қарап тұрып қалды. «Е, бәсе!»- деді, - бұл мал емес екен ғой. Көкірегіне біреу ине шаншып алғандай ашып кетті. Күйінгеннен болар «аһ!» деп бір ақырып жіберіп, атының басын кері бұрып жүре берді. Айналып артына қараса, жетім қара қозы бөлтіріктің құйрығын иіскеп тұр екен.

Кәдең күні-түні ойланумен болды. Бұл не сұмдық!!!

Содан бір күні зоотехник Дәукен келді. «Ертең қыстауға көшіңіз, совхоздан адамдар келіп, қой шағылыстырады» деді. Түсінікті, қазан айы орталап қалды, «күйек алатын» болғаны ғой. Ертеңінде қыстаққа қошқар емес, шала масаң, рең-басы қураған кәрі теректің қабығы түстес үш еркек келді. Содан зоотехник айтқан қой шағылыстыру науқаны басталды.

Кәдең сонда барып: «Е, енді білдім, барлық пәле осында екен-ау», -деді. Табиғат жаратқан малды қолмен ұрықтандырып, жасанды хайуанға айналдырып жіберген. Бақандай жиырма жыл осылай істеген. Көріңде өкіргір Кеңес үкіметі. Басқасы - басқа, қойдың қасқырды танымауы деген нағыз сұмдық емес пе. Осы малдың етін жеген адам да кімнің дос, кімнің жау екенін ажыратпайтын меңдуана мәңгүртке айналмай қайтеді. Мына қойдың етін жеген әлгі қасқырдың өзі көкбөрі атынан айырылып, қотанның жуас «ит-құсына» айналатын шығар...

Сол күннің ертеңінде Кәдең бір отар саулықты өткізіп беріп, екі баласымен бірге жылқы бағуға шықты. Бүйтіп қор болған қой баққанша Қамбар Атаның түлігін қайырайын.

*****

Кәдең жабағы бұлт байланған аспанға тағы қарады. Мына күннің райы жаман, қатты боран болатын түрі бар, балаларға бас-көз болып сол жаққа барғаны жөн шығар. Арба торыға ер салып, жылқышылар қос тіккен Көкөзекке қарай беттеді. Алыстан байқап келеді: екі атты адам қүрең қырқаны кесіп өтіп, ылдиға қарай ағызып барады. Бірдеменің артынан түсіп тақымдап қуып жүрген секілді. Әне-міне дегенше, әлгілер шаң боратып қайтадан өрлей шапты. Қым-қиғаш, қиқулап шапқан екі адам ескі зиратты айнала беріп, опыр-топыр болды. Алыстан анық байқалмайды, атты адамдар бірдемені ұстап алып, байлап-матап күйбіңдеп жатыр, әйтеу.

Арада сүт пісірімдей уақыт өткенде Кәдең де келіп жетті. Қызықты қараңыз, екі ұлы арлан қасқырды ұстап алыпты да, аузына қамшының сабын көлденең тістетіп, тұмылдырықтап байлап тастаған, жетектеп жүр. Оқиға былай болыпты. Жылқыға қасқыр шапқан. Оны көрген екі ұл жаратып дайындап отырған жүйрік аттарына мініп алып, қуып берген. Кішісі қасқырға жақындап келіп, құрулы қайыс арқанды тастап жібергенде, Алла сәтін салып қыл мойыннан іліне кеткен. Қасқырды жарты шақырымдай сүйретіп әбден есінен танғанда аттан түсе қалып байлап алған. Қасқырдың жүні жығылып, сүйретіліп әзер тұр. Кәдуілгі ит сияқты жетектеп еді, жүріп кетті.

«Е, осылай боларын білгем» деді Кәдең: бұл елдің қасқыры да жуасып қалған. Бұның бәрі «жынды» қойдың етін жеген ...

*****

Арқан тастап, даладан қасқыр ұстаған осы оқиға туралы облыстық «Семей таңы» газетінде қысқаша хабар жарияланды. Оқыған ағайындар болса есіне түсіре жатар. Ал қолмен қасқыр ұстаған азамат Қарағанды мен Астана арасындағы «Тұзды» теміржол бекетінде аман-есен еңбек етіп жүріп жатыр.

«Оралман» қасқыр

Өткенде туған ауылыма барып қайттым. Бізге жамағайын, рулас апамызға үйленген, әрі көп жыл көрші отырған Саяси атты жездеміз бар. Мен барғанның ертеңінде сол жетті. Құдай өзіне мал мен басты берген. Бес ұлы - бес отау. Әрқайсысында 500-1000 бас ұсақ малы бар. Бір-бір қыстақты иемденіп алып, шалқып жатыр. Бұл жақ ондай өмірді «Абай жолы» романынан талай оқыған. Шіркін, қазақтың иісі мұрнына бармайтын, қалада өскен «кісі киік» бейбақтарды осында апарып, Саяси жездемнің қолына бір ай ұстатқанда ғой, қыбын қандырып, ұрмай-соқпай орта ғасырдың қазағын жасап шығарар еді. Ол Сәкеңнің қолынан келеді.

Сәкең жездейдің келе жатқанының өзі сұмдық. Апырып-жапырып сөйлеген сөзі жарты шақырым жерден естіледі. «Қайда, әлгі Қазақстаннан келген неме, өзі қазақша біле ме екен? Орыс болып кетпесе, мені келіп аттан түсірсін...», - деп шірейді. Аттан түсіріп алайын деп жетіп барсаңыз, «Іздірасти» деп қамшымен жон арқаны көздеп тартып жібереді. Онымен қоймай, «Атаңның қамшысын сағынған шығарсың, ырым жасағаным ғой» деп шалқақтайды-ау.

Содан Сәкең сөйлейді ғой... «Е, Қазақстанда жер көктеді ме? Патшаларың аман-есен бе? Мұнда ет жеп, тойынайын деп келдің бе?...». Жауап беріп үлгермейсің. Жауап беріп те қажеті жоқ. Бас изеп қойсаң, Сәкеңе сол қанағат. Тиегі ағытылған тоғанның суындай сылдырап отырған жездеміздің анда-санда құйрығына оқ тиген тау құлжасы секілді танауы сәңірейіп, отырған орнынан тақымын көтеріп, оқшырайып тұрып қарайтын әдеті бар еді. Бұл жолы да сөйтті. Маңызды бірдеме айтар алдындағы әдеті. Содан кейін маған қаратып: «Әй!», - деді, лақ текенің сақалындай ақ-қарасы аралас қылшық өскен иегін шошаңдатып, - Сендер неге Қазақстанның бар қасқырын біздің жаққа айдап жібересіңдер!?». Мен мұны жездейдің қырық қалжыңының бірі шығар деп: «Сенің малың өсіп кетіпті, соны жесін деп, бір үйір қасқыр жіберген едік», - деп әзілдеген болдым. От айналып отырған жұрттың бәрі бір ауыздан: «Сәкең рас айтады. Қазақстанның қасқыры келгелі оншақты жыл болды», - дегені. Шынында солай екен. Бір жылдары колхоз-совхоз жекеленіп, ауылдарда мал қалмай таратылғанда, ашыққан қасқырлар далада малы сыймай жатқан біздің елге ауып барыпты.

Жергілікті халық көшпенді қасқырларды алыстан айнытпай таниды екен. Ауылдастарымның айтуына қарағанда, тұрқы қысқа, терісінің түбіті аз, ақшулан қылшық жүнді байғұстардың күш-қуаты да шамалы көрінеді. Қозы-лақ, бота-құлын тәрізді жас төлдер болмаса, ірі малдарға шамасы жетпейді. Оның үстіне ғасырлар бойы Алтайдың теріскейін мекендеп, сай-саласын меншіктеп алған жергілікті қасқырлар әлгілерді күркіреп қуғанда бейшаралар қашып қораға өздері келеді екен. Алдынан әупілдеп қойшының қара төбеті жүгіреді. Тыраңдап қайта тауға қашады.

Біздің ауылдың шайқы шалдары осы қызыққа ұз-а-қ қарап отырыпты да, әлгі ел-жерге сыймай жүрген сорлыларға бір ауыздан «Оралман қасқыр» деген ат қойыпты. Кейде қымыз ішіп желіккен жігіттер не «азаматтығы», не «баспанасы» жоқ бейбақтарды бытырлатып соғып алады. Менің Сәкең жездем есік көзіне таман отырған балдыздарын қамшымен нұсқап: «Мына боқмұрындар «Қасқыр соққан» атақ алып, бір жырғап қалды» - деп, кеңк-кеңк күлгенін көрсеңіз ғой.

*****

Туған ауылымда екі апта жаттым. Аттанардан бір күн бұрын «қош бол!» айтайын деп Сәкең үйіне бардым. Барсам, есік алдында отыр екен. Сәкең: «Кеше Құйған жаққа балалар қой өрістетіп қайтып еді, жаңа туған екі-үш қозыны қасқыр жеп кетіпті», - деді. Мен «Оралмандар жеп пе?» деп сұрадым. Сәкең: «Солар ғой», - деп, тым сүлесоқ жауап берді. Одан кейін батысты бетке алып қаңқылдап ұшқан бір топ сарыала қаздың артынан ұзақ қарап тұрды да, «Жей берсін, атажұрттың өзі болмаса да, көзі ғой, Алланың оған берген ырыздығы емес пе, білгенге бұның өзі - сынақ... Жүр үйге, дәм татып шық! Сенің де ырыздығың үзілмесін!», - деді. Әумин!

АЮЛАР ХИКАЯСЫ

«Қорқау аю»

Жағырапияға қарасаңыз Алтай тауының орта шыңында Қазақстан, Ресей, Қытай, Моңғол елдерінің шекарасы түйісетін нүкте бар. Дәл осы жердегі мәңгі мұздақтан сансыз бұлақ сылдырап ағып, ылдиға тартады. Бара-бара басы бірігіп, үлкен өзенге айналады. Әйгілі Ертіс дариясы осы Алтай тауының бұлақ суларынан құралған.

Қыстың алты айында қар басып жататын биік таулардың тасына шейін қарамайланып, бөктердің топырағы шымданып кеткен. Құнарлылығы соншалық, шаншыған ағаш бір-екі жылда көктеп, тамырланып кетеді. Айбарымен атаққа шыққан Алтайдың қоңыр аюы сыңсыған қарақат, қызылқат, бұта бүлдіргенді теріп жеп күн көреді.

Осы Алтай өлкесі ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында Жоңғардан босап қалғандықтан, байырғы атамекеніне қазақтар қайта барып қоныстанған. Жайлы қоныс, мамыражай мекен, жанға рахат өмір. Бірақ өмір бар жерде, өлім де бар. Алғашқы жылдары қазақтар топырағы шымданып кеткен опырма сызды жерге мәйітті ақымдап жерлеуді білмей, әбігерге түскен көрінеді. Дәл осындай бір алмағайып тұста қорқау аю пайда болады. Тегі көп жылдың алдында шүршіттің шерігі қырып кеткен өлі торғауыттардың етін жеп ауызданған болуы керек. Адамнан басқаны қорек етпейді. Қарағайы сиреген тасты қыраттың үстіртін қуалап қазақтар өліктерін жерлейді. Тап сол күні мәйітті аю қазып әкетеді. Әлгі антұрған аю түнделетіп келер болса бір сәрі, тура екінті мен ақшамның арасында өрістен мал келіп, желібаудағы биелердің соңғы сауымын сарқып жатқанда, өрдегі жыныс қарағайды сатырлатып сындырып, жердің шымын ойып алып,бұрқыратып аспанға атып, күндей күркіреп ақырып, бақырып жетеді. Аюдың зәрінен қорыққанда желі басындағы бейшара биелер дірілдеп, сиіп-сиіп жібереді екен.

Содан тірі жанды есінен тандырып, арқыраған аю жаңа жерленген мәйітті көрден суырып алып, қарағайдың ішіне кіріп кетеді. Ар жағы - ит тұмсығы өтпейтін ну ағаш. Одан ары не бары жан баласына беймәлім. Білетіндер айтатын көрінеді: «аю өлі мәйітті адам аяғы жете алмайтын жерге апарып, жуан қарағайға бастырып кетеді де, әбден шірігенде келіп жейді».

Елдің есі шығады. Өлген адамды жерлеуден қалады. Тірі жүргендер өлуден қорқады. Осылай жалпақ жұрт дағдарып тұрғанда Рамазан дейтін жасы қырықтан асып кеткен, тұлғасы атан өгіздей, арысқа түсіп атағы шықпаса да қара күшке мығым, бойы екі құлашқа таяу азамат ортаға шығып: «Мен өтірік өлейін, апарып көміңдер! Сол аюмен бір айқасып көрейін!» дейді. Амалы таусылған халық «мақұл!» депті.

Тегі қаза тапқан адамды жерлеген сәтті сонау қияда жүріп-ақ қорқау аюда үнемі қадағалайды екен. Сөйтіп ел тірідей Рамазанды жерлейді. «Тірі өлік» қалыңдығы бір елі бұқар былғарысынан сырып тіккен саптама етігін киіп, жалаңдаған жуан қанжарды қонышына тығып, келетін тажалды күтіп көрде жатады. Тура ақшамның алдында қара жердің қыртысын аударып-төңкеріп, бала қарағайларды түбірімен қоса жұлып лақтырып, азан-қазан аю да жетеді. Келе көрге қолды салады. Рамазанды тірідей суырып алады. Тік тұрған күйі бір сілкіп оң иығына арта салып ала жөнеледі. Аю кетіп барады, біздің батырдан шым еткен белгі жоқ. Ел-жұрт аң-таң.

Үлкендер жағы жоқтау айтып, дауыс шығарған Рамазанның шешесі мен әйелін тоқтатып, бірер жігіттерді мықты атқа мінгізіп аюдың артынан жібереді. «Не болды екен, барып біліңдер!».

Сол күні қараңғы түсіп кетеді де, шолғыншылар қайтып келіп, таңертең ерте аттанбақшы болады. Бірақ олар аттанбайды. Алаң-елеңде Рамазанның өзі аман-есен үйіне келеді. Сабазың ештемемен шаруасы жоқ, балпаң-балпаң басып, арқандаулы тұрған күрең атының жалынан бір сипап, үйіне қарай тартады. Алдынан ойбайлап ағыл-тегіл жылап жүгірген әйеліне мойын бұрып та қарамай: «Әй қатын, үйге барып шақшамды әкел!», - депті. Тек есік алдында жанары жасаурап тұрған анасына «Апа, қорыққан жоқсыз ба?» деп, бір рет мырс етіп қойып, төр алдында ұйықтап жатқан бес жасар ұлын кеудесіне мінгізіп, қорылдап ұйықтап кетіпті.

Рамазанның құрдастары қалжыңдап, әйеліне: «Әй, қатын, анықтап қарашы, төрде қаперсіз ұйықтап жатқан сенің күйеуің бе, әлде, әлгі кісі жейтін аюдың өзі емес пе екен?» - деп қылжақтайды. Батырдың ұйқысы қанған соң, ел-жұрт жиналып келіп «не болды?» дегенде, Рамазан қысқа ғана: «Мені көрден суырып алып арқалап кеткенде, қанжар салған етіктің қонышы аюдың кеуде тұсында қалып, екі қолым арқасында кетті. Қимылдасам, әлгі пәле жерге ұрып есімнен тандырар деп ойладым. Содан қалың қарағайдың ішіне алып барып, мені тік тұрғызып, сынған жуан бұтаққа сүйеп қойды. Өлген адамға ұқсап, көзімді жұмып саңылаулатып қарап мен тұрмын. Артына шегініп барды да шыңғырып жіберіп, өкірген күйі жүгіріп келіп оң алақанымен жағымнан тартып жіберді», - дейді. Естіп отырған жұрт «ойпырым-ай, қалай жаның қалды» дегенде, Рақаң: «Құдай-ау, аю ағындап келіп ұрғанда, жығылуға шақ қалдым емес пе?» - депті жайбарат қана.

Әңгімеге еліккен адамдар «Содан кейін не болды?» дейді ғой. Рақаң: «Менің жығылмай тұрғаныма аюдың өзі таң қалды. Аңырып бір сәт тұрды да, артына шегініп әлгіден де алысқа кетті. Тегі алыстан ағындатып келіп тағы ұрмақшы. Енді бұдан аман қалмасым белгілі болды. Аю ақырып маған қарай ұмытылғанда, жалт бердім де, өзіне қарай мен ақырып ұтылдым. Қолымда қанжар. Аю мұндайды күтпесе керек, сасып қалып қорыққаннан өзі шалқасынан түсті. Төрт аяғы тырбыңдап есеңгіреп жатыр. Бардым да ағараңдап тұрған шабын жарып тастадым. Мақұлық қанжарды шап беріп ұстаймын деп, жарылған өзінің ішек-қарнын суырып алды. Қорқырап жатып жан тапсырды. Әбден өлсін деп жанында қарап тұра бердім. Қараңғы түсіп кеткен соң жолдан адасып кетпейін деп, таң қылаңдағанға дейін күтіп отырып, үйге келдім. Бұл қорқаулықты қойсаңшы өзі өлгелі жатып, әлгі аю қолына іліккен өзінің ішек-қарнын жеп алды.

«Ақылды аю»

Бұл оқиға 1960-шы жылдардың басында болған екен. Қытай елінде атақты «Мәдениет төңкерісі» басталып, адамдарды жазықсыз қудалауға ұшыратып жатқан заман. Әсіресе оқыған-тоқыған білімді адамдарға «ұлтшыл», «солшыл» деген айдар тағып, алдын атақты «Тарым» түрмесіне, жазасы жеңілдеу біреулерді Алтай жаққа апарып қара жұмысқа салады.

Осы жазаға кесілген топтың ішінде болған Әбділ Әбиоллаұлы дейтін ақсақал бертінде Зайсан - Тарбағатай өңірінде дүниеден өтті. Жарықтық өмірдің талай талқысына түскен, қиыншылық пен жоқшылықты бұйым құрлы елемейтін, үстіне аспаннан қара тас жауса да былқ етпейтін, көрген бейнеті сабырға айналып, жүрегіне иман болып ұйып қалған адам еді. Бір ғұмырдың пендесі мұндай жанды кездестіре қоюы екіталай.

Әбекеңе тоқылған жаза тым үлкен емес. Десе де ауырлау. «Солшылдармен байланыс жасадың, олардың мүлкін заңсыз сақтадың» деген сыңайлы. Хош, сонымен, алты жылды арқалап, басы айдауда Ақши деген жердегі лагерьге келеді. Мұнда азғана күн тұрақтап, таудан қарағай дайындап, орталыққа жіберетін топқа келіп қосылады. Бұларды ішкі жақтан келген қытай солдаттары бақылайды екен. Тәртіп қатал, қит етсең атып тастауға дайын. Әр адамның күндік жүктемесі бар. Оны орындамасаң, жаза мерзімі қосылып отырады.

Оның үстіне ішкі өлкеден әкелінген қарауыл әскерлердің дені - ханзулар. Алтайдың әсем табиғатына тамсанып қарайтын секілді. Әсіресе, иен-тегін жатқан бақа, шаянды отқа қақтап жеп мәз. Олардың кейбір қылықтарына қарап, Алтайдың арда өскен қазақтары иманы ғапыл болады. «Жер бетінде мұндай да адамдар бар екен-ау».

Бір күні осы әскерлер ерігіп жүріп, аюдың апанына кез болыпты. Ақымақ немелер ішіне кіріп көрсе, аюдың жаңа туған екі қонжығы бар екен. Аналық аю жем іздеп кетсе керек. Алдына астауға салып ет тартсаң, оны жемей, даланың құрт-құмырсқасын қорек етіп үйренген бейбақтар әлгі екі қонжықты лагерьге әкеліп, отқа қақтап жеп қойыпты.

Сол күні аналық аю оң жақ беттегі құз тастың үстіне шығып алып, түні бойы аңырапты. Кәдімгідей өксіп-өксіп жылапты. Бір сойқанның басталып келе жатқанын басқалар білмесе де, аюмен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан жергілікті қазақтар аңғарған еді. Енді аю қайткен күнде кек қайтарады. Елдің көкейінде «Аю не істер екен?» деген сұрақ көлденең тұрады.

Жазасын өтеп жүрген қазақ, ұйғыры бар үш жүздей адам әскердің бастықтарына айтып, сақтануды ескертеді. Полковник шенді қарауылшылар бастығы мұны естіп қарқ-қарқ күлгенде, Құрымты жотасының сай-саласы, тау-тасты жаңғырығыпты. Әлбетте, бұл жаңғырықты аю да естіген болар. Онымен қоймай, өлген қонжықтың біреуінің басын жеке шатырының маңдайшасына ілгізіп тастапты.

Содан күндегі режим бойынша, жазасын өтеушілер кешкі асын ішіп, әдеттегі санақтан өткен соң ашық далада ұйықтауға жатады. Бұлар ұйықтайтын арадан бастықтың жеке шатыры екі жүз қадамдай жерде. Әмбе, арнайы күзеті бар. Қалған әскерлер үш шатырға бөлініп орналасқан. Жазасын өтеушілердің сыртын тікенек сыммен қоршап, түнгі күзеттің қарауылшылары бес-алты жерден күзетіп қонады. Күндізгі жұмыс кезінде күзететін әскерлер бөлек. Олар түнде дем алады.

- Тура түннің ортасында, - дейді Әбділ ақсақал, - қатты айғай-шудан оянып кеттік. Ана жақта тарс-тұрс мылтық атылып, дүние азан-қазан болып кетті. Содан қайдан ұйқы келсін, таңертең тұрып қарасақ, бастықтың шатырына аю басып кіріпті. Сырттағы солдатты ұрып жығыпты. Ол әлі есін жимаған екен. Бастық жоқ. Аю алып кеткен сияқты. Әскерлердің қорыққаны соншалық, аюдың ізіне түсіп, бастықтарын іздейтін бір адам шықпады.

Келесі күні де түнде адамдар мылтықтың даусынан шошып оянады. Әскерлер қытайша былдырлап, бажылдайды. Қытай тілін білетін ұйғыр Сауыттың айтуына қарағанда, тағы да аю шапқан сияқты. Бұл жолы ешкімге тиіспеген, тек шатырға қарай үлкен томар лақтырып кетіпті. Мына қызыққа қараңыз, таңертең көрсе, түндегі аюдың лақтырғаны томар емес, кеудесінен жұлынған бастықтың басы екен. Мылжа-мылжасы шығып, екі езуі ыржалықтап жатыр.

Шошынған әскерлердің берекесі қашады. Бейшара бастықтың өлі басына қарауға қорқады. Жасампаз әскердің мына қылықтарына күйінген ұйғыр Сауыт бастықтың басы мен қонжықтың басын бірге жерлеп тастап, кеңк-кеңк күліп келе жатыр дейді.

Сол күннен бастап әскерлердің қара басына қайғы бұлты үйіріліпті. Бес күннің ішінде тағы да үш қарауылды аю таспен атып өлтірген. Әбден амалы таусылған әскерлер түнде ұйықтағанда өздері топ ортаға ұйлығып алып, сырт жағынан жазаға ұшырағандарды шеңбер сияқты дөңгелентіп жатқызатын әдіс тауыпты. Соның өзінде аю жергілікті тұтқындардың үстінен ыршып өтіп, ортадағы қытайдың әскерін суырып әкетеді екен. Бейбақ солдат құлын даусы шырқырап аюдың қолтығында тыпырлап кетіп бара жатады.

Біреу сенер, біреу сенбес, бұлар шынымен болған оқиға. Менің еріксіз таңданған кеспіріме қарап отырып Әбең: «Таңданатын түгі жоқ, сырттан харам ниет ойлап келген жауыздарды жергілікті жердің адамы тұр ғой, аңы да таниды һәм ол да туған жерінің тыныштығы үшін күреседі», - деді.

«ОРАЛМАН» БЕСІК

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы - Қызылжар қаласындағы облыстық өлкетану музейінде өте көне бесік тұр. Оған «Оралман бесік» деген ат қойылыпты. Кәдімгі боз талдан иіп жасаған қарапайым ғана бұйым. Тым ескі дүние екені бірден көзге шалынады. Бесіктің қақтап иіп жасаған басы мен аяғы, арқалығы, жіңішке шабақтары, белдік ағаштарының ескіргені соншалық, әбден ақбозданып, дымы семіп, ағашы қатып кеткен. Арқалығын ыстық темірмен қари-қари сау тамтығы қалмаған. Оның себебін бесікке әр сәбиді бөлемес бұрын бір рет ыстық істікпен қаритын Алтай қазақтарының ырымынан іздеген дұрыс сияқты.

Хош, сонымен, қуарып ақ сүйекке айналған бұл бесік не себептен облыстық өлкетану музейіне орналасқан? Соған аз-кем тоқталайық. Бесікті музей 2001 жылы қабылдап алыпты. Ақы иесі - Мүсілім Мұхамәдиұлы деген 1917 жылы туған ақсақал екен. 1992 жылы әулетімен бірге Монғол елінен көшіп келіпті. Бесік туралы анықтамада «1897 жылы жасалған» деп жазылыпты. Музей қызметкерлері бұл бұйымды тек көненің көзі ретінде ғана сақтап отырғаны болмаса, арғы-бергі тарихына назар аудара қоймапты. Білмейтін болып шықты. Ғұмыры 110 жылдан асып бара жатқан жәдігердің тарихы жайында ел-жұрттан сұрастыра бастадық. Бесік туралы ел ішінде ертегіге бергісіз нелер әңгімелер бар екен. Тіпті бір парасын көзі қарақты азаматтар арнайы іздеп барып, білетін адамдардың аузынан хатқа түсіріп те алыпты. Соның бірі - жазушы-журналист Абай Мауқараұлы. Осы Абай ағамыздың айтқаны бар, тағы басқа «Киелі бесік» жайында ел ішінен естіген әңгімелерді оқырманға ұсынып отырмыз.

«Үлкен атаның бесігі»

Бесік жоғарыда аты аталған Мүсілім ақсақалдың үлкен ағасы Биғазы Мұхамәдиұлы туған 1897 жылы жасалыпты. Би атаның туған жері Өр Алтайдың шұрайлы мекені Шіңгіл өзенінің бойы екен. Бұл қазіргі Шинжан өлкесі. Шіңгіл - Алтай тауының күнгейі мен теріскейін алма-кезек кесіп ағатын тау өзені. Суы мөлдір, ағыны қатты. Өзенді жағалай жиектеп сырғауыл мүсіндес боз талдар өскен. Жоғарыдағы бесік осы әйгілі Шіңгілдің боз талынан иілген екен. Ең алғаш бұл бесікке 1897 жылы Биғазы бөленіпті. Содан бертінде ұрпақтары үлкен атамыз бөленген бесік деп «Үлкен ата бесігі» атап кетіпті.

Осы бесікке Биғазының өзі және 14 іні-қарындастары, Мүсілім ақсақалдың өзінің және аға-інілерінің 21 баласы, одан кейін осы әулетке қарасты 19 немере, 6 шөбере бөленіпті. Осының соңғы төртеуі Қазақстан топырағында туғандар екен. Енді бесік жайындағы ақиқат-аңызға келейік.

Құздан құлаған түйе

Оқиға 1898 жылы болған екен. Шіңгілдің бойын күзеп отырған ел бір түнде үркіп Қобда бетіне ауады. Жұрт жауқашты болып түнде көшкендіктен, тым биік Жырғылты асуына келіп кептеледі. Жықпыл-жықпыл түйе тастардың арасынан жол табу өте қиын, көлікті көш әрең өтетін жалғыз аяқ сүрлеуден басқа із жоқ. Шатқалдың етегі - құлама құз. Тайып кетсең, алдыңда аңдып ажал тұр. Ел еріксіз жанын шүберекке түйіп, асудан өтуге мәжбүр болады. Осы көштің арасында Мұқамәдидің де отауы бар екен. Баласы Биғазы - бесікте. Әйелі екінші баласына аяғы ауыр болғандықтан, бесіктегі баланы ат үстіне алып жүре алмай, бесігімен бірге түйелі жүктің үстіне таңып тастайды.

Мұқамәдидің көші тура асудың орта тұсына барғанда бесік таңылған түйе аяғы тайып кетіп құздан ұшады. Жүк-мүгімен көз жетпейтін шыңырауға құлайды. Бесіктегі баласын аяп анасы шырқырап жылайды. Содан арттағы елге хабар беріп, не де болса нәрестенің мүрдесін тауып алайық деп, бірнеше жігіт құлаған түйенің үстіне барса, жануар баяғыда мойны қайырылып өлген, үстіндегі жүктен сау тамтық жоқ, шашылып жатыр. О, мына құдіретке қарамайсыз ба, бесік анадай жерде төрт аяғымен шаншылып тік тұр. Ішіндегі емшек іздеген сәбидің жылаған дауысы естіледі... Дін аман.

От тимеген бесік

Бұл оқиғаның қашан болғаны белгісіз. Бірақ қалай болғаны елдің есінде. Күздің қара суық күндерінің бірі. Жалпақ ел жайлаудан көшіп, күзеулікке келіп алған. Жапырақ сарғайған, даланың шөбі қуарған. Осындай кезде жоқ жерден қу шөп от алып, өрт шығатыны белгілі.

Кешқұрым өрістен мал келіп, ауыл абыр-сабыр болып жатқан шамада «үй өртеніп жатыр» деген айғай естіледі. Ел қараса, тағы Мұқамәдидің үйі өртеніп жатыр. Үйдің ішінде бесікке бөленген бір жасар Жекей атты Мұқамәдидің үшінші баласы қалып қойған. Арада сүт пісірім уақыт өткенде, үй де жанып бітеді. Жиналған халық жанған үйдің күлінің астында дін аман тұрған бесікті көреді. Ішіндегі сәбиге тағы да түк те болмаған. Жекей ата 1900 жылдардың басында дүниеге келгенін ескерсек, оқиға да сол шамада болған секілді.

Суға кеткен сәби

Оқиға 1910-1911 жылдары болған. Көктемнің жуан ортасы - сәуір айының аяғында қырат-қырқаларда қыстай сүрленген қар еріп, Қарғайты тауының сай-саласы суға толады. Ылдиға құлаған қардың суы төменгі Бұлғын өзенінің арнасына барып құйып, өзеннің өткел бермей тасып жатқан кезі екен. Тағы да сол Мұқамәдидің ауылы жайлауға көшеді. Өйткені, жылқы малын ойдың бөгелегі буып, сиырдың оқырасы қозып, малшы-қосшылардың мазасы кетеді.

Ағысы қатты өзеннен ұсақ мал өте алмайтын болғандықтан, су басылғанша олар ойда қалып, ірі малдарды айдап, жас отаулар жайлауға беттейді. Мұқамәдидің әйелі жетінші баласы Самалды бесікке бөлеп атқа өңгеріп алады. Тура тасыған өзеннің ортасына келгенде астындағы аты сүрініп кетіп, ішіндегі сәбиімен қоса бесіктен айырылады. Ақшуланданып тасыған өзен бесікті ағызып әкетеді. Аттылы-жаяу адамдар өзенді жағалап бесікті қуалайды. Жете алмайды. Ел-жұрт тасыған өзен бесікті жарға соғып, ішіндегі сәби де мерт болған шығар деп ойлайды. Десе де алдында екі рет бесіктің ішіндегі сәбилердің аман қалғанын білетін ел үмітін үзбей, іздеп шығады. Қызық болғанда, бесік қозы көш жерге дейін ағып барған да, аман-есен талға ілініп қалған. Іздеушілер бесіктің су бетінде өзен ағысымен бірге тербеліп тұрғанын көреді. Бесікті алып шыққанда ішіндегі сәби ысылдап ұйықтап жатыпты. Тіпті оянбаған көрінеді.

Сел ағызған бесік

Бұл оқиға жоғарыдағы бесіктің ақы иесі Мүсілім ақсақалдың үш айлық сәби кезінде болыпты. Сонда бұл 1917 жылы деген сөз. Үш айлық сәбиін бесікке бөлеп тастап, шешесі қой саууға шығады. Кенет жауған нөсердің салдарынан таудан тасқын құлап, дүлей сел жол-жөнекей кезікен қой тастардың өзін аударып тастап, жойқын күшпен ағызады. Апат айтып келмейді дегендей, аңдаусыз, қамсыз отырған ауыл абдырап қалады. Біреу байлаулы құлындарды босату үшін желіге жүгірсе, екінші біреулер қозы-лақты селден қорғап әлек.

Осы абыр-сабырдың арасында бесікті ішіндегі үш айлық сәбиімен қоса сел ағызып кетеді. Адам сенуі қиын, бесік сол селмен ағып отырып, көш жердегі өзенге барып бір-ақ құйған. Содан үлкен өзеннің ортасындағы салындыға ілініп қалған. Ел түнімен іздеп бесікті таба алмай, таңның атысымен тұрып қараса, бесік өзеннің ортасында тұр. Бірнеше жігіт ат жалдап барса, бесіктің көрпешесі суға ағып кеткен де, арқалығы салындыға ілініп қалған. Ішіндегі сәби дін аман.

Төрт жерден тиген оқ

Осы бесікке қатысты тағы бір таңғажайып оқиға 1944 жылы болған екен. Бұл оқиға жайында білетін адамдар қазірдің өзінде баршылық. Осы жылдың күзінде Монғол елінің батысындағы Бай-өлке аймағының Құжырты деген елді мекенде төтенше оқиға болған. Бір сұмынның халқы бір түнде түп қопарылып, шекара әскерлерімен атысып-шабысып, Қытай еліне өтіп кеткен. Шекарашылар босқан елдің соңғы жағын асырмай ұстап қалып, елдің жартысы арғы жақта, жартысы бергі жақта, екі-үш жыл әке баладан, бала анадан айырылып зобалаң тартқаны бар. Бұл - өз алдына бөлек әңгіме.

Осы топалаң оқиғаның ортасында екі айлық сәбиін осы «киелі бесікке» бөлеген 21 жасар Күнбике деген әйел болған. Жас келіншектің атына оқ тиіп жығылады. Өзіне де оқ тиеді. Жараланған әйел бесіктегі сәбиін сүйретіп жықпыл тастардың арасына барып паналайды. Екі күн өткен соң соғыс болған жерге адамдар келіп, өлісін жерлеп, тірісін тізімге алады. Осы шолғыншылар тастың түбінде бесікке сүйеніп отырған әйелді алыстан көріп, қасына келеді. Келсе, әйел азғана уақыт бұрын көз жұмыпты, бесіктегі сәби өлі анасының емшегін сорып тірі жатыр екен. Бесікті тауып алған Бескерей деген жігіттің айтуынша, бесіктің жөргегін төрт жерінен бесатардың оғы көктеп өткен, бірақ ішіндегі сәбиге дарымаған. Сол сәби артынан үлкен азамат болды. Мәскеудегі компартияның жоғарғы мектебін бітіріп келіп, лауазымды қызметтер атқарды. Бүгінде аман-есен, дербес зейнеткер.

Көштен қалған бесік

1992 жылы Мүсілім ақсақалдың әулеті көппен бірге Қазақстанға қоныс аударады. Солтүстік Қазақстан облысының Белоград ауданына квота алып, ауданнан арнайы барған КамАЗ-дарға дүние мүлкін артып жолға шығады. Атадан балаға мирас болып келе жатқан бесікті де тастамай, жүктің ең үстіне таңып алады. Сонымен қазыналы Қобданың қызыл топырағын бауырында ойнатып күркіреген КамАЗ-дар шеруі Ресей-Монғол шекарасынан өтіп, Таулы Алтай өлкесінің сыңсыған қарағайлы даласын қақ тіліп, Сарыарқаға қарай көсіледі.

Көштің екінші күні жүк көліктері түс әлетінде Онгудай селосынан өтіп, Бийск базасына таяу жерге келіп, түскі ас ішуге тоқтайды. Бесік артқан машинада келе жатқан жүктің иесі бажайлап қараса, бесік жоқ. КамАЗ-дың үстіне шығады, алды-артын қарайды, табылмайды. Содан әлі КамАЗ тіркемесін ағытып тастап, бесікті іздеп кері қайтады. Көп ұзамай-ақ 20-30 шақырым жерден тауып алады. Бесік бүп-бүтін, ешбір ақау жоқ. Бірақ ішінде бұл жолы бала болмаған.

Аман қалған Атамекен

Осылай бұл бесік аман-сау атажұртқа да жетті. Осында келгеннен кейін Мүсілім ақсақалдың ержеткен немересі отау құрып, балалы болды. Қария шөбересінің атын Атамекен деп қойыпты. Атамекенді де осы бесікке бөлейді. 1997 жылы бесік иесінің әулетінде қайғылы оқиға болады. Мүсілім ақсақалдың жеке шаңырақ көтерген немересі әйелімен бірге дүниеден өтеді. Оған себеп, үйдегі пештің түтін тартатын түтігі бітеліп, ыс шықандықтан, жас жұбайлар уланып қайтыс болған. Таңертең қайғылы оқиғаның куәсі болған жұрт бесікте жатқан сәбидің аман қалғанын өз көздерімен көреді.

Дәл осы оқиғадан кейін бесіктің қасиеті жайындағы әңгіме жұртқа тарап, журналшы Нұржан деген азамат облыстық газетке «Оралман бесік» атты шағын мақала жазады. Осыдан кейін музейден адамдар келіп бесікті алып кеткен.

*****

Осыдан біраз уақыт бұрын Қызылжар қаласында тұратын таныс азаматқа хабарласып, бесіктің қазіргі жағдайын барып білуін өтіндік. Азамат сөзімізді жерге тастамады, барды, көрді, білді. Бесік аман-сау тұр екен. Бірақ бұрынғы қызметкерлер ауысып кеткен болу керек, бесіктің тарихы жайлы білетін адамдар жоқ. Әрі бесікті ескіріп кеткен зат ретінде «жойып жіберуге» ұсыныс жасалғанын айтыпты.

ӨЛІ ӘЙЕЛДЕН ТУҒАН ТОМЫҚ

1992 жылдың шілде айы болатын. Бір топ адам облыс орталығындағы «Өскемен» қонақ үйіне келіп түстік. Мақсатымыз - халықаралық көші-қон шаруасына байланысты ұйымдастыру жұмыстарына көмектесу. Арада екі-үш күн өткен соң, біз жатқан қонақ үй кәдімгідей дүрлігіп қалды. Себебін сұрасақ, «Түркиядан құрметті қонақтар келіп қалды» дейді. Сөйтсек, жұртты дүрліктіріп келіп қалған Халифа Алтай атамыз екен. Шауып отырып жетіп бардық, күн әңгімелестік, түн әңгімелестік.

Атамыз Алтайдан ауып, Анадолыға қалай барғаны туралы там-тұмдап айтты. Біз де өзіміз білетін бірдемелерді сұрап, қыстырыласамыз кеп. Сұңғыла қария еңкіш тартқан шүйдесін жоғары көтермейтін кісі екен. Тек маңызды бірдеме айтарда аздап маңдайын тіктейді, соның өзінде адамға тесіліп тіке қарамайды. Баяу қоңыр дауыспен сүлесоқтау сөз бастайды. Сондағы айтқаны: «1933 жылы Баркөл өлкесіндегі Хасанту дейтін жерде (қазіргі Қытай елінің Шинжан өлкесі) отырған Әліп Жанысбайұлының ауылын 25 қыркүйек күні Үрімжіден әскер келіп түгін қалдырмай қырып кетті. Осы қырғын кезінде Әліптің інісі Қожақанның аяғы ауыр әйелі Тәшбаланы әскерлер қылышпен шауып, қарнын жарып өлтіріп кетеді. Арада екі күн өткен соң алыс сапардан оралған Әліптің үлкен ұлы Елісхан қырылып қалған аға-бауыр, ауылдастарының бетін жасырады. Алайда Алла пендесіне өмір сыйлайын десе, ол да оңай екен. Тәшбаланың жарылған қарнынан бес айлық баласы аман-есен жарық дүниеге есігін ашты. Аты - Томық. Қазір дін аман Түркияда тұрып жатыр». Бұл осыдан 16 жыл бұрынғы әңгіме.

Содан бері осы өлі анасынан тірі шыққан адамның тағдыры жайлы ауық-ауық еске алып, ел ішінде «Әліп шапқан» аталып кеткен оқиғаның неден болғаны жайында сұрастырып жүрдік. Біршама дерек жинадық. Білетін адамдардан сұрастырдық. Бір сөзбен айтқанда, ел ішіндегі әңгімелерге құлақ түрдік. Оқиғаның ұзын-ырғасы былай екен.

1933 жылы 12 сәуірде қазіргі Шинжан Ұйғыр Автономиялы Республикасының басшысы өзгеріп, бұрынғы ұстанып келген саяси бағыт өзгереді. Бұрынғы үкімет Елісхан Әліпұлы дейтін мықты қазақты Жібек жолы бойындағы сауда ісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Шығыс шекара қорғаныс отрядының бастығына тағайындайды. Осыны көп көрген біреулер жаңа үкіметке Елісханды орнынан алып тастап, қару-жарағын түгелдей жинап алуды талап етеді. Өйткені, сайдың тасындай қылып қазақ жігіттерінен әскер жасақтап алған Елісханның жағдайы мына жақтағы Кеңес Одағын алаңдатады.

Жаңа үкіметке Үрімжідегі орыс консулы арқылы тапсырмалар беріледі. Әрі Коминтерн өкілі етіп Абай Қасымов деген барлаушыны Елісханның еліне аттандырады. Дәл осы тұста ағайын арасында араздық туып, Әліп ақсақалдың екі інісі Қожаберген мен Қожақан бөлек қоныс іздей бастайды. Осыны сәтті пайдаланып қалғысы келген Кеңес Одағы араға Монғолияны салып Әліптен ірге бөлгісі келгендерге таңдаған жерінен өріс-қоныс береміз, көшіп келсін дегізеді. Сонымен бір түнде Әліп ауылының 60 шақты түтіні Қобда жаққа (Монғол еліне) ауып кетеді.

Елдің бөлініп, жарылғанын қаламаған Әліптің үлкен ұлы Елісхан 200 сарбазын алып, Қобда бетіне ауған елді қайтарып әкелмекке аттанады. Осы орайды күткен 1200 адамдық күшейтілген жау әскерлері екіге бөлініп шабуылға шығады. Бір тобы Елісханның ізіне түседі. Жартысы бейбіт жатқан Әліптің ауылын қырып тастауға міндет алады.

Ауылға басып кірген әскер дереу елдің көзінше Әліп ақсақалды табалдырыққа жастап тұрып бауыздайды. Осы қырғыннан екі адам тірі шыққан. Бірі жоғарыдағы біз сөз етіп отырған Томық аға, екіншісі Әліптің жеті жасар ұлы Сетерхан. Ол кезде Сетерханның тірі қалғанын ешкім білмеген. Себебі әскерлер Сетерхан мен інісі Мұхаметшайқыны тірі алып кеткен. Үш жасар Мұхаметшайқы жылай берген соң бір әскер оны тасқа ұрып өлтірген. Содан хабарсыз кеткен Сетерхан арада 37 жыл өткенде, 1970 жылы ішкі өлкеден табылған.

Елісхан көшіп кеткен ағайындарын ертіп қайта оралып келе жатып, ізін аңдыған әскерге кездеседі. Ол осы әскерден бір адам қалдырмай қырады. Содан ауылына келіп сұмдық қырғынды көреді де, әскерін алып жаудың артынан қуады. Бірақ жете алмайды.

Келер 1934 жылы Елісхан әкесінің асына қазақтың игі жақсыларын шақырып қоштасады. Осылай туып-өскен топырағын тастап, 600 үйді бастап Үндістанға қарай тартады.

2000 жылы Алматыда жарық көрген «Алтайдан ауған ел» атты өзінің тарихи естелік кітабының 14-ші бетінде Халифа Алтай атамыз: «Елісхан алған бетінен қайтпайтын жігерлі, ержүрек, батыр адам болатын. Ол бастап көшкен 600 түтін Дөңбастау шекарасына келгенде, көшті кейін тоқтатып қойып, тосқауылда жатқан әскерлерге тұтқиылдан шабуыл жасады. Бейғам жатқан әскердің көбі өліп, біразы қолға түсті. Елісхан жаудың тірі қалғандарын бір жерге жинап, мәлімет алды да, азық-түлік беріп қоя берді. Қаруларын қолға түсірді. Әскерлерден қалған танк, машиналарды сарбаздар талқандап, аттарына таға соғып алды. Осында бір түнеп, Гансу аймағының Тула деген жеріне барып қоныстанды», - деп жазыпты. Әрі осы көштің топ ортасында атамыздың өзі де болған.

Осылай қуғынға түскен қазақтар Үндістанға өтіп, Кашмирде 12 жыл мекендеп, ақыры Түркияға барып тұрақтады. Алғаш жолға шыққанда көшке ілескен 20 мың адамнан Синагарға 2500-дейі ғана тірі жеткен. Осылардың ішінде бес айлығында өліп қалған анасының ішінен тірі шыққан Томық бар еді. Алланың құдіретін қарамайсыз ба, жолда 18 мыңдай адам қаза тауып немесе жау қолына түсіп, жоғалып кетіп жатқанда бес айлық шала туған Томық тірі қалған. Тегі көшпенді елде шала туған сәбиді тымаққа салып, кереге басын түгендеп өсіретін дәстүр бар-тын. Сол сияқты Томық деп ат алуының өзі «Тымақ»-қа қатысты шығар. «Тымақ» өзгеріп, түрікше «Томық» болып кеткен сияқты.

Бірде Астанаға Хасан Өралтай ағамыз келді. Сөз арасында Томық туралы сұрадым. Ол кісі: «Томық ағаң дін аман Стамбул қаласының Зейтүнбұрын ауданында тұрып жатыр», - деді. Ол кісіні әлі тірі шығар деп ойламап едім, іштей «Алла ғұмыр берсін» дедім. Хасакең жуықта тағы хабарласты. «Томық аға күйлі ме?» деп сұрадым. «Жуықта сырқаттанып ауруханаға түсіпті, иншалла жазылып қалар» деді Хасакең. Әрі Томық ақсақалдың әр жылдардағы суреттерін және қысқаша өмір тарихын жазып жіберіпті. Тағдыр жазып екі рет үйленіпті. Бірінші әйелінен төрт ұл, екінші әйелінен бір ұл, төрт қызы бар екен.

Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабай ағамызға жолығып, Томықтың суретін көрсеттім. «Түркиядағы қазақтармен байланысыңыз бар ғой, мына адамды танисыз ба?» дедім. Қарады да, «Бұл - Томық» деді. Оған қосып мынадай мәлімет айтты: «Түркияда 20 мыңдай қазақ бар. Осылардың ішінде қазақтың тілін ең жақсы білетін және майын тамызып сөйлейтін бір-ақ адам бар. Ол осы - Томық».

Көрдіңіз бе, қазақ мектебі тұр ғой, оның көлеңкесін көрмеген Томық қария осындай адам. Әй, тектілік-ай деген...

ӨЛІП-ТІРІЛГЕН ҚЫЗ

Өлген адам тіріліпті дегенді естіген адам болуы мүмкін, бірақ көрген жан көп емес шығар. Үш-төрт жылдың алдында осыдай оқиғаны бастан кешірген апамен жолықтық. Ол кісі Астанадан 30 шақырым жерде орналасқан Сарытерек ауылында тұрады. Туған жері - Сыр өңірі. Нағыз бір байыпты, байсалды, жүзінде мейірім тұнған, ұл өсіріп ұяға қондырған, қыз өсіріп қияға қондырған, шарапаты мол салиқалы жан. Бес саусағынан өнер тамған шебер.

Аты-жөні ­- Қанзира Жүрәліқызы. Сыр өңірінің бір пұшпағы Жалағаш жерінде өмір сүріп, ауыл, аймағы «Мақан сопы» атап кеткен, әсіре тақуа, шариғаттың жолынан таймаған, жүрегіне Алланың назары түскен адамның келіні екен. Қанзира апамыз осы атасы туралы айтқанды өзіне парыз санайтын сияқты. Өйткені, атасының өмірі өзгелерге өнеге, бүтін бір ұрпаққа тағылым боларлық ғибратқа толы.

Марқұм сондықтан да «Мақан сопы» атанған болу керек. Осы сопы атамыздың 1937 жылы зайыбы дүниеден өткен көрінеді. Бірі жеті жаста, екіншісі бір жаста Шайзада, Иманзада аты ұлдары қалыпты. Жарықтық қос ұлын түнде бүрге шағып кетеді деп, қапқа салып ұйықтатып, үйдің төбесіне іліп қойып, күзетіп қонады екен.

Қанзира апамыз бен сопының үлкен баласы Шайзада екеуі 1957 жылы шаңырақ көтерген. «Осы жылдары, - деп еске алады Қанзира апай, - атам бір жыл бойы үзбей, 12 ай ораза ұстады. Себебін сұрағанымда, балаларым жас болып, кей жылдары оразам қаза кеткен еді, соны өтіп жүрмін деді».

Қанзира апамыздың әкесі Жүрәлі мен анасы Айшаның бауырына бала тоқтамапты. 10 баласы бірінен соң бірі өліпті. Он бірінші болып дүниеге тағы бір қыз бала келген екен, оны туа сала «сізге бала болсын, ақиретке дейін сұрамаймыз» деп, баласы жоқ Төлебай деген кісіге басы бүтін беріпті. Алдында 10 баласы шетінеп, әбден запы болған ата-ананың қолымызда тұрса тағы өліп қалар, одан да бір ұрпаққа зар болып жүрген пенденің бауырында болсын деген ұйғарымы екен. Осы қыз - бүгінгі Қанзира апамыз.

Содан екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, Төлебай майданға аттанады. Марқұмның басқа туыс-туғаны да жоқ екен, қолындағы төрт жасар Қанзираны құшақтап алып келіп, шынайы ата-анасы Жүрәлі мен Айшаға тапсырады. «Сендерге Алла алдында аманат, егер соғыстан аман-есен оралсам, өзім алам, оралмасам Ұлы Жаратушының атымен сендерге аманат қалдырдым, өлтіріп алмаңдар» дейді. Төрт жыл төсінде ойнатып, қолқасына иісі сіңген жас нәрестесін осылай аманатқа тапсырып, Төкең көзінің жасын көлдетіп, соғысқа атаныпты. Кетіп бара жатып, «Я, Алла, осы балама ғұмыр бер» деп, қос қолын көкке жайып дұға тілепті. Білетіндер айтады екен, Төлебай ат шананың қарасы көрінбей кеткенге дейін екі қолын көкке көтеріп, жалбаранып, жылап бара жатты деп.

Төлебай майданға аттанған соң арада бір жарым жыл өткенде аманатқа тастап кеткен қызы Қанзира кенет қайтыс болады. Бұрында 10 баласын жердің қойнына берген Жүрәлі мен Айша тағдырдың салғанына көніп, көрші өзбек молданы шақырып, жас сәбиді арулап, оң жаққа қояды. Ертеңінде алыс-жақын туыстарына хабар айтып, келесі күні жерлеуге ұйғарыпты.

Айтпақшы, бұл оқиға Тәшкент қаласының маңында болған. Алты айдың алдында Жүрәлі отбасын бастап, осы жерге қоныс аударған екен. Сөйтіп, Қызылорда жақтан келетін туыстарын күтіп, мүрдені ерулетіп отырған түнде анасы Айша түс көреді. Түсінде есік алдында шығып тұрса, бір қара ит үйге ұрланып кіріп бара жатады, оны қуып жібереді. Артынан ол қызыл ит болып келеді, тағы қуып жібереді. Әлгі екі ит адам кейпіне еніп қайта келеді. Олар айтады: «Біз періштелер едік, баланың жанын алғалы келдік», - дейді. Содан екеуі қыздың табанынан бастап жоғары өрлете сипап, кіндік тұсына келгенде бала ықылық атыпты. Сол сәтте періштелер «Мына бала Алланың атымен аманатқа тапсырылған екен, жанын алуға болмайды, жанын өзіне қалдырдық» деп, шығып кетіпті...

Түсінде үміт оты жанып оянған Айша жүгіріп күйеуі Жүрәліге барады. Түсінде көрген оқиғаны айтып, «өлген қызды барып көрші» дейді. «Қайтыс болғанына күн жарым өтті, мүмкін емес» дейді күйеуі. Анасы болмайды. Содан күйеуі мүрденің бетін ашуға батылы бармай, қолтығына қолын салып көрсе, жып-жылы. Алланың әмірі болғанын ол да түсінеді. Сонда да бетін ашпай, алдына көлденең салып ұстап отырады. Қыздың табанынан бастап жылып, жан кіре бастайды, тура жылу көкірекке келгенде, қыз «су ішем» деп бетіндегі ақ жамылғыны лақтырып тастап, атып тұрыпты. Осылай төрт жарым жасында Қанзира апамыз өліп, қайта тірілген екен.

*****

Қазақтар «аманатқа қиянат жүрмейді» дегенді көп айтады. Адамзаттың абзалы деп аманатқа қиянат жасамайтын адамды айтады. Соңғы пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с) жас кезінде аманатқа адалдығымен жұрттың назарын өзіне аударған. Шын мәнінде әрбір пенде Алланың аманатын арқалып жүр. Қазақ шайырлары «Алланың аманатқа берген жанын кезегі келген күні тапсырамын» деп бекер жырламаған. Құранның «Ниса» сүресінің 27-інші аятында: «Алла сендерге аманаттарды лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етті. Расында Алла толық естуші, тым қырағы», - делінген.

Сол сияқты ислам шариғаты бойынша, мал-мүлік, бала-шағаң - саған аманат. Пенде баласы аманатқа қиянат жасамайды. Аманатты қадірлеу арқылы адамзат Алланың жақсылығынан үміт етеді. Тағы да Қасиетті Құранда «Тағы олар сондай аманаттарын, уәделерін сақтаушылар. Және олар, куәліктерінде бекем тұрушылар. Міне солар бейіштерде құрметке бөленетіндер» («Мағараж» сүресі, 32,33,35 аяттар) дейді.

Құран аяттарымен қатар аманат жайында айтылған хадистер де бар. Мысалы, Абдулла ибн Омардан жеткен хадисте: «Егер сенде төрт нәрсе болса, дүниеде нені жоғалтсаң да, зиян келмейді. Олар: аманатты сақтау, шын сөйлеу, көркем мінез, халал тамақ», - делінген.

Бағзы заманда халық қатты қадірлейтін оқымысты адамның әйелі дүниеден өтіпті. Зайыбынан айырылған пенде қатты қайғырып жатып қалыпты. Оның көңілін ешкім аулай алмапты. Осы оқиғадан хабар алған бір әйел заты қайғы меңдеген оқымыстыға жолығу үшін келіпті. Қарауындағылар ғалымға «сізге жолығу үшін бейтаныс әйел келді» дейді. Қабылдайды. Әйел айтады: «Мен бір кісіден аманатқа деп әдемі алқа алып таққан едім. Иесі сұрап болмады. Мен алқаға қатты бауыр басып қалған екем, бергім келмей тұр не істейін ақыл айтыңыз». Ғалым басын көтеріп, «Аманатқа қиянат жасауға болмайды, алқаны иесіне тез қайтарыңыз» депті. Сонда әлгі әйел: «Алла сізге сыйлаған аманатын алған екен, неге сонша қайғырып жатырсыз», - депті. Осы сөзден кейін оқымысты бұрынғы қалпына дереу келген екен.

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚЫРАН

Құсбегілік өнерге соңғы жылдары араб жұрты қатты қызығатын болыпты. Әсіресе дәулетті адамдар сұңқар баптап, ұстағанды аса ұнататын көрінеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Араб Әмірлігінің шейхтері сонау итарқасы қияндағы Байөлкеде қыран құс баптап, аң аулайтын қазақ деген халықтың жұрнағы тұрады дегенді естіп, өз көзімен көрмекке құмартыпты. «Іздегенге - сұраған» дегендей, сол тұста Монғолияның атынан Мысырда отырған төтенше және өкілетті елші, ұлты қазақ Сайран Қадырұлы дейтін азаматтың араласуымен бұл жұмыс жүзеге асыпты.

Осылай Алтайы қырандар Арабия топырағына барып, ақ сәлделі араб шейхтерінің шерін тарқатыпты. Араб әмірлігіне бүркіт баптап апарған байөлкелік Шайзада Жақайұлы мен Ардабек Қинаятұлы деген азаматтар екен. Осы сапар жайында Шайзадамен әңгімелесудің сәті түсті.

Шайзаданың әңгімесі:

Бізге «келсін» деген хабар 2002 жылдың желтоқсан айында жетті. Содан бүркіттерімізді алып, Ұланбатырға айырпланмен (ұшақты айтады -Б.Қ.) ұшып жеттік. Астанада оншақты күн аялдап, құстың құжаттарын, өзімізге виза дайындап алып, тура ақпан айының 12-сі күні Мәскеуге келдік. Қолымызда бүркіт, түлкі тымағымыздың үкісі желбіреп, мұртымыз салбырап жетіп келген бізді көріп, орыстың кеденшілері шошып кетті-ау деймін, көзі шегір сары қыз шаңылдап шыға келді. «Атып жіберсең де өзің біл!» дегендей маңқиып тұра бердік. Алтайдың бүркіті Мәскеудің мәдениетін қайдан білсін, бір әредікте менің қолымдағы құс сувенир сатып тұрған дүңгіршекке қарай саңғытып кеп жібергені.

Бізді бүркітімізбен қосып кеденнен Сайран Қадырұлы алып өтті. Кешікпей Мәскеу - Дубай бағыты бойынша ұшатын көлікке отырдық. Таңертең Дубайға келіп қондық. Мұнда күннің ыстығы - 30 градус. Кеше ғана 30 градус суықтан шыққан едік. Айнала сағым қуған қызыл құм. Қала тап-таза. Жап-жасыл. Пальма ағаштарын көрдік.

Ұшақтан түскен жерде үстеріне ақ халат киген екі араб жігіті бүркіттерді алып кетті. Бізді Дубай қаласынан 165 шақырым жерде орналасқан Әбу Даби шаһарына алып келді. Бес жұлдызды қонақ үйге орналастырды.

Қаладан 60 шақырым жерде биіктігі 120 метр қолдан тұрғызылған жасанды төбешік бар екен. Өздері оны «тау» деп әспеттейтін көрінеді. Осы «таудың» етегінде патшаның «Құс базасы» дейтін торланып, арнайы жасалған орын бар. Осында сұңқардың түр-түрін өсіреді екен. Біздің бүркіттерді әкеліп осында орналастырыпты. Бізді көргенде, бүркіттеріміз қанатын қомдап жіберіп, дүр сілкінді. Еріксіз көзіме жас үйірілді. Жат жұртта жәутеңдеген өмір-ай деген...

«Біздің бүркіттер мұндай ыстықты көрмеген, қайырымнан жаңылып қожырап кетсе қайтеміз» деп қорықтық. Күнделікті баптап, ара-тұра шырға салып дайындай бастадық. Ол елдің түлкілері біздің жақтың қарсағынан да кішкене. Қояны біздің таудың көжегі тәрізді. Мұндай ұсақ аңды ұстап көрмеген қырандар аңға түспей ұятқа қалдыруы да мүмкін еді.

Содан бір күні «Мансур шейх келіп көреді» деген хабар жетті. Шейхтың жасы 80-нен асқан адам екен. Бірнеше алғыншақ әйелінен 19 баласы бар. Бар үрім-бұтағымен төрт-бес машинаға отырып, айналма жолмен төбенің басына келіп тоқтады. Құдай сақтасын, мына дүниенің бүкіл телетілшілері шейхке еріп келді. Жарқ-жұрқ, сатыр-күтірден бүркіт тұрғай, өзіміздің есіміз шығып кетті. Маған бүкіл әлем бізге қарап тұрғандай елестегені...

Ат шаптырым алаңқайға 2 түлкі, 3 қоянды жіберді. Бізде бір Аллаға сиынып, бүркіттердің томағасын сыпырдық. Жарықтық құс екеш құстың да намысы бар екен, екеуі қайқаң етіп, қайшылай аспанға көтерілді. Қайтер екен деп, қарап тұрмыз. Ойпырым-ай, атқан оқтай шүйіліп келіп түлкі, қояндардың ту-талақайын бір-ақ шығарды. Байғұс аңдардың жүні шашырап аспанға ұшты. Осы ғұмырымда қыранның осылай зарына кіргенін бұрын-соңды көрмеген едім. Ал кеп ағыл-тегіл жылайын. Жанымызға шейхтің өзі келіп, қос бүркітті қолына ұстап суретке түсті. Осылай Арабияда абыройымыз асты.

Қайтарда бізді бастап келген Сайран мырза өз жұмысымен Мысырға кететін болды. Жолдасым екеуіміз бүркіттерді тастап кетуге бел байладық. Өз басымызды аман-есен елге жеткізсек, соның өзі үлкен олжа еді. Біз кеткен соң бүркіттердің аяғына сақина салып ұшырып жіберіпті.

*****

Арада тағы бір жыл өткен соң бүкіл жұрт ғажайып оқиғаның куәсі болды. Арабияда қалған Шайзаданың қоңыр бүркіті туған топырағына оралыпты.

ҚАРА ЖАРТАСТЫҢ ҚАСИЕТІ

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Бай-өлкеден басталған көш Қазақстанның маң даласын бетке ұстап жөңкіліп жатты. Осы ұлы дүбірдің арасында Ауғанбай атты құсбегі қазақ Алтайы қоңыр бүркітін жұртқа тастамай көшпен бірге алып келген еді. Бұрынғы Жезқазған облысына қарасты шеткі ауданға келіп қоныстанады. Бір отар қой алып, Балқаш көлінің жағасындағы ескі қыстаққа жайғасады. Жыл өтеді. Туған жерін ойлап өгейсіген көңіл орнығады. Бірақ қолындағы Алтайы қоңыр бүркіті жерсінбейді. Бір-екі рет көлдің қалың қамысында қыстаған қоян, қарсаққа салып байқаған екен, аңға шүйілудің орнына, қайқаң етіп көкке шаншылатын әдет тауыпты. Оның бер жағында «қызыл көз» ферма бастығы "мынаны жоғалтыңдар" деп зікір салатынды шығарыпты. "Шекарадан қалай асырдың?", "Бүркіттің паспорты қайда?", "Денсаулығы туралы анықтамасы бар ма?" деп, «ќызыл көз» бастық қоңыр бүркітпен өшігіп алады.

Бүркіт тұрғай, өздерінде паспорты жоқ бейбақтардың қолынан не келе қойсын!.. Содан амал-айласы қалмаған құсбегі "обалына қалмайын" деп жыл асқан соң қыранын босатып қоя берген.

Балақ бауынан ажыраған қоңыр бүркіт қыстақтың үстінде ұ-з-а-қ айналып ұшып, бір мезетте екі рет шаңқ етіп "піштақтап", тіке көкке өрлеп бұлтқа сіңіп кеткен. Ауғанбайдың өзі, әйелі, бала-шағасы бәрі жылап қала берген.

Бұлар жылап тұрғанда, «Урал» мотоциклын өкіртіп ферма бастығы келіп қалады. Масаң бастық "Сендерге не болды?" деп кіжіңдейді. Ауғанбай сонау биікте қара ноқат қалықтап жүрген қыранды көрсетеді. Аспанға бір қарап, жылап тұрған Ауғанбайға бір қарап, қора шетіндегі бос қалған қоңыр қыранның тұғырына бір қарап, көктемдегі көксоқты болған кәрі текедей басын шайқап, мәңгірген бастық: "Өздері жанын баға алмай отырып, ұшып кеткен бүркітке жылайды, ақымақтар-ай, ха-ха-ха..." - дейді. Дүниені жаңғыртып, іштегі кегі кепкенше күліп жөніне кетеді.

Содан арада айлар өтеді. Жылжып жылдар өтеді. Екі арада совхоз тарап кетіп, Ауғанбайдың қыстағын «қызыл көз» бастық малымен бірге сатып алады. Шиеттей бес баласын шұбыртып ауылға келген отбасына, алдындағы малын қосып, бақтырған мектептің директоры жұмыс, тұратын баспана тауып беріп, көмектеседі. Ел қатарлы өмір сүріп жатады. Арба, шана жөндейтін қолының ептілігі бар азамат ауыл ішінде абыройсыз да емес еді.

Арада тағы бір жыл өткен соң, Ауғанбай өзінің туып-өскен ауылына қыдырыстап келеді. Көрмегелі төрт-бес жыл болған ағайындарымен шұрқырасып табысады. Сағыныштың мауқы басылып, тасыған көңіл саябырсыған соң Ауғанбай нағашысының құла бестісін тақымына басып, бала күнінде қой жайып, қозы ќайырған Бұғана сайды өрлеп, байырғы қыстауы - Қара жартасқа беттейді. Екі ара - жарты күндік жол. Күн көтеріле атқа қонған Ауғанбай екінті мезетінде Қара жартастың етегіне ілінеді. Ел осы Қара жартасты қасиет тұтады. Өйткені тас өзегін қуалап аққан бұлақ бар. Суы тастай суық. Жүз метрдей ылдилап барып қия беттегі шым астына сіңіп кетеді. Осы бұлаққа оқ тиіп жараланған қоңыр аңдар келіп, қан аққан жарасын суытып, жазылады. Әрі жартастың ұшар басында бүркіттің балапан басатын ұясы бар. Ауғанбай баяғыда қоңыр бүркітін осы ұядан алған болатын...

Туған жерін аңсап келген азамат құла бестінің ауыздығын алып, аяғын тұсап, отқа жіберіп, жантайып жатып, қыратты алқапқа көз тастайды. Кенет шаңқ еткен қыранның дауысы ойын бөліп жіберді. О, құдірет төрт жыл бұрын босатып жіберген қоңыр бүркіті Қара жартастың қиясында отыр. Дәл өзі. Ауғанбай атып тұрып шырға салып бүркітін шақырды. Қалықтай ұшып таяп келді, бірақ қолына қонбады. Тағыланып кеткен болар. Ауғанбай үшін оның қонбағаны да дұрыс еді...

Осы оқиғадан кейін Ауғанбайдың еңсесі езіліп, егіліп жылайды. Япырмай, қоңыр бүркіт құрлы болмады-ау...

*****

Бұл әңгімені Ауғанбайдың өз аузынан естідім. Бұл 1996-шы жыл болатын. Моңғолия мен Ресей шекарасындағы Ташанта кеден бекетінде Бай-өлкеге өте алмай екі күн аялдадық. Ауғанбай бала-шағасын шұбыртып туған жеріне қайта көшіп барады екен. "Неге бұлай істедің" дегенімде осы әңгімені айтып берді. Мен де ойланып ќалдым.

ӘРКІМНІҢ ТУҒАН ЖЕРІ -МЫСЫР ШӘРІ

2008 жылы шілде айының ортасында отбасымды бастап, Астанадан алыс сапарға аттанған едім. Атам қазақ «Атың барда желіп жүріп жер таны, асың барда беріп жүріп ел таны» дейді емес пе. Оның үстіне атының айылын тартып мінуге жарап, алды азамат атанып, бозбала шақтың бозала таңымен таласа өсіп келе жатқан үш ұлыма туған өлкемді бір көрсетіп, сахараның салбурыл қыраны ұшқанда қанатым талды деп жылайтын, ұшар басын мәңгі мұздақ көмкеріп, күміс дулығасы күн шапағына шағылысқан Алтайдың қарлы шыңдарына қаратып тұрып, ырғай сапты сегіз өрім бұзау тіс қамшыны екі бүктеп ұстап, ұлдарымның топшысын бір-бір қағып алмаққа аттандым. Өйткені, баяғыда шалдар бізді сөйтіп қағатын. Мүмкін, сол күндерден қалған сартап сағыныштың сарығы шығар... Осылай біз отырған автобус құланиек шығыстың құба таңын бетке алып тартып отырды. Бағытымыз - Бай-өлке.

Ертеңінде таңғы сағат 6.00-де Керекуден шығысқа қарай 100 шақырымда орналасқан «Шарбақты» кеден бекетіне келіп жеттік. Ар жағында таяқ тастам жерде Ресейдің «Құлынды» кедені тұр. Содан тексеріс басталды. Қысқартып айтқанда, мұндағы жұмыстың «шапшаңдығы» соншалық, сол күні түс ауып, сағат 15.00-ден өткенде барып әрең шекара астық. Тағы бір байқағанымыз: еліміз шекарасындағы аталмыш бекеттен бір ауыз қазақша жазылған нұсқау немесе парақшаны әдейі іздеп таба алмайсыз. «Бұл қалай?» деген сыңайлы ренішімізді бет әлпеті майланған бір кеденшіге айтып көріп едік, анау: «Сенің шаруаң қанша?» , - деп ежірейгенде, өзіміз шошып кеттік. Қой, құрысын, өткізбей тастап жүрер...

Шіркін, Таулы Алтайдың табиғатына тамсанбай өткен жан жоқ шығар. Барнауылдан шыққан соң тура Қосағашқа дейінгі 1000 шақырым жалғыз аяқ жол тауды жарып, орманды тіліп өтеді. Табиғаты тамаша. Ресейдің шаңғышылары жаттығатын спорттық базалардың барлығы осы өлкеде орналасқан. Әрі омарта мен марал, бұлғын өсіретін шаруашылықтардың дені осында.

Жолай кездескен ауыл, аймақтардың атына қарап, бұл өлкенің көне түркінің байырғы бесігі болғанын аңғарасыз: Туйкта, Онгудай, Ялаган, Курали, Монжерок, Тұраты, Ақтас, Улаган, т.б. Ақтас пен Тұратыда қазақ бауырларымыз тұрады екен. Ақтастағылар тілін ұмыта қоймапты. Ал тұрмыс-салттарында алтайлық дәстүр басым. Тұратылық туғандар тілінен баяғыда түңіліп кеткен. Алтай-қазақ-орыс тілдерін араластырып, шамасы жаңа бір тіл шығарып алғанға ұқсайды. Бір қызығы, бұл туғандардың жүзінен ешбір алаңдаушылық байқалмайды. Рухтары иілмеген. Қарны тоқ, көйлегі көк адамдар сияқты. Сондықтан да шығар, осы ауылдың бір уыс қазағынан Ұлы Отан соғысы кезінде Қ. Туғанбаев және Ж. Елеуісов деген екі бірдей Кеңес Одағының Батырлары туып шығыпты. Олардың атында көше және мектеп бар екен.

Жолай «Курия» дейтін елді мекенге әдейі ат басын бұрдық. Бұл - атақты өнертапқыш, «автомат» қаруын ойлап шығарған инженер, генерал-лейтенант М.Калашниковтың туған ауылы. Ауыл ортасында конструктордың құрметіне арналған шағын мемориалдық мұражай бар екен. Суыт жүргендіктен, ішіне кіріп көре алмадық.

*****

Осылай Астанадан аттанған сәттен бастап санағанда, 48 сағат тоқтамай шапқылап, Бай-өлке аймағының шекарасына келіп кірдік.

Бұл - менің туған жерім. Қасиетті де қадірлі мекенім. «Әркімнің туған жері - Мысыр шәрі» деген... «Алыстан бауырым келді» деп етегіне сүріне жығылып, аңырап келіп құшағына басқан жалғыз апайымның иісін-ай. «Ағамыз келді!» дегенде, арда емізіп үйреткен қысырақтың құлыны құла тайына тоқым салып, алдымыздан аңқылдатып шауып жеткен елдегі інімнің жалғыз ұлының көзіндегі қуанышқа бұл дүниеде тең келер ештеңе таппадым. Біз барған күні аспанның түбі тесілді. Таудан құлаған сел қой тастарды ағызып әкеп суағарға жинап тастады. Құдай-ау, жапан даланы су басып кетсе де, менің кәрі жездемнің киіз үйінің іргесін жарып бір тамшы су кірмеді. Әбден қоныс пен өріске иі қанып үйренген жұрт баяғыда үйді айналдыра терең мор тартып тастаған екен. Далада байлаулы тұрған қоңыр бүркіт «аспаннан тас жауса да, мыңқ етпеймін» дегендей, басын оң жақ топшысының астына тығып алған, тыпыр етер емес...

Өңі түгілі, түсінде көрмеген көшпелі өмірдің ортасына топ ете түскен ұлдарым ат мініп, арқан тартып ағайынмен араласып кетті. Маған да керегі осы еді. Сонау биікте ноқаттай болып бүркіт қалықтаған қарлы шыңның ұшар басына ұз-а-қ қарап тұрып, жаратқанға «тәуба» дедім. Қазағым, аман болсын!

Осы бай-өлкеліктер үшін ең қымбат дүние не десеңіз - ана тілі. «Түрі ұқсас, тұрмысы бірдей моңғол жұртына сіңісіп кетуден сақтап тұрған жалғыз құралымыз осы» дейді ағайындар. Аймақ көлемінде 35 орта мектеп бар болса, соның 34-і таза қазақ мектебі екен. Барлық балабақшалар тек қазақ тілінде тәрбие жұмысын жүргізеді. Соңғы жылдары әлемнің түкпір-түкпірінен туристер өте көп келетін болыпты. Тек біз шекара асқан күні Еуропаның 14 елінің азаматтарынан құралған 80 «Джип» автокөлігін мінген жүздеген туристер бірге келді. Осылардың бір-екеуіне ертеңінде өзіміздің жайлауда тағы кездестім. Олар Кәртеңбай шалдың биебауының басында кешке дейін отырды. Барып келген келіндер күліп жүр: «еуропалық бейбақтар кәрі атадан қазақ тілін үйреніп жатыр», -деп. Осыны естіген жарғақ құлағым селк ете түсті. Ойпырым-ай...

*****

Бай-өлке аймағынан шығысқа қарай 200 шақырым жерде Қобда дейтін аймақ орналасқан. Бұл аймақ менің қызмет атқарып, жар сүйіп, шаңырақ көтерген өлкем. Батыс Моңғолияның ежелгі орталығы Қобда қаласының 250 жылдық тарихы бар. 1940 жылы Бай-өлке аймағы жеке шаңырақ көтергенге дейін әкімшілік орталығы болған. Осында ат басын бұрудағы басты себептердің бірі - 1930 жылдардың басында моңғолдың батыс өлкесін тұрақтандыру үшін Қазақстаннан барып жұмыс істеген, кейбір мәселелерде асыра сілтеймін деп жергілікті қазақтардың қолынан қаза тапқан ОГПУ-дың капитаны Кенжебек Рүстембекұлы Көшенов туралы мәлімет жинастыру болатын.

Кенжебек Көшенов кім? Бұл кісінің туған жері Көкшетау облысы көрінеді. Кейбір деректерде «Ресейде туған» депті. 1932 жылы арнайы тапсырмамен Ұлан-батырға келген. Содан Қобда аймақтық ішкі істер бөліміне «кеңесшілік» қызметке тағайындалған. Осы шамада Қытай елінен 500 үйлі қазақ қауымы Моңғол жеріне өтіп келіп қыстайды. Бұларды «жөнге салу» жайлы тапсырма алған Кенжебек Көшенов әскер күшімен бір тайпа елді моңғолдың ішіне қарай айдайды. Ел көшуден бас тартады. Әскерлер мен халық арасында қақтығыс орын алады. Қазақтар моңғол әскерлерін қырып тастайды. Бірақ Кенжебекті өлтірмейді. Қытайдың шекарасына дейін тірі алып келеді. Ақыры осы араға келгенде Бексұлтан Тәпкіұлы дейтін азамат Кенжебекті атып кетеді. Біз бұл мәліметтерді архив құжаттары негізінде айтып отырмыз. Бір қызығы осы оқиғаның ішінде Халифа Алтай атамыз да болған. Ол кісінің «Алтайдан ауған ел» (Алматы, 2000 жыл) атты естелік кітабында «Кенжебек айдаған» дейтін бөлек тарау бар.

Кенжебек Рүстембекұлы өлгеннен кейін мүрдесін үкімет адамдары алып келіп, 1933 жылы Қобда қаласынан 3 шақырым жердегі Қызыл таудың бөктеріне жерлеген екен. Осы зиратты өз басым өте көп жыл іздедім. Қалай болса да, жат елден топырақ бұйырған қазақ азаматы емес пе, бір белгі тұрғыза салайын деген ниет болды. «Сақалына сары шіркей ұялап, қазақтың басы қайда қалмаған» (Доспамбет жырау).

Осы жолы армай-талмай екі күн іздеп, марқұмның зиратын тауып, адаспастай белгілеп қойдық. Басына «Халықтың тыныш өмірі үшін жаны пида болған, құрметті чекист сені ұмытпаймыз!» деп моңғол тілінде жазып, тас-тақта орнатқан екен, жазу өшудің аз-ақ алдында тұр. Аты-жөні баяғыда өшіп қалыпты.

*****

Біздің сапар тек ет жеп, қымыз ішу емес, қазақ тарихына қатысы бар-ау деген дүниелерді шолып шығу мақсатына қарай ойыса берді. Қобда қаласында екі күн болып ел астанасы Ұлан-батырды бетке алып, тағы да жолға шықтық. Жол бойы орналасқан Гоби-Алтай, Баян-қонғыр, Өбір-қанғай, Түп аймақтарын басып өтіп, 1700 шақырым дала жолымен желдей жүйткіп отырып, атақты Хан тауына ат басын тіредік. Ұлан-батыр қаласы осы Хан тауының етегінде орналасқан. Қаланы жиектеп Тула өзені ағып жатыр. Жағасы қалың тал. Ертеде осы арада атақты Керей Тұғырыл ханның ордасы болыпты. Тұқаңның құрметіне іргедегі биік тау «Хан тауы» атанған екен. Бірнеше жыл бұрын моңғол археологтары Тұғырыл ханның ордасы қонған алқапқа қазба жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде Керей тайпасы сол дәуірде христос дінін ұстанды дерлік бірде-бір айғақ табылмапты. Ескі қоныстан тәңірлік дінге қатысты заттық айғақтар көптеп табылыпты.

Біз Ұлан-батыр қаласына аялдамай, орталықтан 40 шақырым жердегі Налайх дейтін қалашыққа тура тарттық. Осында бір түстеніп алған соң, қалашықтан 10 шақырым жерде орналасқан атақты түрік данабозы Тоныкөктің басына бардық. Тоныкөк кешені - байырғы түрік мұраларының ішіндегі ең жақсы сақталғандарының бірі. Ақсұр гранит тасқа бәдізделіп қашалған бабалар сөзі мен жалпақ тасқа салынған оюлар ескінің көзіндей ыстық.

Ескерткіш кешеннің қасына Түркия республикасының елшілігі шағын ғимарат тұрғызып тастапты. Кешен қорықшысының айтуына қарағанда болашақта осы үй музей болатын көрінеді. Қорықшыға айлықты Түркия елшілігі төлейді екен. Жалпы, моңғол даласындағы барлық көне түрік ескерткіштерін қамқорлығына алған - Түркия елі.

Ұлан-батыр қаласының өзінде ең үлкен көшелерінің бірін «Анкара» деп атапты. Оның бойына Кемал Ататүріктің ескерткіші орнатылыпты. Қаланың орталығында екі жерде моңғол-түрік лицейі бар екен. Түрік бауырларымыз ислам дініне қатысты алғашқы оқулықтарды моңғол тіліне аударып, тегін таратып жатыр. Оған мемлекет тарапынан шектеу жоқ. Өйткені, осы елдің президенті Н. Энхбаяр мырза Араб елдеріне сапарынан кейін орталық теледидар арқылы мәлімдеме жасап, ислам мәдениеті мен ислам діні туралы өте жақсы пікір білдірген екен. Тіпті Құранды моңғол тіліне аудару туралы тапсырма беріпті. «Оны аударуға атақты ғұлама Бабыр бас болып жұмыс атқарып жатыр» дейді білетіндер.

*****

Жаңағы Тоныкөк ескерткішінен алыс емес, солтүстік тұсында Шыңғыс қағанға арнап әлемде теңдесі жоқ ескерткіш салынып жатыр. Оған да барып көзбен көріп қайттық. Ескерткіш ақ күмістей жылтырап, көктегі күнге шағылысып тұр. Аттың құйрық жағында жоғары көтерілетін саты орналасқан. Сол арқылы келушілер аттың жалына дейін көтеріліп шыға алады. Әлемге ұлы Шыңғыстың көзімен қарайды.

Ескерткіш кешенді салу жұмысы 2006 жылдың сәуір айында басталыпты. Ескерткіштің биіктігі - 78 метр. Әлемде ат үстінде тұрған бұдан биік ескерткіш әзірге жоқ көрінеді. Батыстың баспасөзі жаһанды қан қақсатқан жауыз адамға осындай ескерткіш тұрғызу теріс деп «ойбайлап» жатыр. Оған қарап жатқан моңғол жоқ. «Қолдарыңнан келсе шауып ал!» дегендей, жұмысты жалғастыруда. Қазірдің өзінде әлемнің шартарабынан келіп көрушілер өте көп. «Болашақта ескерткіш кешеннің айналасына 800 киіз үй тігіп, көшпенділер қалашығын орнатамыз» дейді жоба авторлары.

*****

Тағы бір айта жүрерлік жаңалық: біз барған тұста Моңғолияның ішкі өлкелерін мекендеп жатқан барлық қазақтар жоғарыдағы Шыңғыс қағанның ескерткіш кешенінің қасына жиналып, дәстүрлі «Алтын бүркіт» фестивалін өткізді. Осындай фестивальді 2006 жылы Шарынгол дейтін өлкенің қазақтары алғаш рет ұйымдастырған екен, биылғы кезек Налайхтағы қазақтарға бұйырыпты. Барлық шығынды кәсіпкер азаматтар өздері көтеріп отыр. Осы мерекеден тыс қалып жатқан бір адамды көрмедік. Кәрі әжелер ұлттық киімдерін әзірлеп, жік-жапар болып жатса, мектеп оқушылары үлкен концертке дайындалып, қанжілік шапқында жүр.

Осындай ешқандай әкімшіліктің нұсқауынсыз, халық өзі ойлап тауып, өздері шын ықыластарымен дайындалып өткізген мерекені өз басым тұңғыш көріп тұрған сияқтымын. Қит етсе Еуропаға шапқылап, Парижге барып айтыс өткізетін ағайындар тап осы тойға барып бір көрсе ғой. Басқаша ой түйіп қайтқан болар еді.

Өткен наурыз айында да осы қазақтар ұлтжанды азамат Сайран Қадырұлының бастамасымен «Бүркітшілер тойын» жасаған екен. Оған Моңғол елінің президенті Намбарын Энхбаяр өзі келіп қатысып, қолына қыран құс қондырып тұрып қазақтарға ақ тілек алғысын білдіріпті.

*****

Жоғарыдағы ауылдағы тойдың бәрін өткізіп тастап, Ұлан-батырға келдік. Қала онша өзгере қоймаған. Әдеттегі өзіміз күнде көріп жүрген биік үйлер, жалаңдаған сауда нүктелері... Бұл бізге жаңалық емес. Баяғы әнімізге басып, орталық архивке жүгірдік. Ондағы мақсат - Моңғолия қазақтарынан шыққан тұңғыш генерал Мүдәрісұлы Жайсанып туралы мағлұмат қарастыру болатын. Қадірлі азамат, Ұлы Құрылтай депутаты, әскери қайраткер, генерал Жекей Қалидолдаұлының арқасында ісіміз оңға басты. Генерал Ж. Мүдәрісұлы жайында бұрын-соңды қағаз бетіне түспеген көптеген фотоқұжаттарды тауып алдық.

Түстен кейін генерал Жекей Қалидолдаұлының бастауымен марқұм Мүдәрісұлының зиратының басына барып дұға жасадық. Қалай болғанда да, Моңғолия қазақтарынан туып шыққан екі генерал бар. Біз басына келіп зиярат жасап тұрған Ж. Мүдәрісұлы - 1944 жылдың сәуір айында Ұлы Құрылтай басқармасының №22 Жарлығымен генерал-майор атағын алған тұңғыш қазақ. Әрі көп жыл Әуе күштерінің Бас қолбасшысы қызметін мүлтіксіз атқарған даңқты ұшқыш. 1939 жылғы Халқын-гол соғысы мен 1945 жылғы Жапонияға қарсы ашылған азаттық майданында Моңғол әуе күшін бастап соғысқа қатысқан қолбасшы. Марқұмның әйелі Мария Петровна дейтін орыс ұлтының өкілі екен. Бір ұл, бір қызы болған. Генерал дүние салғаннан кейін әйелі балаларын алып, төркіні Ресейге көшіп кеткен.

Ал қазақтан шыққан екінші генерал Жекей Қалидолдаұлы - менің бала күнгі досым. Екеуміз Сүхе-батыр атындағы әскери институтта бірге оқыдық. Офицер болғаннан кейін де қызметтес болдық. 1990 жылдардың басында мен барлық шен-шекпенімді сыпырып тастап, Қазақстанға тартып отырдым. Жекей болса, Мәскеу қаласындағы әскери академияға оқуға аттанды. Міне содан бері қаншама жыл өтті. 18 жылдан кейін Ұлан-батырда басымыз қосылды. Жекей Қалидолдаұлы - қазір Ұлы Құрылтайдың депутаты. Әскери ғылымның докторы атағын Мәскеуде қорғады. Қазақ тұрғай, моңғол әулетіне беделді азамат. Әсіресе, әскери салада аты аңызға айналған қолбасшы болды.

Досым екеуміз бала-шағаларымызды бастап Жайсан төбенің басына шықтық. Ұлан-батыр қаласы алақандағыдай көрініп тұр. Осы төбенің «Жайсан төбе» атануында үлкен тарих жатыр. Жоғарыдағы ұшқыш ағамыз Жайсанып 1941 жылы Моңғол үкіметінің орнағанына 20 жыл толған мемлекеттік мереке кезінде әскери ұшқыштарды парадқа бастап шығып, күллі халықтың көзінше өзі басқарған ұшағын осы төбенің ұшар басына әкеліп қондырыпты-мыс. Сол күннен бастап аты жоқ биік «Жайсан төбе» аталып кеткен. Қазір төбенің басына алып ескерткіш орнатылған. Осының бәрін фотоға түсіріп алдық. Алдағы күндері ретіне қарай айта жатармыз...

*****

Ақыры Ұлан-батырдан аттанатын күн де келіп жетті. Бейжіңнен шыққан пойызға отырып, Ресей жеріндегі Иркутск қаласына ат басын тіредік. Қала Аңғар өзенінің сағасына орналасқан. Бұл маңда да сол байырғы түркі атаулары толып жатыр. Бұрындары машинамен әрең баратын тайганың жыныс орман-тауларын тесіп, теміржол салып тастапты. Бұл соңғы бір-екі жылдың ғана жемісі секілді. Осыған қарап-ақ, қазіргі Ресейдің даму қарқынын бағамдай беріңіз.

Әлемге аты танымал ең таза сулы Байкалдың жағасында бір күн болдық. Иркутскіде соңғы 35 жылдан бері тұрып келе жатқан досым бізді көне шамандар ордасына ертіп апарды. Олардың мекені тайганың қалың жыныс қарағайының ішінде екен. Кәдуілгі шамандық дәстүрлі ғұрыптарды атқаратын арнайы орындары бар. Шамандар арасына барғанда фото аппарат, бейнетүсірілім құралдарын алып жүруге қатаң тыйым салған. Біз де дәстүрді бұзбадық. Бір қызығы, осы шамандарға Ресейдің белгілі тұлғалары «бал аштырып» келіп, кетіп тұрады дейді. Шамандардың жын шақыратын әдіс-айласы өзіміз бала күнде көп көрген қазақ бақсыларының әрекетіне өте ұқсас көрінді.

Сонымен, Аңғар өлкесінен тағы жолға шықтық. Жолай Зима, Нижнеудинск, Красноярск, Ачинск, Новосибирск, Барабинск қалаларын басып өтіп, Омбыға келдік. Жол жүрген адамға бәрі де кездеседі емес пе, осы сапар барысында әлемдегі ең ұзын адаммен бірге екі күн дәмдес болдық. Ұлты - моңғол. Аты-жөні Орғыл-болат екен. Бойының ұзындығы - 2,20 метр. Жасында самбо күресімен айналысыпты. Әлем чемпионы деген атағы бар. Бұл адам жайында бұрын да білуші едік. «Құлақ естігенді көз көреді» деген осы-ау шамасы, теңдессіз алып күш иесі ретінде әлемге әйгілі адаммен осылай дәмдес болдық.

Арада 18 күн өткенде, айналып Астанаға ат басын тіредік.

БАЙ-ӨЛКЕ БАУРАЙЫНДАҒЫ НАУРЫЗ

Өскемен қаласының әуежайынан көтерілген «АН-24» ұшағы сәт сайын бауырын жазып, биіктей берді. Кенді Алтайдың қар басқан қарағайлы қырқалары табан астында мүлгіп жатыр. Біз пақыр оған сонау биіктен көз тастаймыз. Баяғыда бір аңқау атамыз атан түйеге мініп алып, «аспанға бір табан жақындадым» деп мақтанған екен. Біз де сол жарықтықтың арғы-бергі жағындамыз. Балта сабынан асып қайда барады...

Ұшақтың оң қапталында аспанға тік шаншылған найза шың мұнартады. Әйгілі Мұзтау-Шамбала осы болар деп түйдік. Көзді ашып-жұмғанша, біз мінген ұшақ оны айналып өтті. Аттап өтуге дәті жетпейтіндей көрінеді. Тым биік. Ұшар басы ақша бұлтты қақ жарып қасқиып қарап тұр. Тамаша көрініс. Қасқа шыңның басында хас қыранның ұясы бар шығар. Онда көзінен от шашып ақ қауырсын балапан отырған болар. Нағыз қыран қыста жұмыртқалайды-мыс. Алпыс градус аязда болбыр жұмыртқалар тарс айырылып, қағынан жарылып кетеді. Сары уызы тасқа айналып, шың басында мәңгіге қалады. Нағыз қыран тудыратын жұмыртқа жарылмайды, шытынамайды, қабыршығы сәл-пәл сетінеп, бір күні сары тұмсық, ақ қауырсын балапан шығарады. Ол мына ғаламда жоқ қыран болады...

Осылай қиял қуып, ойға шомып отырып, ұшақтың Жазатыр даласына келгенін аңдамай қалыппыз. Оның арғы жағында Укок ойпаты жатыр. Көз көрмесе де, көңіл шіркін сезеді. Бірнеше жылдың алдында дәл осы ойпаттан әйгілі «Алтай ханшасы» табылған. Мүрдесі ондаған ғасыр жер астында бұзылмай сақталған. Ойпаттың күнгей жақ бөктеріндегі Берел қорғанынан З.Самашев басқарған қазақ археологтары тағы бір ханзада мен жеті жиреннің бүлінбеген мүрдесін тапқанын осы жұрт ұмытпаған болар. Құдай-ау, арасы -ары кетсе, 100 шақырым ғана жер.

Укоктың шығысында - Бай-өлке аймағы. Ұшақ бұл өлкеге жақындаған сайын қардың шеті сетінеп, дәл шекараға келгенде, жоқ дегенде «арқар жалақ» етерліктей түйір қырбақ-қар көзге түспеді. Түсінікті: өткен жаз аса қуаң болды деп естігеміз. Жергілікті жұрттың тілімен айтқанда, «жұт жайлап жатыр» деген сөз. Не болса да, бара көрерміз...

Ақ қардың астына басылып, орталық көшелерінен көлік жүре алмай әбігерге түсіп жатқан Өскеменнен ұшып шығып, бір жарым сағаттан соң тамшы қарға зар болып, малы ішер су жоқ қырылып жатқан Бай-өлкеге келіп қондық. Бұл наурыз айының 18-і болатын.

*****

Бай-өлкеге барған қазақстандық делегацияны жергілікті атқамінерлермен бірге Моңғолияда отырған Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Данияр Қадыров мырза күтіп алды. Бізді бастап барған - Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы Астана қалалық филиалының төрағасы Мұрат Түсіпбаев мырза. Біздің міндет - «Астана ақшамы» газеті атынан ақпараттық қолдау көрсету. Нақтырақ айтқанда, Бай-өлке баурайында өтетін Наурыз мерекесіне қатысып, мұндағы ағайындардың тыныс-тіршілігімен танысып, шет жайлап, қиыр қонып жүрген бір қазақтың көкейдегі сөзін тыңдап, көкірегіндегі шерін сарқу.

Бұл өлкенің де сырттан келген адам біле бермейтін «ойпыл-тойпылы» көп. Оны екінің бірі сезе бермейді. Бірақ біз пақырыңыз қазанның түбінде жатқан қара қаспаққа шейін қырнамасақ та, сүт бетіндегі қабыршық қаймағын іліп алатындай қауқарлы сияқтымыз. Өйткені, көп жылдың алдында балалықтың сәби бейнесін бозталдың түбіне жылатып тастап кеткен едік...

Қысқасы, қонақ үйге келіп, орналасып болғаннан кейін, төрде шіреніп тұрған көк сандықты (телевизор) іске қостық. Моңғолдың ұлттық күресі жүріп жатыр екен. Ұлан-батыр қаласындағы 6 мың орындық «Балуан сарайы» адамға лық толған. Қиқулаған үндері көк сандықты жарып жібергелі әзер тұр.

Моңғол жұртының бір ерекшелігі: ұлттық күресін қатты құрметтейді. Үйі өртеніп жатса да елең етпей, күресін көріп отыра береді. Содан ләззат алады. Баяғыда Шыңғыс қағанның сахараға үрлеген зор рухынан қалған жалғыз мұра осы. Өздері күнде күресе бермейді. Үлкен мереке, айтулы тойларда ғана белдеседі.

Бұл жолғы күрес наурыз мейрамы қарсаңында қазақ халқының құрметі үшін ұйымдастырылған екен. Тікелей эфир арқылы күллі елдің төрт түстік, сегіз тарабы түгел тамашалады. Ең соңында ақырғы белдесуге шыққан екі арыстың бірі жеңіс тұғырына көтерілді. Оған ҚР Елшілігі мен «Жерлестер одағы» атынан ақшалай сыйлық табыс етілді. Әрі ақ самырсынды дымы қанғанша алты жыл кептіріп, өгіздің сүйегінен өрнек салып жасаған домбыра табыс етілді. Моңғол балуаны ақ домбыраны басынан асыра көтеріп тұрып, перде тақтайына маңдайын тигізіп, шертпеуірінен бір сүйіп, дүйім жұрттың алдында тағзым етті.

*****

Бір күн өтіп, ертеңінде немесе 19 наурыз күні Бай-өлке аймақ әкімі Қабыл Сәтейұлының қабылдауында болдық. Әкім әңгіменің басын «Ұлан-батыр қаласында Қазақстан Республикасы тарапынан салынып жатқан «Қазақ мәдени орталығы» астанада емес, қазақтың шоғыр қаймағы қоныстанған Бай-өлкеде бой көтергені дұрыс еді» деп пікір білдірумен сабақтады. Айта берсе, мұнда да шешімін таппаған дүниелер көп. Атап айтқанда, аймақ орталығында орын тепкен С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің бөлімшесі төрт аяғынан тұралап тұр. Болашақта оқу жұмысын қалай жалғастырады, ол жағы белгісіз...

Халықтың күнкөріс көзінің 80 пайызы тек мал шаруашылығы өнімдерінің сатылуына байланысты. Мұндағы 100 мыңнан астам қазақтың қолында 2,6 млн қой бар. Ірі қара мен жылқының саны 600 мыңнан асып жығылады. Биылғы жұттың салдарынан мал бағасы тым арзандап кеткен. Біздің бір мың теңгеге бір қой сатып аласыз. Қайран арзан өнім кім көрінгеннің қолында кетіп жатыр.

Кеңес заманында осы малдарды Бай-өлкеден айдап, Семейдегі ет комбинатына әкелетін үрдіс болған. Қазір бұл жол жабық. Қазақстан мен Бай-өлкені бөліп тұрған 60 шақырымды әне-міне саламыз дегелі де оншақты жылдың жүзі болып қалыпты. Болашақта бұл іс баянды болар деген үміт бар.

Тағы бір келеңсіз дүние: Қазақстаннан қайта көшіп барған немесе қоныс аударамыз деп сол елдің азаматтығынан шығып кетіп, көше алмай қалған, нақтырақ айтқанда, екі мемлекеттің қай-қайсысының да азаматтығын қабылдамай, ортада сандалып жүрген қандастар да бар екен. Өткен жылы осындай 250 адам моңғол елінің азаматтығын қайта қабылдаса, қалған 200-ден астам адам әлі сенделіп жүр. Арасында алаяқтарға жем болып, не азаматтығын, не квотасын ала алмай қалғандар да баршылық.

Кездесу соңында әкім мырза «қазақстандық кәсіпкерлер келіп, жұмыс жасаймын десе, жол ашық» деді. Моңғолия - бизнес жүргізуге ең қолайлы елдің бірі. Мұндағы салық ставкасы дүниежүзі елдерімен салыстырғанда өте төмен. Кәсіп ашуға ыңғайлы.

*****

Арада тағы да бір тәулік өтіп, наурыздың 21-і күні таңертең бізді аймақ әкімінің іс басқару орнына шақырды. Мәселенің мәнісі былай екен: түстен кейін сағат 16.40-та Бай-өлке аймағына Моңғол елінің басшысы Намбарын Энхбаяр келеді. Президентті әуежайдан күтіп алу үшін арнайы топ тағайындалған. Осылардың қатарына құрметті қонақ ретінде бізді де қосыпты.

Түстен кейін, күн жамбасқа аунаған тұста бір топ қазақстандық азаматтар елшіліктің көлігіне отырып, әуежайды бетке алып шықтық. Кешікпей Президенттің ұшағы да келіп қонды. Салтанатты қарауыл қабылдағаннан кейін қолына гүл шоқтарын ұстап, қазақша киінген мектеп оқушылары қарсы алды. Домбырасын үкілеген екі жігіт қазақша көсілтіп арнау айтып, Елбасының көңілін жібітті.

Әуежайдан тіке тартқан Н.Энхбаяр мырза халықпен жүздесу үшін аймақтық мәдениет сарайына келіп кірді. Жиынды аймақ әкімі Қабыл Сәтейұлы ашып, құрметті Елбасына сөз берді.

- Тау қыранын қолына қондырған халықтың рухы да биік болуы керек - деп сөзін бастаған Мемлекет басшысы күллі халықты келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, таза қазақ тілінде «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» дегенді айтып, мұндағы қазақтың көңілін жадыратты.

Тарихтың таразысына жүгінсек: Алтайдың күнгейі - Қобда бетіне (Моңғол елінің батысы) қазақтардың қоныстанғанына 140 жылдың жүзі болыпты. Содан бері 20-дан астам Еңбек Ері, бір Халық батыры, 100-ден астам ғылым докторлары мен кандидаттары шыққан. Моңғол Ұлттық ғылым академиясының академигі атанған 4 қазақ бар. Тағы да 4 қазақ азаматы мемлекеттік сыйлықтың иегері болса, «Халық әртісі», «Халық жазушысы» марапатына қолы жеткендер саны бес-алтау.

Аймақ көлемінде жалпы орта білім беретін 35 мектеп бар екен. Соның 34-і - таза қазақ мектебі. Мұндағы барлық іс-қағаздар қазақ тілінде жүреді. Тағысын-тағылар...

Сонымен, Елбасы Н.Энхбаярмен жүздескен халық арыз-армандарын айтып, ақтарылып жатты. Көбі - әлеуметтік мәселелер төңірегенде. Дей тұрғанмен, бай-өлкеліктердің болашағы үшін алаңдатарлық ахуалдар да естіліп жатты. Атап айтқанда, тұрмысы төмен, табысы аз отбасылар саны ел көлемінде 24 пайыз болса, бұл көрсеткіш Бай-өлкеде 30 пайыздан асып барады. Мемлекет бойынша сабақтан тыс қалған мектеп жасындағы 8000 баланың 2000-ы бай-өлкеліктердің үлесінде. Сөйте тұра, бұл елдің Білім және ақпарат вице-министрі қазақтың қызы көрінеді. Аты-жөні Күләнда Шоңай. Мамандығы - журналист. Бұл мәселе бойынша жедел шара қолдануды Президент мырза Күләндаға жиын үстінде тапсырып жатты.

Өз басым осы кездесу үстінде болашақта ауыз толтырып айта жүрерліктей үлкен тарихи оқиғаның куәсі болдым. Бұдан былай Моңғол елінің негізгі заңын қазақ азаматтары қазақ тілінде оқып, заң жүзінде керектенетін болады. Осыған байланысты Елбасы Н.Энхбаярдың Жарлығы шығып, Ата Заң қазақ тіліне аударылыпты. Жиын барысында Ата Заңның қазақша аударылып, Президент қол қойған алғашқы сувенирлік нұсқасы халыққа табыс етілді. Көпшілікке тегін таратылды.

Мемлекеттің негізгі заңы қазақ тіліне аударылуына байланысты Мемлекеттік Әнұранды қазақтар өзінің ана тілінде орындайтын заңды құқыққа ие болды. Ол жайында тағы да Елбасының Жарлығы оқылып, қолма-қол қазақша киінген 30-дай қыз-жігіт сахнаны айнала қоршап тұрып, моңғолдың Әнұранын қазақша шырқады. Көлденең тұрып тыңдаған біздің көкірегімізді қуаныш кернеді.

*****

Дәл Наурыздың таңы атқан күні Бай-өлке топырағы нұр шуаққа бөленді. Кешеден бері терістен орай соғып тұрған Қобданың қызыл желі сап тиылған. Сонау көз ұшындағы мәңгі мұздақ бүркенген ақ шағылдарға құлаған күн сәулесінен шашырап ұшқан күміс сынықтар көз қарықтырады. Қала іргесіндегі Бөкен таудың басында ақ бас құлжа мен ақ шулан арқар алып мүйізін шайқап қойып, Наурыз таңына тамсана қарайды.

Аймақ орталығындағы тай шаптырым алаңға жағалай киіз үй тігіп тастаған. Құдайға шүкір, бұл елдің байлығы - ет. Қайда барсаңыз, қайнап жатқан қазан-қазан қазы-қарта мен үйме-үйме жал-жая.

Сағат таңертеңгі 10.00-де жанына нөкерлерін ілестіріп, Елбасы Н.Энхбаяр келді. Қасында бәйбішесі бар. Түгелдей қазақтың оюлы шапаны мен сырмалы бөркін киген. Мемлекет басшысының басында керейдің пұшпақ тымағы. Белінде кісесі салбыраған күміс белбеу. Аршындай басып халықтың алдына шықты. Әдеттегідей дүйім жұртты тағы да қазақшалап тұрып мерекесімен құттықтады.

Содан кейін... содан кейін ағыл-тегіл салтанатты шеру басталды. Аймақ орталығында тұратын 30 мың халықтың тең жартысы шеруде жүр. Оны әдейілеп ешкім ұйымдастырмайды екен. Жылдағы әдет. Әркім осы күні тек қазақша киініп алаңға шығады. Тамаша көрініс, ғажап сурет...

Алда ақ сақалы желбіреп Қыдыр ата көш бастап келеді. Соңына ерген 100 шақты қыз-жігіт қатар тұрып, Құрманғазының «Сарыарқасын» күңірентті. Аса таяғымен жер тіреп тоқтаған Қыдыр ата «Бейбіт елдің берекесі кетпесін!» деп бата берді.

Осылай үздіксіз ағылған аламан шеру тура бір сағатқа созылды. Бәрі қазақша, бәрі жарасымды. Қолдарына көтергені - ұлттың аталы ұран сөздері. Алаш арыстарының алтынға айырбастауға болмайтын нақылдары. Халықтың арасында сексенге келіп белі бүгілген қарттан бастап, аяғын әнтек-тәнтек басқан сәбиге дейін бар. Нағыз халықтық мереке.

Өз басым дәл осындай шаттыққа толы той болар деп ойламаппын. Ұзынқұлақтың айтуына қарағанда, биыл тұрмыс-жағдайдың ауыр болуы себепті той шеруін сәндеу жылдағыдан нашар болды дейді. Нашары бұлай болса, жақсысы қандай боларын елестете алмадық...

Ақыры шеру де аяқталды. Алаңға жиналған мыңдаған адамның алдында қазақстандық делегация атынан жоғарыдағы Мұрат Түсіпбаев мырза халыққа сөз арнап, Наурыз мерекесімен құттықтады. Соңы Шығыс Қазақстан облысынан барған өнерпаздардың концертіне ұласты.

*****

Ақыры той тарқарға да келіп жеттік. Біз білетін дерек бойынша, әлемнің 20-дан астам мемлекеттерінде қазақ диаспоралары тұрып жатыр. Әлеуметтік жағдайлары да әрқилы. Соның бірі - Бай-өлке қазақтары. Өзінің салт-дәстүрі мен тілін жақсы сақтаған. Бірақ мұндағы орта мектеп бағдарламасында «Қазақстан тарихы» оқытылмайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Ұлан-батыр қаласындағы Қазақстан елшілігі студент жастарға Қазақ тарихын оқытуды қолға алып жатқан көрінеді. Сонымен қатар елшілік жанынан 60 студент жастардың басын қосқан оркестр ашылыпты. Алдағы маусым айында Ұлан-батыр қаласында қазақтардың кіші құрылтайын өткізуді жоспарлап отыр.

Түйіндеп айтқанда, мұндағы қазақтардың жағдайы жаман емес. Елшілік қарайласып жатыр. Елбасылары өзі келіп құрмет көрсетіп отыр. Тіпті тойға тігілген киіз үйлерден дәм тапқан Н.Энхбаяр мырза қолын жайып, қазақша бата айтып, бет сипағанына куә болдық. Бұл рәсімді бүкіл қазақ халқына, Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа құрметі деп түсіндік. Себебі Н.Энхбаяр мырза Қазақстан басшысын қатты қадірлейтіні туралы халықпен кездесу барысында бірнеше дүркін қадап айтты.

Соңында бізді аттандырып салған Моңғолия Президентінің өкілі Н.Энхбаяр мырзаның атынан президенттің қолы қойылған алтын сағат сыйлады.

АТЫҢ БАРДА ЖЕР ТАНЫ, ЖЕЛІП ЖҮРІП...

Тарих тұнған өлке

Арқаға астана көшіп келді. Алаштың рухы оянды. Дәл қазір елорда төрінде ойдан-қырдан жиналған оқымыстылар ой толғатып жүр. Аса білімдар, жазушы ағамыз Әнес Сарай: «Япырмау, Арқадан айтулы қаламгерлер көп шыққан еді, дейтұрғанмен, өлке тарихының мұртына балта тимепті, мына дала тұнып тұрған тарих, бүгіп жатқан шежіре екен», - депті кезекті бір сұхбатында.

Жазушы бұл сөзді тегін айтпаған екен. Оған дәлел, жуықта Торғай өңіріне жолымыз түсті. Бұл - шертіп қалсаң, шежіресі төгіліп жүре беретін қазыналы аймақ. Сонымен...

*****

...Астанадан ақшам түспей қозғалған жолаушы пойызы митың жүріспен өрге тартып келеді. Аздан соң күздің қысқа күні ұясына беттеп, қызыл іңір жамырап, ымырт үйірілді. Ыстық тонарда қызған оттың жалыны шарпымай, сап-сары боп піскен таба нанның құлжа сауыры тәрізді маң дала әп-сәтте түннің қап-қара қойнына сіңіп бара жатты...

Сол заматта біз мінген шабан пойыз ырғалып келіп, шағын бекетке тоқтады. Стансаның аты - Колутон екен.

«Дәл осы жер Абылай ханның жаз жайлауы болған» деуші еді өлкетанушы Баянбай Хұсайынов марқұм. Айтса айтқандай, 1761 жылы қазақ даласына барлау жасаған орыс тыңшысы Ф.Гордеев Троицк бекінісінің команданты П.Роденге жолдаған жазба хатында «Атбасар өзені бойындағы Колутонды қазақтың сұлтаны Абылай жайлап отыр» деген жолдар бар.

Қысқасы, хан жайлауын жанай өтіп, ары қарай кеттік. Таң алдында оянсақ, пойызымыз Жарқайың стансасында ентігін басып тұр екен. Бұрындары құлағымыз көп шалған тарихтың тағы бір сорабы осы арадан қылаң берді. Сонау 1391 жылы атақты Ақсақ Темірдің құсни хатшысы Әли Шарафатдин өзінің тарихнамасында: «Біз Ұлытауды басып өтіп, Есіл өзенінің бойындағы Жарқайың қонысына келдік», - деп жазды емес пе?.. Тарихшының өзбек тілінде жарық көрген кітабы дәл осылай деп тұр. Ұлы жиһангез Ақсақ Темірдің тұяғы тиген Жарқайыңыңыз осы болды. Арқаға аттап бассаңыз, осы тәрізді өткен күннің оқиға сораптары толып жатыр. Бірақ соны білетін адам бар ма бұл жақта!? Әнес ағам бірдемені біліп айтқан-ау, тегі... Алдымызда - Арқалық!

Торғай - тұңғыштардың Отаны

Сапарлас інім Азамат Есенжолұлы: «Аға, тұрыңыз, Арқалыққа келіп қалдық», - деген соң, ұйқы тығылған көзімізді тырнап ашып, ел қатарлы терезеге телміре қалдық. Жаңа жер, жаңа ел, топырағы түлеп жатқан Торғай өңірі - Ыбырай атам мектеп ашқан, Әліби, Ахмет, Міржақып, Амангелділер туған жер. Кейінгі толқын да осал емес. Марқұм ақын Ғафу Қайырбеков айтқандай: «Торғай - тұңғыштардың Отаны».

Беу, «дүние - кезек» деген осы екен, кешегі Кеңес Одағы тұсында дүркіреген Арқалықтың бүгінгі ахуалы - сал ауруға шалдығып, көп жыл тар төсекке таңылып, енді-енді есін жиып, дертінен сауығып келе жатқан ауыр науқас сияқты елестеп кетті. Бұрынғы 70 мың халықтан қалғаны - 20-ақ мың. Басқасы ел аман, жұрт тынышта көшіп кеткен. «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар» демекші, бір «аяздың» болғаны анық. Ол жағы атүсті шолғыншылап жүрген бізге беймәлім. Әрі-беріден соң сынап-мінеуге тіпті хақымыз да жоқ. Қайта тауары арзан, оқуы көп ел екен. Бұл да жақсылық емей, немене?

Шағын қалада 1 институт, 4 колледж бар. Еліміз бойынша ең арзан жоғары оқу орны осында. Біз барған күні Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік пединституты ішінен «Торғай өлкесінің даму тарихы» атты орталық ашылды. Астанадан шақырылған қонақтар - тарихшы Қойшығара Салғараұлы және ақын Қонысбай Әбілдермен бірге біз де бата берісіп, «баянды болсын» айтып шықтық.

Мұражайдағы мамонт һәм жылан-сандық

Арқалыққа ат басын бұрған адам қаладағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық мұражайына кіргені жөн. Өйткені мұнда тамашалауға тұрарлық дүние көп. Әрбір бұйым өлке тарихынан сыр шертеді. Тоқанай-Албарбөгеттен табылған қола дәуір бұйымдары, ұлттық этнографиялық мұралар, әртүрлі тарихи оқиғаларды бейнелейтін шағын макет қондырғылар- өткен тарихтың елесіндей ыстық. Мұражай үш қабат үйге орналасыпты. Сыртқы есік көзінде ғарыштан келген қондырғы тұр. Анау аспанға біздің Байқоңырдан ұшқан оғландар, қайта қайтқанда, топ етіп Торғай даласына түседі. Бұл содан қалған бір белгі.

Мұнда біздің назарымыз екі дүниеге ерекше ауды. Олар - ерте дәуірде өмір сүрген мамонттың қаңқасы мен жылан-сандық. Алып мамонттың қаңқасы 1974 жылы Ұлы Жыланшық өзенінің бойындағы «Жыңғылды» сайынан табылған. Оны тауып алған ауылдың жігіттері Арқалықтағы «көп кітап оқитын кісі» Сейіт Кенжеахметовке хабарласқан. «Жыңғылдыдан адам сенгісіз ірі қараның үлкен тоқбас жілігі табылды» деп сәлем айтқан. Секең «Оны не істедіңдер?» десе, ауылдың аңқау қазақтары «Шағып көріп едік, ішінен жарты қасық май шықпады» деп бастарын шайқапты.

Содан Сейіт ағамыз барып көріп, «Бұл мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген, қазіргі піл сияқты мамонт дейтін жануардың қаңқасы, қазақтар мұны «зіл» деп атаған» деп, азаматтарға мән-жайды түсіндірген. Қысқасы, табылған екі қаңқаның бірі - Алматыдағы Зоология иститутында тұр да, екіншісі - мынау. Ортан жілігінің өзі бір метрге жақын, жамбас сүйегі мен омыртқа қабырғалары жақсы сақталған. Өкініштісі, өткен жылдары жөндейміз деп жүріп, зілдің қаңқа басын сындырып алыпты. Қалғандарын құрап-жамап қабырғаға қалқитып қойыпты.

Ал жылан-сандықты парсылар жасаған. Ертеректе сандықтың бетіндегі ою мүсіндес ұсақ жылан бейнелері жарықпен ойысып, қозғалып, ойнап тұратын дейді. Бертінде «Ойбай, мына сандық ескірді, арнайы маман алдырып, реставрация жасау керек» делінген. Содан Мәскеуден шебер алдырған. Шебер жылан-сандықты жөндеуін жөндеген, бірақ қозғалып тұратын жыландардың бояуын жаңалаймын деп жүріп, «өлтіріп» алыпты. Қазір жыланы өлген сандық сұлқ түсіп тұр.

«Сүйекке сүйек қосу»

Егер сізге тосыннан біреу келіп, «ұлан-байтақ Қазақстанның бір түкпірінде қай ғасырдан қалған ғұрып екені белгісіз, өлікті жерлеудің төтенше дәстүрі бар екен, олар өлген адамның мәйітін арулаған соң, жаназасын шығарып, жер астында арнайы жасаған сәкіде сақтайды да, келесі адам қайтыс болғанда, бұрынғы сәкіде сақтаулы тұрған өлікті терең етіп қазылған «көр құдыққа» тастайды, оның орнына жаңа мәйітті орналастырады, ол мәйіт келесі өлік келіп, өзін ауыстырғанға дейін ақ матаға оранып, сәкіде жатады» десе, сенер ме едіңіз? Әрине, сенуіңіз екіталай.

Бірақ осындай дәстүр бар және күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Бұндай рәсімді қазақ «сүйекке сүйек қосу» деп атайды. Басқа да мәні болуы мүмкін. Мысалы, оқымысты бабамыз Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1931 жылы дүниеден өткен соң өзін осылай жерлеткен. 1956 жылға дейін жер асты сәкіде денесі бүлінбей жатқан. 1952 жылы жазушы Сәбит Мұқанов арнайы барып көрген.

Осы сапарымызда, мүмкіндігіне қарай, «жер асты көрін» өз көзімізбен көріп қайтуды жоспарлаған едік. Зираттың ішіне түсіп көрмесек те, арнайы экспедициямен маман адамдар барып түсірген бейнежазбаны көрдік.

Көр-зират Арқалық қаласынан Ұлытауға қарай созылып жатқан қара жолдың бойындағы Сарыторғай ауылынан 50 шақырым қашықта орналасқан, бұрынғы Жезқазған мен Торғай облыстарының шекарасы түйіскен жерінде. Дөңестеу қырқада биіктігі 4-5 метр бүрмелі қызыл там тұр. Былайғы жұрт оны «Махат сахнасы» немесе «Сахна там» деп атайды. Ішке кіретін есіктің маңдайшасына құранның аят-дұғалары жазылған. Тамның жоғарғы сыртқы дөдегесін әсем ою-өрнекпен безендірген.

Сыртынан қарағанда, бұл тамды жер астындағы көрге түсетін қақпа деп еш ойламаймыз. Ал шын мәнінде бұл там - көр құдықтың қақпасы.

Жер астындағы жерлеу орнында әйел мен еркекті араластырмай, бөлек-бөлек қоятын көрінеді. Бұнда тек ғана бір атаның балалары жерленеді. Көр- зиратты өткен ғасырдың басында Махат Саржанұлы дейтін ұста салған. Ұстаның өзі, бала-шағалары жоғарыдағыдай әдіспен осында жерленген. Соңғы адам 1994 жылы қойылыпты. Ақ матамен ораған денесі сәкіде ашық жатыр.

Таңданарлық дүние - өліктердің денесі жатқан орында ешқандай иіс-қоңыс жоқ, көр құдықтың түбінде су ағып жатыр, әрі ішке салқын ауа кіріп тұр. Бұны бізге көрдің ішіне кіріп-шыққан мұражай қызметкері Асхат Аманжолұлы айтып берді. «Сахна там» қазір мемлекет қамқорлығына алынған.

«Батпаққараға барамыз!»

Түс ауғанға дейін қаланы аралап тастадық. Ендігі мақсат - күн ұясына қонбай тұрғанда Амангелді ауылына жетіп алу. Бағана институттың биік баспалдағынан тепеңдеп төмен түсіп келе жатқанымызда, көлденең кезіккен Қойшығара ағамыз: «Ал жігітім, енді қайда бармақсың?», - дегенде, жұлып алғандай: «Бақпаққараға барамыз», - деген едік. Кенет Қойшекеңнің қоңыр көзі нұрланып, мүбәрәк жүзіне сартап сағыныштың шелі кілкіп шыға келді. Біз байқамай айтып, ескі жараны тырнап жіберіппіз. Қойшекең «Баяғыда шалдар осылай айтатын» деп, іркіліп қалды.

Батпаққара ауылы Арқалықтан 150 шақырым жерде екен. Бұрын Батпаққара ауданының орталығы болған. 1936 жылы ауданға Амангелді батырдың аты беріліп, аудан мен ауыл орталығы «Амангелді» деп аталған.

1929 жылы 4 қарашада мұнда Кеңес үкіметіне қарсы үлкен көтеріліс болған. Ол жайлы ғалым Талас Омарбеков қадау-қадау жазып жүр. Көтеріліске кешікпей 80 жыл толғалы отырғандықтан, аудандық газет аталмыш оқиғаға байланысты тергеуге тартылған адамдардың тізімін жариялап жатыр. Жалпы саны - 600. Болған оқиғаны қырып-жонып, үрлеп жіберсе, үп-үлкен көтеріліс болып кететін түрі бар. Солай болатын да шығар.

Аудан орталығында тұратын Бөгетбай Әлмағамбетов атты қария бар. Жасы сексеннің үстінде. Өлке тарихын жатқа біледі. Көп жыл аудандық газетті басқарған адам. Қазір екі көзден айырылған, үйінде отыр. Кешкі елең-алаңда қарияға барып жолықтық. Бөкеңнің айтуына қарағанда, «Бұл - көтеріліс емес, бүлік. Оны басқарғандар - Әбәйділда Бекжанов, Сейітбек Қалиев, Ыбырай Баймұратов. Үшеуі бір үйдің қызын алған бажалар. Әбәйділда аудандық милицияның бастығы болған. Бар бітіргені: орталық дүкенді тонаған. Дүкеннің шашылып жатқан дүниелерін халық талап әкеткен. Артынан кім не алды, бәрін үкімет адамдары тізімдеген. Осылай 600 адамның аты тіркелген. Көтерілістің болғанын естіп, Әліби Жангелдин атамыз шауып жеткен. Сөйтіп, халықты жазалаудан аман алып қалған. Басқарған 12 адам ғана жазаға тартылған». Бұл шындықты білетін адамның сөзі.

Бөкеңнің бұдан басқа да өтті-кетті әңгімелерін тыңдап, түннің бір жарымында қоналқы орнымызға оралдық...

Таңертең ертерек тұрып, ауыл іргесіндегі атақты Сатыпалды ишан мазарына барып, дұға жасадық. Ишан 1826-1898 жылдары өмір сүрген. Торғайдағы діни ағартушылықтың басында осы кісі тұр. Өзі Ташкент, Бұқарада оқыған адам. Батпаққарада үлкен мешіт салдырған. Бертінде ишанның күмбезді мазарын құлатуға адамдар келіп, күрек-қайласын қолына ұстап, аттандап кіріскен. Құдайдың құдіреті, әлгілер сол жерде, сол мезетте бәрі бірдей өліп кеткен.

Ишан мешітінің қасына 14 бөлмелі үй тұрғызған. Сонда бала оқытқан. Айналасындағы ауыл-аймақ ишанды көріпкел, әулие тұтқан. Жаңа низам орнағаннан кейін, ишанның үйін Кеңес үкіметі милиция мекемесіне айналдырған, артынан әйдік түрме жасаған. Үлкен мешітін клуб жасаған. Ақыры 1969 жылы құлатып тастаған.

Енді осы кісіден атақты Файзолла қари туады. Бұл - Торғай тарихында өшпес аты қалған Файзолла Сатыпалдыұлы. Барлық ғұмыры қуғында, айдауда өткен. Көмейінен жыр саулаған ақын болған. Жазған-сызғандары «Айқап» журналында жарияланып тұрған. Атақты «Әбдіғапар хан», «Тоқымбет» дастандарын айдауда жүріп жазған. 1930 жылы Әліби Жангелдиннің көмегімен қуғыннан босап шығып, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысқан. ҚазКСР-дың құрылғанына 15 жыл толған мереке тұсында еліміз атынан «Бүкіл Одақтың старостасы» Калининге сыйға тартқан тарту-таралғыны жасаған осы кісі дейді жұрт.

Міне, осылай, Торғайдың топырағын түртіп қалсаңыз, шертіп шежіре шыға келеді. Көшеде кезіккен адам саған тұра қалып тарих айтып береді. Елдің зердесі мықты. Сөздері мипазбен басталып, мысқылмен аяқталатыны қызық... Байқау керек екен. Алдымен қызыл сөзбен желдетіп-желдетіп еліктіріп алады да, шама-шарқыңды бір байқап, ұнамасаң қаңғытып қоя береді. Артыңда әдемі бір анекдот қалады. Ол анекдот жыл сайын жаңғырып, жаңарып отырады.

Батырдың басындағы шырғалаң

Біз ишанныңбасында ишара жасап, тарихты түртпектеп жүргенде күн арқан бойы көтеріліп кеткен екен, келіскен жоспар бойынша салып ұрып Амангелді батырдың басына бардық. Жарықтыққа жақсылап тұрып ескерткіш орнатыпты, өзін осы ескерткіштің астына жерлепті. Қазір халық арасында екі ұдай пікір бар. Ескерткіштің артында бұрын кинотеатр болған екен. Ол қазір ойын-сауық орталығына айналған. Қысқасын айтқанда, батырдың басында күні-түні ызың-шу, дырду-думан. Тұрғындар арасында «енді не істейміз?» деген сұрақ күн сайын ұлғайып келе жатқан тәрізді. Біз де қалыс қалмай көлденең пікір білдірдік. Ол былай: ескерткіштен алыс тұрған Амангелді батырдың мұражай үйін қасындағы тойханаға көшіріп әкелу керек те, тойхананы мұражайдың ғимаратына қондырайық. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш».

Өйткені, батыр бабамыздың мәйіті соңғы тұрағына дейін төрт рет көшіріліпті. Алғаш 1919 жылы Торғай қаласында батыр қаза тапқанда оны өлтіргендер қаланың шетіндегі «Партизан» сайына апарып жасырын жерлеген. Артынан ағайындары мүрдені қайта қазып алып, Бегімбеттің Алакөліндегі ата-бабасының қорымына қойған. 1936 жылы Батпаққара ауданының аты өзгеріп, Аманкелдінің аты берілгенде Алакөлдегі батырдың сүйегін қайта қазып алып, ауданның шетіндегі қорымға жерлеген. 1958 жылы тағы бір саяси науқан өрбіп, батырды аудан орталығына әкеліп жерлеп, басына ескерткіш тұрғызу туралы бастама көтерілген. Ақыры төртінші рет көшіріп, қазіргі тұрағына қондырған.

Жоғарыдағы Бөгетбай қария: «1958 жылы бір топ қария, көбі батырдың бұрынғы сарбаздары Амангелді марқұмның сүйегін қазып алып, үлкен сандыққа салып, иықтарына көтеріп «ла илаһа иллалах» деп көшені күңірентіп, жаяу әкеліп жерлегенін көзім көрді», - дейді.

«Мен туралы ертегі жазып жүрмеңіз!»

Салқам топ ана-мынаны айтып батырдың басында ошарылып тұр едік, белсебет мінген бір жігіт қисайып келіп, қасымда тұрған Азаматқа сәлем берді де: «Бұл аға кім болады?», - деп мені сұрады. Азакең мені желдей есіп таныстырып жатыр. Ана жігіт жаңа туған төлін иіскеген кәрі саулық сияқты бір мекіреніп алып, «Журналист болса, Ольгаға неге апармайсыңдар!» деп жымың етті де, жалт бұрылып жүріп кетті.

Бұл ауылда Ольга Владимировна (фамилиясын жазып алмаппыз) дейтін орыс қызы тұрады екен. Ол екі жыл бұрын «қазақ болам, қазақ тілін үйренем» деп, Қостанайдан қашып келген. Қазір Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте ұстаз, әрі балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Жаңағы жігіт соны меңзеп тұр. Бізді қайтер екен дегені. Себебі, Ольганы көрмекке облыстан журналистер келеді екен.

Жолай Ольганы іздеп бардық. Өздері бір ауыз орысша білмейтін отбасымен бірге тұрады екен. Бұл өзінің қалауы көрінеді. Алғашында бізбен жүздесуден қашқақтады. «Сонау Астанадан келіпті» деген сөздің әсері болар, майысып-қайысып келді. Тап-таза қазақша сөйлестік. Бірден шарт қойды: «мен туралы ертегі жазып жүрмеңіз!». Түсінбей мәңгіріп біраз тұрдық. Қайдағы ертегіні айтып тұр. Үйден маң-маң басып бір бәйбіше шықты да: «Ольганың сөзін ауыр алмаңыздар, өткенде облыстық «Қостанай таңы» газеті жер-көкке сыйғызбай мақтап, мадақтап мақала жазған екен, соған ашуланып жүр» деді.

Қызық, біздің қазақ мақтан сүйгіштеу келуші еді, құдай-ау орысқа не болған. Онда мақтамай-ақ қойдық. Бірақ қазақ тілін үйренем деп қашып келгені рас қой. Қостанайда жүргенде 2-3 жыл қазақша үйрететін курстарға барған, қайта олар тіл үйретудің орнына миын ашытып жіберіпті. Түк те ұқпаған. Мұнда келіп адам болған. «Тілдік орта керек» деп шұрқырып жүрген кейбір ағалардың айтып жүргені рас сияқты.

Құтан әулие мен Кейкі батыр мазары

Батпаққарадан сәске болмай шығып, Арқалыққа қарай жол тарттық. Амантоғай ауылынан өткен соң қыр басында қалқайып тұрған мазарды көрдік. «Бұл атақты Құтан әулиенің зираты» деді менің білгір бауырым Азамат. Шопыр бала жылдамдығын азайтып, кібіртіктеп қалды. Әулиенің қасынан қатты жүруге болмайды дейді. Басына барып аят оқыдық. Аталық ұлы Құтан әулие 1690 жылы туып, 1780 жылы өмірден өтіпті. Өлерінде «менің мәйітімді ақ түйеге артып қоя беріңдер де, нар шөккен жерге жерлеңдер» депті. Сондағы нар шөккен жер осы екен.

Тағы бір қырдан асқан соң, Кейкі батырдың туған жері «Тасты» ауылының қарасы көрінді. Тура қара жолдың үстіне Кейкі батырға арнап ағайындары мазар салыпты. Жарықтық бұл батыр бабамыздың денесі Жалаулыда, басы Эрмитажда, мазары Тастыда... Бүгінгі қазақтың тағдыры сияқты әр жерде бөлініп жатыр. Ақын Жәркен Бөдешев айтқандай: «Жем болмай құзғын-қасқырға, жем болмай қашқын-пысқынға, біз қашан түгенделеміз, бір шаңырақ астында!».

***

Жарты күндік жүріспен бәрін түстеп-түгендеу мүмкін емес. Онымен өлке тарихын бүтіндей алмайсыз. Біз Батпаққарадан бері қайттық. Арғы жақта Ахаң туған Алакөл, Міржақыптың Қызбелі, Ыбырай мектеп ашқан Торғай даласы жатыр. Сәтін салған күні оған да бір соғармыз. Дүниеде қазақтың жерін аралап, елін көруден артық рахат жоқ шығар. Ол үшін өзіңнің де ел-жер тарихынан хабар-ошарың болғаны жөн сияқты.

КҮҢІРЕНДІ ҚОБЫЗ, КҮРСІНДІ ЖҮРЕК...

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсыруы бойынша Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы» атты МКҚК құрылып, қала іргесіндегі Ақмол ауылында мемориалдық кешен тұрғызылды.

Ақмол ауылы 1974 жылдан бастап, өткен 2007 жылға дейін «Малиновка» деп аталды. Одан бұрын «26-шы нүкте» немесе «Алжир» дейтін үрейлі өлке еді. 1937 жылдың желтоқсан айында «Алжир» лагерінің іргетасы қаланып, бір жылдан кейін халық жауы атанған адамдардың әйелдері әкелінген. Мұнда 8-15 мыңға дейін тұтқын әйелдер болған.

Мұражай кешені бірнеше композициялық нысанға негізделіп салынған. Ішкі көрінісінде қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттар және өткен ғасыр басындағы ұлт зиялыларының іс-әрекеті, халқымыздың басынан өткен зобалаң жылдар шежіресі, сондай-ақ жеке тұлғаларға қатысты заттар мен фотоқұжаттар жинақталған. Мұражай ұжымы бір жыл ішінде 3000-ға тарта экспонаттар жинапты. «Алжирдың аязы» және «Алжирліктер туралы естеліктер» атты екі фильм түсіріпті.

Бүгінге дейін келушілердің саны 10 мыңнан асыпты. Олардың арасында шетелдік қонақтар да бар. Мұражайдың тыныс-тіршілігімен танысу үшін біз де ат басын бұрдық.

«Қасірет қақпасы»

Музейдің қарсы алдында «Қасірет қақпасы» орналасқан. Бұл ақ және қара екі түстен тұрады. Ақ түс ағарып атқан таң болса, қара түс - қабырғаны қайыстырған қайғының белгісі. «Осы қақпадан өткен адам құрбандыққа ұшыраған пенделердің рухына тағзым ету керек», - дейді мұражай қызметкерлері.

Оң жақтағы қоладан құйылған әйел мүсіні «Күрес және Үміт» деп аталады екен. Қайғы мен қасіреттің қара бұлты санасын торлаған әйел образы. Мұнда әйел затына тән қайсарлық бар. Жаны қиналып, тәні азапталса да рухы сынбаған. Жан дүниесі үмітке толы. Азабы мол күндердің қатпар-қатпар көлеңкесін түріп тастап, сонау көкжиекке, алаулап күн бататын мұнарлы сағымға қарап отыр.

Сол жақта - ер адамның мүсіні. Ол «Әлсіздік» деп аталады екен. Неге екенін қайдам, жүзінде дүниеден түңіліп, еңсесін басқан ауыр мұң, әбден қайраты тайып, қажығандық байқалады. Басы салбырап түсіп кеткен. Бұл композицияны құрастырушылар ер адамды осылай сомдау арқылы әйелдің рухын асқақтатуды көздеген сияқты. Әйтпегенде, қасиетті жазбалардан «Адам атадан Хауа ана артық еді» дейтін бір түйір ұғымды адам баласы әлі ұшырата қойған жоқ.

Ал музейдің сыртқы кеспір-келбеті сонау бағзы дәуірдегі алтынмен апталып, күміспен күптелген сақ қорғандарына ұқсайды. Бір сөзбен айтқанда, құпиясын ішіне бүгіп жатқан ұлы даланың ұлағатты қорғаны сияқты. Қабырғаларында терезесі жоқ, керілген кереге пішіндес. Жарық шаңырақтан түседі. Былайша айтқанда, қазақтың киіз үйінің барлық моделдік бет-бейнесі сақталған.

«Өмір гүлі» өсіп тұр

Содан табалдырық аттап ішке енесіз. Бейне бір жасырын қазынаға тап болғандай, үңгіп салған жер асты жолымен жылжып төменге түсесіз. Үңгір жолдың (туннель) қос қапталында қазақ тарихына қатысты оқиғалар желісі бейнеленіпті. Кейбірін ақ қыштан ойып, мәнерлеп салған.

Алдыңызда ақала орданың ат шаптырым аумағындай кең зал көсіліп жатыр. Кенет қара қобыздың мұңлы үні күңіреніп сала берді. Сұмдық! Қобыз зар еңіреп жылап тұр. Ышқынады, күрсінеді, боз інгендей боздайды. Қобыз үнінде бәрі бар. ...Бұл жаны қорлықтан құтылып, «барзах әлеміне» ұшқан марқұмдардың азалы үні ме екен, әлде қасқыр итке таланған бейбақ әйелдің қайғылы мұңы ма екен... О, тәңірім-ай, қобыз да осылай жылайды екен-ау!

Кең залдың дәл ортасында қара тасты қақ жарып қызыл гүл өсіп тұр. Қып-қызыл гүл. Оны «Өмір гүлі» деп атайды екен. Бұл гүлді қобыз үні тербететін сияқты. Баяу басын шайқайды. Аспанға қарап телміреді. Бізде аспанға қарадық. Сонау биікте торға шырмалған ақ көгершіндер. Олар сонда өлген. Қызыл гүл ақ көгершінді аза тұтуда. Әттең дейміз, дөңгеленген дүние дегеніміз осы екен-ау. Кешегі атақты «26-шы нүкте» немесе «Алжир» лагерінде азапталған өмірдің бүгін ізі де жоқ. Тек ғана жаңғырып аңызы қалған. Оны ұрпақ ұмытпасын деп, осы музейді тұрғызған.

«Тарих залы»

Музейдің біз тұрған астыңғы қабаты «Тарих залы» деп аталады. Оң босағада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» 1993 жылы 14 сәуірде қабылданған заң құжаты тұр. Онда: «Қуғын-сүргін жылдары аяулы да абзал азаматтарымыздың жойылғаны болшевиктің бетіне басылар қара таңба, біздің ғасырлар бойы ұмытылмайтын қасіретіміз», - делініпті.

Жалпы бұл музей тек ғана «Алжир» лагерінің құрбандарына ғана арналған дейтін ұғым жоқ. Мұнда қазақ даласында болған қайғылы оқиғалардың барлығын қамти отырып, тарих қойнауына сіңіп кеткен ұлт қайғысының шынайы бейнесін көрсетуге жасалған ұмтылыс десек, қателесе қоймаспыз. Музейдің ішін алуан түрлі, тарихи мазмұнды, мәнді, көрнекті экспонаттармен жабдықтау әлі де жүргізіліп жатыр. Бұл - болашақтың шаруасы.

Хош, сонымен тақырыпқа қайтып оралайық. Тарих залындағы кейбір мәліметтерге көз жіберсек, 1721-1722 жылдары болған «Ақтабан шұбырынды» заманында 1,1 млн қазақ қырылған. 1830-1840 жылдардағы Кенесары Қасымов, Исатай-Махамбет бастаған патша үкіметіне қарсы көтеріліс кезінде қаншама адам қаза болды (Бұл туралы мәлімет жоқ). 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде 275 мың қазақ жазықсыз оққа ұшқан. 1931-1932 жылғы ашаршылықта 2,3 млн қазақ аштан өлген. Ұлы Отан соғысына қатысқан 350 мың қандасымыз отбасына оралған жоқ. Соғыс жылдары тылдағы ауыр жағдайдан 150 мың адам көз жұмған. 1944-1948 жылдары «соғыс тұтқыны» ретінде 50 мың қазақстандық қуғынға ұшыраған. Қазақ жеріндегі полигонның салдарынан 23 мың адам зардап шегіпті. 1945-1991 жылдар аралығында Совет армиясының сапында жүрген 25 мың қазақ азаматы шаңырағына оралған жоқ. 1978-1988 жылдары Ауғанстанда әскери міндетін атқарған 1,5 мың қазақ тағы да отбасына оралмапты. Деректер осылай дейді...

Кенесарының хаты

- Жоғарыдағы дүркін-дүркін жүзгілген репрессиялардың түп-төркіні 1822 жылдың шілдесінде Ресей билеушілері «Қазақ даласын басқарудың жаңа ережесін» қабылдап, байырғы дәстүрлі өзін-өзі басқару жүйесін жойып, территориялық жаңа құрылым енгізгеннен басталған, - дейді музейдің ғылыми қызметкері Гүлнәр Шаймерденқызы.

Расында, осы кезде күллі қазақ даласын бес губернияға бөліп тастады. Төре тұқымы биліктен шеттетілді. Халық билігі орыстардың сойылын соғатын қазақ атқамінерлеріне көшті. Осыған наразылық танытып, бастабында Кенесары Қасымов генерал-губернаторға хат жолдаған. Осы хаттың көшірмесі музейде тұр екен. Онда бұрынғы жергілікті басқару ісіне орыс шенеуніктерінің араласпауын және төре затының биліктен шеттетілмеуін сұраған. Хаттың соңына Кенекең мөрін басып бекіткен.

«Теріп бір алды-ау асылды...»

Келесі бұрышта 1906-1917 жылдар аралығында Ресей думасына депутат болған қазақтар - Бақытжан Қаратаев, Сәлімгерей Жөнтөрин, Мұхамеджан Тынышпев, Шаймерден Қосшығұлов, Бақтыгерей Құлманов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бірімжановтардың суреттері орналасыпты.

Алашорда туралы бөлімнің құжаттары көп емес көрінеді. Бірақ мұнда Семей мұрағатынан алынған болу керек, Халел Ғаббасовтың ісі, Міржақып Дулатовтың атына жазылған куәліктің көшірмесі қатарлы дүниелер орналасыпты. Әсіресе, Алаш арыстарының атылар алдындағы, әбден түрме азабын тартқан, тергеу барысында түсірген суреттері қойылыпты. Ұлы Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың ұрты опырылып түсіп, жағы суалған, Бейімбет Майлинның түте-түтесі шыққан, Сәкеннің түрі де түр емес... Бәрі бірдей «Халық жауы» ретінде қылмыстық кодекстің 58-ші бабымен атылған.

Сол алмағайып заманда халық ардақтыларын жоқтап:

Аспаннан түскен жасынды,

Жасынға тіктім басымды,

Теңізден маржан сүзгендей,

Теріп бір алды-ау асылды.

Қаптай да көшкен қауымның,

Қорымы қалды-ау, о жалған,

Ардағы кетіп ауылдың,

Тобыры қалды-ау, о жалған, -

деп, жоқтау айтқан екен. Сұмдық емес пе?!

Тіпті 1927 жылы туған Сармантайдың Ахметжаны дейтін күйші шері ішіне сыймай, «58-ші статья» дейтін күй жазып, өзі де осы статьямен атылып кетіпті.

«Есеп күні» сөйлейтін есік

Үстіңгі қабатқа көтеріліп келеміз. Сатының қос қапталында түрме дәмін татқан әйелдердің портреттері тұр. Екінші қабат тұтастай «Алжир» лагеріне арналыпты. Тура қарсы алдыңызда - түрменің темір торына жанталасып жармасқан, бостандық үшін арпалысқан адамдардың қолдары. Өші кеткендей сом темірді сығымдап ұстаған саусақтар. Тордың арғы жағы қараңғы тұман, күңгірт, көлеңкелі өмір, осы торды бір ұстауға қолы жетпей кеткен тағдырлар да бар шығар. Е, дүние-ай деген... Сол заманда туып, өмір сүрген болсақ қайтер едік. Елім деп еңіреген ерлер оққа ұшты. Солармен бірге «шейіт» кетер ме едік, әлде... Осындайда сәл иманы бар пенде баласы бір уақ бүгінгі тыныш өміріне «тәуба!» дегені жөн болар.

Осы темір тормен жапсарлас ауыр қылмыстыларды қамайтын жеке камераның шойын есігі тұр. Бұны музей қызметкерлері әдейі Алматыдағы ескі түрмеден алдырыпты. Бұл 1937 жылдары жазықсыз жазаланған Алаштың ардақты азаматтары отырған түрменің «жәдігері» екен. Шіркін, осы есікке тіл бітіп сөйлер болса ғой. Талай жанның табалдырығынан аттап, ақтық сапарға аттанғанын айтар еді. Бірақ осы есік түбі бір сөйлейді. Оған күмәнім жоқ. Бірақ, ол барлық дүние таразыға тартылатын «есеп күні» сөйлейді. Осы музейге неге келгенін де айтады. Қазір ол үнсіз тұр. Осында тапжылмай тұрып қобыздың үнін тыңдайды.

«Бір тілім нан үшін...»

Бұрынғы «Алжир» лагері Жалаңаш көлдің жағасына орналасқан. Түрмедегі әйелдерді қыста көлдің жағасына айдап әкеліп, қамыс шаптырған. Әр адамның күндік нормасы болған. Оны орындаған жағдайда ғана бір тілім қатқан қара нан береді. Жұмыс таңның төртінде басталып, түнгі сағат он екіге дейін жалғасатын болған. Қайран аналар тек бір тілім нан үшін еңбек еткен. Егер осы бір тілім нан болмағанда, осы адамдардан түрмеден тірі шығатын бірде-бір әйелдің болмауы әбден мүмкін еді. Көрдіңіз бе, бір тілім нан үшін...

Сол әйелдердің лагерді айналдыра отырғызған ағаштары бүгін тұтасқан қалың орманға айналыпты. Осы орманды бейбақ әйелдер көз жасымен суарған. Өйткені, қыстың қатты аязында егіндіктің қарын тоқтатып жүріп, көп әйел арып-ашып өлген. Алғашқы жылдары мезгілсіз өлген әйелдердің мүрдесін егістіктің ортасына шала-шарпы көмген болады. Қолдарында тоң жерді қазатын қайласы, не қауқары жоқ әйелдер басқа не істей алсын! Артынан өлім-жітім тіпті көбейіп кеткен соң мүрде сақтайтын үлкен сарай тұрғызып, өлгендерді сонда сақтап, көктем келіп, күн жылынғанда неше жүз адамды бір шұңқырға бір-ақ тоғытып, бетін жауып тастап отырған. «Осындағы өлген адамдардың саны бүгінге дейін әлі белгісіз», - дейді музей қызметкерлері. Себебі тұтқындардың аты-жөні болмаған, оларды жансыз зат сияқты санмен нөмірлеген. Былайша айтқанда, адам емес жай бір «цифр» қаза тапқан.

«Бертінде, - дейді осы өлкенің байырғы тұрғындары, - тың игеру кезінде трактордың шынжыр табанында өлген адамдардың сүйегі топырақпен бірге иленіп жатты. Түн баласында зарланған ащы дауыс оқтын-оқтын естілетін». Мен ойладым: алғаш осында аттап енгендегі зарлаған қобыз үні сол шығар деп.

Акмол аулындағы (бұрынғы Малиновка) құс фабрикасының іргесін қалаушылар жер қазып жатып, неше мың адамның ақ сүйекке айналған мүрдесінің үстінен түскен. Тегі өліктерді «оптом» жерлейтін қазан шұңқырдың бірі болса керек. Содан әлгі жерге бертінде мұсылмандар мен христиандарға ортақ ескерткіш белгі орнатқан.

Қабырғадағы хаттар

Осы қабатта тұтқын әйелдер отырған жеке камераның көшірмесі орналасыпты. Қабырғасы ыстанып, қара қошқылданып кеткен. Бір бұрышта темір бөшкені қақ тіліп жасаған дөңгелек пеш. Қыстың аязды түндері бейшара әйелдер Жалаңаш көлдің қамысын жағып жан баққан екен. Әркім өзінің темір кереуетінің тұсына баласынан, анасынан, туған-туыстарынан келген хатты бостандық өмірдің «тәбәрігі» ретінде қабырғаларға іліп қоятын болыпты.

Өйткені, бұл адамдарға екі жылға дейін сыртқы дүниемен хат-хабар алмасуға қатаң тиым салынған. Одан кейін жылына бір рет хат жазып, хат алуға ұлықсат еткен.

Әйелдердің омырауда емізулі сәбилері болған. Осы сәбилер үш жасқа толғанда күшпен «Балалар үйіне» алып кетіп отырған. Бауырындағы баласынан айырылған көп әйелдің ақылы ауысып кеткен. Кейбір деректерде Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбахрам ұлы Аяннан осы түрме ішінде айырылған дейді. Аяулы Аянының мүрдесін солдаттарға бермей үш күн, үш түн құшақтап зар еңіреген дейді.

Қасірет қайда жатыр...

Тергеу үстелі

Марқұм болып кеткен Кеңес Одағының қызыл күрең туы сияқты мата жапқан биік үстелді көрдік. Бұл «Тергеу үстелі» деп аталады екен. Дәл қасында еңгезердей сұсты солдаттың мүсіні. Қызыл көрсе өкіріп шабатын испан бұқалары секілді шабынып тұр. Мүсінді кім істесе де, келістіріп істеген екен. Туп-тура қазақтың миын керзі етіктің өкшесімен езгілеп тұрған империяны елестетеді.

Осы үстел басында барлық әйел тергеуден өткен. Мұнда кімдер болмады: Рәзия Меңдешова, Күләндам Қожанова, Әзиза Рысқұлова, Бижамал Сырғабекова, Дәмеш Жүргенова, Гүлбахрам Батырбекова, Фатима Диваева, Галина Серебрякова, С. Тәштитова... деп кете береді.

Бұл адамдардан тергеушілердің талап ететіні: «күйеуіңнен бас тарт, оның «халық жауы» екенін әшкереле!». Онымен қоймай, солай істесең, басыңа бостандық береміз деп көлгірсиді. Тергеу кезінде не бір зорлық-зомбылықтың бәрін көрсеткен. Тергеу үстелінің үстіне екі аяғын салбыратып отырғызып қоятын болған. Өзі жүдеу әйелдер 4-5 сағат тапжылмай отырғанда, салбыраған аяқтары күп болып ісіп, есінен танып құлайды екен. Бұл азаптаудың тегі ең жеңіл түрі болса керек.

Қасірет қайда жатыр...

Суреттер шерткен сыр

Мына бір тұсқа тұтқында болған әйелдердің (кейбіреулерінің) суреті қойылыпты. Осында Кеңес еліне еңбек сіңірген әртіс, әнші Л. Русланованың суреті тұр. «Жарықтық өте мықты әнші болған» дейді білетіндер. Түрменің жендеттері шақырып алып, «Ән айт!» дегенде, «Тордағы бұлбұл ән салмайды» дегені үшін ісі одан әрі ауырлап, қатаң жазаға ауыстырылған. Сібірге айдалған. Мына суреттегі Татьяна Аконина балет бишісі болған. Түрмеден шыққан соң Ақмолада қалып қойған. Теміржолшылар мәдениет үйіне жұмысқа орналасқан.

Фатима Диваеваның суреті де бар екен. Мына бір келісті қазақ әйелі кім десек, Темірбек Жүргеновтың зайыбы Дәмеш апамыз екен. Бейімбет Майлинның әйелі Күлжамила екеуі түрменің қойын бағыпты. Тұрар ағамыздың жары Әзиза Рысқұлованың да суретін таныдық. Бұл кісіні алғаш Мәскеудегі Бутыркаға қамап, артынан Алжирге ауыстырған. Әзиза апамыз түрмеде босанған. Қызының аты Зида екен. Бір жылдай қызына фамилия ала алмай қиналған. Себебі, «Рысқұлова» дейін десе, «бұл халық жауының фамилиясы, кеңестік сәбилерге мұндай фамилия жарамайды» деп, ұлықсат бермеген. Осы қызы үш жасына дейін шешесінің қасында болып, артынан Рига қаласындағы балалар үйіне жіберілген.

...Шубриковалардың да отбасылық суреті ілініпті. Күйеуі халық жауы ретінде сотталған. Әйелі Алжирдың дәмін татқан. Балалары жетімдер үйіне жіберілген. Мұнда көп айтыла бермейтін тағы бір құпияның бетін ашайық. Жетімдер үйіне жіберілген халық жауының балаларының барлығының фамилияларын өзгерткен. Осылардың ата-анасын осындай күйге ұшыратқан «күн көсемдердің» фамилиясын аса құрметпен жетімдерге сыйлаған. Әкесін өлтірген кісінің фамилиясын арқалып жүру, бұл да - қызыл саясаттың бір қорлауы. Сол сияқты, Шубриковтардың үлкен ұлы Костя осындай фамилиядан бас тартқаны үшін жазаланып, 16 жасында майданға «штрафбатқа» жіберілген. Сонда өлсін дегені болуы керек. Бірақ ажалы жоқ екен, екі аяғынан айырылып аман қалған. Қазір аман-есен Германияда тұратын көрінеді.

Репрессия құрбаны, қазақтан шыққан тұңғыш банкир Төребек Оспановтың қызы Зарина 70 жасқа толғанда барып, әрең дегенде әкесінің фамилиясына «Оспанова» болып жазылыпты. Зарина апамыздың анасы Батима да осы Алжирде отырған.

«Анашым, аманбысың?...»

Жалпы анасы мен баласы бірге түрмеде отырған жағдай адамзат тарихында көп кездесе бермейді. Түрікмен халқының атақты «Көроғлы» дастанында Көрекеңді көрде туған дейтін аңыз бар. Мына Алжир түрмесіне қарағанда көрің түк емес сияқты сезіледі. Түрмеде туып ер жеткен бала тым ерте есейетін көрінеді.

Осында жазасын өтеп, артынан аман-есен ел қатарлы өмір сүрген апаларымыз айтқан естеліктерде «түрмеде туған бала үш жасқа келгенде өз киімін өзі жуып киетін дәрежеде болды» дейді. Үш жастан асқан соң балалар үйіне жіберілген, онда да халық жауының баласы ретінде көз түрткі көрген. Ауырып-сырқаған жағдайда халық жауының баласы ретінде ең соңында дәрігерлік көмек көрсетілген. Әйтпегенде, олардың өле беруіне «ұлықсат» етілген. Ол үшін ешбір тәрбиеші жазаға тартылмайтын жазылмаған заң болған.

Бірақ, Алланың жазған тағдырын адам баласы өзгерте алмайды. Абай атамыз айтқандай: «Алла жаққан шырақты адам баласы өшіре алмайды». Демек, түрмеде туған сәбилер балалар үйінде жүріп-ақ анасына хаттар жазыпты. Сол хаттардың бірнешеуін көрдік. Бәрі «Анашым, аманбысың?...» деп басталыпты. Ары қарай толқымай оқып көріңіз...

Бұл хаттарды тапсырған кім?

Оқиға былай болыпты. 1989 жылы Малиновка аулында Алжирде отырған әйелдердің басын қосып, естеліктерін жазып алуға әрекет жасалған. Осы істің басы-қасында болып, ұйымдастырған адамның бірі Райса Рамазанқызы дейтін апайымызды кездестірдік. Музейдің белді қызметкерлерінің бірі екен. Осы кісі айтады: «Осындай кездесуді ұйымдастырмас бұрын Алжир түрмесінің бастығы болған Сергей Василевич деген адамды тауып алдық. Ол Ресейдің бір қаласында тұрады екен. Осы адамда Алжир лагерінде отырған кісілердің тізімі болды. Сол арқылы бүкіл Одақ көлемінен әйелдерді шақырдық. Баспасөзде айттық. Хат жаздық. Содан 1989 жылы қазан айының 17-19 күндері тарихи кездесуді өткіздік. Барлығы 20 адам келді. Ішінде жалғыз қазақ Сағадат Тәштитова апамыз болды».

Кездесу кезінде барлық адамдардың айтқан естелігін Райса апамыз хатқа түсіріп, өзіне сақтап қойған. Артынан бір қажетке жарайды-ау деген үміті де болған. Сол іске асты. Қазір сол хаттар музей қорында сақтаулы тұр. Жоғарыдағы біздің желдей есіп баяндаған оқиғалар барысы осы естеліктердің желісі екенін ұмытпағын, оқырман!

Кездесуге келген адамдар жоғарыдағы хаттарды табыстапты. Музейдің бір бұрышында 1989 жылғы кездесу кезіндегі түсірілген фотосуреттер де қойылыпты. Онда заманында аюдай ақырған түрменің бастығы Сергей Василевичпен бірге сол кездегі тұтқын әйелдер қатар жайғасып шай ішіп отыр. Дәл осындай болады деп ешкім ойламаған шығар.

«АЛЖИР» ұмытылмайды

Адамзат барында Алжир қасіреті ұмытыла қоймас. Өйткені осында жазасын өтеген адамдар анау-мынау емес, сауатты әйелдер болған. Тектінің тұқымдары, 61 ұлттың өкілдері екен. Белгілі жазушы-аудармашы, Алжир тұтқыны Галина Серебрякова өз өмірі жайында жазған шығармасында: «Менің камераластарым қазақтар, орыстар, украиндар, еврейлер, грузиндер, татарлар болды. Сондай-ақ, шетелден бізге қашып келген екі грек, бірнеше поляк және румын әйелдері бірге отырды. Мен мұнда кавежединкаларды да кездестірдім...» - дейді.

Соған қарағанда тұтқында отырған неше мың әйелдердің ішінен бостандыққа шыққан соң естелік жазғандары бар шығар. Осыларды іздестіріп, жинау алдағы күндердің үлесіндегі үлкен міндеттің бірі екендігінде дау жоқ.

ІІІ БӨЛІМ

ӨМІР.ӨНЕР.ӨНЕГЕ

АМАНГЕЛДІ БАТЫРДЫҢ ПОРТРЕТІ ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

Суретші сыры

Қазақ бейнелеу өнері тарихында өшпес қолтаңба қалдырған суретшілердің бірі - Әбілхан Қастеев. Суретшінің өмір жолына қатысты деректерге көз жүгіртіп байқаған адам - ол кісі де өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып өскенін, қайғы мен қуанышы қатар алмасып жататын ғұмырдарияның асау толқындарымен жағаласа жүріп, есейгенін аңғарады. Танымал қаламгер Пауло Коэль: «Ұлы дүниелерді өмірге әкелетін ұлы тұлғалар үшін балалық шағы бақытсыз болғаны абзал», - депті. Одан кейін жазушы «Неге олай болу керек?» дегендерге былай деп айтады екен: «Бақытсыз балалық ақылды адамды даналыққа жеткізеді, ақымақ адамды аздырады. Мен осы екеуінің ортасында қалуды қаламас едім».

Осы тәмсілді кейде Әбілхан ағаның тағдыр-талайына қатысты айтылған ба деп қаласыз. Өйткені, үш жасында туған әкеден айырылып, бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған сегіз жасында жалшылықтың қамытын киюдің қандай екенін бүгінгі жүзіне «жел тимеген» ұрпақ қайдан білсін...

Бозторғай шырыл қаққан құла таңнан тұрып, күн ұясына қонған қызыл іңірге дейін малдың соңында жүрген 13 жыл суретшінің дүниетанымын ұштады, туғанда тәңір сыйлаған өнерін өсірді. Оның үстіне суретші туған Шежін даласы табиғаты әсем өлке. Заңғар таудың омырауын жарып сылдырай аққан кәусәр бұлақ, иісі жұпар аңқыған ақ самырсын мен гүлді бұта бүлдірген, көктемде бөктерді десте оюмен шымқаған қызғалдақтар болам деген жастың шабытын шыңдады, қиялына қанат байлап, түн ұйқысын ұрлады. Бертінде өз қолымен жазған естелігінде: «Мені суретші қылған - таудың бұлағы, қойдың құлағы, апамның киізі, ешкінің мүйізі», - депті Әбілхан аға. Осы сөзінде зәрредей жалғандық жоқ сияқты.

Әбілхан аға жасы жиырмадан асқанда барып бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйрену үшін Алматыға атанады. Сұрастырып жүріп, қылқалам шебері Николай Гаврилович Хлудовтың шеберханасына бас сұғады. Жас қазақтың табиғат берген тума өнеріне тамсанған қарт суретші: «Мен қазақ бейнелеу өнерінің болашақ көшбасшысын көрдім», - деп, көзіне жас алыпты-мыс. «Қарағым, сенің әлі де оқып, үйренуің қажет!» деген ақылын айтып, өзінің кітабын сыйға тартыпты. «Көзімдей көріп жүр!» деп қыл қаламын ұстатыпты. Бірақ, кейбір зерттеушілер айтып жүргендей, «Әбілхан Қастеев сурет салуды Хлудовтан үйренді» дегенге қосылу қиын. Ал «батасын беріпті» десе, онда жөн-ақ.

...Қалай десек те, қазақ ұлттық бейнелеу өнерінің алғашқы қарлығашы Ә.Қастеевтің шығармашылығында Аманкелді Иманов бейнесі ерекше орын алады. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың қаһарманы Аманкелді батырдың портреті мен көтеріліс жайында кең көлемді полотнолы суреттерді салу үшін суретші өзінің саналы ғұмырын арнаған. Бұл туралы ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналының 1960 жылғы бір санында Әбілхан аға: «Менің Аманкелді батыр тақырыбында салған суреттерім өз творчествомның шоқтығына баланатын ең биік дүниелер», - деп сұхбат беріпті.

Сонымен 1939 жылдан бастап, 1950 жылға дейін 11 жыл үзбей ізденіс үстінде жүріп Аманкелді батырдың бірнеше жеке портреттерін жасап шығарған, онымен қоймай, 1970 жылдардың соңына дейін осы тақырыпта «Аманкелді сарбаздары», «Татыр соғысы», «Торғайға жорық», «Күйік», «Ақшығанақ» атты 5-6 полотнолы көркем суреттер сериалын дүниеге әкелген, ұрыс даласын бейнелейтін батальдық жанрда көптеген картиналар тудырған, даңғыл қылқалам шебері Әбілхан аға бұл тақырыпқа қалай барды, қандай оқиғаларды бастан кешірді, осы сұрақтар төңірегінде ел-жұрттан естіп-білгеніміз бен кейбір дереккөздерінен алған мәліметтерге сүйене отырып, жауап іздеп көрейік.

Қажет болған қаһармандар

1936 жылы ұлт-азаттық көтерілістің 20 жылдық мерекесіне орай халық батыры Аманкелді Имановтың портретін жасау туралы үкіметтен бастама көтеріледі. Әрі қазақ кино өнерінің тұңғыш туындысы «Аманкелді» атты көркем фильм түсіріледі. Осы фильмде батырдың рөлін атақты әртіс Өмірзақ Елубаев сомдады. Осылай Аманкелді батыр образы заманауи тұрғыдан саяси идеологияның қаһарманына айналды.

Оның сыртында КСРО басшысы И.Сталин арнайы тапсырма беріп, халықты патриоттық рухқа тәрбиелейтін қаһармандар тізімін жасатқан. Осы тізімге енген тұлғаларды дәріптеу бұқаралық сипатқа айналған. Бұл тізімде қазақ халқы атынан Аманкелді Имановтың болғаны сөзсіз.

Міне, осыдан кейін Кеңес үкіметінің болашағы үшін күрескен тұлғаның ескерусіз қалғаны жараспайды. Халықтың алдына ұстайтын батырдың көркем бейнесі керек. Кеңес үкіметі жолында құрбан болған ерлерді елі осылай есте сақтайды...

Осындай саяси науқан қызу көтеріліп жатқан тұста суретші Әбілхан Қастеев Мәскеудегі көркем сурет студиясында білім алып жүрген. Осы оқу орнын 1937 жылы бітіріп келіп, 1939 жылдан бастап ел қатарлы Әбілхан аға да Аманкелді батырдың портретін салу ісіне кіріскен.

Іркіліссіз ізденіс

Халық батыры Аманкелді Имановтың артында ешқандай сурет сақталмаған. Ендеше, өзі көрмеген адамның суретін қалай салады? Сол себепті, 1936 жылы берілген үкімет тапсырмасы үш жылға кешеуілдеген. 1939 жылы Қазақстан Суретшілер одағына екінші рет міндет жүктелген. Өнертанушы А.Плахотнаяның естелігінде, Аманкелді Имановтың портретін салуға 14 суретші қатысты, дейді. Соның бірі - біз сөз етіп отырған Әбілхан Қастеев ағамыз.

Халық сүйген ардагер батырдың портретін салу үшін Әбілхан аға 1939 жылы Торғай өңіріне атанады. Ондағы мақсаты - батырдың көзін көрген сарбаздарымен әңгімелесіп, Аманкелдіге ұқсайды-ау деген адамдардың бейнесін салу, әрі туған-туыстарымен әңгімелесу, осылай өзі көрмеген бейтаныс адамның тарихи тұлғасын жасап шығару.

Осы сапары жайында суретші 1960 жылы жарық көрген «Білім және еңбек» журналының кезекті санында: «Мен батырдың бейнесін іздегенде екі түрлі тарихи материалдарға сүйендім. Оның біріншісі: документтік (архивтік) материалдар, онда Аманкелдінің суреттері болмағанымен, өзі құрған отряды, жүргізген жұмыстары туралы деректер жазылған. Сондай деректер жұмысымды толық түсініп алуға қажетті болды. Екіншісі - батыр туралы халық аузындағы аңыз-әңгімелер. Олар Аманкелдіге байланысты оқиғаларды, оның түр-сипатын, келбетін, іс-әрекетін, мінез-құлқын қолмен қойғандай етіп айтатын. Осындай материалдарды мол зерттей келіп, дұрыс түйіндегенде, іздеген бейнең ойдағыдай шығатынын байқадым», - деп жазыпты.

Батырдың туған жеріне барған суретші сарбаздарын, туыстарын, көзін көрген адамдарды жолықтырған. Әрбіреуімен жеке-жеке әңгімелескен. Мынаның мұрны, мынаның аузы ұқсайды деген адамдардың барлығының суреттерін салған. Осы адамдардың профилі (қыры) мен фас (бет пішіні) ұқсастығын тексеріп отырған. Батырға ұқсастығы бар-ау деген 30 адамның портретін салып шыққан. 40-қа жуық этюд, деталь жасаған.

Бұл жұмыстарды ауызбен айта салу оңай. Шын мәнінде, іске асуы өте күрделі құбылыс. Оның үстіне суретін салуды жақтамайтын адамдар қаншама. Кейбір керауыз ағайындар: «Қарағым, қолыңнан келмейтін іске ұрынып нең бар, келген ізіңмен қайтып кеткін, аруаққа шет боласың, одан да көзі тірі пенделердің бетін шимайласаң да болмас па еді!» - деп, бетін қайтарып, қолын қағады. Оның бер жағында жол көлік қатынасы атымен жоқ заман.

Мұндай оқиғалардың бір парасы жайлы астаналық жас журналист Қымбат Тоқтамұратқызының зерттеп, зерделеп жазған «Қазақтың тұңғыш суретшісі» атты шағын мақаласынан (Астана ақшамы. 2004 жыл, маусым) үзінді келтірсек: «...Батпаққара аулында батырдың туған інісі тұрады. Сол ағасынан аумайды, соны барып көр деген желеуді малданып, салт атпен жолға шыққан Әбілхан аға алай-дүлей боранға ұрынып, адасып кетеді. Әбден әлі құрығанда, аттың басын бос жіберіп, аты ықтасын сайлауыт жерге келгенде аттан құлап түседі. Қар үсті-үстіне борап тұр. Бір мезетте көзі еріксіз ілініп кеткен екен, есін жиса, біреулер өзін қардың астынан қазып алып жатқан сияқты. Беті-қолы домбығып үсіп кеткен. Шопан жігіт пен әйелі екеуі екі жақтап қармен ысқалап жүріп суретшінің жанын ажалдан аман алып қалыпты...».

Ұзын сөздің қысқасы, Әбілхан Қастеев осы жылы (1939) батырдың портретін салып, келесі 1940 жылдың жазында Торғай өңіріне алып барып, адамдарға көрсетеді. Көрген адамдар «әйтеуір ұқсайтын сияқты» дегенді айтады. Алайда, бұл суретке өзі қанағаттанбайды. Жүзі ұқсағанымен, қазақ халқының қасиетіне тән типтік бейнесі ашылмай қалған.

Содан 1941 жылы Аманкелдінің екінші портретін салады. Ол да өзін қанағаттандырмайды. 1943 жылы үшінші портретін фас және профилдік бағытта салып шығады. Соңғы суретте бұрынғы екеуіне қарағанда батырдың келбеті даралана түседі. Бұл екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кез. 1943 жылы Алматы қаласында Абай атындағы опера және балет театрының фойесінде суретшілердің көрмесі өтеді. Ә.Қастеев соңғы салған Аманкелді батырдың суретін осы көрмеге әкеліп қояды. Көрмені әдейі аралап көрген мемлекет қайраткері Әліби Жангелдин досы Аманкелдінің суретіне қарап тұрып: «Мына суретке қарап, досымды еске аламын. Сурет тұпнұсқа Аманкелдінің өзіне жақын. Келбет ұқсастығы, мінез бітісі, типтік ерекшелігі мен белгісі кәдімгі өмірдегі Аманкелдінің өзіндей», - деп ықылас білдіріпті («Қазақстан суретшілері». 1943 жыл, №2).

Келесі 1944 жылы Аманкелдінің туған баласы Шәріп Аманкелдіұлы орталық музей көрмесінде тұрған әкесінің осы суретін көріп, музейдің қолтаңба кітабына «Әбілхан ағаның салған суретіне қарап әкемді көргендей әсерде болдым» деп жазыпты.

Тығылған туынды

Әбілхан аға батырдың суретін салуды бәрібір тоқтатпайды. Бұған дейінгі салған суреттері көңілінен шықпай, күні-түні ізденумен болады. Тағы да ел аралайды, бұрынғы салған суреттерін көрсетеді. Әйтеуір бірдемесі жетіспей тұрған сияқты. Сөйтіп жүріп, 1947 жылы Аманкелді батырдың жаңадан тағы бір суретін салып шығады. Бұл суретті ҚазКСР Министрлер кабинеті бекітіп, қаулы қабылдайды. Портретті Торғай қаласында ашылған Аманкелді Имановтың мемориалдық музейіне жібереді.

Бір қызығы, осы суреттің басына да кішігірім «нәубет» төнген. Жойылып кетудің табалдырығына барып қайтқан. Оқиға былай болыпты. 1961 жылы Торғайдағы Аманкелді Имановтың мемориалдық музейінің директоры, әйгілі халық ақыны Нұрхан Ахметбеков қатты науқасқа шалдығып, ол кісінің орнына жас азамат Сейіт Кенжеахметов тағайындалады. Содан Аманкелді батырдың туғанына 90 жыл толған 1963 жылы «Торғайдағы батырдың музейі жабылсын, дүние-мүлкі Қостанайға көшірілсін!» деген солақай жарлық келеді. Музейді көшірмес бұрын оның мүлкі мен көрнекілік экспонаттарын тізімдеп, хаттап-шоттау алу үшін облыстан Павливский дейтін қызметкер келеді. Ол кісі барлығын тізімдеп болып, қажетсіз заттарды өртеп жіберуге нұсқау береді.

Жабылған музейдің директоры Сейіт ағамыз анықтап қараса, жойылуға тиіс заттардың арасында заманында 12 мың рубльге бағаланған Ә.Қастеев 1947 жылы салған Аманкелді батырдың суреті кетіп бара жатыр. Секең қостанайлық әріптесі Павливскийге ары жалынады, бері жалынады, нәтиже жоқ. Көз алдында өнер туындысы өртенгелі жатыр. Амалы таусылған Секең айлаға көшеді. Қонағын өз үйіне алып барып ұйықтатып тастап, түн ортасында суретті ұрлап әкеліп, өз үйіне апарып тығып тастайды.

Арада тағы бір жеті жыл өткенде, 1970 жылы Торғай облысы қайтадан ашылып, облыстың екінші хатшысы болып марқұм Өзбекәлі Жәнібеков келеді. 1972 жылы осы кісінің бастамасымен облыстық өлкетану музейін ашу ісі қолға алынады. Осы орайда, Сейіт Кенжеахметұлы жоғарыдағы оқиғаны бір кезегі келгенде Өзекеңе баяндайды. Өзбекәлі ағамыз сол күні тығулы жатқан суретті алдырып, музейге қойдырады. Бұл сурет қазір Арқалық қаласындағы Дала музейінде аман-есен тұр.

Батырдың соңғы бейнесі

Суретші Әбілхан Қастеев батырдың портретін салуды осымен тоқтатып қойған жоқ. Егерде басқа біреу болса 1944 жылы осы еңбегі үшін «Қазақстанның Халық суретшісі» атағын алғаннан-ақ тізгін тартып, тоқтар ма еді. Әбекеңнің өн бойында ондай тоқтау, тоқырау, өз ісіне орынсыз қанағаттану сияқты келеңсіз қасиеттер болмаған сыңайлы. Оның дәлелі ретінде айтарымыз: жоғардағы салған суреттерінің бірде-біріне қанағаттанбай, 1950 жылы Аманкелді батырдың портретін шыт жаңа қайтадан салып шығады.

Бұл картинадағы Аманкелді бейнесі шынайы халық батыры, батыл жауынгер қолбасшы ретінде көрініс тапқан. Осы суретке өзі де қанағаттанған. Халық та разы болған.

Сурет Бүкілодақтық көркемсурет көрмесіне қойылып, жоғары бағаға ие болады. Әрі Мәскеудегі өнер баспасынан түрлі-түсті бояумен басылып шығып, Бүкілодақ көлеміне мыңдаған тиражбен таратылады.

Осылай он жылдан астам терін төгіп жүріп, батырдың шынайы бейнесін тапқанан кейін суретші ірі-ірі полотнолы картиналар жасады. Соның бірі - 1970 жылы жазылған «Аманкелді сарбаздары» атты батальды картина.

Суретте ақбоз атқа мінген батыр қол бастап келеді. Артында - сарбаздары. Оның арғы жағында - дүбірге бөленген Торғай даласының бір шеті... Жөңкіген қосын, желбіреген қызыл ту...

Бүгінгі орта мектеп оқулықтарына еніп, ұлттық энциклопедиялардың бәрінде бейнеленген Аманкелді батырдың бейнесі осылай дүниеге келген екен.

СҮЙІНБАЙ АҚЫННЫҢ СУРЕТІ ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

Сөз-сурет

Бұл 1971 жылдың басы болатын. Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеев өзінің отыз жыл шығармашылық ғұмырын арнаған халық батыры Амангелді Иманов туралы суреттер сериалын жаңа аяқтап, бір сәтке тыныс тапқан өліара күндер еді. Бір жыл бұрын суретші ағамыз «Амангелді сарбаздары» атты батальды картинасын салып, ширек ғасыр көз майын сорғалатқан сапалы туындысына соңғы нүкте қойған-тын.

Әбілхан аға өзінің естеліктерінде «Амангелді батырдың портретін салу барысында түйгенім - өмірден өтіп кеткен тарихи тұлғаларды дәл бейнелеуге, оның шынайы бітімін жасап шығаруға болатынын түсіндім» дейді. Енді міне осы үрдісті ары қарай дамыта түсу үшін суретшіге тағы бірнеше тарихи тұлғаларды тірілтсем деген талпыныс пайда болады. Сондағы таңдап алғаны - Сүйінбай ақын.

Дана жазушы Мұхтар Әуезов «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп баға берген Сүйінбай Аронұлының артында суреті қалмаған. Ол былай тұрсын, ол кісіні көзі көрген адамдардың өзі жоқтың қасы болатын. Ақынның өмірден өткеніне 70 жылдың жүзі болып қалған кез еді.

Сонымен, Әбілхан аға 1971 жылдың көктемі жаңадан қылтиып, көбік қардың бауырын тесіп қызғалдақ бүр жарған, тау бөктеріндегі алма талдардың сағағы жіпсіген, тамырына жылы рай жүгірген көктемнің шуақты күндердің бірінде Сүйінбай ақынның ауылына қарай аттың басын бұрады.

Қолындағы бір жапырақ қатты қағазға жазылған «Сүйінбай ақын 1822 жылы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданының жері Майтөбе жайлауында туған» дегеннен басқа іліп алар дерек жоқ. Әйтеуір атақты ақын Жамбыл Жабаевтың пір тұтқан ұстазы екенін біледі. Қайран Жәкең «Менің пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деген ғой. Шәкірті Жамбыл жойқын ақын болғанына қарағанда, Сүйінбай тегін адам емес...

Осылай ойсоқты болып, жоқ іздеген Әбілхан Қастеев Мичурин ауылында тұратын 88 жастағы қария Мырзабай Сатаевтың үйіне келеді. Дәл осы жерде Әбекеңді тәңір жарылқайды. Мырзабай ақсақал Сүйінбай ақынды көзі көрген адам екен. Қария:

- Сүйінбай кеудесіне түскен салалы ақ сақалды, қыран қабақ, қыр мұрынды, адамға тіке қарағанда жанары өткір, қасы қалың ақ түскен, кең маңдайлы, бойы сұңғақ еді, - деп суреттеп береді («Лениншіл жас» газеті, 1972 жыл, мақала авторы - С.Дәуітұлы).

Бұл айтылған сөз дәл осы арада суретшінің жүрегіне жатталып қалған сыңайлы. Өйткені, бүгінгі бізге жеткен бейне мен жоғарыдағы сөз-суреттің арасында айырмашылық шамалы.

Ақын рухы

Әбекең жарықтық шеберханасына келіп, өзі естіген жоғарыдағы сөз-сурет бойынша аруақты ақынның штрих бейнесін таңбалап тастамақ болады. Ғажап, қолына қарындаш ұстап ақ қағазға ақынның сұлбасын түсіре бастаса болды, тұла бойы қалтырап тоқтамайды. Тіпті дегбірі кетіп, көңіл түкпірінде бір үрей пайда болады (Әбілхан аға. - Алматы, 2004, 88-бет).

Бұл әрбір шығармашылық адамның өмірінде сирек болса да кездесетін құбылыс, үлкен істің алдындағы кезекті толқу немесе суретшінің ішкі дүниесіндегі болжаулы дайындық пен қағаз бетіндегі бейне сәйкес келмей, содан туатын дағдарыс шығар. Мүмкін, басқа бірдеңе болар... Ақының артында қалған сөз киесі ме екен...

Сонымен, қысқасы, Ә.Қастеев суретті салмай тұрып, алдымен Сүйінбай ақынның шығармасымен толық танысып шығуды жөн санайды.

Сөйтсе, Сүйінбай қатардағы қалың ақынның бірі емес екен. Жырларына ерлік пен өрлік тұнған. Бұл рух қалайда ақынның портретінен көрініп тұруы керек. Сүйекең:

Бөрі басы - ұраным,

Бөрілі менің байрағым,

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым, -

депті. Онымен қоймай, қырғыз ақыны Қатағанмен айтысқанда:

Алмас құрыш қылышпын,

Алтыннан соққан сабымды,

Наркескенге жолықтың,

Шашармын судай қаныңды, -

дейді. Сұмдық емес пе?!. Енді осыдан кейін Сүйінбай бейнесін рух құшағына бөлеу керек. Одан ақынның, соның ішінде дала даналығы сіңген қазақ ақынының бейнесін ұрпақ көретін болсын. Мақсат осы.

Үкіжанның әңгімесі

Ә.Қастеев ақының суретін салып жүріп, Жамбыл ауданында Сүйінбайдың Малыбай деген баласынан туған Үкіжан атты немере қызы бар дегенді естиді. Үкіжан апа сол кездің өзінде 87 жасқа аяқ басқан, қазақша айтқанда, «төрінен көрі жуық» жан екен. Суретшінің жұмысына ризашылық білдіріп, атасы туралы білгенін былайша айтып береді: «Атамыз өте балажан адам еді. Ұзын ақ сақалы болды. Біз алдына отырып алып, сақалын тарап ойнайтынбыз. Аяғына оратылған ақ шапанын желбегей жамылып, ақ сақалы желбіреп келе жататын. Кейде өзімен-өзі болып, қоңыртөбенің басында домбыра шертіп отыратын. Бірде маған «Қарағым, Үкіжан, сұйық затта қалып жоқ. Мысалы, қымызды тостағанға құйсаң дөңгеліп шыға келеді, төрт бұрыш ағаш аяққа құйсаң төрт бұрыш бола салады. Ылайым, осындай өзінің бет-бейнесі жоқ сұйық болғаннан сақ болғайсың!»- деген еді».

Үкіжан ападан «атаңыз Сүйінбайға кімнің бет әлпеті дөп келеді?» деп сұрағанда, «Мынадан аумайды деп» өзінің баласы Тоғызбайды көрсетіпті. Содан Әбекең Тоғызбайдан тартып көптеген адамның суретін салып шығады. Амангелді батырдың портретін салған тәжірибесіне сүйеніп, жеке адамдардың келбеттерінен детальдар құрастырады, жүздеген этюдтер жинайды. Ақыры бір жылдың ішінде Сүйінбай Аронұлының суретін салып шығады.

«Армысың, Сүйекем!»

Ақының салынған суретін бейнелеп айтайық... Сүттей ақ сақалды, екі иығына екі кісі мінгендей еңселі. Қабағы биік, ой тұнған қоңыр көзді. Маңдайы жазық, жүзінде даналық тұнған, қыр мұрынды. Желбегей жамылған ақ шапанының алды ашық, келбетінен қылаудай пенделік ізі байқалмайды, тек дала ақындарына тән асқақ рухтың табы есіп тұр. Күллі тіршілік атаулыға бүгежектемей тура қарайтын сияқты. Өмірде болып жатқан зорлық-зомбылық, дүниеауи талас-тартыс еліктірмейтін, жаны таза, асқақ ақының образын аңғарасыз.

Суретші даңғыл ақынның бейнесін салу арқылы өзінің жүрегінде тұнып жатқан көкейіндегі кісіліктің бейнесін сомдаған сияқты. Сүйінбай тек обьекті ғана. Бұл - біздің пікір!

Сонымен, Әбілхан аға салып біткен суретін ең алдымен Үкіжан апаға көрсетеді. Атасының суретін көрген кейуана «Бұл менің атамнан аумайды екен. Өшкенім жанды, өлгенім тірілді» деп жылаған көрінеді.

Одан кейін Әбекең суретті алып, Сүйінбай ақынды көзі көрген жоғарыдағы Мырзабай ақсақалға келеді. Суретті көрген Мырзакең ұз-а-қ қарап тұрып: «Армысың, Сүйекем!» деп тізерлеп отыра кетіп сәлем беріпті. «Менің бала кезімде Сүйекеңді әкем жарықтық қонақ етіп еді, енді мен қонақ етейін!» деп көрші-қолаң, ақсақал-көксақалдарды шақырып, той жасапты. Қонақ шақыруға аттанған бозбалаларға «Сүйінбай ақын келді!» деп айтыңдар деп тапсырыпты.

Кеңес уақытында оқулықтардың бетіне шыққан, тәуелсіздік тұсында алғаш 1993 жылы айналымға енген төл теңгеміздің «үш» теңгелігінде бейнесі салынған ақын Сүйінбай Аронұлының суреті осылай дүниеге келіпті.

БІРЖАН САЛДЫҢ БЕЙНЕСІ

Қазақ саз өнерінің майталманы, дәстүрлі Арқа әндерінің негізін қалаған дүлдүл өнерпаз Біржан сал Қожағұлұлының артында суреті қалмаған. Оның жүрегін жарып шыққан «Теміртас», «Аққұм», «Көкек», «Ләйлім шырақ», «Тентек», «Айтпай», «Жанбота», «Адасқақ», «Асыл-Ақық», «Ақ серкеш», «Мәті-Дәулен», «Алтын балдақ», «Телқоңыр», «Керкекіл», «Ғашық жар», «Жамбас сипар», т.б. әндері - қазақ өнерінің алтын қазынасына қосылған, баға жетпес байлық.

Бұл салдың өзі - өлеңші, аты - Біржан,

Сандалтып, Орта жүзді әнмен қырған, -

деп өзі сипаттағандай, шын мәнінде «аққуға аспандағы әнін қосқан» әншінің өмір тарихын зерттеушілердің айтуына қарағанда, Біржан сал 1831 жылы туған. Әкесінің аты - Тұрлыбай. Бірақ Біржан сал атасы Қожағұлдың қолында өсіп, соның тәрбиесін көрген. Өз әкесімен онша жұғыса қоймаған. Тіпті бір өлеңінде:

Ұсынсам, қолым жетпес туған айға,

Айтсам да, арыз жетпес бір құдайға,

Жылына бес жүз теңге тапсам-дағы,

Жақпадым өзім әкем Тұрлыбайға, -

дейді (Ахмет Жұбанов. Замана бұлбұлдары. - Алматы, «Дайк Пресс» баспасы, 2001, 35-бет).

Сондай-ақ, әншінің өлген жылы туралы екі дай пікір бар. Бұрынғы Қазақ Совет энциклопедиясында Біржан сал 1897 жылы өмірден өткен депті. Бірақ әншінің 1889 жылы туған үлкен ұлы Теміртастың 1928 жылы айтып қалдырған естелігінде «Әкем 1894 жылдың көктемінде жазға салым қайтыс болған» депті. (А.Жұбанов Замана бұлбұлдары. - Алматы, 2001, 60-бет). Марқұмның зираты - Степняк қаласынан екі шақырым жерде.

Біржан салдың артында шырқау көкке шаншылып, қырық құбылып, алты қырдың астынан естілетін әндері қалды. Бір өкінішті жағдай, салдың суреті сақталмаған.

Осы олқылықтың орнын толтырған адам - қазақ бейнелеу өнерінің үлкен тұлғасы Әбілхан Қастеев. Атақты қылқалам шебері Біржан салдың суретін 1965-1966 жылдары салған тәрізді. Ал әнші бейнесінің өмірге келуіне атсалысқан адам -әншінің Қарта Қаңтарбайұлы дейтін жамағайын, жұрағаты.

Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың ұлттық мұрағат қорына өткізген дүниелерінің ішінде Қарта Қаңтарбайұлының оған жазған хаты сақталыпты (1634- қор, 1-жазба, 151-іс). Сонда былай делінген: «...мен Біржанның суретін салдыруды ойланып, сурет салатын өнерпаздарға ақылдасып, ертеден таныс адам, суретші Қастеев Әбілхан жолдасқа тапсырып едім. Әбілхан жолдас еңбек етіп, уәдесін орындап, салдың суретін салып берді».

Енді «салдың суреті қалай салынды, бұл ретте ол нені басшылыққа алды» дегенге келсек, тағы да Қарта Қаңтарбайұлының дерегіне жүгінеміз. Бұл адамның естелігіне қарағанда, 1918 жылдан бастап Біржан салдың екі ұлы - Теміртас пен Қалкеннің қасында бірге болған.

Салдың үлкен ұлы Теміртас әкесі өлгенде сегіз-тоғыз жастағы бала екен. Осы Теміртас Біржанұлының ауызша айтып қалдырған жоғарыдағы естелігі бойынша, әкесі дүниеден өткен тұста бұл шаңырақта бір ат, бір бие, екі сиыр, оншақты қой ғана қалыпты. Заманында алты алаштың ардағына айналған әншінің бұл бір әбден кедейленген кезі екен. Әкесі қайтыс болған соң, Теміртас 1916 жылы майданның қара жұмысына алынады.

Қарта Қаңтарбайұлы және Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерватория доценті, өнертанушы Хабидолла Тастанов пен зерттеуші Алтын Кетегенованың жазғанына қарағанда, Біржанның үлкен ұлы Теміртас нағашы жағына тартқан, дене бітімі ірі, ұзын сида бойлы, кең маңдайлы екен. Білетіндер оны анасы Әпіштен аумайды дейтін көрінеді. Ал салдың әйелі Әпіш ұзын бойлы, ашаң жүзді, кең ойлайтын, ақылды адам болыпты. Біржан сал бір өлеңінде:

Үш кезге бойың жеткен биік аршын,

Үш жүзден таңдап алған ғашық жарсың.

Именбей ақ төсіңнен аймалатшы,

Бір иіскеп, шыбын жаным сая тапсын, -

дегеніне қарағанда, әйелі ажарлы адам болған сияқты.

Ал салдың екінші ұлы Қалкен орта бойлы, жүзі арайлы, қағылез жігіт екен. Қарта Қаңтарбайұлы жазушы С.Мұқановқа жазған хатында: «Қалкенді көрген жұрт «ойпырым-ай, мына баласы салдың аузынан түсіп қалғандай екен-ау. Дене бітімі, бет ажары, қасы мен қабағы, ерні, мұрны, бойына дейін салдан аумайды» деп таңырқағанын талай естідім», - дейді.

Соған қарағанда, Қалкен әкесіне ұқсаған. Ол 1930 жылдары дүниеден өткен. Әйелі басқа адамға тұрмысқа шығып кеткен. Бұл әйелді 1962 жылы өнертанушы Хабидолла Тастанов тауып сөйлесіп, атасы Біржан сал туралы көп дүниелер жазып алған. Осы сапарында Хабидолла ағамыз Теміртастың суретін тауып әкелген. Бұл сурет кейін академик Ахмет Жұбановтың кітабына кірген.

Сонымен, Біржан салдың суретін Ә.Қастеевке салдыру үшін Қарта Қаңтарбайұлы Қалкеннің фотосуретін іздеп, бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, Степняк ауылына барған. Бұл 1962 жылдың жазы. Сабылып, сарылып көп іздеген. Енді үмітін үзіп, не істерін білмей қиналып тұрғанда, сол ауылдың байырғы тұрғыны - Евдокия Евсеевна Бирюкова дейтін орыс әйелі 1924 жылы Қалкенмен бірге түскен екі бөлек фотосуретін әкеліп ұстатады.

Фотосуреттер қолына тиген Қарта Қаңтарбайұлы салып ұрып суретші Қастеевке келеді. Енді Ә.Қастеевтің естелігіне үңілейік: «Біржан салдың суретін салу үшін басты бірнеше шартқа жүгіндім. Біріншіден, салдың бет-әлпеті баласы Қалкеннің суретінен аумауы керек. Екіншіден, жасы 35 пен 40-тың арасында болсын. Бұл тұс - әншінің дәурені жүріп, селеулі даланы әнімен тербеп тұрған, керемет кезі. Үшіншіден, суретте сал-серінің барлық сипаты көрініп тұруы шарт. Қолында үкілі домбыра, сәні мен салтанаты жарасқан ерекше киім үлгісі дегендей...» (Әбілхан аға. - Алматы, 1994, 70-бет).

Суреттің сипаты мынадай. Басында - үкілі кәмшат бөрік. Қолында - үкілі домбыра. Жасы 40-тар шамасында, өнері асып-тасып сабасына түскен, әнінің қыры мен сыры қатар толысқан, мүшеленген құр аттай қылпып тұр.

Осы суретті салу барысында Әбекең атақты «Біржан - Сара» айтысында Сараның ауызмен айтылатын:

Кәмшат бөрік, күлдері белбеуі бар,

Көк торғын шапанды адам қарсы жүрді, -

деген тіркесті суретке айналдырған. Одан кейін Біржан салдың өмірі мен шығармашылығын зерттеген адамдар «Біржан ән салғанда, мойнына ақ торғын орамал орап алатын» дегенді елден естіп, көп жазыпты. Сол себептен, суретте салдың мойнында ақ торғын орамал салынған.

Дүлдүл әншінің артында талай мұра қалды. Өзі туралы:

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,

Ешкімге зияным жоқ жүрген жанмын,

Кісіге өзім деген бас имеймін,

Өзім әнші, өзім сал, кімге зармын?! -

дегеніндей, салдың Сара қызбен айтысы әмбебап туынды ретінде қазақтың өнер тарихына шегеленді. Атақты композитор Мұқан Төлебаев өзінің «Біржан - Сара» операсында әншінің шығармаларын толық пайдаланды. Сондай-ақ, 1941 жылы атақты Зиновий Компанеец «Қазақ рапсодиясы» атты халық оркестріне әншінің «Жамбас сипар» әнін арқау етсе, Е.Брусиловский өзі жазған операларына Біржан әндерін пайдаланды.

Солармен қатар, танымал қылқалам шебері Әбілхан Қастеев әншінің суретін салып, оның бейнесін тірілтті.

ҚАМЫТ

Біз не көрмедік. Қазақ жұрты, қазақ халқы не көрмеді. Бұл оқиғалар соның бір үзігі ғана.

* * *

Сәбет үкіметі бөркін теріс айналдырып киіп, өмірден озған күні біздің ауыл қатты қайғырды. Әсіресе соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы сол күні-ақ төсек тартып жатып қалды.

Ауылды ауыр мұң басты.

Осы совхозға баяғыда колхоз тұсынан еңбегін сіңірген әжелеріміз қабыршақ еріндері дірілдеп, бір-бір тамшы көз жастарын ышқынып шығарып тастады (баяғыда Сталин өлгенде бір жылаған). Осы сәтті күтіп тұрған еңбекші қауым ұйымдасқан түрде үш дүркін ''Ой, бауыр-ем...'' деп дауыс салды.

Оқиғаның шарықтау кезеңі болса керек, мектеп оқушылары мен балабақшадағы бейкүнә сәбилер ата-аналарының қатты абыржуына таңданып, пысықтау біреулері жорамал жасап, ана қойлы ауылдағы Әңгелек ата өлген ғой деп тұспалдады. Жоқ, жағдай одан да қиын екен. Күллі адамзатты ''зор бақытқа кенелтуші'' Сәбет үкіметі өліпті. Жағдай қиын...

Ауылды ертеңінде де ауыр мұң басып тұрды.

Келесі күні де осылай болды. Облыс, аудан жақтан ешқандай нұсқау болмаған соң, біздің ауыл белді бекем буып, тайлы-таяғымен ақылдаспаққа Мәдениет үйіне жиналды. Жиналыстың күн тәртібінде: ''Енді не істейміз?'' және ''Кімге ба сұрамыз?'' деген екі мәселе қаралатын болды. Кезектен тыс ауыл құрылтайының төрағалығына сайланған бұрынғы партком орнынан ауыр қозғалып, бар денесімен бұрылып, төрде ілулі тұрған орақ пен балғаның алқызыл бейнесіне қарап, ұзақ күрсінді. Жұрт күңіренді. Партком аса аянышты үнмен былай деді: ''Уа, халқым қайғыларыңа ортақпын, өлмектің артынан өлмек жоқ''... Сөз осымен тәмәм. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе шешілген сияқты.

Екінші мәселе - ''Кімге бас ұрамыз?''. Түсінікті. Біздің ауыл біреуге бас ұрмаса, өздігінен өмір сүре алмайды. Компартия жоқ, Ленин жоқ, Совет одағы жоқ, қайтпек керек. Жиналыс екі күнге созылды. Көрші ауыл, ауданға аттанған шабармандар еш жаңалық әкелмеді. Олар да күйзелісте екен...

Жиынның үшінші күні. Түскі үзіліс жарияланды. Жұрт жапырылып сыртқа шығып жатқан. Парткомның ''Таптым, халқым!'' деген қуанышқа толы ащы даусы қара түнекті тіліп, жарқ еткен найзағайдай естілді. Жұрттың санасында үміт сәулесі оянды. Жасаураған жанарларында ұшқын ойнап, баяғыдай ''ұлы патриоттық'' қандары қызып сала берді. Ауылдың кәнігі арызқойы, жұрт ''шпион'' атап кеткен бәкене шал ''Ура'' деп ұрандады. Әсіресе, ''Ураның'' даусын естісе, ес-түстен айырылып, отқа түсіп кететін соғыс ардагерлері таяқтарын лақтырып жіберіп, барлығы сахнаға шығып кетті. Ентігіп әрең тұр. Жұрт бір мезет тынышталғанда баяғы партком тағы да ''Таптым!'' деді. Жұрт бірауыздан ''Нені?'' деді ентігіп. Партком сиқырлы жүзін құбылтып, масаттанып, мақтанып, сұқ саусағын шошайтты. Артына бұрылып, көк тіреп тұрған сұқ саусағын жәйімен түсіріп, төрдегі орақ пен балғаға бағыттады. ''Осы, - деді, - бұдан былай өлген одақты еске сақтау үшін ''орақты'' иіп доға жасап, ''балғаны'' бау істеп, Қамыт киеміз. Бізді осы Қамыт құтқарады. Жұрт сәл ойланып қалды. Мектепте тарихтан сабақ беретін ауыл ''қыңыр Қадыр'' атап кеткен мұғалім: ''Уа, партком, қамыттың жаңасын жасап қайтеміз, бұрынғы қамытымызбен жүре берсек болмас па?'' - деп сауал тастады.

Бұрын байқамаған екенбіз, қарасақ - бүкіл ауыл қамытпен жүріппіз. Оны қашан, қайда, нендей себеппен киіп алғаны ешкімнің есінде жоқ. Жұрттың білетіні Көкірек-Ата әулетінің қамытына 300 жылға таяған екен. 1981 жылы осы қамыттың кигізілгеніне 250 жыл болған ұлы құрметті бүкіл Республика болып 30 күн тойлағаны ел есінде қалыпты.

Кім білген, ''орақ-балғалы'' қамыттың жалпы формасы бірдей болғанымен, үлкенді-кішілігі әр түрлі екен. Ең үлкен, ең әдемі, алтын жалатқан, егіннің бидайығымен көмкерген ''Алтын қамытты'' ел ағалары, құрметтілер ғана киюге құқылы. Осы ''Алтын қамыт'' үшін күллі Қазақ даласына аса күшті жойқын майдандар ұйымдастырылыпты. Майдан алаңында қаламгерлер, ғалымдар, өнер адамдары, ерекше көзге түсіп, қырғын талас-тартыс болып тұрыпты. ''Алтын қамытқа'' айтылған мадақ-мақтаулар, ода-дастандар желдей жүйкіп, көлдей көлкіпті. Қара халық болса өздерінің ''Қара қамытына'' шүкір етіп, өсер ұрпағын ''Алтын қамыт'' майданы үшін оқытып-тоқытып, өскенде қызығып көруді мұратым деп іштей тынған да қойған...

Осы күннен бастап ауылда ''Қамыт жаңалау'' науқаны басталды. Ақсақалдар: ''Қарақтарым! Бізді қайтесіңдер, ескі қамытымыз жетіп жатыр'', - деп бас тартты. Ұстаздар қауымынан баяғы ''қыңыр Қадыр'' бастама көтеріп, ''общем қамыт кимей өмір сүрейік'' деген екен. Оны партком сол күні атып жаралады. Ел болса: ''Өзіне де обал жоқ, баяғыда Ахаң, Жақаң дегендер қамыт кимейміз деп атылып кеткен еді'', - деп, жаралының бетіне ауыл түгелдей түкіріп шықты.

Бесінші күні дегенде ауыл тынышталды. Әркім өзінің бұрынғы қамыттарын қайта киіп, іске кірісті. Ауылдағы саяси ахуалдан сезіктенген компартия мүшелері комиссия құрып, мектеп оқушыларының, балабақшадағы сәбилердің қамытын тексеріп шықты. Бәрі дұрыс. Қамытта тұрған ештеңе жоқ, тек қарнымыз тойса болды...

Бір күні оқыс оқиға болды. Ауылдың шет жағындағы Үшкірдің үлкен баласы ескі қамыт киюден бас тартыпты. Оны қолға түсіру үшін аттанған ''Ауылдық кеңес'' мүшелері орнын сипап қалды. Ауданға қашып кетіпті. Онда да тоқтамай, Алматы арқылы Түркияға өтіп кеткен. Елден ұят болды. Масқара болды. Ол бала қамытсыз қалай өмір сүреді, ә!...

Бұл басы ғана екен. Екі күн өтпей тағы жаңалық болды. Бригәдір Мәмбеттің қаладағы баласы шетелдік бір ұйымға кіріпті де, солардың қамытын киіпті. Өзінің қамытын біреу-міреуге керек болар деп ауылға беріп жіберіпті. Қажеті жоқ болса, темір жинаушыға өткізе салсын! Мұны естіген үлкен әжесі дауыс салыпты. Қанша дегенмен, замана ағымын пайымдайтын, ескі мен жаңадан хабары мол бригәдір Мәмбет көңіл айтып келгендерге: ''Бұл - басы, кешікпей әр шаңырақ шайқалады, дайын болыңдар'', - депті тайсалмай тіке қарап.

* * *

Арада алты жыл өткенде бригәдрдің айқаны айнымай келді. Ауылға алдымен Үшкірдің Стамбулда оқитын баласы ат басын бұрды. Бірден мешітке барып уағыз айтыпты. Есігендер айтады, әңгімесі әсерлі екен деп. Өзімен бірге бірнеше мөшек қамыт ала келіпті. "Ислам - дін бауыр - түрік - қазақтың досы" тақылеттес әсерлі сөздеріне елтіген кейбіреулері бұрынғы қамыттарын тастап, жаңа қамыт киіп алыпты. Ауыл оны «Түрік қамыт» деп атап кетті. Шынында, бұл - әдемі қамыт. Бұрынғы қамытты (ауыл оны қамыт түрі көбейгендіктен, "Орыс қамыт" деп атаған еді) босатып жерге қоюға, моншаға барғанда уақытша үйге қалдыруға ешкімнің құқысы жоқ болатын. «Түрік қамыт» олай емес екен. Ұйықтағанда шешіп тастайсың. Әрі жеңіл, тіпті кейбір қысылтаяң жағдайда орындық етіп отыруға да болады. Рахат. Әрі арзан.

Осылай күн өткен сайын қамыттың не бір түрлерін ауылға әкелушілер көбейді. Қамыт таңдайтын дәрежеге жеттік. Рахат. Қытайдан тауар таситын саудагерлер арқылы "Қытай қамыты" келді. Оны мойныңа ажырғылап жатпайсың, сұқ саусағыңа кигізе саласың. Ауылдағы алыпсатарлар ешкімге дабыра қылмай-ақ, баяғыда саусақтарына іліп алыпты. «Жеңіл-желпі осы қамыт оңтайлы сияқты» деп жүр ауылдағылар. Әрі болашағы зор дейді. Сіңірген еңбегіне қарай, жүзік - білезікке, білезік - алқа қамытқа айналады екен. Бәрекелді.

Содан бір күні баяғы Қадыр мұғалім бір әулеттің қамыт жаңалау тойында бүйректен сирақ шығарып былай депті: «Біздің қазаққа қамытсыз өмір сүретін заман келген жоқ па, егерде қамытсыз өмір сүре алмайтын болсаңдар, өзіміздің «Қазақ қамытты» неге кимеске... Жаңа қамытқа қолы жетпей, ескі «Орыс қамытты» қомсынып жүрген бір топ: «Киеміз «Қазақ қамытты»! Қазақ емеспіз бе, аталарымыз батыр болған''... - деп өре түрегеліпті.

Халықтың сүйіспеншілігінен қуат алған Қадыр мұғалім ертеңінде-ақ елдегі ең үлкен қалаға аттанып кетті. «Қазақ қамыт» тауып келмек үшін. Қандай патриот, шіркін. Жиырма күн өткенде арып-ашып, жүдеп-жадап, сүйегін сүйретіп ауылға әрең келді.

Екі ұрты опырылып, ортасына түсіпті. Бұрынғы «қазағым» дегенде ұшқын ататын көзіндегі шоқ сөніп, күлімсі күлге айналыпты. Себебі: Қадакең үлкен үмітпен үлкен қалаға барған. Үлкен кісілерге өлдім-талдым дегенде кірген. Содан не дейсіз ғой, ұлттық «Қазақи қамыт» туралы айта бастағанда-ақ, сөзінің артын тыңдамай, маңдайынан бір-ақ ұрып талдырған. Есін түрмеде жинаған. Үлкен қаладағы үлкен кісілер біздің ауылдың түсіне кірмеген гауһар тастан жасалған қамыттар киіп алыпты. «Америка қамыт», «Ағылшын қамыт», «Еврей қамыт», «Кәріс қамыт», «Ресей қамыт»... Тіпті кейбір қолы жеткендерде екіден-үштен бар екен. Қажет кезінде, қажетті жерге, қажетті елге ауыстырып кие береді.

Қадыр мұғалім осылай деді.

* * *

Содан бір күні Тәуелсіздіктің тағы бар дөңгелек датасы тойланды. Біздің ауыл түрлі-түрлі қамытқа сартылдап ұ-з-ақ биледі...

ЖАҢА БАСТЫҚ

Сол күнгі ұжымның жиналысынан төтенше қаулы қабылдадық. Ол мынадай: бізге дәл бүгіннен бастап қол астындағы қызметкерлерді алаламайтын, өндіріс есебінен өзіне коттедж тұрғызып алмайтын, мекеме қаржысын анда-мұнда шашып, саудаға салып жібермейтін, алды-артын айналдырып ағайын-туыс, ауыс-қиыс, жағымпаз-жақыбайлармен қоршап қорған салмайтын, жалған ақпар беріп министрлікті алдамайтын бастық керек.

Ақыры отыз күн ойланып, қырық күн толғанып жүріп бір шешімге келдік. Бізге адамзат әулеті бастық бола алмайды екен. Ендеше, адам емес Робот басқарсын. Шешім шықты. Өндіріс есебінен миллион доллар қаржы жұмсап, Мәскеу қаласындағы «Адам робот» жасайтын орталыққа тапсырыс бердік.

***

... Жаңа бастық жаман емес!

Әнтек қазақша сөйлемейді. Алғаш тапсырыс бергенде, миына қазақ тілін енгізу өте қымбат тұратындықтан жасата алмадық. Бізді руға, жүзге бөлмейді. Әйелдердің сұлулығы оған еш әсер етпейді. Өндірісті аралағанда жапа-тармағай жалпаңдап туфлиін сүртпейміз.

... Жаңа бастық жаман емес!

Өмірі артық-ауыс шығынға жол бермейді. Әйтсе де, Ресейдің пайдасына байланысты қаржылық құжаттарға тезірек қол қойып жіберетіні бар. Тегі жасап жатқан кезде Мәскеу жақтан арнайы жіберген «деффектісі» болса керек.

Содан бір күні Наурыз мерекесі келіп жетті. Бастық үнсіз. Ол кісі үндемеген соң - ұжым тыныш. Себебін анықтасақ, бастықтың басқару бағдарламасына ұлттық-танымдық дүниелер енгізілмепті. «Наурыз мерекесін тойлау туралы» файл жоқ. Енді не істедік?

Мәскеудегі робот орталығына хабарласып көрсек, бастықтың миына жаңа бағдарлама енгізу үшін кемінде алты ай қажет. Әрі роботтың миына қазақтың ұлттық-танымдық дүниелерін енгізу үшін қауіпсіздік кеңестің ұлықсаты қажет екен. Наурыз болса келіп қалды. Ойланып, толғанып Гонконгке, Сингапурге, Токиоға хабарласып, ақыры жапондықтармен келісімге қол жеткіздік. Тез арада арзан бағамен бір рет қолданатын бағдарлама жасап беретін болды.

Бір апта өткенде жапондықтар жіберген сіріңкенің қорабындай «қара қобдишаны» бастықтың миына орналастырып, бұйрығын күттік. Сөйледі. «Наурыз - көктем мерекесі» деп, бір тоқтады. Біз қуаныштан ду қол соқтық. Дұрыс айтады. Тіпті осы өндірісте ғұмыр бойы жұмыс жасап келе жатқан жалғыз қазақ Мүсілім ақсақал еңкілдеп жылап жіберді. (қайтсін-ай өмірінде алғаш рет мекеме басшысының қазақша бір ауыз сөз айтқанына көңілі босаған ғой). Бастық әрі қарай әңгімесін жалғастырып: «Ол кезде мал төлдеп, ағаштар бүр жарып, арықтан су ағады», - деді. Япырмай, мына кісі қосалқы шаруашылықтағы жылқыларды құлындат, ауладағы қар басып жатқан ағаштарды бүрлет, арық жасап су келтір деп бұйырса, не істедік... Арқада көктем сәуірдің соңына қарай келетінін қалай түсіндірдік... Қап!. Құдай оңдағанда, бастық олай демеді, тура іске көшіп: «Ұзындығы үш метр, жуандығы отыз сантиметр, алты ағаш дайында!», - деді. Өте дұрыс. Алтыбақанды айтып тұр.

Екінші тапсырма: «Қуаттылығы жеті аттың күшіне тең трос арқан әзірлеп, тербеліс бұрышы 60 градустан аспайтын етіп ағаштарға орналастыру керек!». Бұл да болатын сияқты. Үшінші тапсырма: «Көлемі екі шаршы метр, қалыңдығы бір дециметр, жан-жағы құрсауланған тақтай қажет». Тапсырма түсінікті. Ешкімнің тербелгісі келіп тұрмаса да, «Алтыбақан» жасайтын болдық. Бастықтың миына солай жазылыпты.

Қызметкерлер әр нәрсені айтып шуылдай бастап еді, бастықтың маңдайындағы «қызыл шырақ» жанып, құлақ түбіндегі қоңырау сыңғырлады. Бұл бізге «тынышталыңдар» деген белгі. Бәріміз сап тиылып, қайта құлақ түрдік. Қызық болғанда, бастық біз түсінбейтін бір тілде сөйлей бастады. Себебін анықтасақ, көне парсы тілінде сөйлеп тұр екен. Әй, жапондар-ай!... Біздің тапсырысты жедел орындау үшін орта ғасырлық қытай жазбаларындағы деректерге қарап, ежелгі парсылардың наурыз ғұрпын сол тілге аударып жібере салған. Оны біздің робот бастық сақылдап сайрап отыр. Әйтеуір ұялған болуы керек, қазақтың «Алтыбақанын» 18 ғасырда Алтай өлкесін аралаған жапон саяхатшысының естелігінен алып қыстырыпты. Оның өзін халықаралық арбитражға айтып жүріп, әрең дәлелдедік...

Содан бастық аң-таң. Миындағы бағдарлама бойынша: шығыстан әлемді нұрға бөлеп таң атып келеді. Мысырдан құрма алып келе жатқан күміс қоңыраулы көш-керуен... , бақшадағы палма ағашына ұя салып жатқан көктем құстары... , шаһардың ішіндегі тоғамдар суға толған... , ақ бас дихан кетпенін көтеріп, тәңірден несібе тілеп дұға оқып жатыр... Ал, сөйте тұра, көз орнына орналасқан шамдардың қазіргі ауа райы туралы берген ақпараты бойынша: далада қырбақтап қар жауып жатыр... , батыстан секундына бес метр жылдамдықпен жел соғуда... , сыртқа аулада қоқыс теріп жүрген кептерден басқа құс атаулы көрінбейді... , көктемгі егіс жұмысы енді бір айдан соң басталады...

Екі түрлі кері ақпараттың тұйықталып, шағылысуының әсерінен бастықтың маңдайындағы «қызыл шырақ» жанып-сөніп тұрып алды. Бұл өте қауіпті, ары қарай жұмыс істеуге болмайды деген белгі. Енді он минут кешіксек, пәлен миллионға жасатып алған бастығымыздың басы атылатын түрі бар. Шұғыл шара қолданып, қаламыздағы Ресей елшілігінен адамдар шақырдық. Келген адам құпия кодты біздің бастықтың құлағына сыбырлап еді, бастықтың шамы өшіп бұрынғы қалпына келді. Осы сәтте жапондықтарды да қоса шақырып, тағы да қыруар ақша төлеп, «қара қобдишадағы» бұйрықты бір ай, он күн өткен соң бергізетін етіп шегерттік.

Осылай біз Наурызды мамыр айының басында өткізетін болып, бастығымызды аман алып қалдық.

... Жаңа бастық жаман емес.

МҮШЕЛ ЕРТЕГІСІ

Ерте, ерте, ертеде екен. Алғаш Жер жаратылыпты. Одан Күн пайда болыпты. Содан жер бетіне алғашқы күннің нұры түсіп, таңертең көкжиектен көрінеді делініпті. Осы бір ұланасыр жаңалыққа орай жер бетіндегі барлық жан-жануарлар «Жылбасы» сайлауын өткізбекке жиналыпты. «Жылбасы кім болады?» деген мәселеге келгенде үлкен дау туыпты. Кейбіреулер: «Жалпы жан-жануарлық референдум өткізейік» депті. Оған басқалар: «Мына тышқан тұқымдастар өте көп, бұлар дауыстың көбін алып кетеді», - деп, көнбепті. Барлық мысық тұқымдастар «Ондай болса, біз Жолбарысқа дауыс береміз» депті. Құстардың барлығы Бүркітке дауыс береміз деп жарылыпты. Дау ушыға түсіпті. Осылай өкілетті органдағы он екі орынға қандай партиялардан кімдер сайланатыны шешілмей, жан-жануарлар қатты қиналыпты.

Ақыры бір шешімге келіп, рауандап атқан Таң нұрын кім бұрын көрсе сол «Жылбасы» болсын делініпті. Мұны естіген Түйе кеңк-кеңк күліпті. Онымен қоймай бойына сеніп, «Әуре болмаңдар, «Жылбасы» мына менмін!» депті. «Біз де қатысамыз» деп құстар шу шығарыпты. Оған жан-жануарлар көнбепті. «Сендер биікке ұшып шығып, бәрін көресіңдер, біз ұша алмаймыз» депті. Сонда Тауық: «Мен құс тектеспін, бірақ ұша алмаймын ғой» деп жылапты. «Сені ескерейік» депті жан-жануарлар.

Барлығы бір төбеге жиналып алып Таңды күтеді. Түйекеңнің пасықтығына ызаланған Тышқан оның өркешіне өрмелеп шығып алыпты. Қара басқанда, Түйе қалғып кетіп, Тышқан бәрінен бұрын таң нұрын көріп, «Жылбасы» атаныпты. Енді қалған барлық жан-жануарлар «Тышқан өз командасын қалай жасақтайды?» деп, соны күтіпті. Бұл өте-мөте маңызды мәселе еді. Кейбір ықпалды топтар араға біреулерді салып, аса көп мөлшерде пара ұсыныпты. Бірақ Тышқан мырза: «Мен елге адал қызмет етемін, сыбайлас жемқорларды маңыма жолатпаймын, әсіресе анау пасық Түйе маған жуымасын!» - депті. Намыстанған Түйе киллер-Мысыққа пара беріп, Тышқанға қарсы айдап салыпты.

Осылай бірнеше айға созылған дау-дамайдан соң Тышқан өз командасын жасақтапты, әйтеуір. Содан: «Ешкіммен қақ-соғы жоқ, анау-мынау деп күй талғамайтын, ұрсып-ұрсып қойсаң мыңқ етпейтін, сауаты да шамалы Сиырды екінші жыл болсын», - депті. Іш-сыртқа айбар, дұшпанға сұс болсын деп Барысқа үшінші жылды ұсыныпты. Шаруаға жұмсағанға қолайлы, қол-аяғы жылдам Қоян төртінші жылды, көне тарихты көп білетін, шежіре Ұлу бесінші жылды, жорғалағанда жымын сездірмейтін, алда-жалда оппозиционерлер бас көтеретіндей болса, ыстық көрпесінің ішінде шағып өлтіретін Жылан алтыншы жылды, хабар таратуға ыңғайлы Жылқы жетінші жылды, қолынан түк келмесе де, далаға сыр шашпайтын, өсек-аяңға жоқ Қой сегізінші жылды, ойын-сауыққа құмар, іш-сырттан келген меймандарға өнер көрсетуге шебер Мешін тоғызыншы жылды, одан кейін құс атаулы «бізге билік тимеді» демесін деген ниетпен құс тектес Тауықты оныншы жылға сайлап, бұл сорлыға күн сайын Таң рауандап атқанда айқайлайтын міндет жүктепті. Онысы Тышқан мырзаның билікті жеңіп алған Таң шапағының құрметін еске түсірудің амалы екен. Он бірінші жылға басқаларды аңдып, өткен-кеткенге ғайбат айтып, тың тыңдауға үйір Итті тағайындапты. Соңғы он екінші жылға әрі-бері ойланып, ең қажетті қазынаның кілтшісі етіп, Доңызды бекітіпті.

*****

Арада бір жыл өткен соң 12 жылдың иесі атанған жануарлар жиналып, өздеріне жүктелген міндеттер мен атқарған шаруалары жайында есеп беретін құрылтай өткізіпті. Барлығының басшысы Тышқан мұрты тікірейіп, үшкір құйрығымен үстелді тықылдатып сөз бастайды.

­- Құрметті жыл мүшесі атанған ханымдар мен мырзалар! Сіздер барлық жан-жануарлар үміт артқан игі жақсылар қатарынан боласыздар. Сондықтан да сіздерге жүктелген міндет аса жауапты. Міндеттеріңізді заңға сай, демократиялық үрдістерді басшылыққа ала отырып, жан-жануараралық татулықты сақтап, адал атқаруларыңызды сұраймын. Ал бүгінгі басқосудың тарихи маңызы зор. Алда атқаратын жұмыстар жайында ақылдасамыз, - дейді. Қалғандары «Ләппай, тақсыр!» деп, бас изейді.

Осы сәтті ұтымды пайдаланған Тышқан күн тәртібіне өзі жек көретін Мысықтың мәселесін қарауды ұсынады. «Келіп түсіп жатқан арыз-шағымдарға қарағанда, Мысық мырза үй жануарымын деп, адам баласына біртабан жақындығын пайдаланып, Тышқан атаулыға зор қауіп төндіріп тұр. Бүгіннен бастап Мысық Тышқандарға жоламайтын болсын. Қаулы қабылдаймыз!».

Тышқанның пікірін Мысықтан қорлық көріп жүрген Тауық пен Қоян бірден құптапты. Сауатсыз Сиыр да «дұрыс» дегендей ыңғай білдіріпті. Бұрыннан Мысықпен қырғи қабақ Ит болса, Мысықтың бұл қылығын «қылмыс» деп тауып, ісін сотқа өткізуді ұсыныпты. Тышқанның ықпалынан шықпайтын Қой, Ұлу бастаған бірнешеу үнсіз мақұлдайды. Доңыз болса: «Маған бәрібір, тек қарным тойса болды» деп қарап отырады. Бірақ Барыс көнбейді. Ол: «Мына біздер, Арыстаннан бастап мысық тұқымдастар әулетінен тараймыз. Тышқанға бола біздің текті тұқымымызды, зәузатымызды тәлкекке салуға қарсымын!» - депті. Барыстың ашуланса қатты кететін мінезін білетін басқалары абдырап қалыпты. Тағы Барыс айтыпты: «Тышқан мырза! Сіздің алаяқтығыңызды әшкерлейтін менде Түйенің арызы бар. Қажет болса жеке мәлімдеме жасаймын!» (Жылбасы үшін болған тартысты өршітіп отыр).

Тышқанның да осал жері осы еді. Барыстың артында ағайыны Арыстан тұрғанын ескеріп, басқалары алғашқы пікірінен қайта бастапты. Тауық «қалжыңдап едім» десе, Қоян қорыққаннан мәселені басқа жаққа аударып, момын Қойды «міндетін жауапсыз атқарып жүр» деп сынайды.

Қой болса қызарақтап, өткен жылы пәлен тонна жүн өткізгенін, ет жоспарының орындалуына өз үлесін қосқанын алға тартып, қолындағы қалың папкасын ортаға лақтырып тастайды. «Одан да мықты болсаңдар, дүниені бүлдіріп жүрген Қасқырдың мәселесін неге қарамаймыз?» дейді.

Жылбасы Тышқан ойланып қалады. Байқаса, жыл мүшелерінің арасында Қасқырға жамағайын ешкім жоқ секілді. Тышқан үстелді тықылдатып басқалардың пікірін сұрайды.

«Қой дұрыс айтады, Қасқыр әбден мазамызды алды» дейді Жылқы, Сиыр, Доңыз бастаған топ. Барыс «Өздерің біліңдер, тамағыма ортақтасып жүрген сол қуды құртсаңдар жаман болмас» дегендей, Мысық бабасына араша түскеніне қанағаттанып, мүлгіп отыра береді. Мешін болса көптің пікірі қалай бағыт алса, солай құлай кететін әдетіне басып, құр ыржалақтайды.

Ақыры жыл мүшелері бір ауыздан Қасқырды ел ішінен аластату туралы қаулы қабылдапты. Мұны естіген Қасқыр: «Қап, әттеген-ай, әуелі «Жылбасы» сайлауына алыс рулас Итті ұсынғанша, өзім өтсем, бұлай сорламас едім» деп, комиссияға Итті жыл мүшесінен шығарып тастау туралы арыз түсіріпті. Онда Иттің жасаған ұрлығы, жеген ақшасы туралы мәлімет бар дейді білетіндер.

Аман болсақ, келер жылы Иттің мәселесін қарайтын кезекті құрылтайға да қатысатын боламыз. Оған дейін жемқор Ит мол пара беріп, істі жаптырып тастамаса болғаны.

*****

Келер жылы құрылтайға тағы келдік. Иттің мәселесі туралы тіпті сөз болған жоқ. Ит мырзаның шетелге елші болып кетуіне байланысты іс жабылған дейді. Оның орнына Итекеңе елдің тыныштығын сақтауға қосқан үлесі үшін «Қаһарман» атағы берілді. Соған байланысты ертең Ит мырза арнайы қонақасы өткізеді екен. Дастарханның шығынын Қасқыр өз мойнына алыпты. Соған қарағанда ағайын-туғандар емес пе, татуласқан сияқты. Біздегі уайым басқа: «Ит осы ұланасыр дастарханына шақыра ма, жоқ па. Қалып қойып масқара болмайық...».

СӘБЕТБАЙ ШАЛДЫҢ ҰЛДАРЫ

Ерте-ерте ертеде Сәбетбай деген шал өмір сүріпті. Оның төрт әйелінен он бес ұлы болыпты. Бәйбішесінен Орысбай атты жалғыз ұл, кіші бәйбішесінен Беларыс, Үкірайна, Ләтіп, Литіп, Естен, Молдабан атты арыстай алты ұлы, үлкен тоқалынан Гүржан, Арымжан, Әзірбайжан атты үш ұл, кіші тоқалынан Өзбекбай, Тәжікбай, Қырғызбай, Түрікпен, Қазақбай атты тағы бес ұл сүйіпті.

Күндердің күнінде Сәбетбай қария он бес ұлын он бес отау етіп, ұясына қондырып, әмірін екі етпейтіндей жарлық түсіріпті. Онымен қоймай, нағашы жұрты бөлек, иісі бөтен ұлдарын қыз беріп, қыз алысындар, қандарың араласып болашақта әлемде жоқ жаңа будан тұқым өсіріңдер деп еліртіпті. «Әсіресе анау Қазақбай шапаның желпілдеп көше бермей, қолдағы малынды ортаға сал, отырып бақсаң жанын шығып кетпейді» деп ақырыпты. Үлкен ұлы еркетотай Орысбайға кіші тоқалдың балаларына бас-көз бол деп тапсырып қойса керек. «Әнебіреу Қазақбайдың жері көп, соған егін сал, өндіріс орнат, шұрайлы мекендерін иемденіп ал, содан зиян көрмейсің» деп ақыл қосыпты үлкен ұлына Сәбетбай шал.

Содан күндердің күні болғанда, шалдың қаһарынан қорқып, Қазақбай өрістегі малын, бойындағы жанын ортаға салып жіберіп, мешін жылы туғанда аштықтан көзі қарауытып жығылыптты. Оны Орысбай ағасы енді өліп қалған шығар деп, көмейін деп жатқанда, кірпігі қозғалыпты. Су ішерлігі бар екен, бір аяқ, бір қолдан жан кетіп, әйтеуір тірі қалыпты. Осы аурудан кейін Қазақбай байғұстың тілі күрмеліп, ұғылмайтын, ағасына еліктеп орысша сөйлеп, самогон ішетін әдет тауыпты (қайғысын басқысы келген шығар). Осылай он бес ұлы ер жетіп, салтанаты артқан Сәбетбай шал бұрынғы сақалына сары шіркей ұялаған күнін ұмытып, алыс-жуықтағы көрші-қоландарға әкіреңдейтінді шығарыпты.

Бір күні батыстағы Керман ауылының жігіттері аттарына мініп, сойыл шоқпарларын жаландатып: «Тап әкеңді ... Сәбетбай қақбас, сенің көзіне шел бітейін деген екен. Он бес ұлыңмен қосып ат құйрығына сүйретіп өлтіреміз», - деп Сәбең ауылына тұтқиылдан тиісіпті. Шал да қарап қалмай он бес ұлына «Аттан» салыпты. Жан беріп, жан алысқан алапат шайқас басталыпты. Осы майданда Қазақбай Кермен аулынын бірнеше батырларымен жекпе-жекке шығып, онымен қоймай, Сәбетбай шалдын ордасына басып кірген жауларды түре қуып, аса ерлік көрсетіпті. Он бес ұлдың арқасында Сәбең ата жауын жеңіп, жайратып салыпты. Мәртебесі одан сайын арта түсіпті. Мейманасы асып, ат жетер жерге менің үкімімді тыңдасын деп кеуде соғыпты. Шалдың бұл қылығы сонау қиыр жатқан Әмерикан мырзаға ұнамай, Ол: «Сәбетбай бет алды оттамасын!» - деп бір тойда айтып салыпты. Оған ашуланған Сәбетбай шал бәйбішеден туған ұлдарын шақырып алып: «Давай, ананы қорқытатын қару жасандар!» - депті. Ұлдары: «Ол қауіпті ғой, оны қалай сақтаймыз, қайда қоямыз?» - десе, шал: «Басымды ауыртпандар, Қазақбайдын үйіне апарып сақта, сонда сына, өзі дімкәс неме, өлсе өле берсін!» - деп ақырыпты.

Қаһарлы қарияның сөзін бұлжытпайтын ұлдары алапат қару жасап, Қазақбайдың аулына әкеп, тарс-тұрс жарып, әлемнің зәресін ұшырыпты. Үрейленген Әмерикан мырза да қарап жатпай, қанатты оқ ойлап тауып «келсең, кел» деп шіреніпті. Сәбең қария тәубесін жиып тастап, көптің көзінше қарсы келгенді тілдеп, айтқанымен жүрмеген кейбір көрші- қолаңдарға қамшы үйіріп, жігіттерін жіберіп, үйір-үйір жылқыларын айдатып алатынды шығарыпты.

Күндердің күні болғанда, күнәсі әбден толғанда, мешін жылы 74 жасында Сәбетбай шалды жазылмас дерт меңдеп, ісіп-кеуіп жатып қалыпты. Шалдың жаназасына қатысып, дұға жасайық деп, он бес ұлы алқақотан отырыпты. Сол жылдың қоңыр күзінде қарияның науқасы күшейіп, әне-міне күп етіп жарылып кетуге шақ қалыпты. Содан бір күні қан-жын, нәжісін шашыратып жарылып кетіпті. Сұмдық алапат иіс шығып, бүкіл әлем аузы- мұрнын бітепті. Әрең шыдап отырған ұлдары жан-жаққа тұра қашыпты. Топырақ салуға жарамай, бет-бетімен кетіп, мал семірген қоңыр күзді пайдаланып, жеке-жеке туларын тігіп, той жасапты.

Сорлы Қазақбай болса көппен бірге қаша алмай қалып (баяғы мешін жылғы жабысқан дерттен кейін кемтар болып қалған ғой), қақбас шалдың шашыраған нәжісі түгелімен басына төгіліпті. Сол түрімен ел көзіне көрінуге ұялып, әбден қыс түскенде әрең тазаланып, желтоқсан айының ортасында ол да туын тігіп, жеке шығыпты. Шығуын шығып алса да, шалдың шаңырағын иеленіп қалған Орысбай ағасының қабағына қарай-қарай әйтеуір ел қатарына қосылыпты. Кейбір: «Басқасы басқа, тап осы Қазақбай үй бола алмайды», - дегендердің өзі «молодец» деп мақтапты. Еркіндік не істетпейді десеңізші. Бұрын шалдың қаһарынан жасқанып, өз мүлкіне өз билігі болмай келген Қазақбай, ой шіркін, қолындағы барын сатсын келіп. Бір шиша араққа - бір қой. Баспа-бас, бартер... әкесін танытыпты. Айтпақшы Қазекенің әйелі толғатып егіз ұл туыпты. Мына қызықты қараңыз, онысы - сиам егізі екен. Біреуінің шашы сары, екіншісінің шашы қара - екеуі екі тілде сөйлейді. Бірі -орысша, екіншісі - қазақша. Құдайдың құдіреті-ай деген, олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Операция жасап ажыратуға тағы болмайды.

Іштен шыққан ұрпағын далаға тастайтын емес, Қазақбай балаларының қамын ойлап, хат-хабарды екі тілде жазып, жиналыс болса екі тілде сөйлеп, басқалар бір кісілік есіктен кірсе, ол екі кісілік есік жасап (балалары қатар кіру үшін),екі төсек, екі көрпе , екі үй... өмір сүріп жатса керек.

Ұзынқұлақтан естуімізше, Қазақбайдың жаңағы сиам егіздерінен енді қандай бала туады, бірін-бірі сүйретіп қашанға дейін өмір сүреді деп әлем таңдана қарап отырған сияқты.

Шынында қандай бала туады екен?..

ЖОЛ-ЖӨНЕКЕЙ ЖАЗБАЛАР

Арба кімдікі?

«Жаз айларының бірінде кәмелетке толған мүгедек балаларға қатысты жиын өтеді, оған қолына «қарға саңғыған» байшікештер қатысып, сый-сияпат жасайды» деген хабар қолымызға тиген соң, қасымызға фототілшіні қанжығалап алып, аттанып кеттік.

Келсек, кең залға өзіміз сияқты ақ қоян, көк қоян журналистер жиналып қалған екен. Телетүсірушілер бейнекамераларын құрып, қырағы фототілшілер автомат асынған жауынгерлер сияқты әзір тұр. Қара жарысқа үйреніп қалған бұл қарақтарға «тәйт!» десеңіз болды, сатыр-күтір, жарқ-жұрқ...

Сонау шетте қаламының тұмсығын тізесінің үстіндегі жарғақ блокнотқа тіреп қойып, «саққұлақ» журналистер марғау қозғалып, самарқау көз тастайды. Бір заманда айқара ашық тұрған сыртқы есіктен баж етіп, жиынды ұйымдастырып жүрген «ақ лақ» қыз секіріп, кіріп келді. Оның бір ауыз «келіп қалды!» деген үрейлі даусынан селк етіп «оянған» біздер тез жиналып, найзамызды тіктеп отыра қалдық Сөйтсек, келе жатқан «ақ лақ» қыздың бастығы екен.

Осылай жиын басталды. Бастық жанашыр кейіпте тіл қатты. Бір заманда залдың ортаңғы қос есігі айқара ашылды. Арғы жағында әскери колоннаның тізбегі сияқты самсаған арбалар. Бәрінде таңылып, бір-бір бозбала отыр. Дереу санап жіберіп, жанарында терең мұң тұнған бейбақтардың жүзіне қарасақ, түгелдей қазақ екен. Отырған арбаларының артқы сүйеніш арқауына соқыр адам оқитындай етіп, «милость Иисуса Христа»деп жазып қойыпты. Бұл жазу арбаны кімнің сыйға бергенін білдіріп тұр.

Сөйтіп тұрғанда, қазақтың «Кімнің арбасына отырсаң, соның жырын жырлайсың» дейтін мақалы сарт етіп ойымызға орала кеткені. Тұқымы құрғыр, осындай апақ-сапақта адамның ойына қайдағы бірдеңелер іліге кететіні несі екен.

Сары шалдың әлегі

Тағы бірде алып-ұшып шақырған жерге бардық. Дөңгелек үстел өткізгелі жатыр екен. Ұйымдастырушы - қаладағы қаптаған қоғамдық ұйымдардың бірі. Тақырыбы - айта-айта тіліміз темір татып кеткен (Жұматай Сабыржанұлы) «мемлекеттік тілдің мерейіне» қатысты.

Сонымен, жиын басталды. Абай атам айтпақшы: «Жартасқа бардым, күнде айғай салдым, одан да шықты жаңғырық». Шешендер мен көсемдер ағыл-тегіл ақтарылды. Жиналғандардың ішінде қоғамдық ұйымдардың өкілдері де бар екен. Жиын қазақша өте бастаған тұста кейбір ұлттық орталықтардан келген өкілдер шығып жүре берді. Оларға қарап жатқан біз жоқ, ауызды кереқарыс ашып қойып, зарлап жатырмыз.

Содан бір уақытта, аяғын әнтек-тәнтек басып әрең жүрген, ақ балықтың қабыршағындай жұқа ғана, ұлты басқа жапырақ сары студент «қазақ тілі деп айта бергеннен түк те көгермейді» деген мағынада мыңқ етіп бірдеме айтып қалды. Ішіне әбден тілдің шері қатып, тік ішегі мұздап қалған танымал профессор ағамыз тұрды да, әлгі немересіндей жапырақ сарыға қаратып, жарты сағат орысша түсіндірме айтып шықты. Аяғында жыларман болды. Ағамызды әрең тоқтатып, әлгі студентке қарасақ, ол жырқ-жырқ күліп, соткасымен «змейка» («жылан жұтқан») ойнап отыр.

Жамырай шулап жатып, жиынды енді аяқтауға жақындаған сәтте, манадан бері өлі жандай үнсіз, меңіреу адамдай мүлгіп отырған, коммунистік партияның қалалық өкілі, сары шал ақырып ортаға шықты. Жүзі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен. Көзіне баяғыда қамшы тиіп жасқаншақтап қалған үлкен ағаларымыз басын бүркеп ала қойды.

Бір заманда ашуын әрең басқан сары шал: «Бұл не сұмдық, заңда орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады деп жазулы тұр, менің құқымды неге таптайсыңдар, жиынның көбі қазақ тілінде өтті, мұндай бейбастақтыққа мен жол бере алмаймын», - деп шіренсін келіп. Онымен тоқтамай, «ұлтаралық қатынасқа сызат түсті» дегенде, жиынды ұйымдастырып отырған өкілдің көзі шарасынан шығып кетті. Алдындағы стакандағы судан жұтып-жұтып жіберіп, қақалып-шашалып сөз бастады.

Қысқасы, ел-жұрт болып, әрең дегенде сары шалдың ашуын бастық. Ақырында, «байқамай қазақ тілінде жиын өткізіп қойыппыз, Құдай кешсе, сіз де кешірерсіз!» дедік. Әйтеуір, әрең құтылдық!

Жиын тарқағанда, басқарып отырған адам орындығынан үш ұмтылып тұра алмай қалды. Сөйтсек, қорыққандықтан қол-аяғынан жан кетіп, ұйып қалыпты. Оны сүйемелдеп көмекшілері алып кетті.

«Бұл - менің жарым» деп қазақша айтшы, қалқам!

Баяғы дөңгелек үстел. Тақырып қандай десеңізші: «Жастардың патриоттық тәрбиесін қалыптастыру». Ұйымдастырып отырған - шетелдік бір ұйым. Жиналғандар - әртүрлі қоғамдық мекеме өкілдері. Осылардың арасында орталық мешітте қызмет атқарып жүрген имам бауырымыз да отырды.

Қаптаған баяндама, қызыл жалқын сөздер. Бірақ, арада алты ай өтсе де, осындағы имам бауырымыз айтқан бір ауыз сөз есімнен кетпей жүргені.

Ол былай болды. Баяндамашылардан соң жиынның күн тәртібі бойынша пікір алмасу басталды. Сондағы имамның сөзі: «Астана мешіттеріне келіп, жаңа үйленген жастар некесін қидырады. Әрине, барлығы - қазақтың ұл-қыздары. Неке қию тәртібі бойынша, шаңырақ көтерген екі жас бір-біріне «Бұл - менің болашақ жарым» деп, бір ауыз сүннетке сай тіл қатуы тиіс. Бүгінгі жастар осы бір ауыз сөзді айта алмайды. Болашақ жарына, шаңырағының шырағына осы бір ауыз сөзді айтуға жарамайды. Себебі, бұл бейбақтар ана тілінен мақұрым...»

Бір қызығы, осыған селт еткен бір адам болмады. Өйткені, бәріміздің күнделікті көрініске етіміз үйреніп кеткен. Шығыстың ұлы ойшылдарының бірі Руми айтқан екен: «Адамзат үшін ең үлкен қауіп - болашағына төніп келе жатқан қатерді сезіне алмау, оған бой үйрету». Қазір біз ақ пен қараны, дос пен жауды, жақсы мен жаманды айыра алмайтын күйге жетіп қалған сияқтымыз. Абайшыласақ: «ыржыңшыл, қылжақ, бойкүйез...»

«Аузың былғанды, балам!»

Өз басым жантақ жейтін журналистің (Шерхан Мұртаза) бір күнін май шайнаған байшікештің бір жылына айырбастамас едім. Көпті көресің, көкейге түйесің, сәл-пәл танымың болса, қайнаған тіршіліктің ортасында жүріп, ғибрат үйренесің.

Әсіресе, дүйім жұртқа есімі танымал ағалардың былайғы ел біле бермейтін қырларын аңғарасың. Соларға қарап бір ағамыз көп айтатын: «Бұлбұл құс таңнан кешке дейін ән салады да, кеш батқан соң жерге түсіп, аштан өлмеу үшін боқ шоқиды» дейтін мәтелі еске түседі-ау.

Хош, сонымен тағы бір жиынға қатысып, арасында үзіліске шықтық. Журналистер бар, конференцияға қатысқан ғалым ағаларымыз бар, залдың есік көзінде орналасқан ұзын үстелден дәм таттық. Ағаларымыз отырыста сөз болған тақырыптан әлі де болса шыға алмай, шай ұрттай отырып жалғастырып жатты. Сөйтіп тұрғанда, әңгіменің ауаны үйдегі немерелерге қарай ауысып кетті. Балаларының бәрін амалсыз орысша оқытып, ана тілінен алшақтатып алған ағаларымыз не айтар екен деп құлақ түрдік.

Сондағы бір абзал ағамыздың айтқаны: «Үйдегі немеремді бір ауыз орысша сөз айтпауға үйретіп жатырмын, байқамай әңгіме арасына бір ауыз орысша сөз қосылып кетсе, ойбай балам «аузың былғанды» деймін, ол жүгіріп барып, аузын шөткілеп, жуып-шайып келеді».

Міне, тәрбие деген осы, бар екенсіңдер-ау қазақтың қара шалдары!

«Еске алудың» қиыны-ай!

Күзге салым, қоңырқай күндердің бірінде, таңертең жұмысқа ертерек келіп, енді ғана компьютерімді от алдырып, жайғасып отырғам. Есіктен имене басып, бір әйел кірді. Қазақша қатты қиналып сөйлейді екен. Ол кісінің аралас-құралас тілінен түсінгенім: бір жылдың алдында әкесі дүниеден өтіпті. Алдағы жұма күні жылдығын бермекші екен. Соған байланысты әкесіне «еске алу» жазып әкеліпті. Қысқасы, соны бір тексертіп алмақ.

Жан-жағына жалтақтап бір қарап алды да, басқа жан баласының жоқтығына тағы бір көз жеткізіп барып, қолына екі бүктеп ұстаған ақ парақты ұсынды. Шыны керек, оқып жібердім де, не күлерімді, не жыларымды білмей қалдым. Басымды көтеріп, қасымдағы қарындасқа қарасам, екі көзі боталап әрең тұр екен. Аяп кеттім. Неге?

Бұл адам әкесін қатты жақсы көреді екен. Сол себепті әкесінің жылдығына арнап жақсы сөзбен «еске алу» жазғысы келген. Өзі орысша оқыған бейбақ барған да, газеттерге шыққан туған күнге қатысты құттықтауларды көшірген. Өлген адамға, тірі адамның құттықтауын жазғанда не болады. Ойлап қараңыз!

Жазған сөздері қазір де жадымда тұр. Бірақ оны айтқым келмейді. Қайта қаза тапқан әкесін қалайда қазақша еске алам деп, шырылдап жүрген әйелге риза болдым.

Барлық жұмысты жиып тастап, күңірентіп «еске алу» жаздым. Нүктесін қойдым да, оқып бердім. Әйел ағыл-тегіл жылады. Мен сол күні өте сауапты бір іс тындырғандай көңілді жүрдім.

Осындай да болады екен.

«Атаңды асырайсың ба, шырағым?»

Сары үстелге тұмсықты тіреп қойып, буы бұрқыраған мақала жазып жатыр едік, есіктің арғы жағынан «Бұл «Астана ақшамы» газетінің редакциясы ма?» деген солғын дауыс естілді. «Иә, іздеген редакцияыңыз осы». Сәлден кейін есіктен ақ шулан сақалы темекі түтініне ыстанып қоңыр сарғыш тартқан егде жастың адамы кіріп келе жатты. Жамырай сәлем бердік. Ақсақал «Ассалауды...» көптен бері естімеген адамдай аңтарылып қалды. Аздан кейін тілін кәлимаға келтіріп, аузы күбірлеп мезірет жасағандай болды. Бізге сол да жетіп жатыр, қайтадан тұмсықты шаншып қойып мақалаға кірісіп кеттік.

Сәлден соң дәл маңдайалды қарсыдан күңіренген үн шықты. Селк етіп басымызды көтерсек, күрсінген әлгі қария екен. Біз бейбақ «Сізге не күн туды?» дегендей жәудірей көз тастадық. Сөйтсек, ақ шулан сақалды қарияның жалғыз ұлы бар екен. Ол өзі үлкен қызметте істейді дейді. Келіні орыс па, әлде поляк тектес будан тұқымнан. Қысқасы, ұл мен келін шалды сыйғызбайды. Бізге мұңын шағып, бір ауыз арыз-арманын айтқалы келіпті. «Сонда айтпағыңыз не?» дедік. Тегі осы сауалды күтіп отырған болуы керек, қария жұлып алғандай: «ұрпақтарыңның ұрпағын орысша оқытпаңдар!» - деп салды. Айтуын айтса да, өзіне де оңай тимеді-ау, ауыр күрсінді. Әр демінен жалын шарпиды. Күйініш, әлде өкініш оты. Осыны айтты да кетуге ыңғайланды. Аңтарылып біз қалдық. Табалдырықтың үстінде тұрып: «Өз ұлтының тәлім-тәрбиесін алмаған бала атасын осылай жылататын болады», - деді.

Ақ шулан сақалды атамыз кеткеннен кейін отырып алып ойландық. Құдай-ау, біздің бала кезімізде шал мен кемпірлер құм сапырып ойнап жүрген қара домалақтардың кез келгенін шақырып алып, мейірленіп тұрып маңдайынан иіскейтін. Жердің жеті пұшпағы сыйып кетерлік терең қалтасынан жарты шақпақ тәтті алып, әлгі боқмұрынның қолына ұстатып тұрып: «Бұл үлкейгенде бәрімізді асырайды», - дейтін. Сонда әлгі көзі-басы топырақтан көрінбей тұрған бейбақ баланың көзінде от жанатын. Танауын бір тартып қойып, «Иә, бәріңді асыраймын» деп дік еткізетін. Өзінің шалбары тесіліп, құйрығы көрініп жүргені ойында жоқ. Міне, қазақ бала біткенді осылай тәрбиелеуші еді.

Одан кейін қазақ баласы үшін «ата мен әженің тәрбиесі» дейтін ғаламның ешбір оқуы жетпейтін құрал бар. Қазіргі жұртының мұратын жоқтап, халқының қадірін түсініп, обал мен сауапты айырып жүрген азаматтардың барлығы дерлік ата мен әженің тәрбиесін көргендер. Сенбесеңіз, осындай адамдардың өзінен сұрап көріңіз, «мен атам мен әжемнің қолында өстім» деген жалғыз жауап аласыз. Осындай шал мен кемпірдің балаларына тағдырыңызды ойланбай тапсыруға болады. Өйткені, оны тәй-тәй басқан сәби кезінен бастап атасы «Осы балам ержеткенде мені асырайды» деп әбден санасына шегелеп тастаған. Оның миында «мен ата-анаға қызмет істеуім керек» деген файл баяғыда «кодталып» қалған. Оны өшіру мүмкін емес.

Енді былай болсын, сіз ертеңнен бастап балаңызға «Атаңды асырайсың ба, шырағым?» деп сұрап көріңізші, ол не айтар екен. «Қорқамын кейінгі жас балалардан» (Абай).

Құда болудың хикаясы

Тайф Тәукеев дейтін жетпісті еңсеріп қалған ағамыз бар. Бұл кісінің басқа қазақтардан айырмашылығы - қып-қызыл ұлтшыл. Әмбе қазағы айлы аспанның жұлдызындай жамырап кеткен Қызылжар қаласының маңында тұрады. Қашан көрсеңіз, екі аяқты көсіліп тастап, біреулермен қызылшеке дауласып отырғаны. Сондағы айтатыны мынау: «Неге қазақша сөйлемейсіңдер?».

Үш-төрт жылдың алдында ауданда үлкен жиналыс болған екен. Жаңадан келген аудан әкіміне ақсақалдар «Қарағым ендігіміз ұят, бұдан былай аппаратыңды қазақша сөйлет!» депті. Әкім қос алақанын жайып «қазақша білетін кадр жоқ» деп мүләйімсиді. Топ ортадан Тәкең ыршып тұрып «Мен бармын, кәне қызметің, әкеле ғой, істеп жіберейін» депті. Сасып қалған әкім мырзаның жанары жыпылықтапты. Куә болғандар «күлкіге бір көмілдік» деп, естеріне түскен сайын езу тартатын көрінеді.

Осы Тайф ағамыз өткен жылы келін түсіріпті. Бұл өз алдына тағы бір хикая. Оны өз аузынан естідік. Балаларының кенжесі, шаңырақтың иесі болатын ұлы бір күні «Әке, кешікпей келін әкелемін» депті. «Ойбай, мынауың жақсы жаңалық ғой, келін қай жақтан, қалқам?». «Қостанайдан». Тәкеңнің жүрегі зырқ етіпті. «Ол жақтың қазағы «орысбайлау» болушы еді, енді менің келініммен орысша сөйлесуім қалған екен ғой». Осыны ойлағанда, Тәкеңнің қаны ойнап шыға келген. Ашуланғанда екі көзі ит қуған ешкі бастанып, жұқа қабағына шаншыла қалушы еді, дәл сөйтіпті. Шеке тамыры көгеріп, бөбежігі бүлкілдеп тұрып, Тәкең ұлына «Балам, келін қазақша біле ме?» депті. Баласы болар-болмас басын шайқайды. Түсінікті.

Осылай Тайф ағамыз, өз сөзімен айтқанда, «қарсы шабуылға» дайындалған. Құда болудың жоспарын жасаған. Сөйтіп, арада апта өткенде қасына кемпірін ертіп, қоржын-қоспағын арқалап Қостанайға келген. Құдасы қарсы алады. Тәкеңде үн-түн жоқ. Үйден аттанарда кемпірі айтқан: «Әй, Тайф, сен жөнсіз сөйлеп, құдаларды ренжітпе, аңдысын байқайық. Сен сөйлейтін кезде мен белгі берем, оған дейін тыныш отыр». Тәкең қарап отыр, құдалардың арасында қазақша сөйлеп жүрген бір жан болсашы. Шай ішілді, қоржын сөгілді, тыныс кеңіді. Тәкең кемпіріне қарап қояды, «белгі» беруді ұмытқан сияқты. Ақыры төзімі таусылған Тәкең ағытылып кетіпті. Төрде шіреніп отырып: «Менің келінім қайда? Шақырыңдар!» - дейді. Құдалар жағы қызды іздеп абыр-сабыр. Бір пәленің басталғалы келе жатқанын басқасы білмесе де жеңгеміз біледі, ол кісі «белгі» беріп әлек. Оны ескеруден Тәкең баяғыда кетіп қалған.

Келін келді. Тәкең орнынан көтерілді. «Менің келінім сен бе, қарақ!». Келін үнсіз, басын изеген болады. «Ондай болса, - дейді Тәкең, - менің шаңырағымды аттаған сәттен бастап, бір ауыз орысша сөйлемейтін боласың. Егер олай істеу қолыңнан келмесе, сені от орныңнан қозғамайын. Қазір аттанам».

Тәкең осылай деген де, сазарып отырып қалған. «Айтқан үкіміңізді естіген құдалар жағы қайтты?» деп Тәкеңнен сұрадым. Олар «ужас, ужас» депті.

Келін шырақ ақылды екен, әрі қайын атасының осындай әмір түсіруі мүмкін екендігі жайында хабардар да болса керек. Көзінің жасын төгіп тұрып, атасына «Әміріңізге құлдық!» депті. Осылай келінді бері қаратып алған Тәкең құдаларға қарай шабуылға өтіпті. «Құрметті құдаларым, сымбатты құдағиларым, ертең мен сіздерді тойға шақырам. Менің алыстан сонау Қытай елінен туыстарым келеді. Олар сіздерді көріп «Тайф орыспен құда болыпты» дейді ғой. Бұл сөзді естігенше, менің өлгенім артық. Не айтасыздар?». Құдалар жағы үнсіз. Тығырыққа барып тіреліп қалған сияқты. Содан Тәкең екі жаққа тиімді мынадай ұсыныс түсіріпті: ертеңнен бастап тойға келетін құдалар қазақша үйренеді. Олар үйреніп болғаннан кейін Тәкең ұланасыр тойын жасайды. Тойдың өтетін уақыты құдалардың тіл үйренуіне байланысты белгіленеді.

Тура екі айдан кейін құдалар жағынан «тойды бастасын, біз дайынбыз» деген ұсыныс келіпті. Осылай бір арқа-жарқа қазақи той өтіпті. Қыздың әке-шешесі қосылып тұрып, Алтай қазақтарының ескі қара өлеңін айтқанда, Тәкең ағыл-тегіл жылапты. Тойдың ертеңінде Тайф ағамыз құдасын құшақтап тұрып, «Алланың осы бергеніне шүкір, құда, мен бүгіннен бастап намазға жығылдым» дейді. Арада алты ай өткенде құдасы да намазға жығылыпты деген хабар жетті.

Адамға мысық шапқаны қалай?

Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, дүйім жұрт Жеңіспен бірге Абайдың 100 жылдық мерейтойын республика көлемінде атап өткені белгілі. Негізгі той Семейде өтеді. Тойдың бас палуанына тағайындалған бәйгені арысқа түспей-ақ Қажымұқан атамыз алады. Жасы 74-ке аяқ басқан Қажекеңді халқы құрметтеп, күрестірмей-ақ бас бәйгені берген. Содан балуан атамыз еліне барып үлкен той жасайды. Себебі, Қажымұқан балуан Абайдың баласы Тұрағұлмен дәм-тұзы араласқан дос болып, Көкбай Жанатайұлын ақылшы тұтқан адам.

Жоғарыдағы балуанның тойын көріп куә болған жергілікті жердің қаламгері Әдіһам Шілтерханов көлемді әңгіме жазған. Осында оқырманды елең еткізерлік мынадай бір эпизод бар. Оқиға Қажымұқан балуанның өзінің айтуы бойынша беріліпті. Ұзын-ырғасы былай: Оңтүстік өңірде, Арыстан баб кесенесінің Сыр жақ бетінде Қаныттоғай дейтін нулы-сулы, қамыс-құрақты жер бар. Сол өлкеде алып күш иесі Бақтияр дейтін балуан өмір сүрген. Бұл кісіні Қажекең өзі көзімен көрген, барып сәлем берген. Қажекең айтады екен: «Бақтияр балуан қиын заманда туып, бейнеттің астында өткен адам екен. Әр қабырғасының үлкендігі үш елі. Аяқ-қолының ірілігі менен бес есе. Күші де артық. Әттең, бағы жанбаған адам».

Ел аузында Бақтияр балуанның жолбарысқа қылыш сілтеп, қақ айырып тастағаны жайында айтылатын әңгіменің анық-қанығын білмекке құмартқан Қажекең осы оқиға туралы балуан ағасынан сұрайды. Сондағы Бақтияр балуанның айтқаны: Қаныттоғайда менің жас кезімде жолбарыс болған. Аң патшасының жымын білетін былайғы жұрт тоғай арасындағы жолмен өлсе де жүрмейді. Тек менің әкем ғана қорықпай жолбарыстың жымын кесіп өте беретін. Азамат жасына жеткен соң мен де сол жолмен жүріп көрмекке бекіндім. Жүрдім, маған жолбарыс шапты. Қылышымды суырып алдым да, шауып тастадым. Содан үйге келіп, әкеме айтым.

- Әке, мен жолбарысқа тап болдым.

- Балам, оны не істедің?

- Қақ бөліп шауып тастадым.

Әкем бір түрлі күңіреніп кетті. «Япырым-ай, бұл не сұмдық, адамға мысық шаба ма екен? Мен олай-бұлай жүргенде, басын екі бұтының арасына қысып алып, қыбыр етпей жататын. Оның шапқанына қарағанда, ұрпағым ұсақталып кеткен екен ғой. Мысықтың айбарын қайтаратын мысың жоқ неткен жансың!» деп ренжіп, қапаланып жатып қалды.

Бұрынғы қазақтар осындай болған..

АНАСЫН АЯЛАҒАН АҚЫН

Алғаш Арқа төсінде байрақты қала Астана бой түзегенде, ару шаһар Алматыдан алғашқылардың бірі болып ат басын бұрған - ақын ағамыз Қайрат Жұмағалиев еді. Ол тұста заман қандай?! Сортаңда өскен налалы гүлдей жапырағы сарғайған қазақ руханияты әлі бүр жармаған болатын. Солтүстіктің суық ызғары Есілдің мұзын қарып, шашақты басы тербелген селеу шөптің сағағына қонақтағалы қай заман...

Әрине, алғаш келгенде бас қала да «суық» болатын. Осы ызғарды жүрегімен жылытып, тоңын еріткен осы Қайрат ағалар. Бір күндері бұл дәуренді аса мақтанышпен еске алатын боламыз.

Амандық-саулығын білмекке ағамыздың ардақты шаңырағына бас сұғып шықтық. Алқа-қотан отырып, әңгіменің тиегін ағыттық. Сөзіміз жарасты, ниетіміз тоғысты... Алдағы күндері тәңір жазса төгілтіп тұрып жазатын тақырып табылды... Қайрекеңнің екі сөзінің бірі - «Қайран, менің анашым». Өз басым осы аз ғана ғұмырымда анасын дәл осындай ардақтайтын адамды көрген жоқпын һәм көрмеуім де мүмкін.

Басқасы басқа, жетпістің желкесіне тұяқ іліктірген ақсақал әңгіме барысында «анашым» деп үш дүркін көзінің жасын төкті.

Бірінші көздің жасы

Өткен жолы бір кездесу үстінде Ақселеу Сейдімбек ағамыз айтқан еді: «Қайрат екеуміз бір-бір ананың етегіне оралып өскен бейбақтармыз», - деп. Сол сияқты, «Анашым мені аузына тістеп жүріп адам қылды» дейді Қайрат аға. Сонау бір жылдары «қой үстіне боз торғай жұмыртқалап», жағасы жайлауға, ырысы қойнауға толған қасиетті құм Нарынның бауырында жатқан елге жалғыз күні жай түсті. Күллі жұртты түп қопарып көшірді. Осылардың арасында сегіз жасар Қайрат ағамыз бен анасы екеуі де кетті.

Туған жұртынан айырылған анасы:

Көшкенде құм Нарынды қия алмадым,

Көл қылып көз жасымды тыя алмадым,

Есімді көпке дейін жия алмадым,

Үстіне қара жердің сыя алмадым, -

деп жылапты.

Көшкен елді жүк пойызға тиеп алып, жарты ай жол жүріп, оңтүстіктегі Жетісайға әкеледі. Жергілікті жердің табиғатына сіңісе алмаған халықтың балалары іш ауруына шалдығып, қынадай қырылады. Сегіз-тоғыз жастағы Қайрекең де сырқатқа шалдығып, бүтін екі ай төсек тартып жатады. Жалғызының ыңыршағы айналып, хал үстінде жатқан кеспіріне налыған анасы:

Құдайдан сұрап алған шыбыным-ай,

Бағуға шыбынымның қиынын-ай!

Қарғамды қанаттыға қақтырма деп,

Жүремін бір Аллаға сыйынып-ай!

Ішінде көп қойымның қоңыр саулық,

Қосақтап саулықтарды күнде саудық,

Құдайдан жатып-тұрып мен тілеймін,

Деніне қарағымның бергей саулық, -

деп зарлайды екен.

Осыны айтып отырып, ағамыздың өзі жылап жіберді. «Мен анамның көз жасының арқасында тірі қалдым» дейді.

Екінші көз жасы

Осылай бір ажалдан аман қалған Қайрат аға Жетісай жерінде орта мектепті бітіріп, бірге оқыған 25 баланың ішінен жалғыз өзі Алматыға оқуға аттанбақ болады. Қайран ана жалғыз сиырын сатып, пұлын баласының қалтасына салып береді.

«Менің Алматыға аттанбақ болғаным, ауылда кәдімгідей дүрбелең туғызды» дейді Қайрекең. Өйткені, ол ауылда бұған дейін Алматыға барып оқуға түскен «жүрек жұтқан» адам болмаған екен. Содан ел болып ағамызды астанаға аттандырып салады. Ұлын шығарып салып тұрған анасы: «Маңдайыма тәңір жазған жалғызым-ай, алдыңда арқа сүйерлік ағаң, артыңда аяқ тірейтін інің болмады-ау. Тұмсықтыға шоқытпай - қанатыңды жетілдірдім, қарғам, тұяқтыға тырнатпай - қауырсыныңды қарайттым, қарғам. Енді міне, атыңның айылын тартып мініп, алыс сапарға аттанғанда, менен басқа шығарып салатын ағаң немесе інің жоқ, осыны ойлағанда бауырым езіліп, жүрегім жұлынар болды-ау», - деп зарлапты.

Осыны айтқанда Қайрат ағам тағы да еңкілдеп жылады.

Үшінші көз жасы

Шіркін өмір бір орнында тұрмайды. Сонысымен де жақсы. Қайғыны ұмыттырады, шерді тарқатады, жараны жазады, жанды емдейді, жалғызды көп қылады, жарлыны бай қылады...

Иә, бұл тағдырды да ағамыз бір кісідей басынан кешіріпті. Оқу бітіргеннен кейін «Жазушы» баспасына кіші редактор болып орналасады. Қазақ жазушыларының тарихында 24 жасында таңдамалысын шығарған ақын. Бүгінге дейін орыс, қазақ тілдерінде отызға тарта жыр жинағы жарық көріпті. Ағамыз аударма саласында да өнімді еңбек еткен. Атақты француз жазушысы Александр Дюманың «Монте Кристо» кітабынан бастап, ондаған орыс және шетел жазушыларының шығармасын қазақ тілінде сөйлетті. «Ойпырым-ай, аға, мынандай көп кітапты қалай аударып жүрсіз?» деп сұрғанымда: «Үлкен отбасын асырау үшін ақша керек ғой»,- деп зілсіз жымиды. Осы жылы жымиыстан сол дәуірдің ізін аңғарғандай болдық.

Бір әредікте ағамыз айтып қалды: «Мен жақсылардың шарапатын көп көрген адаммын». Мен «Олар кімдер еді?» деп сұрадым. Айталық, үлкен ақын Қалижан Бекхожин. Осы кісінің ауласындағы шағын үйде Қайрекең пәтерші болып тұрыпты. Қалижан марқұм ақысына көк тиын сұрамаған. Қайта күн аралатып інісіне келіп: «Кәне, кеше қандай өлең жаздың, маған беріп қой», - деп, қалтасына салып алып кетеді екен. Ертеңінде Қалекең інісінің өлеңдерін қолтықтап алып, редакцияларды аралайды. Барлық қазақ басылымдарына таратып береді. Құдайға шүкір, Қалижандай ағаның беделінің арқасында Қайрекеңнің жырлары газет-журналдың бетінен түспепті. Бұйырған қаламақысын алып тұрады. Осының бәрін қайран Қалекең Қайрат қаражаттан тарығып қалмасын деп істейтін көрінеді. Қазір осындай ағалар бар ма, осы?

Сөз арасында ағамызға тағы бір сауал тастадым: «Оқу бітіріп, Алматыға орналасқан соң, ауылдағы анаңызды қалай көшіріп алдыңыз?» Ағамыз ойланып қалды. Аздан кейін: «Сол жолы анамды алғаш рет әділетсіздіктен қорғадым», - деді. Себебі былай екен: анасын көшіріп алмаққа ауылға барса, колхоз бастығы жібергісі келмейді. Оған да мақта теретін кісі керек. «Сенің анаңның козхозға берешегі бар, кетпейді» депті. Қайрекең орнынан атып тұрып: «Мына жалғанда жар деген жалғыз анам бар, мені одан кім айырғысы келсе, сол адамды қиналмай-ақ өлтіре салуға әзірмін» депті. Бастық та - адам баласы, бірден түсініп, өзі шығарып салыпты.

«Анаңыз Алматы секілді үлкен қалаға қалай бауыр басты?» деп, төтеден тағы бір сұрақ қойдым Қайрекеңе. «Анам - дейді Қайрат аға. - Алматыға келген соң қайта туғандай болды. Күні-түні тыным таппай, зыр жүгіреді. Сөйтіп жүріп, барлық шаруасын ән салып істейді. Бұрын ондайын байқамаған екем. «Неге күні-түні ән салып жүретін болғансыз?» деп сұрадым. Анам жарықтық басындағы жаулығын сәнімен түзеп алды да, маған жаңа көргендей ұ-з-а-ақ тесіліп қарады. Содан кейін айтты: «Мен ғұмыр бойы сені күнде көріп жүретін күнге жетсем деп Алладан тіледім. Сол тілегім орындалды. Мен ән салмағанда, кім ән салады деді».

Осы сөзді айтқанда Қайрат ағам үшінші рет жылады.

ІV БӨЛІМ

СҰХБАТ. СЫР. САҒЫНЫШ

«ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТТІ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫН АТАМЕКЕНГЕ ҰШАҚПЕН ӘКЕЛДІМ»

Базылхан Бұқатұлы - филология ғылымдарының докторы, алтайтанушы ғалым. Моңғол-қазақ тілдерінің салыстырмалы тарихи грамматикасы жайлы құнды еңбек жазған. Қазір Бай-өлке аймағының орталығында тұрады. Ғалымның 70 жасқа толған мерейтойы қарсаңында арнайы ат басын бұрып, сәлем беріп, сұхбат жүргізген едік.

- Балалық шағыңыздан есіңізде қалған не бар, ақсақал?!.

- Мен 1937 жылы туған адаммын. Жеті жасымнан бастап шалдардың сөзіне құлақ түрдім, мәнді-мағыналы дүниелерді есіме сақтауға тырыстым. Бір күні ауылға бітімі бөлек біреу келді. Басында пұшпақ тымақ. Жанары өткір. Бет әлпеті майланған. Ту биенің қыс асырып сақтаған күрең қазысы секілді. Қылау шалмаған қара мұрты істік сияқты көкке шаншылып, мақамдап-мақалдап сөйлейді екен. Сөйтсем, бұл әлгі атақты ақын Ақтан Бабиұлы екен. Марқұмның мұрты ерекше есімде қалыпты. Баяғыда, 1968-ші жылы жазушы Сәбит Мұқанов осы Қобда керейлеріне келіп қайтқан. Сонда Ақтан ақынды сыртынан көріп: « Ей, сен Ақтансың ба?» депті. «Ақтанмын, мені қалай таныдың?», - дегенде, Сәбең күліп: «Мұртыңнан таныдым», - деген ғой. Сондай бір мұрты бар адам еді.

- Ақтан ақынды алғаш рет көргендегі әсеріңізден есіңізде қалған бірдеңе бар ма?

- Ақтан марқұм ағытылып сөйлеп отырды. Әсіре дастаншыл жан еді, бір қыдыру жыр айтып тастады. Манадан бері екі құлағы қалқиып, қадалып отырған маған да бір назар салып, «Бұл кімнің баласы?» деді. Бізге жамағайын, өзі тақыр кедей, ыңыршағы айналып, жақ сүйегі көннің терісін қырған қара бәкінің қырындай жұқарған, шойнақ шал болушы еді, - сол менің атымнан жауап беріп: «Бұл бала, қарасирақ жетім сорлы, шешесі екеуі ауқатты үйлердің отын жағып, күлін тасып күн көріп жүр. Өте зерек, осыдан бірдеме шығады», - деді. Ақтан марқұм: «Оқуға барасың ба, қаласаң, мектеп басшысына айтып тізімдетейін», - деді.

Ақаңның қойны-қонышы толған дәптер екен. Жай-жұқа қаңылтақ дәптерлер емес, былғарымен тысталған күрең дәптерлер. Біреуінде «Ер Тарғын» жыры, екіншісінде «Қалқаман - Мамыр», «Ер Тәуке» деп кете береді. Он шақты бар-ау деймін. Көбі Шәкәрім қажының жырлары. Олай болатын себебі, Ақтанның әкесі Баби тобықты Құнанбай қажы әулетіне жиен болып келеді. Бабидың шешесі Кәріпжан деген адам - Шәкәрімнің туған апайы, Құдайбердінің үлкен қызы. Осыны көп адам білмейді. Ақтанның ақындық дарынының ұшығы осында жатыр.

- Содан мектепке бардыңыз ба?

- Жеті жасымда мектептің табалдырығын аттадым. Аққол деген кішкентай ауыл, осында бастауыш мектеп бар-тын. Сонда баратын болдым. Біздің үй мектептен шалғай еді. Шешем марқұм көршінің жуас тайын сұрап берді. Тоқым тартып, ызған құрбау жіптен үзеңгі жасап, мініп алдым. Ымырт жабыла Аққолға келдіқ. Шеттегі діңгекке тайымды байлап, жан-жағыма қарағыштап тұрсам, киім киісі бөлек, жүріс-тұрысы ерекше ер адам келе жатыр екен. Артында тағы бір әйел бар. Ол да көзіме біртүрлі оғаштау көрінді. Сөйтсем, бұл кісілер Қазақстаннан келген Төлеубай Қордабаев деген мұғалім мен әйелі екен.

Бұл уақытта орыс пен неміс қыран жапқандай соғысып, айдаладағы Монғолия орысқа жақтасып жінігіп жатқан кез еді. Елдің жағдайы мәз емес. Жататын жеріміздегі көрпе-жастықтың ішіне шөп-шалам нығап қойған екен. Шөп көрпені жамылып жаттық. Бізді Лударың деген кісі оқытты. Латынша оқыдық. Тамақ тапшы. Малдың сүтінен май тартып алады да, оны соғысқа жібереді. Бізге қалған көк суын қайнатып, құрт жасап береді. Ондай қатты құртты көрмедім. Бармақтай малтаны таңнан кешке дейін қажалағанда таусылмайды ғой.

Осылай ілдебайлап көктемге іліктік. Бір күні мектепке келсем, бір талай адам жиналып қалыпты. Дабырлап сөйлесіп жатыр. «Оңбаған, анау Кермен деген патшаны орыстар жеңіп кетіпті» деп, даурығады шал-шауқандар.

- Ұланбатырға оқуға қашан аттандыңыз?

- 1945 жылы аймақ орталығындағы 7 жылдық мектепке жоғарылап келдім. Осында 3 жыл оқып, 1948 жылы Ұланбатыр қаласындағы мұғалімдер даярлайтын арнайы оқу орнына бардым. Оқу орны бұрын қытайлар салған жаман ағаш үй екен. Іргесі сызданып, ағаштың шірік исі қолқаңды қабады. Бұрын ондайға үйренбеген таудың баласы бізге қиын болды. Үстімізге қотыр шығып, бүрге талап, мазамыз кетті.

Мектебіміз үкімет үйінің жанына орналасқан. Асханадан үкімет үйі көрініп тұрады. Тамақтанғанда қарап отырамыз. Саяси бюро мүшелері бір-бір сүлік қара машиналарымен келіп түсіп жатады.

Ең қиыны, қазақ балалары жеміс қосылған немесе еті бар тамақты жемейміз. Елде жүргенде үлкендер «монголдардың ауылына барып тамақ жемеңдер, олар кәпір, астары харам» деп айтатын. Соның кесірінен тамақ ішуден қалдық. Қалада баяғыдан келе жатқан ұйғырлар бар. Көбі нан, тоқаш істеп сатады. Соларды жағалаймыз. Содан үлкен мәселе қозғалды. «Қазақтар тамақ іздеп жайылып кететін болды, сабақ оқымайды, не істейміз?». Мәселенің бір шеті орталық партия комитетіне жетеді. Себебі, бұл арада ұлт мәселесі тұрған жоқ па.

- Үкімет тарапынан қандай бір шара қолданды ма?

- Сол кездегі Монғол елінің парламенті есебіндегі Ұлы Құрылтайдың мүшесі, әрі осының үстінен билік жүргізетін Кіші Құрылтай дейтін болушы еді, соның басқарма мүшесі, қазақтан шыққан алғашқы қайраткер әйел Жамила Әпсаламқызы деген апайымыз бар-тын. Одан басқа, Сыртқы істер министрлігінде Әбікей Төлекеұлы деген үлкен қызметте тағы бір қазақ азаматы бар екен. Кейін 20 жыл Құрылыс министрі болған Тілейхан Орынұлы партияның жоғары мектебінде оқып жүр екен. Солар келіп біздің жағдаймен танысты. Оларды үкіметтен жіберген көрінеді.

- Қандай шешім қабылдады?

- Мына монғолдар өзі айналасына түсіністікпен қарайтын жұрт емес пе, Бай-өлкеден келген 70 оқушыға бөлек арнайы асхана ашып, мұсылманша тамақ істеп беретін болды.

- Сіз жаңа аттарын атаған Жамила апамыз туралы ел-жұрт хабардар. Марқұмның ұрпақ-жұрағаты атамекеніне көшіп барып, Ақмола облысы, Бұланды ауданында жап-жақсы өмір сүріп жатыр. Ал, Әбікей Төлекеұлы жайында білмейді екеміз, ол кім болған?

- Бұл адам - монғол қазақтарынан шыққан алғашқы дипломат. 1928 жылы Қытай жерінде туған екен. 1930 жылдары Қобда бетіне (Монғолияға) асып барған, содан оқыған-тоқыған, ақыры Ұлы Отан соғысы жылдары Партия жоғары мектебін үздік бітіріп, үлкен қызметтер атқарған адам.

1955 жылы 27 жасында Мәскеудің ауыл шаруашылық акедемиясына оқуға барып, үш жылдан кейін ауыр науқастан көз жұмған. Мәскеуде жерленген. Марқұм орыстың бір қызымен көңіл қосқан көрінеді. Бертінде 1990 жылдары туыстары іздеп барып, зиратын тапты. Баяғыдағы орыс қыз кемпір болған, әлі сол зиратты күтіп-баптап ұстап отыр екен деп келді.

- Сұмдық екен...

- Несі сұмдық?

- Мәскеулік орыс қызының махаббатқа адалдығын айтам да...

- О! Міне! Жазушымын дейсіңдер, жазатын дүние осы.

- Содан Ұланбатырда оқып жатырсыздар...

- Ақыры, үкіметі бар, оқу-ағарту уәлиі бар, ақылдаса жатып, біздерді бес техникумға бөлді. Мен мұғалімдер мектебінде оқитын болдым. Сабақ басталды. Қалайда қатардан қалмай оқу керек. Тіл білмеймін. Мұғалім сабақты тілдей қағазға жазып береді. Әлгіні Құран сияқты жаттап алам. Сабақ сұрағанда сылдыратып айтып берем. Ең болмағанда, ұмытып қалған жерімді «ұмытып қалдым» деп айтатын да тіл жоқ. Мұғалім байғұс кітапты әкеліп, менің мүдіріп қалған жерімді көрсетеді. Әйтеуір әріп танимын, арғы жағын іліп әкетем. Сөйтіп жүріп, жылға жетпей тіл үйреніп алдым. Осында үш жыл оқып, 1951 жылы бітіріп ауылыма келдім. Бастауыштың мұғалімі деген дипломым бар.

- Еңбек жолын қалай бастадыңыз?

- Мені орталықтан шалғай орналасқан Құжырты деген сұмынға жіберді. Сонда барып, «Мен монғол тілінен сабақ берейін» дедім. Мектеп басшысы кәртәміс адам екен, «Сенің оған қабілетің жете қоймас» дегені. Мені де өзі сияқты тілден мақұрым деп ойласа керек. Түсте бәрі ас ішуге кеткен кезде қабырғада ілулі тұрған «сабақ кестесіне» қарасам, өздерінше монғолша жазған екен, 150 сөздің 53-і қате. Қарындашпен қателерді дұрыстап түзедім де, кетіп қалдым.

Үйге барып шай ішіп келсем, мұғалімдер мен жөндеген қатені көріп, таң-тамаша болып тұр екен. Мектеп бастығы «Мынаны кім шимайлаған» дейді, басқалары бастарын шайқайды. «Мен түзедім» дедім. Сөйтсем, оны жазған таза монғол адам екен. Қазақтар болса, монғол өзінің сөзін өзі қате жазады деп ойламаған ғой. Содан мен айттым: «Алғаш қалаға оқуға барғанда тіл білмей қатты қиналдық. Балалар ең алдымен монғолдың тілін оқу керек екен. Өзі сауатсыз мұғалім, бір ауыз тіл білмейтін қазақ баласына қалай тіл үйретеді».

Осылай қазақ мектебіне монғол тілінен сабақ үйретіп, еңбек жолымды бастадым. Бес жыл өткен соң мен де ел сияқты жоғары білім алайын деп, қалаға келдім. Университетке барып монғол тілі мамандығына емтихан тапсырайын десем, орын жоқ. Айналып, толғанып жүрдім де, математика мамандығы бойынша емтихан тапсырдым. Үш сабақтың екеуінен «бес», біреуінен «төрт» алып қабылдандым.

- Бірақ сіз математиканы оқымай, монғол тіліне ауыстыңыз емес пе?

- Ол кезде университетке қабылданған оқушыларды министрдің өзі басқарған комиссия бір-бірден қабылдап, арнайы сөйлесетін. Мені де сөйтті. Сол жерде зарлап қоя бердім. «Мен монғол тілін оқиын деп келген едім, орын толып кетіпті. Амалсыз математикаға кетіп барамын, сіздерден бір қайыр болмас па екен?» дедім. Комиссия ойланып қалды. Сол жерде отырып министрдің өзі университеттің ректорына телефон соқты. «Монғол тілі мамандығы бойынша бұрын-соңды қазақ баласы оқыды ма?» деп сұрады. Ана жақтан «жоқ» деген болу керек. Министр маған қарады да, «Оқысын!» деп бұйырды.

- Ғылым жолына қалай түстіңіз?

- Университетті 1960 жылы бітірдім. Осында қалып ұстаз болайын деген арманым бар еді. Мен бітірген жылы орын болмай, бір жыл күтуіме тура келді. Енді қайда барайын деп ойланып жүріп, Ұланбатырдағы мемлекеттік радиодан қазақ тілінде хабар таратылатын болыпты дегенді естідім. Аптасына екі рет 20 минуттан эфирге шығады. Оқылатын мәтіндерді әркім бір дайындап беріп жүр екен. Содан мені мемрадионың бастығы Зундуй деген адам шақырып, штат ашып берді. Менің міндетім монғол тілінде дайындалған жаңалықтарды қазақша аударып, эфирге шығару.

Бір күні қытайдың радио хабарын тыңдап отырсам, монғолды жамандап жатыр екен. Неге екенін қайдам, сол кезде монғол мен қытай араз болды. Ойбай қытай бізді жамандап жатыр, қазақтардың үнін шығармайды деп айтты. Бұған шара қолданбасақ болмайды. Эфирдің сағатын қосайық, штат көбейтейік деп, жазып алып бастыққа бардым. Сол күннің ертеңінен бастап, аптасына бес рет, отыз минуттан эфирге шығатын болдық. Кадр дайындау қажет болды. Алты айдың ішінде бәрін дайындап беріп, өзім Ғылым академиясына сып ете түстім.

- Академияға барып ғылыммен айналыстыңыз ба?

- Ол кезде акедемияның дабырайған аты болмаса, орын жетіспей жан-жақта тарап жүреміз. Мен барған «Тілтану» бөлімінде оншақты адам істедік. Сталин атындағы кітапхананың ішінде кең залда топырлап отырамыз.

Бастықтарымыз жағдайымызға таныссын деп, бірінші хатшы Цеденбалды шақырған екен. Бір күні келді. Біздердің қандай саланы зерттейтінімізді, мамандығымызды сұрап шетімізден танысып шықты. Кезек маған келгенде бастықтар қатарласып, «Бұл қазақ азаматы бір-екі жылдың ішінде «Монғолша - қазақша» сөздік жасаймын деп, еңбектеніп жатыр» деді. Марқұм Секең: «Бұл дегенің жақсы дүние емес пе. Сен жігіт осы жолдан тайма! Болашақта монғол мен қазақтың тілін тоғыстыратын қайраткер бол!» деп, батасын берді.

Бірінші хатшы келіп-кеткеннен кейін барлық жоғары оқу орындарына арнайы оқытылатын бірлескен монғол тілінің оқу құралын жасау жөнінде қаулы шықты. Монғол тілінің фонетикасын, синтаксисін, морфологиясын, сөздік қорын зерттеп үлкен оқулық жасадық. Осының авторларының бірі болдым. Одан кейін алдымен «Қазақша - монғолша» сөздік құрастыруға кірістім. Оны бастырайын десем Ұланбатырда қазақ әрпі бар баспахана жоқ. Байөлкедегі шағын баспаның шамасы келмейді. Сондағы қиналғаным әлі есімнен кетпейді. Амалым таусылып, ақыры бірінші хатшы Цеденбалға хат жаздым.

- Жасаған сөздігіңіздің сөз қоры қанша еді?

- Онша көп емес, лексиндік бірлік - 30 мың сөз де, бассөз - 20 мың болатын.

- Әлгі Цеденбалға жазған хатыңызға жауап келді ме?

- Орынбасарына тапсырған екен. Ол кісі мәденит министрінің бірінші орынбасары, өзіміздің ауылдың қазақ жігітіне тапсырыпты. Енді келіп әлгі ауылдас бауырым жатып кеп кергімей ме. Оған редактор сен бол деп, атын қыстырып қойдым. Ол заманда екінің бірі біле бермейді, қазақ тіліндегі мектеп оқулықтары Алматыда басылатын. Бірақ, ішіне Ұланбатырда басылды деп қол қоятын. Кітабымды осы тізімге кіргізуге күшімді салдым. Шамам жетпей қойды. Қатарынан екі жыл алынып қалды. Орталық партия комитетіне қайта хат жаздым. Айтпақшы, Алматыда басылатын кітаптар тізімін үкімет бекітеді екен. Әйтеуір соған кіргізіп бергені. Көп тиражбен басылып шықты. Алғашқы данасы шыққанға дейін өзім де баспаханада жүрдім.

- Сіз монғол тілінің зерттеушісі ғана емес, түркі жазуларын зерттеумен де айналыстыңыз емес пе?

- 1980-1990 жылдар аралығын қамтыған Монғол - Совет бірлескен мәдени-тарихи экспедициясын құрып, бірлесіп жұмыстау туралы бағдарлама болды. Соның бір тармағы Монғолия жеріндегі түркі жазба ескерткіштерін кешенді түрде зерттеу жұмысы еді. Осының жұмыс құрамына кірдім. Бізді әйгілі түркітанушы С. Кляшторный бастап алып жүрді. Жалпы Монғол жерінде бұрыннан Ресей және Еуропа ғалымдарына белгілі 7-ғасырда жазылған 8 үлкен жазу бар. Осының барлығын қайта сараптап шықтық. Әрі ғылымға әлі белгісіз бірнеше ұсақ жазулар таптық. Бір маусым жүрдік. Келсем, мені жұмыстан босатып тастапты. Қайда барам, баяғы қазағымның құтты ордасы Байөлкеге келіп, орта мектепте мұғалім болып орналастым.

- Монғолия Ғылым акедемиясы сізді не себептен жұмыстан босатты?

- Олар «кет» деген соң, өзім арыз жазып кеттім. Кеткен себебім, қыспақ көрсетіп болмады. Алдында монғол - қазақ түбір сөздерінің 40 мың сөзден тұратын сөздігін жасаған едім. Осындағы түбір сөздер бірдей келіп тұр. Монғол тілінің түп-төркіні қазақ тіл құрамынан шыққан деген ой түйдім. Әрі онымды ашық айта бастадым. Содан жаман монғолдар жақтырмады. Қуып шықты. Шыдатпады, күздегі жиын-терін кезіндегі ауылшаруашылық жұмысына елден бұрын мен кетемін, көктемде төл алу науқанына тізім жасағанда мен біріншіде тұрамын...

- Ақыры сіз ақиқат іздеп Алматыға кетпедіңіз бе?

- Алматыға келдім. Ісмет Кеңесбаев деген тілші ғалымға келіп жағдайды айттым. Ол кісі айтты: «Саған шақыру қағазын жазып берейік, барлық жұмысыңды алып үш айға іссапарға кел!». Сөйтіп жүргенде, Қазақстанға ел көше бастады. Мен де осы көштен қалмайын, кетейін деп ойладым. Тура сол тұста Монғолияның жолаушылар тасымалдайтын әуе компаниясы АҚШ-тан «Боинг» ұшағын сатып алды. Менің бір балам осы компанияда жұмыс істейтін. Соған: «Сен бастықтарыңа айтсаңшы. Сатып алған ұшақтарын Орта Азияға, соның ішінде Қазақстанға ұшырсын!» дедім. Ондағы ойым алда-жалда Алматыға ұшатын боп жатса, қатын-баламды отырғызып, жетіп алмақпын ғой. Құдай сәтін салып, әлгі «Боинг» алғашқы сапарын Алматыдан бастайтын болғаны. Бір көлік жалдадым да, бала-шағаны ертіп алып, онымен қоймай, сегіз қанат киіз үйімді - шаңырақ, кереге, уық, үзік, туырлық, ораулы шиі, диаметрі 5 метр еден тақтайымен қоса, бәрін тиеп алып, Алматыға топ етіп түсе қалдым.

- 3-4 метр уық ұшаққа қайтып сыйды?

- Ойбой, ұшақтың іші кең сарай екен. Бір жақ бұрышына сыйды да кетті. Үйдің киіздерін бүктеп-бүктеп ортасына үйіп қойдық. Осылай, қарағым, мен қасиетті қазақтың шаңырағын «Боинг» ұшағымен атамекенге әкелген адаммын.

- Алматыға келіп түскеннен кейін киіз үйді қайда апарып тіктіңіздер?

- Алдымен ұшақтан үйді түсіріп алып, артатын көлік іздедім. Әуежайдың арнайы машинасы бар екен. Бірақ ол артып алып әуежайдың сыртына ғана апарып тастайды, ары қарай апаруға тиісті емес. Оған айттым: «Сен қанша доллар аласың, берейін. Мына үйді баратын жерімізге дейін жеткізіп таста!» дедім.

- Долларыңыз көп пе еді?

- Қайдағы, шетелден бай қазақтар келіп жатыр екен деп айтсын деген өзімнің арамза қулығым емес пе. Жақсы азамат екен, үйді айтқан жерге жеткізіп берді. Алдында келгенде танысып кеткен Кәкім дейтін жігіт бар-тын. Үйі қаланың сыртында тұрады. Соның үйінің жанына әкеліп үйді тігіп тастадық. Қызық болды. Кәкім мен әйелі жұмыстан үйлеріне келе жатып қараса, тап іргесінде үлкен шар сияқты әппақ домалақ бірдеңе тұр. Олар бұрын мынадай киіз үйді көрмеген адамдар. Ғарыштан бірдеме құлап түскен шығар деп ойлапты. Өздері қорқып, барып біліңдерші деп балалар жіберіпті. Өзім барып шақырып келдім.

- Сіз жаңа монғол-қазақ тілдеріндегі түбір сөздердің мағынасы бірдей дедіңіз. Ендеше, осыдан 800 жыл бұрын жазылған монғолдың «Құпия шежіресі» қай тілде жазылды деп ойлайсыз?

- Бүгінгі біз оқып жүрген «Құпия шежіре» қытай тілінен монғол тіліне аударылған нұсқасы ғой. Әйтпегенде, монғол тілінде жазылды деген ондай кітап жоқ. Ал қытай тіліндегі түпнұсқасы Пекинде сақтаулы дейді. Осындағы түпнұсқадағы сөздер қазақ-монғол тілдерінде бірдей. Естуімше, Пекиндегі түпнұсқаның көшірмесі Ұланбатырда бар дейді. Өте құпия жағдайда сақталған. Құпиялайтын себебінің өзі күмәнді. Өйткені, сондағы сөздердің көбі көне түркі-қазақ сөзі болар деп ойлаймын.

- Осы шежіре жазба қай кезден бастап көпшілік назарына ілікті?

- Зертеушілер осының алғашқы нұсқасы 1368 жылы Қытайда Юань империясы құлағаннан кейін соңғы хан Тоғантемір Дайдудағы (Пекиндегі) ордасын тастап қашқанда, сонда қалып қоюы мүмкін деген болжам бар. Алғаш қандай тілде жазылғаны әзірге белгісіз күйінде. 1240 жылы шежіренің соңғы нүктесі қойылған. Көп зерттеушілер Юань империясы қирағаннан кейін пайда болған Мин империясының патшасы Хүньү заманында, дәлірек айтсақ, 1382 жылы қытай тіліне аударылған деген пікірде. Содан 1866 жылы қытайтанушы орыс ғалымы П. Кафаров (1817 - 1887) Пекиндегі кітапханадан ұрлатып алып, орыс тіліне аударып кітап етіп шығарғанға дейін Еуропа білген жоқ.

- «Монғолдың құпия шежіресін» кімнің жазғаны жайлы қандай болжамдар бар?

- «Монғолдың құпия шежіресі» 1805 жылдан бастап зерттелген. Оны зерттеген қытай оқымыстылары Гу Гуан - ци, Ли Вэнь-тянь деген адамдар. Күні бүгінге дейін осы шежірені «Кім жазды?» деген пікір-талас тоқтаған жоқ. Алғаш жапондық ғалым Канай Ясузо бұны жазған найманның Таян ханының хатшысы болған, 1204 жылы Шыңғыстың қолына түсіп, орданың іс басқарушы қызметін атқарған Тататұнға деген пікірді 1911 жылы айтқан болатын. Одан басқа әртүрлі пікір айтқан ғалымдар да бар. Мысалы, академик Ц.Дамдин-сүреннің пікірі бойынша: «Құпия шежіреде 12 ғасырдың оқиғалары үстірт жазылған да, 13 ғасырдың алғашқы жартысы - 1200-1240 жылдар аралығын нақты дәлелдермен жазады. Ал Монғол ордасынан тыс болған оқиғаларды қысқа ғана айтып өткен. Осыған қарап жазған адамның орда маңында болғанын байқаймыз. Ол Шықай-құдық болуы әбден мүмкін. Бұл кісі көне ұйғыр, түркі жазуын жақсы білген. Әрі орданың шежіресін хатқа түсіруге міндетті болған». Осы пікірді П.Поуха, тағы басқа оқымыстылар мақұлдайды.

Сондай-ақ, Өгедей ханның оң қолы атанған Жыңғай жазды дейтіндердің пікірі басым. Орыс ғалымы Н.Мункуев пен академик Ш.Бира бұл шежіре ортақ туынды дегенді айтады. Қалай десек те, жоғарыдағы Тататунға найман, Шықай-құдық татар, Жыңғай керей тайпасының адамдары. Бәрібір осы дүние біздің жақтан түбі алыс кетпейді.

- Қазір де ғылыммен айналысып жүрсіз бе?

- Мен бір жағынан, алтайтанушымын. Алтай тектілерді (түркі, монғол, тұнгұс-маньчжур, жапон, корей) зерттеген ғалымдар екі ұдай пікірге жарылып жүр. Бірі бәрі бір тектен шыққан десе, екіншілері бұлардың тілдері жеке-жеке пайда болған, өте көп жылдық араласудың нәтижесінде ортақ элементтер пайда болған дейді. Осы мәселеде зерттеу жасап жатырмын.

- Сіздің болжам қандай?

- Осы алтай төркіндес тілдердің шығу тегі жөнінде өз болжамым бар. Ғылым алғашқы адамды Африкада пайда болды деп келді. 1974 жылы Орхон өзенінің бойынан табылған мешін-адамның қаңқасын зерттегенде 2-3 млн жылдың алдында өмір сүргені анықталды. Меніңше, алтай төркіндес тілдермен сөйлейтін халықтардың о бастағы атасы осы мешін-адамдар. Осылардың алғашқы тобырының сөйлеген тілі - біртіндеп эволюциялық даму сатысынан өтіп, бүгінгі тілдік жүйеге жеткен. Қазір осы тілде 600 млн адам сөйлейді.

- Ақыры сіз қазақ-монғол тілдерінің шығу тегі бір деген пікірден айнымай келесіз, осыны дәлелдеп бермейсіз бе?

- Осыны дәлелдеуге 40 жыл ғұмырымды арнадым. Ақыры қазақ және монғол тілдерінің фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік, лексикалық жағын салыстыра отырып, «Қазақ және монғол тілдерінің салыстырмалы тарихи грамматикасы» дейтін 2 том еңбек жазып шықтым. Осы кітаптарды оқыған адам сөзсіз мойындайтын болады.

2007 жыл, мамыр айы

«ШЕТЕЛДЕ ТУЫП, АЛМАТЫДА ОҚЫҒАН ҚАЗАҚПЫН»

Қабидаш Қалиасқарұлы - Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры. Туып-өскен жері - Моңғолияның Бай-өлке аймағы. 1958-1962 жылдары Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында білім алған. Моңғолия қазақтарының фольклорлық мұраларын жинап, ғылыми айналымға еңгізген алғашқы ғалым. Әрі ақыттанудың негізін қалаушы.

Шәкәрім шығармалары жетпісінші жылдары Бай-өлкеде жарық көрді

- Қабаке, Қазақстанмен қарым-қатынас орнамаған өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңында атажұртқа келіп институтта білім алуға мүмкіндік қалай туды?

- Мен 1958 жылы орта мектепті бітірдім. Сол тұста, шамасы 1956 жылдан бастап моңғол елі қазақ кадрларын Қазақстанда дайындау керек дейтін шешім қабылдап, оқуға балалар жіберетін болды. Осы дүрмекпен келіп қалдық. Мен шетелде туып, Алматыда оқыған алғашқы қазақтардың бірімін.

- Сіз әйгілі ақын Ақыт Үлімжіұлының өмірі мен шығармасын алғашқы болып зерттеген ғалымсыз. Осыған себеп болған не?

- Бұл - өз алдына бөлек әңгіме. Бала кезімізде ауылдағы үлкендер «бұл Ахаң қажының өлеңі» деп сыбырласып айтып отыратын. Бірақ ашық айта бермейді. Сөйтсек, ол кісі «халық жауы» ретінде Қытайда атылған екен. Ел содан қорқып қалған. Кейбіреулер Ақыт қажының өлеңдерін айтып-айтып келеді де, «Е, бұл халықтың жыры ғой» деп, аяғын сиырқұймышақтатып қоя салады.

Содан Алматыға оқуға келдім. Кітап дүкеніне барсам, әйгілі тілші-ғалым Сәрсен Аманжоловтың «Вопросы истории казахской диалектологии» дейтін орысша жазылған кітабы тұр екен. Соны сатып алдым.

- Орысша білетін бе едіңіз?

-Қайдағы білген. Бірақ кітаптың ішінде қазақша сілтеме, түсініктемелері бар екен. Соны оқып, қарық болып жүрмін емес пе. Парақтап қарап отырсам, қазақша төрт жол өлең тұр:

«Ашушаң адам ақырғақ,

Зейінсіз адам зекіргек...» -

деп басталыпты. Осындағы «ақырғақ», «зекіргек» деген сөздерді қара әріппен жазып қойыпты. Төмендегі сілтемесінде мен бұл сөзді «Ақыт Үлімжіоғлы Қарымсақов Алтайскийдің шығармасынан алдым» депті. Мынау менің бала кезімде жырын жасырын жаттап өскен Ақыт атам емес пе екен деген ойға қалдым. Сөйтсем дәл өзі екен.

- Ғалым Сәрсен Аманжолов Ақыттың бұл өлеңдерін қайдан алған?

- Кітаптың соңында «Ақыттың бұл өлеңдері Ұлттық кітапхананың қолжазбалар қорында тұр» деген сілтемесі бар екен. Мен осы ізбен Ақыттың қолжазбаларын көрейін деп ұстазым Мәлік Ғабдуллин ағама бардым. Қолжазба қорына кірудің өзі қиямет екен. Мәкең маған «кіруге ұлықсат» дейтін қағаз жасатып берді. Бардым. Есіктің көзінде отырған бәкене қызметкер қолымдағы сумкамды сыпырып алып қалды. Төрде сары кідір тартқан бірнеше әйел отыр. «Осылай да, осылай, қорда Ақыт Үлімжіоғылы деген ақынның кітаптары бар екен, соны көрейін деп келдім» дедім.

- Қорда Ақыттың қандай кітаптары бар екен?

- Бес кітабын алып келді. Алғашқысы 1897 жылы басылыпты. Ұмытпасам мыналар:

1. Тәржүма - и Ахид бин Үәләд Гүлімжі Алтайский (Қарымсақов).

Бастырған Мұхамад - Нәжиб Галиакбаров. Қазан. Университет

баспасы. 1897 ж. 44 бет. Дастан.

2. Қисса - и Жиһан - шәһ Тамуз - шаһ угли. Ахид Гүлімжі ұғлы (Қарымсақов). Бастырған Құсайыновтар. Қазан. Университет баспасы. 1902 ж. 34 бет. Дастан.

3. Әхуал - и Қиямәт. Ахид бин Гүлімжі ұғлы (Қарымсақов) Бастырған Каримовтар. Қазан. 1908 ж. 20 бет. Өлеңдер.

4. Минахіб пиран Газиз - ан. Ахид Гүлімжі ұғлы (Қарымсақов) Қазан. 1909 ж. Униветситет баспасы. 32 бет. Қисса.

5. Әбиат Гахидия. Ахид бин Гүлімжі ұғлы (Қарымсақов) Бастырған Хусаинов балалары. Қазан. 1909 ж. 14 бет. Өлеңдер.

Осы кітаптарды көріп, бәрін белгілеп алдым. Ақыттың осындай мол дүниесі қолдарында тұрса да, жергілікті филологтар пәлендей зерттей қоймапты. Бұл кітаптар жайында айтылған пікірді де кездестіре алмадық. Әлі де солай.

- Сіз оқу бітіріп елге барған соң,жұрт арасынан Ақыт қажының жырларын жинаумен айналыстыңыз. Халық арасында ақынның жырлары толық сақталып па?

- Елге барып сұрастырып көрсем, екінің бірі Ақыттың өлеңдерін ағытып қоя береді екен. Бәрі біліп тұр. Содан Бай-өлке аймағының 12 сұмынын аралап, ақынның жырларын жинадым. Түк білмейді-ау деген таудағы шопанның әйелі төрт жол өлеңін жатқа айтады. Тіпті Ақыт қажы оқытқан алғашқы 13 шәкірттің көбісінің көзі тірі. Атақты шежіре, ақынның шәкірттері - Мұзбай, Нұған ақсақалдар кәдімгідей таңды-таңға жалғап жыр жырлайды.

Жалпы алғанда, Ақыт қажы Шинжан-Алтай өлкесіне асып кетіп, қайта келген бір-екі жылын есептемесек, ақынның 35 жыл ғұмыры моңғол жерінде өткен. Бала оқытқан. Ол кісінің шығармасында моңғолиялық қазақтарды «Қобда қазақтары» деп айтады.

- Ақыт шығармаларының басты ерекшелігі қандай?

- Ақыт шығармаларының басты ерекшелігі - ол кісі өлеңді ислам шариғатын халыққа уағыздау ісіне пайдаланған. Былайша айтқанда, араб тіліндегі дін шариғат ілімдерін жамағатқа жеткізу үшін жырлау тәсілін қолданған. Өйткені, сол заманда елдің есін алатын бүгінгідей лай теңіз ақпарат жоқ. Халық естіген-білгенін бірден құлағына құйып ала қояды. Бір ғажабы, Ақыт нені жазса да «бісималласыз» бастамаған. «Бісималла сөз басы ...» деп кете береді.

- Сіз Ақыт ақынның шығармаларын басқа да көп дүниелер жинадыңыз емес пе?

- Халықтың ауыз әдебиет үлгілерінің барлығын жинадым. Қазір қолымда ешқайда жарық көрмеген бес томдай дүние тұр. Осыларды жинастыру ісіне өзімнің оқушыларымды пайдаландым. Мысалы, бесінші кластарға - ертегі, алтыншы кластарға - мақал-мәтел, жетінші-сезінші кластарға - батырлар жырын, жоғарғы кластарға - айтыстарды жина деп бөліп қойдым.

Оқушылар жазда каникулға ауылына кеткенде тапсырма беріп жіберем, күзде сабақ басталғанда қолдарына іліккендерін көтеріп арсалаңдап жетеді. Артынан халықтың өзі құлағдар болып, қолдарында сақталған бірлі-жарым дүниелерін әкеліп беретін болды. Соның ішінде өте көп сақталғаны Ақыттың жырлары. Мысалы, қажының жазған бүкіл дастандарының толық жинағы Қадыр дейтін ақсақалдың қолынан шықты. Жарықтық оны буып-түйіп қойнына тығып жүреді екен. Үтір-нүктесіне дейін көшіріп алдық.

- Жиған-тергендеріңізді жинақ етіп бастырдыңыз ба?

- Жинаған дүниелерімді іріктеп-сұрыптап, жанрлық тарауларға бөліп, 1969 жылы «Моңғолия қазақтарының ауыз әдебиеті» дейтін монографиялық жинақ етіп бастырдым. Келесі 1970 жылы қалған жиған дүниелерді «Халық ақындары» деген атпен кітап етіп шығардым. Бірақ бұған Ақыт қажының туындылары енген жоқ. Өйткені, ол өз алдына бір кітап болатын болды. Аймақтық баспахананың шамасы белгілі - жұқа сарғыш қағаз, түртіп қалсаң тесіліп кететіндей үлбіреп тұр. Сапасы да онша емес.

- Осы 1970 жылы Бай-өлкеде жарық көрген жинаққа Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман - Мамыр» атты дастаны тұтас енді...

- Шәкәрім қажының шығармалары шеттетіліп, өзі «халық жауы» ретінде аластатылғанын біздің жақ біле бермейтін. Білетін - мен және менімен қарайлас, Қазақстанда оқып, білім алған бірнеше азаматтар ғана. Олар: «Қабидаш мынауың басыңа пәле болып жүрмей ме?» деп ескерткен сыңай жасайды. Мен айтамын: «Білетін сендер айтып қоймасаңдар, кім біліп жатыр. Пәле шықса, сендерден көрем!» деп өздеріне сес көрсеткен боламын.

- Егер жергілікті үкімет орны білген жағдайда қалай болар еді?

- Түк те істемейді. Шәкәрім жау болса, Кеңес еліне жау. Оған айдаладағы моңғолдың қатысы қанша. Оны да ескеріп біліп отырмын емес пе...

- Бұл жинақты Қазақстанға әкеліп, мүйізі қарағайдай профессорларға көрсетпедіңіз бе?

- Кітаптың жиырма шақтысын құшақтап, Алматыға алып келдім. Атын атамай-ақ қояйын, қазір бәрі дерлік марқұм болып кетті абыз ақсақалдар, жинақтағы Шәкәрімді көріп, құлақтарын қайшылап, осқырынып, үрке бастады. Жетекшім Мәлік Ғабдуллин марқұм: «Иә, Қабидаш қарағым, бұны қалай түсінеміз?» - деп қояды. Мен айтамын: «Шәкәрім сіздерге жау ма, жоқ па, ол біздің ел үшін есеп емес. Бұл моңғолда шыққан кітап. Сондықтан бұны шетелде болып жатқан оқиға деп қараңыздар». Сонда да ағаларымның түнерген түріне қарап ішім қорқып тұр. Өзім халық жауының баласымын. Әкем 1937 жылы ұсталып, атылып кеткен. Моңғолияға «мына жігіттерің бүлдіріп жатыр» деп хат жазып, ұятқа қалдыруы әбден мүмкін ғой.

- Бірақ ондай болмаған шығар?

- Дәл оған бармады. Осылай бір дүрлігіп алдық та, шымға сіңген судай басылып қалдық.

- Сіз кандидаттықты «Ақыттанудан» қорғадыңыз ба?

- Жоқ. Мен Ақыттанудың алғашқы сүрлеуін негіздегенім болмаса, тақырыбым басқа болатын. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесінде қорғадым. Кеңес мүшесінің құрамында ақын Әбділда Тәжібаев та бар екен. Бұрын сырттай көргенім бар. Сол кісі өз сөзін барлықтарыңыз айтқан пікірге толық қосыламын деп бастады да, оқыс төр жаққа бұрылып: «Сіздер жылы үйде отырасыңдар. Жағдайларың жақсы. Ғылыммен айналысуға барлық мүмкіндіктерің бар. Сөйте тұра, байқап отырсам, қазақтың Абайдан кейінгі әулие ақыны Ақытты білмейтін көрінесіңдер» деп салды.

Осы жерде алғаш рет Ақыт мәселесі қозғалды. Ғалымдар «Ойбай-ау, ол кісі туралы материалды қайдан табуға болады?» деп бір-бірінен сұрасып жатыр. «Кімге не керек, бәрін мен тауып берейін» дедім. «Ойбай, сөйте ғой, айналайын!» деп, бәрі шуылдасып қалды. Артынан іздеп, сұраған адам болмады. Әбден бертінде, 1992 жылы біздің елге ғалым Тұрсынбек Кәкішев барды. Осы Тұрсекең бұған дейін жарық көрген Ақыттың өлеңдерін, қисса-дастандарын жиып-теріп, қолтығына қысып алып кетті.

Даңғыл ақын - Ақтан Бабиұлы

- Сіз «Ақыттанудың» сыртында моңғолиялық ақын-жыршы Ақтан Бабиұлының шығармасын алғашқы болып зерттеп, ғылыми баға берген жоқсыз ба?

- Ақтан Бабиұлын моңғолиялық қазақтардың 1960 жылға дейінгі Жамбылы десек дұрыс. Өте алғыр, сөзге ұрымтал, оқыс суырып салып айта беретін даңғыл ақын. 1940 жылы Бай-өлке аймағы орнаған тұста Қазақстаннан адамдар келіп, баспахана ашып, газет шығарайық десе, ұстап алар бірде-бір тілші жоқ. Содан аймақ бастықтарына барса, олар айтатын көрінеді: «Ойбай, Қытайдан жуықта қашып келген Ақтан дейтін жыршы бар, Қызылқайың жақта өлең айтып қаңғып жүр, соны ұстап алып, тілші жасаңдар!». Өзі көрінген бастықты өлеңге қосып ит әуресін шығарады екен, мықты болса газеттеріңе мақала жазсын дегенге келеді. Содан Ақтан ақынды Қобда бетінде тұңғыш рет жарық көрген «Өркендеу» газетіне тілші етіп қояды.

- Қазақстаннан барып алғашқы баспа ісін ұйымдастырған адамның аты кім?

- Атын ұмытып отырмын. Естуімше, Қазақстанға келгеннен кейін жалалы болып, атылып кеткен деп естимін. Осы кісі аймақтың барлық іс-қағаздарын латын әрпіне көшіріп жіберген. Өйткені, Қазақстаннан алып барған баспа машинасы түгелдей латынша болған. Осы кісі алғаш рет 1940-шы жылдардың басында «Моңғолия қазақтарының өлеңі» дейтін кітап шығарған. Осы кітаптың бір данасы менің қолымда.

- Ол қалай қолыңызға түсіп жүр?

- Кітапқа Ақтан ақынның 13 өлең кірген екен. Бір қызығы, бұл кітап ешқайда таратылмаған Себебі, Ақтан ақын аймақтың идеология жөніндегі хатшысын балағаттап тастапты. Осыдан кейін әлгі хатшы Ақтанға өшігіп, кітапты тараттырмай тастаған. Артынан баспаханаға жаңадан үй тұрғызғанда, оның төбесіне салатын құмның астына төсейтін ешнәрсе таппай жаңағы өлең кітапты төбе тақтайдың үстіне жайып, сыртынан батпақ құйып тастаған. Әкімшілік «оңбаған» кітаптың көзін жойдық деп шешіп қабылдап қойған.

Бертінде мен баспаханаға бас редактор болып бардым. Әлгі жағдайды білмеймін. Баспахананың ескі үйін бұзып, жаңадан құрылыс салатын болдық. Үйді бұзып жатып, төбедегі көмілген кітаптың үстіне түспейміз бе. Ақ шаң боратып, қатты жел соғып тұрған. Кітаптар желмен бірге аспанға ұшып жоғалды. Бір-бір кітаптың артынан қуып біз кеттік. Басымдағы қалпағымды алып ұрып көрдім ұстатпайды, содан үстімдегі күпәйкемді шешіп алып, көбелек қуған бала сияқты бір заманда жалп еткізіп үстінен түсірдім-ау. Осылай желмен жағаласып жүріп бір кітапты ұстап қалғам.

1992 жылы ел қатарлы Қазақстанға көшкелі жатып, түбі керек болар-ау деп, «Өркендеу» газетінің алғашқы сандарынан бастап түгендеп, аймақтық кітапхана мұрағатына өткізіп кеттім. Сонда шолып қараймын ғой. Ақтан барлық мақалаларын өлеңмен жазыпты.

Шынын айту керек, 1960 жылдары Алматыдан оқып барған өзіміздің жігіттер Ақтанды ақын емессің деп, шетке қағып жіберді. Кезінде халық мойындап, мемлекет басшысы Чойбалсын арқадан қаққан абыройы түсіп қалды. Бірақ бұл кісіні ақын ретінде толық мойындаған - моңғол жазушылары. Кезінде Ақтанның «Бүркіт» поэмасын «Моңғол әдебиетінің озық туындысы» деп бағалады. Моңғол тіліне аударып, жеке кітап етіп таратты. Үзінділері орта мектептің әдеби оқулықтарына енді. Әлі де солай оқытылып жатыр.

- Алғаш Ақтан ақынмен қалай таныстыңыз?

- 1963 жылы Алматыдан Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіріп барған соң, Ақтан ақынмен шығармашылық байланыс жасайын деген ой келді. Оның бер жағында Алтай-Қобда қазақтарының ауыз әдебиет үлгісін зерттеу үшін Шинжан-Алтай қазақтары туралы білу керек. Ол кезде екі ел араздасып, барлық қатынас тарс жабылып қалған. Ондағы қазақтар тарихын жақсы білетін Ақтаннан басқа адам жоқ. Сонымен, еріксіз Ахаңды іздеп үйіне барсам, жоқ екен. Ауруханаға түсіпті. Бардым. Тым жақтыра қойған жоқ. «Сендер Қазақстаннан оқып келдік, көзіміз ашылды дейсіңдер ме, не оттап жүрсіңдер!» деп, боқтап әкетті. Мен үн-түнсіз тұра бердім. Әрі-беріден кейін жұмсарып: «Неменеге келдің?» - деді. «Сізбен әңгімелесейін деп». Мына тәмпіш қара әңгімелесуге тати ма өзі дегендей бір алайып қарап алып: «Әңгімеге зауқым жоқ, сенің иттерің қоң етімді қауып алып, содан шіріп өлейін деп жатырмын», - деп, ірге жаққа қарай аунап түсті. Негізі қылжақбас адам деп естимінмін, мен қарап тұрмай шалдауыр сөзбен шайқаса кеттім. Ахаң жарықтық қызық адам еді «Өй, мынау боқтасқанға татитын жігіт көрінеді ғой өзі» деп, басын көтеріп отырды. Осылай таныстық.

Өмірінің соңына таман дүркін-дүркін дерт меңдеп, жағдайы онша болмады. Өлеңді араб әрпімен жазады. Оны оқитын адам аз. Содан Ахаңа айтым, сіз өлеңді жазбай-ақ айта беріңіз, мен қасыңызға жазып отыратын хатшы қойып берейін. Алдында Алматыда оқығанда, Жамбыл ақынның қартайғанда қасында хатшысы болыпты дегенді естігенім бар, соны істеп жүрген түрім. Қазақ әдебиетінен орта мектепте сабақ беремін, соны пайдаланып жоғары класс оқушыларын бір-бірден кезекке қойдым. Осылай көп дүниесін жазып алып қалдым.

- Осыларын жеке кітап етіп шығарып бере алдыңыз ба?

- Барлық өлеңдерін жинап, таңдамалысын шығарып бердім. Бірақ Өр-Алтайдың ардагер ұланы Қара Оспан туралы сұмдық дастаны бар еді, соны аймақтық партия комитеті алдырып тастады. Моңғолиядағы қазақ ақындары ішінен алғаш рет толық жинағы шыққан осы Ахаң болды.

«Абай мен Шәріп келді, аусыл мен сарып келді»

- Өткен ғасырдың 30-шы жылдары моңғолиялық қазақтар арасына барып жұмыс істеген Абай Қасымов пен Шәріп Өтепов туралы не білесіз?

- Қазақстандық Коминтерн өкілі Абай Қасымов пен комсомол Шәріп Өтеповтер 1930-шы жылдардың басында барған. 1935 жылға дейін халық ішінде ағартушылық, сауаттандыру жұмысын жүргізген. 1936 жылы қайта шақыртып алған. Бұл кісілер алғаш келген жылы Қобда бетіндегі елдің малына «сарып» дейтін ауру келіп, көп мал қырылыпты. Сол себепті елдің аузында «Қазақстаннан Абай мен Шәріп келді, малға сарып келді» дейтін мәтел қалған.

Абай Қасымов әйелі Ташенкемен бірге барған. Ташенке марқұм - Жәркент өңірінің тумасы. Екеуі Қызылқайың деген жерде мұғалім болып жүргенде ,жаңа туған тұңғыш сәбиі шетінеп кетеді. Ташенке апай баласының қайғысына шыдамай, көктей солып, қап-қара болып күйік шалыпты. Тым балажан адам екен. Оның үстіне, ит байласа тоқтамайтын қиыр жонға шығып кеткен тағы қазақтың ортасына көндігу оңай дейсіз бе. Жаны шырқырап, өзін қоярға жер таппай қиналады. Осы жағдайды көзі көрген көршісі Түркістан дейтін адам өзінің жаңа туған қыз баласын шаранасынан сыпырып алып, Ташенкенің қолына ұстатыпты. Жас сәбидің иісін иіскеп барып, әйелдің жаны қалған дейді білетіндер.

- Әлгі қызды сол күйі Қазақстанға алып кеткен бе?

- Ол баланы Қазақстанға алып кеткен. Аты Роза екен. Коминтерннің баласы есебінде 1939 жылға дейін Мәскеуде тәрбиеленген. 1939 жылы Абай Қасымовты Алматыда атқан. Шешесі 1940 жылы белгісіз себеппен тағы да Алматыда қаза тапқан. Әкесі атылды, шешесі өлді, жетім қалған Розаның тағдыры адам айтқысыз қиын болған сияқты. Оның үстіне «халық жауының» қызын кім жолатады.

Осылай Роза Қасымқызы тағдырдың тауқыметін көріп жүріп бойжеткен. Астана маңындағы Ерейментау ауылында тұрып жатыр.

- Шын әкесі Түркістан туған қызының тағдыры жайлы біле алды ма екен?

- Қайдағы білген?! Түркістан ақсақалдың өзін 1938 жылы «халық жауы» деп танып, Моңғолияда атып тастаған.

- Шәріп Өтепов те қуғын көрді ме?

- Ол кісіні де көп жылға соттап жіберген. Мен Алматыда оқып жүргенде, Шәкеңнің үйі Тимирязев көшесінде тұрды. Барып сәлем бердім. Үйіне қонаққа шақырды. Сонда айтып отырды: «Бай-өлке аймағында жұмыс істеп жүргенде, кенет Қазақстанға шақыртты. Келген жерде соттап жіберді. Содан Хрущевтің заманында бірақ босап шықтым», - деп.

Артынан Қобда бетінде өткізген өмірі жайлы «Жалындаған жастығым - комсомолым» дейтін кітап жазды. Ол туындысы 1981 жылы «Жалын» баспасынан кітап болып шықты. 1970 жылдардың басында аймақ әкімшілігі Шәріп Өтеповты Бай-өлкеге шақырып, үлкен құрмет көрсетті. Үкіметтің «Алтын Жұлдыз» орденімен марапаттады.

- Алғаш Бай-өлке аймағы орнаған тұста оқу-ағарту ісін жолға қою мақсатымен Қазақстаннан оншақты мұғалім барады. Осы адамдардың халық ағарту ісіне сіңірген еңбегі ерекше. Солар туралы не білесіз?

- 1940 жылы Бай-өлке жеке аймақ болып орнағаннан кейін, екі елдің Білім министрліктері арасында шарт жасасып, нәтижесінде Қазақстаннан 10 мұғалім Бай-өлкеге барған. Бір қызығы, барлығы бірдей қазақ тілі мен әдебиетінің мамандары екен. Сөйтсе, Мәскеуден Қазақстанның білім министрлігіне «моңғол дейтін елдің азаматтары қазақ тілін үйренуді қалайды, адам жіберіңдер» депті. Осылай келіп қалған. Содан аймақтың басшылары «Біз қазақтың тілін сендерсіз-ақ білеміз. Бізге физика, химия, арифметика, география үйрететін адамдар керек. Әйтеуір келіп қалған екенсіздер, босқа жатпай, алыс ауылдарға барып мектеп ашыңыздар, бала оқытыңыздар» дейді.

Ол заманды білесіз, партияның міндеті күшті. Әлгі адамдар бір-бір түйеге мініп алып, алыс ауылдарға кетеді. Осылардың барлығы үш жылдың ішінде барған жерлеріне мектеп ашып, бала оқытып, үлкен істер атқарды. Қазіргі бай-өлкелік ағайындар алдымен осыларға қарыздар.

Ұлы Отан соғысы басталғанда барлығын майданға шақырып алып кетеді. Жеті мұғалімді Қазақстанға да келтірмей, тура Барнауыл арқылы майданға жібереді. Қалған үшеуін Алматыға алып келеді.

- Осы он адамның бірі тіл білімінің танымал ғалымы Төлеубай Қордабаев емес пе?

- Он адамның бірі - Төлеубай Қордабаев кейін Қазақстанға аты мәшбүр ғалым болды. Жарықтық Аққол деген жерге барып мектеп ашқан, таудан қызыл қарағайды жаяу тасып жүріп, бастауыш мектептің құрылысын өз қолымен салған. Кепкен қарағайды жаңқалап, парта,үстел жасаған. Қасында жары бірге болған.

Өздері осылай қиналып жүргенде, жаңа туған баласы шетінеп кеткен. Төлеубай ағамызды бертінде аймаққа шақырып, қонақ етіп жібердік. Осы келген сапарында 40 жылдың алдында қайтыс болған баласының зиратын дәл тауып барып, дұға оқыды.

Сәбең жылаған күн

- Қаба, сіздің үйдегі Роза Аманқызы Бекбосынова апамыз - бұрынғы Талдықорған облысы, Сарқант ауданының тумасы. Жеңгемізді Қобда бетіне қарай қалай алып қаштыңыз?

- Роза екеуміз институтта бір топта, бір партада отырып оқыдық. Алғаш көрдім де, «Іздірасти» деп қалдым. Ол мені орысша біледі екен деп ойлап қалды. Осылай таныстық.

Сол заманда Кеңес Одағының азаматтары шетелдіктермен үйленуге болады дейтін заң бар екен. Әсілі, Моңғол мен Кеңес Одағы құшақ айқастырып, еңіреген дос болды. Оның да пайдасы тиген шығар, оқу бітіргеннен кейін жеңгеңді тау-тастың ортасындағы тұйық аралда жатқан аулыма алдап-сулап апарып алдым.

- Барғаннан кейін Роза апай моңғолдың азаматтығын алды ма?

- Егер ол кісі моңғолдың азаматтығын алып қойса, мына жақтағы төркініне келіп-кету тоқтайтын болды. Оның бер жағында менің де Алматымен қатынасым ауырлайтын көрінді. Сол себепті апайың ол елдің азаматтығын қабылдамады. Сол дұрыс болған екен. Оны қайдан біліп жүр десеңіз, маған дейін Моңғолияның Ресейден оқыған зиялылары орыстың қыздарына үйленген. Солар осылай істе деп ақыл қосты.

- Некелеріңіз Алматыда қиылды ма?

- Алматыда үйлендік. Неке куәлік алайық деп ЗАГС-ке барсақ, сондағы орыс қыздар айтады: «Әйеліңіз сіздің фамилияны алу керек», - деп. Содан жаман тіліммен ойбай салдым. «Бұл не сұмдық! Біздің ауылда келін атасының атын атау деген аса ауыр қылмыс саналады. Бүйтіп қор қылмаңдар, үйренген өздерің аталарыңның атын атай беріңдер!» деп, жатып келіп туладым.

- Жарыңызды Бай-өлкеге алғашқы рет қалай алып бардыңыз?

-Розаға шетелге шығатын паспорт бермей, басы бүтін алты ай қаңғыдым. Зорға дегенде паспорт қолға тиді. «Қазақстаннан әйел әкелем» деп ауылға айтып қойғам. «Қабидаш, Қазақстаннан қатын әкелгелі жатыр» деп ағайындар қыстай қырылып қала жаздапты. Роза жеңгең екеумізді кәдуілгі аймақ болып қарсы алды. Ел-жұрт ұланасыр той жасады. Содан екі жыл бойы аймақтың халқы күн аралатпай екеумізді қонаққа шақырады. Танымайтын, түсінде көрмеген адамдар күнде таңертең келіп тұрады. «Әй, қарағым, анау алыстан келген келінге үйден дәм татырайық, жалғыз келді ғой, елін-жерін сағынып жүген шығар» деп қиылады. Халық Розаны хан көтерді.

- 1966 жылы Бай-өлкеге жазушы Сәбит Мұқанов барды. Қалай қарсы алдыңыздар?

- Сәбең Кеңес елінен келген арнайы делегацияның орынбасары екен. Бастығы Хохолов дейтін бурят шатыс орыс. Жазушының осы сапары туралы моңғол елі жасаған үш табақ деректі фильм бар. Бір табағы 10 минуттан. Соның біреуі басы бүтін қазақ он жылдық орта мектебіндегі жазушының кездесуіне арналған. Оны ұйымдастырған - жеңгең екеуміз. Үлкен плакатқа «Советтік сөзге қаламы көрмеген әсте мұқалып, мұны жазған адамы - кәдімгі Сәбит Мұқанов» деп жазып, іліп тастадық. Өлеңдерін класс сайын жаттаттық. Кез келген оқушы шығармасынан жұлып алып үзінді оқығанда, Сәбең шалқасынан түсті. Сөз бергенде: «Айналайындар-ау, мені ол жақтағы қазақ жақсы біле ме десем, сендер олардан да жақсы біледі екенсіңдер», - деді. Тебіренгені соншалық, көзіне жас алды. Ертеңінде аймақтық драма театрында ақын-жазушылармен кездесті. Сонда тағы да осы сөзді айтты.

«КӨШПЕНДІ ЕЛДІҢ ПЕРЗЕНТІМІН»

Қаржаубай Сартқожаұлы - танымал түркітанушы ғалым. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми жұмыспен айналысады. Өткен 90-шы жылдары Бай-өлке қазақтары атынан Моңғолдың Ұлы Құрылтайына депутат болып сайланған тұлға.

- Қаржеке, сіз тура Наурыз мейрамы күні туған екенсіз, құтты болсын!

- Менің туған жерім - Алтайдың теріскейі. Күреңсал қырқалар адырлап келіп, ойпатқа құлаған тұста Үйірті, Үсіген дейтін екі өзен бар. Біздің қыстау сол екі өзеннің құйғанында-тын. Ол заманда біздің ел Қобда бетіне (Алтай тауының теріскейі, Монғолия жері) әбден үйреніп, мекендеп қалған кез. Ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан көшпенді өмірдің түлегімін. Мал өрісін қуалап, шөптің шүйгініне қарай қаңбақша аунап көшкен елдің баласымын.

Анамыз маған дейін сегіз құрсақ көтерген екен. Бір-екеуі ерте шетінеп кетіпті. Мен кенжесімін. Тура Наурыз күні туыппын. Қобда бетінің батыстан орай соғатын қызыл желі бәсеңсіп, қыс жауған қалың қардың бауыры сөгіліп, ерте күзде көміліп қалған сиырдың қу тезегі қаудырап, қар астынан шығып жатқан тұс. Шешемнің маған аяғы ауыр. Ауылдан ұзап шықпайды. Десе де қарап отыру әдетіне енбеген анам, тура Наурыздың атқан таңымен бірге тұрып, бес-алты сиырын қыстаудың қарсы алдындағы бұйратқа өрістетіп жіберіп, тезек теруге беттепті. Ауыл іргесіндегі Үсігеннің мұзынан өтіп, қарсыдағы қыратқа таяп қалғанда, толғағы қысады. Ауылдан алыстап кеткен, амал жоқ, сол арада босаныпты. Баласы шырылдап ақ қардың үстінде буы бұрқырап жатыпты. Қолына іліккен қырлы таспен баланың кіндігін егеп кесіп, қаптағы тезекті төгіп тастап, жаңа туған нәрестесін орап үйіне әкеліпті. Сол бала мына мен боламын.

- Сол себептен атыңызды «Қаржаубай» деп қойған ба?

- Айтайын... Жаңағы шешеміз үйге келген соң көршілер жиналып, менің кіндігімді дұрыстап қайта кесіпті. Енді балаға ат қою керек болған. Кіндігімді кескен әйел: «Бұл бала «Наурызкөже» күні туды атын «Наурызбай» деп қояйық», - депті. Үлкен ағам тұрып: «Қардың үстінде туды ғой «Қаржаубай» болсын», - деген екен, ақыры үлкендер осы атты қолай көріпті.

- Сіз де көшпенді елдің дәстүрі бойынша жасыңызда жырмен ауызданған шығарсыз?

- Нақ солай, ойпырым-ай, ол бір ғажайып заман еді. Шешем марқұм жақсы жыршы болды. Дәл санын білмеймін, өте көп жырларды жатқа айтатын. Әмбе, қазақы қара өлеңді мәнерлеп салатын айтыскер еді. Анамның жатқа айтатын жырларын ағаларым қалың дәптерге көшіріп жазып қойды. Осыны кешке қойды қоралап тастап, алқа қотан отырған кезде тыңдаймыз. Жырлаушы өлең мәнерін жорға нақышына келтіріп алып зулатады дерсің. Ес білгеннен бастап «Шәкім - Шәкірт», «Зылиқа - Сәмен», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек» дастандарын жаттап өстік.

Жырға деген аса құмарлықтан да шығар, екінші класта оқып жүргенде «Манас» жырының 4 томын, «Мың бір түннің» 4 томын бітірдім. Мектептің кітапханасы өте бай болды. Төртінші кластың соңына дейін кітапханадағы барлық кітапты оқып тауыстым. Осы жылы мектепте жатқа тақпақ оқудан жарыс өтті. Елу тақпақты жатқа айтып, бәйгеден бірінші болып келдім.

- Алғаш мектепке қалай барғаныңыз есіңізде ме?

- Бұл 1954 жылы болатын. Қоңыр күз. Жайлаудағы ел етекке түсіп, «Шалқар» көлді жағалай күзеулік жұртта отырған. Қолымда шыбыртқы, қозы-лақ қайырып өрісте ойнап жүр едім, жарау құла ат мінген бір адам тасырлатып шауып маған келді. Көзіне көзілдірік салған, желбіретіп шаш қойыпты. Шаш өсірген адамды алғаш рет көріп тұрмын. Қалада үлкен бастықтардың шашы болады деп еститінбіз, шошып кеттім. «Сартқожаның баласы сенсің бе?» деді. Мен «иә» дедім. «Қозы-лағыңды аулыңа қарай айда!» деп бұйырды. Айтқанын орындадым. Содан кейін: «Кел, менің артыма мінгес», - деді. Қорыққанымнан атына мінгесіп алдым. Жайып жүрген қозы- лағым далада қалды. Әлгі адам екі қолымды белбеуіне орап байлап алды да, жетпіс шақырым жердегі сұмын орталығына қарай тартып отырды.

Осылай жалаң аяқ, үстімде киім де жоқ, мектептің табалдырығын аттадым. Ертеңінде үлкен ағам ізімнен жетіп, киім әкеліп берді.

- Не себептен далада жүрген жеріңізден мектепке сұраусыз алып кетті?

- Біздің үйдің жоғары жағында күзеуде отырған Қамза деген бай болды. Мың жылқысы, бес мыңдай қойы бар. Соның менен екі жас үлкен баласы бар-тын. Соны сабаққа әкетпек болғанда, әкесі келген кісіге жақсы ат беріп: «Балама тимеңдер, жоспарларың орындалмай жатса, қозы жайып жүрген Сартқожаның жетімін алыңдар», - деп жіберіпті.

Осылай жеті жасымда мектепке бардым. Қазір жатақхана дейміз, интернатта тұрдым. Жас баламын, үйді сағынамын. Бір күні шешем келді. Маңдайымнан иіскеп, әкелген құрт-майын беріп кетті. Қарап тұрмын, шешем алыстай-алыстай, ақыры ноқаттай боп көрінбей кетті. Шыдамадым, ауыл жақты бетке алып, тұра келіп қаштым. Біраз ұзаған соң, бұрылып артыма қарасам, мектептің директоры қара көк атпен жосылтып келе жатыр. Секіріп өзеннің жар қабағының астына кіріп кеттім. Қарап жатырмын, директор ашулы көрінеді, ағып өтіп кетіп, қайта айналды. «Осы жардың астына жасырынды» деп, сөйлеп жүр, іздеп жүр. Ақыры тауып алды. Қолындағы бұзау тіс қамшымен жон арқамды жосылтып тартып-тартып жіберді. Ат бауырына алып, жаяу қуып келді. Бүкіл бала қызықтап қарап қалыпты. Мен пақырдың айдалып келгенін көргендер қашудың не екенін түсінсе керек.

- Одан кейін де тәртіп бұрған кездеріңіз көп шығар?

- Төртінші кластан бастап моңғол тілінің сабағы кірді. Бір ауыз сөз білмейтін едік. Осы пәнді оқытуға жаңадан Ауғанбай дейтін ағай келді. Сымбатты, ұзын бойлы, тіп-тік жүреді. Мұрны қыран бүркіттің тұмсығы сияқты иілген, әрі қолағаштай үлкен. Баламыз, ағайдың шоқпардай танауы қызық көрінген болу керек, екі жұдырығымды түйіп, өзімнің мұрнымның үстіне жапсыра ұстап алдым да, жүгіріп барып, ұстазымның алдына тұра қалдым. Тепкілеп далаға қуып шықты. Келесі сабаққа келсем, журналға жауынгердей тізілтіп бес «2» қойып тастапты.

Содан күнде сабаққа дайындалам. Күн сайын сұранам. Шіркін-ау, сұрамайды ғой. Қорытынды шығуға таяды. Бес «екімнің» мұрты бұзылмай тұр. Демалысқа бір күн қалғанда, желтоқсанның 30-ы күні «кел бері» деді. Отырғызып қойып, ары сұрады, бері сұрады, жазбаша сынақ алды. Басын шайқап-шайқап тұрды да, қатарынан бес «5» қойып, қорытындысын «беске» шығарып жіберді. Жарты жылдың ішінде бір қарпін білмейтін монғолдың тілін әжептәуір үйреніп кеттім.

- Сіз қай жылы Ұлан-Батырға оқуға бардыңыз?

- 1962 жылы сұмынның жеті жылдық орта мектебін үздік бітіріп, өзің айтып отырған ел астанасына оқуға аттандым. Мына қазіргі колледж сияқты, ағаш, жиһаз ісімен айналысатын үш жылдық техникум. Осында оқыдым. Осы үш жылда қаладағы ең үлкен Сталин атындағы кітапхананың ішіндегі барлық қазақша кітаптарды оқып бітірдім. «Абай жолы» романын тауып оқыдым. Кітапхана түнгі он екіге дейін жұмыс істейді, мен қызметкерлермен кітапхананы бірге жауып шығамын. Өстіп жүріп, үш жыл өте шықты. Техникумды бітіріп, «жиһаз технологы» деген табақтай дипломды құшақтап ауылға келдім.

- Моңғолия қазақтарының әкімшілік орталығы - Бай-Өлке аймағына келдіңіз. Қандай жұмысқа орналастыңыз?

- Аймақ орталығында құрылысшыларды оқытатын кәсіптік-техникалық оқу орны бар еді, келіп сабақ үйреттім. Жұмыстан кейін жұмысшылар оқитын «кешкі мектеп» дейтін болды. Екі жыл оқытып, «10 жылдық білім алды» деп аттестат беретін. Түнделетіп жүріп, соны бітіріп алдым. Онсыз жоғары оқу орындарына қабылдамайды.

Мақсатым қайтадан Ұлан-Батырға барып, әдебиетші немесе журналшы оқуына түсу. Жолым болмады. Ағасы бастық біреу алдымды орап кетті. Басқа оқулардың бәрі бітіп кетіпті. Амал жоқ, Ұлан-Батырға келіп «геолог- инженер» мамандығы бойынша конкурсқа құжат тапсыратын болдым. Кітап көп оқығанымның пайдасы тиді-ау деймін, отыз неше моңғолдың ішінен топ жарып бірінші келдім.

Арман адыра қалды, геолог-инженер оқуына түстім. Моңғолияда бірден-бір жалғыз университет бар еді, сонда оқитын болдым. Ректоры атақты биолог әрі жазушы Д. Цегмед деген адам еді. Моңғолияны БҰҰ-ға мүшелікке қабылдатқан атақты ғалым. Қоғам қайраткері, беделді кісі. Бірінші курстың сабағы басталған соң, қазан айының аяғына таман ректорға бардым. Айттым, «осылай да, осылай менің инженер болуға ықыласым шамалы, өлең жазам, арманым - әдебиетші болу, көмектесіңіз» дедім. Ол кісі «Биыл оқу жылы басталып кетті. Осы оқуыңды өте жақсы оқып шық та, көктемде маусым айының 15-іне таман кел. Ауыстырып берейін» деді. Алланың әмірі-ай деген, осында оқыған бір жылымның артынан дала кезіп, мүсін тастарды іздегенде пайдасы қатты тиді.

- Маусымның 15-інде бардыңыз, ауыстырып берді ме?

- Тура айтқан күні бардым. Арада жылға салым уақыт өтіп кетті, ұмытып кетті ме, кім білсін. Ұмытпапты, салған жерден «зачетная книжканы» сұратты. Көріп жіберіп: «Оу, сен жақсы оқыпсың ғой. Қарағым, мына геолог деген жазушы болуға таптырмайтын мамандық. Жазушылықпен қоса айналыса бересің. Мен де жүрмін ғой. Ауыспай-ақ қой», - десін. «Мұндай мүмкіндік күнде туа бермейді, не болса да ақырына жетіп тынайын» деп өз пікірімнен қайтпадым. Содан кадр бөлімінен біреулерді шақырты. Бірінші проректоры Батмунке деген кісі-тін, соны қоса шақыртты. Батмунке артынан ректор, Моңғолияның Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы, Министрлер Кабинетінің басшысы болды.

Бәрін жинап алып, «Мына тұрған Қаржаубай деген талантты қазақ баласы. Түбі бір жерден жарып шығады. Өлең жазады екен. Осы балаға Мәскеудің Ломоносов атындағы университетінен келетін жалғыз «журналшы» мамандығын беріңдер!» деді. Қосшылары бір ауыздан «мақұл» деді. Менің арқамнан қағып жол болсын айтты. «Мен ертең Кубаға іссапармен кетіп барамын. Бір ай шамасында сонда болам. Кезікпей қалсақ, жолың болсын!» деді.

Коридорға шыға бергенімде, «Маған кіре шық!» деп манағы бірінші проректор шақырды. Бардым. Қуаныштан аздап қоқиланып та кеткен шығармын. Проректор түсін суытып: «Сен неғылған адамсың, басқа ел оқуға түсе алмай жүрсе, сен мамандық таңдайсың, бұл не деген бассыздық», - деп айғайласын. «Мұндай болса, ректор кетпей тұрғанда қайта кіріп, мәселені шешіп алайық» деп, есікке қарай жүгірдім. «Тоқта-а-а!» деп айғай салды: «Жаман-жақсы болсын, мен бірінші проректормын. Менің бір ауыз уәжімді көтермейтін неткен бейшара адамсың» дегенде, сорлы басым өзім ұялып қалдым. «Ертең келерсің» деп шығарып жіберді.

Ертеңіне келдім, қабылдамады. Бүрсігүні келдім, тағы сол. Сандалтып жүргізіп қойды. Бір күні өзім оқитын геолог-инженер факультетінен іздеп жатыр деген хабар жетті. Барсам, армия қатарына шақырған қағаз келіп тұр. Одан құтылу деген жоқ. Не істейін. Орталық партияның үні, елдегі бірінші газет - «Үнэнде» журналшы Жамса деген таныс моңғол аға бар еді, жүгіріп сонда бардым. Бәрін айттым.

«Әскери куәлігің қайда?». «Өзімде». «Шақыру қағазың қайда?». «Мінеки». Қолымдағы бар-жоқ қағаздарымды Жамса ағам папкасына салып алып, әскери комиссариаттың бастығы Сосыр деген генералға кетті. Екеуі ауылдас әрі армияда бірге болыпты. «Сен, - деді Жамса ағай, - университетке де барма, әскери комиссариатқа да көрінбе». Содан тас бүркеніп, жасырынып жаттым.

- Содан не болды?

- Не болушы еді, денсаулығында ақау бар, әскер қатарына жарамайды деген қағаз істеп берді. Қағазымды қойныма салып алып, аяңдап университетке келдім. Геология-минералогия ғылымдарының докторы Лхагва-сүрен деген профессор бар еді, алдымнан сол шықты да, «Ей, қазақ әскерден қашып жүрсің бе, енді сотталасың» деп масайрап тұр. «Ойбай-ау, ондай жаман сөз айтпаңыз, қашып нем бар, денсаулығым жарамай қалды, ұят болды» деп, қолымдағы қағазды көрсеттім. Оқып көрді. «Мынаны қара, генералдың өзі қол қойыпты» деп, таң-тамаша болды да қалды. Дүниені жаңғырықтырып, қарқ-қарқ күліп мен тұрмын...

- Әлгі «Ломоносов» қайда қалды?

- Енді не істер екен деп манағы тағдырым қолында тұрған проректорға келдім. Келсем, менің қамқоршым ректорым алыс сапардан әлі оралмапты. Барлық шешім бірінші проректордың қолында. Содан ойландым: «Ей, Қаржаубай мүйіз сұрайым деп жүріп, құлақтан айырылып қалма. Ломоносовың көзден бұлбұл ұшқан екен. Болмаса, осы университет ішіндегі кез келген гуманитарлық оқуға ауысу жағын қамда». Бұрынғы жалын жоқ, ілдебайлап проректорға да жеттім-ау. Мені көрді де: «Мәскеуге жібере алмаймын, оқығың келсе, университеттің «моңғол тілі» мамандығына оқы. Оқымасаң, жолың анау», - деп есікті көрсетті. Намыстанып кеттім. «Өте жақсы оқымасам, атым өшсін» деп, жылап жібердім.

- Дұрыс, Қаржеке! «Моңғол тілі» мамандығын оқып жүрсіз. Ал енді көне түркі жазуын зерттеуге не себеп?

- Манағы геологым жайында қалды. Моңғол тілі мамандығын бірінші курсынан бастадым. Жыл соңында университет бойынша үлкен ғылыми конференциялар өтеді екен. Осыған «Моңғол тілінің метафорасы» деген тақырыпта баяндама жасап, екінші орын алдым. Сол екі ортада бірінші проректор Ж.Батмунке ректор болып шыға келді. Қорытынды жиынға ректордың өзі келіп, марапаттарды тапсырды. Бір заманда «Сартқожаның Қаржаубайы екінші орын» деп жариялады. Ректор «Бұл әлгі тентек Қаржаубай ғой, сабақ қалай?» деді. Тісімді шықырлатып тұрып, «Өте жақсы» деп саңқ еткіздім. Басын шайқап, «Жігіт екенсің!» деді ректор.

Жыл сайын әртүрлі тақырыптар бойынша баяндамалар жасап, бірінші орыннан түспедім. Бесінші курста оқитын жылы Қызылорда институтының профессоры Ә.Қоңыратбаевқа хат жазып жібердім. Осы хат кейін Қоңыратбаевтың 10 томдығына кіріпті. Хатта аспирантурада оқуға жәрдемдесіңіз дегем. Ол кісі біздің ректордың атына жауап жазыпты. Оны мен білмеймін...

Менің диплом жұмысым «Тұй-ұқұқ ескерткішінің тілі» деген тақырыпта жазылды.

- Бұған дейін көне түркі жазуынан хабарыңыз болды ғой?

- 1965 жылы «Білім және еңбек» журналына Ғұбайдолла Айдаровтың «Күлтегін деген кім?» дейтін мақаласы шықты. Осында көне түркі жазуының әліппесі беріліпті. Осыны жаттап алдым. Әрі байырғы түркі ескерткіштері туралы жақсы мәлімет берілген екен. Барлығы Моңғол даласында дейді. Осы мені қатты ойландырды.

Университетте баяндамалар жасап таныла бастаған екінші курстағы кезімде аса ірі полиглот ғалым, профессор Чой. Лувсанжав деген 12 тіл білетін ғұлама адам бір күні мені шақырып алып: «Сен ғылымға бейімі бар бала екенсің, әмбе қазақсың, моңғол тілін зерттеп жүрсің, көне түркіні білесің бе?», - деді. «Әрпін білемін». «Жаз» деді. Жаздым. «Қандай кітап оқуды білесің бе?». «Жоқ». «Қандай сөздік қолдануды білесің бе?». «Жоқ».

Әлгі кісі айтты: «Балам, мына моңғол даласындағы барлық ескі жазулар- сенің ата-бабаңның жазуы. Сен моңғол тілін зерттеп әуре болма. Онсыз да өзіміз зерттейміз. Көне түркімен жағалас!». Оның жолын білмейтінімді айтып едім, «Өзім көмектесем» деді. «Екі күннен соң кел» деді. Бардым. Үстелінің үстіне мен көрмеген кітаптарды үйіп қойыпты. В.В.Радлов, С.С.Малов, А.Н.Бернштам, Н.А.Батманов, В.В.Бартольдтың еңбектері және көне түркі сөздігі тұрды. «Ал, Қаржаубай, осы кітаптарды оқисың. Бір жылға өз атыма жаздырып алдым. Дақ түсіруге болмайды. Келер жылы дәл осы күні маған емтихан тапсырасың» деді.

Кітаптар орысша. Оны түсінбеймін. Енді не істеу керек? Орыс тілін үйренуге кірістім. Қағазды тілдей-тілдей етіп жапырақтап алып, әрбіріне 30-40 орыс сөздерін жазып, сабақтан тыс уақыттарда бір қалтамнан алып, оқығанымды екінші қалтама салып жаттай бастадым. Сөздік қорым көбейіп қалды. Енді грамматика керек. Авторы Пулкина деген орыс тілін үйренушілерге арналған оқулық болушы еді, сонымен аюдай алыстым. 3-4 ай дегенде бұлдыр-салдыр түсінетін болдым. Өзім білетін Ғ.Айдаровтың әліппесі көп көмектесті.

Жыл уағында айтқан күні ұстазыма бардым. Жақсы адам еді жарықтық, «Келіп қалдың ба?» деп күлді. С. Маловтың кітабын ашып қойды да, сұрақты қарша боратты. Кәдімгідей, тоқтамай 2 сағат емтихан алды. «Менің білерім осы. Енді қалғанын өзің іздеп тап, жолың болсын» деді. Қолымнан жетелеп алып кітапхананың бас директорына әкелді. Барлық кітаптарды оқу бітіргенге дейін үйде ұстауға ұлықсат алып берді. «Жақсыдан - шарапат» деген осы шығар...

- Диплом жұмысын «Тұй-ұқұқ ешкерткішінің тілі» деген тақырыпта қорғадыңыз...

- «Тұй-ұқұқ» ескерткішінің басына барып, көне жазуды бірнеше рет көшірдім. Содан 1973 жылы Моңғол Ғылым академиясының ұйымдастыруымен социалистік жүйе елдері археологтарының «Көшпелі өркениеттің ролі» атты халықаралық үлкен конференциясы Ұлан-Батырда өтетін болды. Қазақстаннан атақты ғалым Әлкей Марғүлан келе жатыр деген соң, аңдып жүріп әуежайға бардым. Небір қасқалар мен жайсаңдар күтіп алды. Арасында шапқылап мен жүрмін. Бес жұлдызды «Ұлан-Батыр» қонақ үйіне келіп орналасты. Жанында түрікменнің Атағараев деген ғалымы бар. Екеуінің асай-мүсейлерін тасып зыр жүгіремін. Бір апта бірге болдым.

Қорғағалы жатқан диплом жұмысым жайлы ақыл, кеңес сұрадым. Кетерінде «Маған ерекшелеп не айтасыз?» дедім. «Сен бақытты қазақсың. Осы ескерткіштерді көруді бізге бұйыртпай тұр. Әрбір барғаныңда ерінбей қайта-қайта көшіре бер, көшіре бер», - деп тапсырды. Ұшаққа отырғызып жібердім. Келе жатып ойлап қоям: «Әлекең алжыған шығар, онсыз да сан рет қайталап көшіріп алдым, қайта-қайта көшіргенде май шыға ма?». Бір күні барып тағы көшіріп келдім. Отырдым да алғашқы екі көшірмені салғастырып көрсем, тіпті біріне-бірі ұқсамайды. Таң қалдым. Жынданған шығармын. Қайта барып көшіріп келсем, оным тағы бөлек. Содан алтыншы, жетінші рет көшіргендерім бір-біріне ұқсай бастады. Адамның көзі үйрену керек екен. Дағдылану қажет екен.

Әлекеңнің бір ауыз сөзі маған өмірлік сабақ болды. Артынан басқадай жазуларды көшіргенде көп септігі тиді.

Содан диплом қорғайтын болдым. Алғашқы күні кезегім келіп тұрып, кіре алмадым. Екінші күні де солай болды. «Әлі кіретін болған жоқсың» дейді. Үшінші күні университеттің ректоры бар, Ғылым академиясынан адамдар бар, оған газет тілшілері еріп алған - он бес адам сау етіп жетіп келді. Менің тақырыбым бұған дейін тың дүние еді. Осыларға көрсету үшін күттірген болуы керек. Маған «кірсін» деген бұйрық келді. Ғылыми жетекшім Моңғолия Ғылым Акедемиясының академигі, атақты лексикограф, Ленинград университетінің түлегі, әрі түркітанушы Лувсан-дэндэв деген еді, оны да шақыртып алды.

Комиссия хатшысы «20 минут сөйлейсің» деп уақыт кесіп берді. Сөйледім. Артынан жетекшім сөйледі. Бәрі дән риза. Ректор өзі шығып сөйледі. «Мен бұл баланы жақсы білемін. Ломоносовқа кетем дегенде, жібермей алып қалғам. Осыным дұрыс болған екен. Болашақ түркітанушы дайындап тастаппыз. Қазақстанның Қызылордадағы жоғары оқу орнынан келген хат бар. Осыны табыс етейін. Ғылым акедемиясына жұмысқа орналассын. Аспирантурасын солар шешсін» деп, хатты тапсырды. Ғылым академиясына жұмысқа баратын болдым, әлгі арада.

- Бірақ барған жоқсыз ғой. Оған не себеп болды?

- Менен кейін бірге оқыған, курстас досым Қуанған деген азамат қорғауға шықты. Моңғол тілін жақсы біледі. Бірақ өте бір акцентпен сөйлейтін. Оның үстіне ғылыми жұмысының сыртқы мұқабасына бадырайтып тұрып «Жұмаханұлы Қуанған» деп жазып қойыпты. Декан тұрды да, әлгіге шүйліге кетсін. «Сен неге «ұлы» деп жазасың, қайдан шыққан ұлтшылсың» деп тықсырып әкетті. Қуанған тумысы момын жігіт еді, үнсіз қалды. Қорғаушыға қатысты студенттердің де пікір айтуға құқығы бар болатын. Соны алға ұстап, артқы жақта студенттер арасында отырған мен келіп екеуінің арасына киліктім. «Неге жазбайды, жазуға тиіс, мысалы Никита Хрущевтің атын моңғолша жазғанда, «ев» дегенін тастамай жазады емес пе?» деп, Совет елінің басшысын ұстай жығылдым. Декан түтігіп кетті.

Осы оқиғаны аяқсыз қалдырмай, мені жамандап Ғылым академиясына арыз түсірген. Оның үстіне мені жұмысқа қабылдайтын адам танысы болу керек, айналып Бай-өлкеме келдім. Орта мектепке мұғалім болдым. Қыс өтті. Көктемде Ғылым академиясынан маған «тез жетсін» деген хат келді. Барсам, баяғыда бұйрығым шығып қойыпты. Осылай бір жола түркіні зерттеуге ойыстым. Үзбей, 23 маусым дала кездім.

- Олжас Сүлейменовпен кезігіп, ол кісіні Тоныкөк ескерткішіне ертіп барған кезіңіз осы шамада ғой?

- Бір күні жұмыста отырсам, Жазушылар одағы шақырып жатыр деген хабар келді. Барсам, Олжас келіпті. Қасында Сібірдің нивх халықтарынан шыққан жазушы В.Санги және екі мажар жазушысы бар екен. Олжекең түркі жазуларын көргісі келген екен, мені жолбасшылыққа барасың деп қосып жіберді.

Олжекеңде қазақша жоқ. Анда-санда «айналайын» деп басымнан бір сипап қояды. Менің орысшам шамалы. Екеуміз бұлдыр-салдыр түсінісеміз. Тұй-ұқұқ ескерткішіне тартып келеміз. Жолай дөңестеу жерге Олжекең тоқтады. Төбенің басына шығып тұрып, тебіренді. «Мынау менің бабаларым жортқан жон. Ана қаптаған қалың қарағай Тұй-ұқұқтың жер қайысқан сарбазы. Арғымақтар ауыздығымен алысқан дала. Тебінгісі тер қатып, ата жаумен шайнасқан, қайран менің бабаларым...», - деп, күңіренді дерсің. Керемет әсерлендім, көзімнен жас ыршып кетті.

Одан кейін Тұй-ұқұқтың тасын құшақтап сүйді. Қарап тұрдым. Көне түркіше бір-екі жолын баптап оқып шықты. Оны орысша аударып айтты. «Бұл - менің бабаларым сөзі» деді. «Ей, Санги, сенің бабаларыңда осындай бар ма?» - деп сұрады. Ана кісі басын шайқады. Венгрлерден сұрады. Олар «жоқ» деді. «Біз екеуімізде бар» деп, мені көрсетті. Тұрып-тұрып, «Тастың мына жерлері неге бүлініп қалған» деді қабық шытып.

- Алдында, сіз көшіріп жүрген кезде бүтін бе еді?

- Бүп-бүтін болатын. Төрт жыл бұрын ескерткіштен 4-5 шақырым жерге Кеңес елінің дивизиясы орналасқан болатын. Еріккен солдаттар тасты нысана қылып атып бүлдіріп тастаған. Олжекең соны сұрап тұр. «Сіздің орыс солдаттар атып тастаған» дедім, жұлып алғандай. Намысшыл адам екен, күреңітіп кетті. Барды да, дивизияны аяғынан тік тұрғызды. Генералдардың екі аяғын бір етікке тыққандай болды. Содан бастап атқыштар сап тиылды.

- Қаржеке, көк түріктер жыл басын қайсы айдан бастап есептеді екен?

- Осыны көп зерттедім. Олар ай атауларын - бірінші ай, екінші ай, үшінші ай деп санмен атаған. Енді бірінші айы қай кезден басталады, осыны іздедім. Ғылымда «Моғойн шине ус» деп аталған ескерткіш тастағы жазуда: «Селенга өзенін үшінші айдың 25-інде салмен кешіп өттік» деген сөз бар. Осыны нақтылау үшін Селенга өзені қай кезде толық еріп, салмен жүретін мүмкіндік болады, соны бірнеше жыл қайталап зерттедім. Тура алтыншы айдың (маусым) 25-терінде өзен толық мұздан арылып бітеді екен. Енді алты айдан үш айды алып таста, тура үшінші айдың 25-і емес пе. Бұл кәдімгі - Наурыз. Көк түріктер жыл басын Наурыз айынан бастап есептеген.

- Көне түркі жазуларындағы айтылған салт-дәстүрлер бүгінгі біздің тұрмысымыздан көрініс бере ме?

- Тура біздікі. Мысалы айтайын, Күлтегіннің үйден сүйегін шығарғалы жатыр. Киіз үйдің солтүстігінен дауыс шықты дейді. Ол - қазан жақ. Онда әйелдер отырады, «Дауыс шықты» дегені - жоқтау. Жоқтау бар ма, бар. Екіншіден, жетісін, қырқын, жылдығын беру сол кезде болған. Үшінші, табаққа мүшелеп жілік салып, бас тарту көк түркілерде болған, ол бізде әлі бар. Білге қағанның кешені толық қазылды. Қаған мен қатыны Бүбу бегімнің мүсін тасының алдына жозы тас қойылған. «Дастархан тас» десе де болады. Осы тас үстінде күміс табаққа салып, он екі мүшесі жіліктеп тартылған қойдың басы шықты. Сыйлы қонаққа бас тарту бүгін бар ма, бар.

Қазіргі 38 түркі тұқымдас халықтарда бас тартатын қазақтар ғана. Көк түркілердің барлық ритуалы қазақтарда сақталған. Екінші - тілі. «Байырғы түркі алфавитінің шығу тегі» деген еңбек жазып бітірдім. Содан фонетикасын, лексикасын, сөздік қорын, ақпараттық маңызын салыстырдым, бұл тіл қыпшақ тіл тобына жатады деген қорытындыға тоқтадым. Көк түркіге қатысты ескерткіштерде 780 түбір сөз бар екен. Осының 60 пайызы қазіргі қазақ тіліне өзгеріссіз сәйкесіп тұр.

- Сіз Ғ.Айдаровты ұстазым дейсіз, неліктен?

- Мен 1981 жылы Мәскеуге, Ленинградқа барып, желтоқсанның 4-і күні Алматыға ұшып келдім. Ғалым Ерден Қажыбек пен бүгінгі «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес және түріктанушы Аманқос Мектептегі үшеуі қарсы алды. Ертеңінде Ғылым Акедемиясына алып келді. Сол жерде Ғұбайдолла ағаймен таныстым. Қауқылдаған ақ көңіл адам екен. «Сізді іздеп келдім» дедім. Жарықтық, «мені де іздейтін адам бар екен» деп қатты қуанды. Сөйтсем, ол кісі шәкірт тәрбиелей алмадым деп ренжіп Түркіменстанға көшуге бел буып отыр екен. «Ойбай, неге көшесіз, шәкірт деген мына мен, мені қайда тастайсыз?» дедім. Жарықтық ойланып қалды. Отбасында аса бекзат жандар екен. Бір ай бірге жұмыс жасадық. Мен кетерде: «Балам, мен ешқайда көшпейтін болдым, маған бір шәкірт жетеді. Қазақстанда қалдым», - деді.

Сол жолы Ғұбакең түркітанудың көп қыр-сырын айтып берді. Ол кісінің таспен тікелей жұмыс істейтін мүмкіндігі болмады. Болғанда керемет дүние жасауы әбден мүмкін еді.

- Қаржеке, Қазақстанға қалай келіп қалдыңыз, кімдер себепкер болды?

- 2002 жылы Бай-Өлкедегі ғылыми зерттеу орталығының жұмыстарымен Ұлан-Батырға барып келіп, үйде демалып жатсам, телефон шырылдады. Көтерсем, Ақселеу Сейдімбек ағам екен. «Не істеп жатырсың» дейді. «Демалып жатырмын» деп қоям. Ахаң: «Бұл демалатын заман ба, Мырзатай мен Иманғали інің мұнда отыр, сөйлес» деп, телефонды Иманғали Тасмағамбетовке берді. Турасын айтқанда, Имекең «келіп-кетіңіз, ақылдасатын шаруа бар» деді. Бұл ақпан айының 27-ші жұлдызы еді. Үш күннен соң ұшақпен Алматыға келіп, ертеңінде пойызбен Астанаға тартып кеттім. Осылай астаналық болып шыға келдім.

«ӘЛЕМ БІРІНІШЛІГІНДЕ ҚАЖЫМҰҚАННАН КЕЙІН ЖҮЛДЕ АЛҒАН ҚАЗАҚ ЕКЕНМІН»

Бақыт Однайұлы - шетел қазақтары арасынан шыққан дара тұлғалардың бірі. Даңқты балуан. Спорттың еркін күрес түрінен Әлем кубогы (1981 жыл) және Әлем біріншілігінің (1986 жыл) кіші қола жүлдегері. Моңғол елінің төрт дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1986 жыл), Моңғолия спортына еңбек сіңірген қайраткер (2007 жыл). Бақыт балуан - спорттың еркін күрес түрінен әлемдік додада Қажымұқан атамыздан кейінгі жүлде алған қазақ.

- Бақыт балуан, сізді мұндағы ел жаппай біле бермейді, сол себепті өзіңіздің өмір тарихыңыз, спорттағы жеткен жетістіктеріңіз және көрген-түйген дүниелеріңізбен қалың қазақты хабардар етпек ниетіміз бар, қалай қарайсыз?

- Өте дұрыс қараймын. Менде елден ерек, асып-тасып бара жатқан ештеңе жоқ, тағдыр жазған қара күштің арқасында «аралап талай жердің дәмін таттым...» дегендей, осы бір шалқар дүниенің топырағын басып, бұйырған нәсіпті теріп жеп, жүріп жатырмыз.

- Сіздің есіміңізді не себептен «Бақыт» деп қойған?

- Мен 1954 жылы туыппын. Ол кезде жарықтық әжем тірі екен. Бір әулеттің шаңырағына бұйырған жалғыз ұл болғандықтан, атымды не деп атарын білмей әбігерге түсіпті. Әжем «бауы берік болсын!» айтып кіріп-шыққан көлденең көк аттыға «балама жақсы ат қойып кет!» деп жабысады екен. Сөйтіп отырғанда, бізге жездей болып келетін қалжыңбас ағамыз бар еді, сол келіпті де «Бұл жаманның алдында Дәрібас, Тәттібас деген апайлары бар емес пе, ендеше, бұның аты «Мойтыбас» болсын» деп ат қойып кетіпті. Әжем жарықтық «Немереме иттің атын қойып кетті» деп қатты ашуланыпты. Арада тағы бір апта өткенде, біздің үйге «құтты болсын!» айтып қазіргі қадірлі қария, тіл білімінің үлкен ғалымы, алғашқы алтайтанушылардың бірі, ғылым докторы Бәзілхан Бұқатұлы келген екен. Осы кісі маған «Бақыт» деп ат қойыпты.

- Спортқа қай кезден бастап ден қойдыңыз?

- 1971 жылы 10 жылдық орта мектепті бітірген соң, ешбір оқуға түсе алмай далада қалдым емес пе. Содан бір бастық ағам астанадағы ауылшаруашылық институтына мені қабылдауды өтініп, ресми хат жазып берді. Ұлан-батырда апа-жездем тұратын. Салып ұрып сонда бардым. Әлгі институт мені маңына жолатпады. Апайым «тіл үйрен, елмен таныс» деп, өзі жұмыс істейтін ұн өндірісіне «электриктің көмекшісі» етіп жылы-жұмсақ орынға орналастырып қойды. Осында жүріп, өндірістің волейбол командасы құрамынан орын алдым. Жаттықтырушымыз мені бойым ұзын болғандықтан, осыдан волейболшы шығады деп ойласа керек.

- Сізден волейболшы шықты ма?

- Спорттағы алғашқы медальді осы волейболдан алдым. 1973 жылы жастар арасындағы республикалық біріншілікте біздің команда жүлделі үшінші орынға ие болды.

- Алкүресті қашан бастадыңыз?

- Күресті мен 20 жасымда бастаған адаммын. 1974 жылы еркін күреске келіп қатысып, екі айдың ішінде жастар арасындағы біріншілікте топ жардым. Іле Солтүстік Кореяның Пхеньян қаласында өткен «Олимпиада үміттері» атты халықаралық жарысқа қатысып, алғашқы алтын медальға қол жеткіздім. Осылай менің күрестегі күндерім басталды.

- Ертеректе жарық көрген естелігіңізден оқыған сияқты едім, қазақтан шыққан танымал режиссер Сұлтан Қожықовпен қалай ұшырасып жүрсіз?

- 1981 жылы Грузияның астанасы Тбилиси қаласында еркін күрестен «А» кластық халықаралық турнир өтті. Дәл кілемге шыққалы тұрып, әйгілі режиссер Сұлтан Қожықов ағаман таныстым. Марқұмды бұрында «Қыз Жібек» фильмінің режиссері ретінде білетін едім. Менің қазақ екенімді естіген жерде еңіреп жетті. Анадай жерден келе жатыр. Құшағын жайып жіберген, ойма төсі қаршығаның ойынды бұғақ еті сияқты бүлк-бүлк етеді. Аршындап келіп: «Ай, бауырым-ай, арысым-ай, батырым-ай, бар екенсіңдер ғой, қазақтың атын шығарып жүрген сенен айналайын!» - деп келіп бас салды. Күжірейіп тұрған мені шолпылдатып сүйіп жатыр. Қасымдағы моңғол палуандары аң-таң... Екі қазақ сүйісіп жатырмыз. Кілем мен күрес жайында қалған.

- Содан...

- Содан есімді жисам, бапкерім «кілемге шық» деп ұрсып жатыр екен. Менімен күресетін түрік балуаны баяғыда кілемге келіп алған, мені күтіп тұр. Оның салмағы 130 келі. Көзінің ағы айналып, жиегі қызарып кеткен, қаңтардағы жараған бура секілді біреу екен. Тегі кезінде Кеңес елінен қашқан кавказдықтардың тұқымы болар деп жорамалдадым, басы қазандай, үсті басын жүн басқан таудың жабайы аюы сияқты ыңыранады-ай келіп.

Кілемге беттеп бара жатып, артыма бұрылып қарасам, Сұлтекең ағам шөке түсіп отырып қалыпты. Екі алақанымен бетін басып алған. Шамасы, мені әлгіден жеңіледі-ау деп ойласа керек, тәңірісіне жалбарынып жатыр. Шіркін, қан деген бөлек қой, шиыршық атып шыға келдім. Төрешінің ысқырығымен қоса қарсыласыма қарай оқша атылдым. Бейшара бейқамдау адам екен, сып етіп аяғына өтіп кеттім. Аш белінен орай ұстап, өзім шалқая беріп, оң қапталға жастап лақтырдым. Топ етіп екі ұпай қоржыныма түсе қалды. Қайта белдестік, екінші кезең тең аяқталды. Ақырғы белдесуде артына шығып кетіп, тағы бір ұпай алдым. Анда-санда анау шетте тыпыршып тұрған Сұлтан ағама көзімнің қиығын салып қарап қоям. Жарықтық мәз-мәйрам, арқа-жарқа. Менің жеңісіме әйелі ұл тапқандай қуанды.

- Сұлтан Қожықов ағаның «Қажымұқан» атты көркем фильм түсіруге әзірлік жасап жүрген кезі ғой бұл, сізге Қажымұқанның рөлін сомдау туралы ұсыныс болды деген рас па?

- Рас. Сұлтекең кешкісін мені қонаққа шақырды. «Грузия» мейманханасының 22-ші қабатында орналасқан екен. Көл-көсір дастархан жайды. Сонда: «Қыз Жібек» арқылы қазақтың қызын таныттым, Қажымұқан арқылы ұлын асқақтатпақ ойым бар, - деді. «Балуанның рөлін ойнауға көп адам сынға түседі, сен де қатыс», - деді. Суретімді алып қалды. Хабарласуымды өтінді. Мен ол кісінің өтінішін орындай алмадым. Оның әртүрлі себебі бар.

- Бақа, спортта қиянат көп болады деп жатады, сондай жағдай басыңыздан өткен жоқ па?

- Бір жылы еркін күрестен Азия біріншілігі Үндістанда өтетін болды. Баратын команда құрамына мен де кірдім. Ол заманда дүние капитализм-социализм болып екіге бөлініп алған, саяси теке тіркесіп тұратын. Үндістан капиталистік ел болғандықтан, баратын спортшылар құрамы Орталық комитетте қаралып, бекітіледі. Осы тізім бойынша Сыртқы істер министрлігі шетелге шығатын паспорт пен виза береді.

Қазіргі танымал дипломат Сайран Қадырұлы Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқаратын. Үйге Сәкең келді сүйінші сұрап: «Ойбай, Бақыт, сен Азия біріншілігіне баратын болдың, бізге тізім келіп түсті, ішінде сенің аты-жөнің жүр». Содан әпке-жездемде ес қалмады. «Үндістан ыстық ел, күн өтіп кетпесін» деп әпкем әдемі ақ сұр костюм алып кигізіп қойды. Ертең аттанады деген күні ағайын-туғандарды шақырып, кішігірім той жасады.

Таңертең ерте әуежайға келсем, бізді бастап баратын бастықтар: «Бақыт сен бармайтын болдың, орныңа басқа балуан барады. Сен әлі жассың, болашағың алда!» - деп маңырап тұр. Өмірімде осылай құлазып көрмеген шығармын. Сенделіп, көк соққан теке сияқты әуежайда қалып қойдым. Үйге баратын бет жоқ... Осындай күндер де өткен біздің бастан...

- Шыныңызды айтыңызшы, спортта қазақы қаныңызға тартып, намысқа басқан кезіңіз болды ма?

- Тағы бір жылы мынадай оқиға болды. Алпыстан астам атақты балуан жиналып, моңғолдың ұлттық күресінен жарысқа түстік. Таңертең басталған күрес түс ауғанда барып орталады. Ең соңында екі балуан қалдық. Содан ары арбастық, бері арбастық, алыстық-жұлыстық, екі сағат дамыл таппай күресіп жығыса алмадық. Көрермен жалыға бастады. Соны болдырмайын деді ме, жақын жерде орналасқан әскери бөлімнің үрмелі аспаптар оркестрі келіп, құйқылжытып музыка ойнады. Бір кезде құлағыма өте таныс бір әуен шарықтай жөнелгені. Байыптап тыңдасам, Абайдың «Көзімнің қарасы» екен. Шіркін, сыңсып тұр. Қу медиен дала, құмы көшіп, киігі жүгірген гобидың құба шөлінде Абай атамның әні. Құдай-ау, тұла бойыма тылсымнан бір күш келіп құйылды. Әннің шумағы бір көтерілген тұсында мен де қарсыласымды тік көтеріп алып басымнан асырып лақтырдым. Даланың қайрақ құмын қауып жығылған әлі қарсыласым айтады: «Мына қазақты қарашы, қазақтың әні естіліп еді, өзінен-өзі құтырынып кетті», - деп. Оған қарап тұрған мен жоқ, басынан аттап, тайраңдап жүре бердім. Осындай да қызық болады екен.

- Жалпы жарысқа шығардың алдында моңғол балуандары бұрқандарына жалбарынып, медет сұрап жатады. Сізде сондай бір әдет болады ма?

- Жастау кезімде қызық бір әдетім болды. Күреске шыққалы тұрып ішімнен Қобыланды батырдың жырын суылдатып оқимын келіп. Тура жырдың буырқанып-бұрсанатын жеріне келгенде, майданға (кілемге) атып шығам. Сол екпінмен барып айқаса кетем. Кейін осы әдетім өзінен-өзі қалып қойды. Қазір сондай жырдың қуатымен сайысқа түсетін бала бар ма осы!..

- 1980 жылы өткен Мәскеу олимпиадасына қатыстыңыз...

- Әлемнің талай мықтыларымен белдесіп, жығып та, жығылып та жүрдім. Бұның бәрі - менің мықтылығым емес, Құдайдың берген қуаты. Кейде осыған да тәуба деймін. Өйткені, бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. 1980 жылы Мәскеу олимпиадасында күрестім. Мен күресетін салмаққа әлемнің 33 елінің 151 палуаны қатысты. Салмағым 100 келіден жоғары болатын. Үшінші белдесуде Сослан Андиевтен жеңілдім. Ол олимпиада чемпионы болды. 1981 жылы АҚШ-тың Толидо қаласында өткен Әлем кубогына және 1986 жылғы Әлем біріншілігіне қатысып қола жүлдеге ие болдым. Бұның бәрі - өз алдына бір-бір үлкен хикая.

- Сіз еркін күрестен Әлем кубогы мен Әлем біріншілігінен медаль алған ғаламдағы тұңғыш қазақ екенсіз. Тағдыр сізге осындай ғажайып мүмкіндік сыйлапты. Осы күрестеріңіз жайында тарқатып әңгімелеуге қалайсыз?

- Кейбіреулерін тіпті ұмытып та қалыппын. Мен үшін 1981 жылы Әлем кубогы жолындағы күрес естен қалғысыз болды. Себебі, жарыстың өзіндік ерекшелігі бар еді. Бүгінгідей командалар бетпе-бет күресіп, есеп айырыспайтын. Әрбір салмақтағы балуандардың жекелей көрсеткіші бойынша команданың ұпайы есептелетін. Содан опыр-топыр күрес басталды. Бір заманда аңдасақ, біздің команда мен тағы бір команданың ұпай теңесіпті. Елдің бәрі күресіп біткен. Күреспеген 100 келіден жоғары салмақтағы жалғыз мен қалыппын. Сонымен, әлгі елдің балуанымен күресуім керек болды. Кім жеңеді, соның командасы Әлем кубогының қола жүлдегері атанбақ.

Бұған дейін Моңғолия командасына мұндай мүмкіндік тумаған. Бәрінің көзі жаудырап маған қарайды. Әріптестерімнің жанарынан: «Бақыт, бізді жерге қаратпа!» деген жанайқайды оқыдым. Осылай бір сұрапыл шайқас басталды.

- Бұл балуанмен бұрын-соңды белдесіп көріп пе едіңіз?

- Жоқ. Танымаймын да. Білетінім, қарсыласымның мұсылман екендігі ғана. Кілемнің екі шетіне келіп тұрдық. Аллаға сыйынып ортаға шықтым. Төреші ысқырып қалды. «Бисмиллаһи рахман-рахим» деп тұра ұмтылып едім, қарсыласым өзінен-өзі сілейіп қалды. Осы сәтті оңтайлы пайдаланып, белінен орай тартып төңкеріп тастадым да, ес жиғызбай партерде жұмарладым. Екі жақтың да жанкүйерлері ойбайлап жатыр. Оған қарайтын біз жоқ, қан майданды салып жатырмыз. Белдесудің соңына дейін тең келе жатырмыз. Ақырғы майдан басталды, бір-бір ұпай алып тағы теңесіп қалдық. Уақыт бітуге 10-20 секунд қалғанда «Бисмилламды...» айтып, Аллаға жалбыранып белге атылдым. Қарсыласым тағы сілейіп қалғандай болды. Соны пайдаланып аяғына өтіп үлгердім. Төреші менің қолымды көтерді. Әріптестерім келіп мені кілемнен тік көтеріп әкетті.

Ертеңінде әлгі балуан мені іздеп келді. Былай таман шақырып алып: «Сен мұсылмансың ба?» деп сұрады. Мен: «Алхамдулла мұсылманмын»,-дедім. Қолымды алып құттықтады, құшақтасып көрістік. Сөйтсем, менің жеңіп кетуіме бір ауыз «Бисмилла» деген сөз себеп болған екен. Мұсылман бауырым кәпірмен белдесемін деп ойлап шығыпты. Екі ортада мен «Бисмилла» деп тарпа бас салғанда екі рет сілейіп қалуының мәні сол екен.

- Күресте осы сияқты жағдайлар көп кездесті ме?

- 1980 жылдардың ортасында Иран елінің астанасы Тегеран қаласында еркін күрестен халықаралық дәрежедегі үлкен жарыс өтті. Ел қатарлы мен де қатыстым. Жеңіл салмақтағы екі жігітіміз алтыннан алқа тақты. Кешкісін бөлменің есігін бекітіп алып, оны «жуып» тастадық. Ертеңінде мен кілемге шықтым. Қысқасын айтқанда, сыдыртып отырып финалға ентікпей жеттім. Қарсыласым жергілікті жердің балуаны. Жартылай финалда болгар балуанымен күресіп зорға жеңген болатын. Байқаймын, сілесі құрып тұр екен, аяғынан ұстап оп-оңай аударып тастадым. Сол-ақ екен, күллі зал қиқулап қоя берді. Көрерменнің жаны шығып барады...

Үзілістен кейін қарсыласым намысқа шапты ма, білмеймін, өліспей беріспейтін кейіп танытты. Нағыз майдан басталды. Күрестің аяқталуына 10 секунд қалғанда қарсыласымды бір жақ жанына қарай бөксере тартып, шатқаяқтатып төрт тағанға түсіріп, бір ұпай алдым. Дүние азан-қазан болып кетті. Ақыры мен жеңдім. Бұл намыс дегенді қойсаңшы, әлгі балуан кілемде жатып алып, өксіп-өксіп жылады. Аяушылық танытып қолынан тартып тұрғызып жатып байқадым, өкініштен болар, бұтына жіберіп қойыпты.

- Қазақтың даңқты балуаны Әбілсейіт Айхановты аға әрі ұстаз тұтатын көрінесіз, оның себебі қалай?

- Әбілсейіт Айханов ағаммен алғаш 1983 жылы ойда жоқта ұшырастым. Осы жылы қыркүйек айының 11-14 аралығында Киев қаласында еркін күрестен әлем біріншілігі өтті. Осыған әлемнің 25 елінен 150 балуан қатысты. Мен бесінші орын иелендім. Әбіл аға келіп мені құшағына басты. Ақ батасын берді.

Одан кейін 1984 жылы Ауғанстан елінің құрамасын бастап Ұлан-батыр қаласында өткен жарысқа келіп қатысты. Үйіме шақырып, дәм татырып жібердім. Айтпақшы, Әбіл аға алғаш рет Ұлан-батырға 1963 жылы келіп күресіп, жеңіс тұғырына көтерілген екен. Осы сапарында қаланың орталық паркіне өз қолымен ағаш отырғызыпты. Соны барып көрдік. Мәуелеп өсіп кеткен, жапырақ жайып көктеп тұр.

Үшінші рет ағамен 1986 жылы Кабул қаласында ұшырастым. Ауғанстанда Сәуір төңкерісінің сегіз жылдығына орай үлкен халықаралық жарыс өтті. Мен өз салмағымда 1-орын иелендім. Тағы сол Әбіл ағам айқара құшақтап бауырына басып тұрып, көзіне жас алды. Мен де көзімді сулап ишарат жасап қойдым. Дәл осы күні Кабулда қырғын соғыс басталмай ма. Бабрак Кармалдың үкіметін құлатып, Нажибулла билікті қолына алды. Қала ішіндегі қырғын атысқа қарамай, Әбіл аға мені әуежайға дейін шығарып салып, оқ борап тұрған қойнауда қала берді. Әбілсейіт көкем, осындай батыр адам.

- Бақа, болашақ балуан бауырларыңызға арнап не айтар едіңіз?

-Менің спорттағы ұстазым - еркін күрестен әлем чемпионы, олимпиаданың күміс жүлдегері Х. Баянмунке деген еді. Осы кісі «Ей, Бақыт, балуан болам десең ерінбей еңбек ет, төккен тердің бодауы әсте далаға кетпейді. Бүгін болмаса ертең игілігін көресің. Күреске күш емес, алдымен ақыл керек. Сабыр мен қайратың теңелгенде нағыз балуан боласың!» дейтін.

Одан кейін біртуар балуан Александр Медведьтің «балуан болудың бес шарты» дейтін нақылын есімнен бір сәт шығармадым. Ол «балуан адам - шахматшыдай сүңғыла, штангистей күшті, марафоншыдай төзімді, 100 метрге жүгіретін желаяқтай шапшаң, цирктің акробатындай епті болу керек» дейді екен.

Енді осы екеуіне қосып менің айтарым: «Алдымен адал еңбек ет, қалғанын тәңірден тіле!».

«ТАҒДЫР МАҒАН МОҢҒОЛ ҒАРЫШКЕРІНЕ ҰСТАЗ

БОЛУДЫ ЖАЗЫПТЫ»

Адамзат тарихында аса елеулі оқиғалар көп. Соның бірі - адам баласының ғарышқа қанат қағуы. Осындай бақыт орыс азаматы Ю. Гагариннің майдайына бұйырыпты. Ол 1961 жылы сәуірдің 12-сі күні төрткүл дүниені дүр сілкіндірді. Тұңғыш ғарышкерге училищеде сабақ берген ұстазы Жақыпбек Ысқақов деген ақмолалық қазақ болып шықты. Бұл кісі бертінде, осыдан 4-5 жылдың алдында дүниеден өтті. Марқұмның өмір тарихы жайлы Жанболат Аупбаев ағамыз тәптіштеп тұрып жазды.

Енді мына қызыққа қараңыз: Гагарин ұшқаннан кейін тура 20 жыл өткенде монғолиялық Ж. Гүррагчаа дейтін азамат Кеңес елінің ғарышкері В. Жәнібековпен бірге 1981 жылы ғарышқа ұшты. Бұл монғол халқы үшін өте бір тарихи оқиға ретінде мәңгі есте қалды. Осы монғол ғарышкерін әскери өнерге баулыған ұстазы, тұңғыш командирі тағы да қазақ азаматы екен. Аты жөні - Құсан Рүстемұлы.

Ғарышқа барып, қайта оралған Ж. Гүррагчаа алдымен командирі Құсанға барып сәлем береді. Әрине, жалғыз емес. Жанында серігі В.Жәнібеков, одан қалды елдің қорғаныс министрі бар. Осы ақпарат сол сәтте шартарапқа тарап жатты. Маңдайына біткен жалғыз ғарышкерінің жар дегенде жалғыз ұстазы қазақ болғанына монғол ағайындар да таңданып бастарын шайқаған болар. Оның үстіне «Жәнібеков» деген фамилияны олар «қазақ» деп түсінгені хақ еді.

Ол күндер де өтті. Монғол армиясының офицері, мемлекеттік жоғары наградалар - «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Алтын Жұлдыз» ордендерінің иегері, запастағы полковник, спорт шебері, радио-телеграфист Құсан Рүстемұлы аз уақыт бұрын атажұртына оралды. Қазір Қарағанды облысы, Бұхар Жырау ауданы, Баймырза ауылында қарапайым ғұмыр кешуде.

- Құсан аға, өмір тарихыңыз жайлы қысқаша айтып берсеңіз?

- Мен өз әулетімізде жалғыз ұл болдым. Ел қатарлы мектепке барып, 1964 жылы Монғолияның Қобда аймағында 10 жылдық орта мектепті бітірдім. Осы жылдың күзінде шабаданымды сүйретіп, ел астанасы Ұлан-батырға бармаймын ба? Арманым - мединститутқа оқуға түсу. Құдай қолдап емтиханнан өтіп кеттім. Күзде оқу басталды. «Мен ұрлық істегенде, ай жарық болды» дегендей, осы жылы КСРО мен Қытай арасында саяси шиеленіс, кикілжің басталып, екі-үш жерде шекаралық қақтығыстар орын алды. Осы жағдайға байланысты Монғол елі «ағасы» Кеңес одағына «жаны ашып», төтеден келіп ол да кикілжіңге араласты. Анау-мынау жоқ, әскер жасындағы сауаты бар азаматтардың барлығын армияға шақырды. Қосақ арасында мен де кеттім. Мединституттың бірінші курсын да аяқтай алмадым.

- Қандай әскери бөлімшеге бардыңыз?

- Монғол армиясының кем-кетігі бүтінделіп, жоқ-жітігі сайланып жатқан кез. Жаңадан орта қашықтыққа ұшатын ракета, радиолокатор байланыс әскери бөлімі ашылған екен. Осыған тек жоғары оқу орындарында оқып жүрген жастарды шақыру қажет болған. Өйткені, бұл салаға екінің бірі жарай бермейді. Мені осыған жіберді. Алғашында 6 айлық радио-телеграфист мамандығын оқыдым. Бес-алты жылдың ішінде қатардағы жауынгерден взвод командирі, рота командирі болып шыға келдім.

- Үкімет сізге Кеңес одағындағы Әскери байланыс институтына оқуға жолдама берді емес пе?

- Жаңа айтым ғой, мен бір әулеттің жалғыз ұлы болдым деп. Оның үстіне үйленген едім. Кәрі ата-анам қолымда болды. Осыларды тастап Кеңес еліне оқуға кете алмадым. «Рахмет, бара алмаймын!» деп кесіп айттым да, қызметімді мүлтіксіз атқарып жүре бердім.

- Монғолдың ғарышкері Ж. Гүррагчаа сіздің қолыңызға қалай түсіп жүр?

- Жетпісінші жылдардың басы болатын. Өбірқанғай өлкесінде орналасқан радиолокатор полкында рота командирі міндетін атқарып жүрген едім. Кезекті әскери шақыруға байланысты бір топ жаңадан келген солдаттарды қабылдап алдым. Осылардың арасында болашақ ғарышкер Ж. Гүррагчаа да бар еді. Қағылез қатқан қара жігіт. Бір ерекшелігі - өте білімдар, әрі иман жүзді, кең пейілді азамат екені бірден аңғарылатын. Құдайдың өзі адамның пейіліне береді емес пе.

Жас солдатты 45 күндей радист және радиотелеграфист мамандығына үйретіп, дайындығы әзір болған соң жұмысқа жібердім. Мамандығын тез меңгеріп кетті. Сол тұста достастық армиялар арасында, өз арамызда әртүрлі деңгейдегі радиотелеграфисттер жарысы өтіп тұратын. Сондай сайыстарға бірге қатысып, менің командам құрамында Гүррагчаа да өнер көрсетіп жүрді. Бұл жылдары әскерлердің міндет өтеуі 3 жыл болатын. Екінші жылында Гүррагчаа сержант шенін алып, ауысымға шығып, жауапты міндеттер орындап жүрді.

- Жарыстарда топ жарған кездеріңіз болды ма?

- Өзім жекеленген жарыстарда үздіктер қатарында көрініп жүрдім. Осы сала бойынша «спорт шебері» атағын алдым. Шәкіртім Гүррагчаа дәл бәйгеден озып келе қойған жоқ, алдыңғы топтың арасында шылбырға ілініп жүрді. Радиотелеграфист қиын мамандық. Көп жыл дағдылану керек дегендей. Оған шәкіртімнің шеберлігі жетіссе де, тәжірибесі жетпей жататын.

- Ғарышкер шәкіртіңізбен араңызда болған есте қаларлық қандай бір оқиғаны айта аласыз ба?

- Радиолокаторлық бақылауда отыру - өте жауапты жұмыс. Тіпті кірпік ілуге ұлықсат жоқ. Бірде осындай міндет сержант Гүррагчааға жүктелген екен. Ол таң алдында міндетін атқарып келіп, етігін шешпестен төсегінде қисайып жатып, ұйықтап қалыпты. Қырсыққанда, сол күні таң атпай полк командирі Геннадий дейтін полковник казармаларды аралап шығады. Ұйықтап жатқан сержанттың үстінен түседі. Полковниктің шешесі орыс, өзі де орысқолды тікбақай адам еді. «Бұл неткен бейбастақ солдат» деп ойбай салыпты. Мені шақырып жатыр деген соң, бардым. «Мына солдатты үш тәулікке гаупвахтаға жап!» деді. «Ойбай, құп!» деп, мен қала бердім. Бірақ сол жігітке тиіспедім. Полковниктің бұйрығын орындамадым.

Арада көп уақыт өткен жоқ, бір күні Гүррагчаа келіп: «Сізбен оңаша ақылдасатын шаруам болып тұрғаны», - деді. «Не айтайын деп ең?» «Кеңестер елінің әскери ұшқыштар мектебіне курсант қабылдап жатыр екен, бақ сынап көрсем қайтеді? Қандай көмегіңіз бар?» дейді. Болар баланың бетінен қағып нем бар. «Жарайды!» дедім. Өзім полктің жастар одағының бюро мүшесі едім. Дереу Гүррагчааны комсомолдыққа қабылдатып, өз қолыммен қатынас қағазын толтырып беріп, шығарып салдым. Сол кеткеннен ғарышкер болып оралғанда, бір-ақ кездестік.

- Осы кездесуіңіз жайында жақсылап айтып берсеңіз?

- Оның алдында Гүррагчааның КСРО елінен әскери ұшқыштар мектебін бітіріп келгенін, Налайх деген жерде қызмет атқарып жүргенін еститінмін. Одан кейін ғарышкерлер дайындайтын орталықта жаттығып жатыр екен деген хабар жетті.

Содан 1981 жылы 20 наурыз күні «Монғол азаматы ғарышқа ұшады екен» деген дүмпу естілді. Ол тұста мен өзім туған Қобда аймағындағы 123-ші әскери бөлімде саяси қызметкер едім. Полктың партия бюросының мүшесімін. Бізге жоғары жақтан жедел түрде екі үлкен папка келді. Түнгі сағат 12.00-ден кейін қайсы папканы ашу туралы бұйрық келеді, соны күтіңдер дейді. Біздің міндет айтқан папканы ашып, таң атқанша ғарышкердің бейнесі бар плакаттарды іліп тастау. Содан күтіп отырмыз. Сағат түнгі 12.00-ден асып барады. Алдымызда екі құпия папка. Бір заматта №1 папканы ашсын деген бұйрық келді. Ашып жібергенде сүйікті шәкіртімнің жарқын жүзі жарқ етіп алдымнан шыға келді. Бірден таныдым. «Ойбай, мынау менің тәрбиелеген әскерім ғой» деп айғайлап жібердім. Әріптестерім сенер-сенбесін білмей, аңтарылып қалды. Содан үйіме қарай жүгірдім. Үйде Гүррагчааның солдат кезінде менімен қатар түскен фотосы бар еді, соны алып жеттім. Қасқайып тұрып көрсеттім. Жан-жағымнан жапа-тармағай құттықтаулар басталды.

Содан Гүррагчаа ғарыштан орала салысымен ,бүкіл елді бүтіндей аралап шығатын болды. Жанында серігі В. Жәнібеков бар. Осы сапар қалайда мен қызмет етіп жатқан 123-ші бөлімшеден басталатын болды. Тура сәуірдің басы болатын. Қырғын дайындық басталды. Жоғарыдан «Ғарышкердің рота командирі Құсан Рүстемұлының салтанатты митингіде сөйлейтін сөзі» деген дайын мәтін келіп түсті. Осы мәтінді жаттап алған шығармын.

Салтанатты жиынға парад мундирімді киіп алып жетіп бардым. Не керек, Гүррагчаа мені көрген жерде тік көтеріп құшақтап тұрып, екі бетімнен алма кезек сүйді. Мен көзіме жас алдым...

- Артынан байланыстарыңыз болып тұрды ма?

- Неге болмасын. Бертінде шәкіртім елдің қорғаныс министрі болды. Мен зейнеткер едім. Ардагер офицерлердің кезекті жиынына арнайы шақырып, үкімет атынан маған берген орденді өз қолымен табыстады.

«АТАЖҰРТЫМА АСЫЛ ҚАЗЫНАЛАРДЫ ЖЕТКІЗДІМ»

Долда Кенешұлы - ШҰАР-ның Алтай аймағында туып өскен. Көп жыл ауыз әдебиет үлгілерін және домбыра, сыбызғы күйлерін жинаумен айналысқан. Нәтижесінде ұлттық музыкамыз жаңадан 128 сыбызғы, 300-ге тарта домбыра күйлерімен толықты. Ұлт руханиятының жанашыры Иманғали Тасмағамбетов мырзаның қолдауымен жоғарыдағы мәдени мұралар 7 кітап болып жеке-жеке жарыққа шықты.

- Долда мырза, өткен ғасырдың 60-шы жылдары Қытай елінде «Төрт көнеге қарсы» дейтін саяси науқан басталып, халықтық мұраларға қырғидай тиген жоқ па еді?

- 1960 жылдардан бастап Қытай елінде «солшылдық» дейтін саяси ауру пайда болды. 1930 жылдары Кеңес елінде жүргізілген коллективтендіру секілді Қытай елінде де 1958 жылдан бастап ортақтастыру науқаны басталды. Ол зорлықпен іске асырылды. Халықты бір қазаннан ас ішуге үйретті. Тамақты нормамен таратты. Айтқанға көніп, айдағанға жүріп үйренбеген халық қатты күйзелді. Ашаршылық басталды. Адам шығыны болды.

Халық мұралары «ескінің қалдығы» ретінде қудалауға ұшырады. Айтқан адам қылмысқа тартылды. Сақтағандар сотталып жатты. Жағдай қатты ушықты. Дүрбелеңнің арты 1966 жылдан бастап «Мәдениет төңкеріс» дейтін науқанға ұласты. «Жығылғанға жұдырық» халық тіпті күйзеліп кетті. Басқасы басқа «ескінің қалдығы» деп домбыра біткенді сындырып, көзін жойды. Көнеден келе жатқан келі мен келісапты, қылаяғы кемпір мен шалдардың аяғына киіп жүрген кебіс-мәсісіне дейін жиып алып өртеді.

Біз алғаш мектепке барғанда Қазақстанның білім беру бағдарламасына сәйкес оқулықтармен оқығанбыз. Оқулықтар араб графикасымен Қазақстандағы «Жаңа өмір» баспасынан басылып шығатын. Кітапханаларда кеңестік қазақ қаламгерлері Ғабиден Мұстафинның «Шығанағы», Сәбит Мұқановтың «Ботакөз», Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ батыры» секілді туындылар толып тұратын. Осының бәрін өртеп жіберді.

- Осыны істеп жүрген кімдер?

- Өзіміздің қазақ азаматтар. Оқымаған надан адамдар ғой...

- Алғаш 1949 жылы Қытайда жаңа үкімет орнаған тұста жағдай өзгеше еді ғой?

- 1949 жылы қазіргі Қытай үкіметі орнаған кезде жағдай жақсы болған. Ол тұста біз баламыз. Артынан білдік, осы жылымық жылдары халық мұраларын үкімет жинаттырған екен. Арнайы адамдар тағайындаған. Асқар Татанайұлы дейтін ғаламат шежіре, көкірегі даңғыл ғұлама ағамыз бар еді, осы кісі бас болып жинаған көрінеді. Бертінде ағамен көрші отырдық. Асқар марқұм ел арасынан жинаған кітаптарын қуған басталған жылдары өлген әйелінің зиратына бірге көміп әрең сақтап қалыпты. Ал, ие болмағандар айырылып қалды.

- Моа-зе-дун өлгеннен кейін халықтық мұраны қамқорлыққа алу жұмысы қайта жалғасты емес пе?

- 1976 жылы мемлекет басшысы Моа-зе-дун өліп, саясат қайта жұмсарды. Кеткен қателіктерді түзеу науқаны жүрді. Ұлттық мәдениетке жан бітіп, халық домбырасын қайта шерте бастады.

- Сізді білетіндер бала жастан халықтың ауыз әдебиетімен сусындап өскен, ата-анасы көзі ашық адамдар болған дейді. Әрі Зайсан жақтың тумасы көрінесіздер...

- Әкем Кенеш 16 жасында қазан төңкерісі тұсында Зайсан жақтан Қытайға өтіп кеткен. Шешем екеуін Зайсанда тұрғанда атастырған көрінеді. Тағдырдың жазуымен арғы бетке барып үйленіпті. Әкей сауаты адам болды. Кешке май шамның жарығымен небір қисса-дастандарды оқып беретін. «Әли батыр», «Мұхамед-Құнапия», «Кербала соғысы», «Қобыланды батыр» т.б. Дастандарды тыңдап отырып-ақ жаттап алам. Өзім хат танымаймын. Үйге қонақ келсе қисса жазылған кітаптарды ашып қойып, оқып отырған адам сияқты зулатамын. Білмейтін кісілер мені шын оқып отыр екен, деп қалады. «Құбылып бурыл гуледі, табаны жерге тимеді...» деп кетемін-ау.

Тағы бір өнерім 5 жасымнан бастап домбыра шертіп үйрендім. Долдай деген өзі ақын, домбырашы жамағайынымыз болды. Бізге құдандалы адам еді. Жарықтық бертінде өлді. Осы кісі маған қу тақтайдан үш бұрыш «бала домбыра» жасап берді. Әкем риза болып, бір қойын өңгертіп жіберді.

Біздің үйге қонақ көп келуші еді. Кімі келсе де тыңқылдатып күй шертіп беремін. Қаншалықты жақсы шертіп жатқанымды кім білсін, әйтеу қонақтардың көңілі хош. Кейбір көңілі түскендер өздері білетін күйлерін шертіп көрсетеді. Бір демде қағып аламын.

Ол кезде ауылда той көп, «қыз ұзату», «шілдехана» деген сияқты. Ел таң атқанша өлең айтады. Артынан халықтық мұраларды жинағанда құлағыма сіңіп қалған осы дүниелер көп септігін тигізді.

- Қытай елінде өмір сүрген атақты ақын Смағұл Қалиұлы сіздің атаңыз ба?

- Атақты ақын Смағұл Қалиұлы әкемнің немере інісі. Алтай аймағына аты шыққан үлкен ақын. 1979 жылы 80 жасында дүниеден өтті. Дутың (аймақ әкімі) Шәріпхан Көгедаев Алтайды билеп тұрғанда өзіне қарасты 7 ауданның игі жақсыларын жинап алып Смакеңе өлең айттырады екен. Қытайдың жаңа үкіметі орнағанда сіздердегі Жамбыл Жабаев сияқты Смағұл атамызды қатты дәріптеді.

- Алтайдың арғы бетінде Арғынбек Апашбайұлы деген үлкен ақын өткенін білеміз. Өзі Зайсан-Тарбағатай өңірінің тумасы екен. Осы кісінің бізге белгісіз қандай туындылары бар?

- Қытай елінде Құрманбек Зейтінқажыұлы дейтін айтыс ақыны бар. Өзі Арғынбек Апашбайұлының баласы сипатындағы адам. Арғынбек ақын барлық жазған дүниелерін осы кісіге тапсырған екен. Соның бәрін алдым. Өте көп дүние бар. Қазір ұмытыңқырап отырғаным. Бертінде Алтай аймақтық Байырғы шығармалар кеңсесінің бастығы қызметін атқарып тұрғанымда Арғынбек Апашбайұлының бір кітабын шығардым.

- Алтай қазақтарында тұрмыс-салт жырларының түрлері көп сақталған ба?

- Жарапазанның бірнеше түрі бар, әсіресе Қазақстанда көп кездесе бермейтін төрт түлік туралы жырлар жақсы сақталған. Көріс пен жоқтаудың түрлері, сыңсу мен сарын, қылаяғы бақсының жын шақыру сарыны, одан кейін тіс қақсап ауырған адамды емдейтін «қанқұрт шақыру» жыры дейтін де болады екен. Ештеме қалдырғам жоқ. Қолыма ілікккенін ала бердім, папкаға сала бердім.

- Жаңа сіз Алтай аймақтық Байырғы шығармалар кеңсесінде бастық болдым дегенді айтып қалдыңыз. Ол не нәрсе?

- Мұндай мекеме екі-ақ жерде болды. Іле қазақ автономиялы район орталығында, одан кейін Алтай аймағында. Міндеті - парсы, араб, шағатай тілінде жазылған көне қолжазбалар мен кітаптарды жинайды. Осы жұмысқа келуім жақсы орай туғызды. Бұрын театрда жүріп бастаған ісімді жалғастырып әкетім.

- Бұрын театрда әртіс болып па едіңіз?

- Менің незігі мамандығым театрдың әртісі. 1963 жылдың қазан айында Алтай аймағында филормания ашылды. Кадрдың тапшы кезі. Осыған орта мектепте оқып жүрген өнерлі оқушыларды қабылдап, тәрбиелеп-оқыту мәселесі қаралды. Мен емтихан тапсырып ілініп кеттім. Сабағым жақсы болатын сынып жетекшісі «жібермеймін, жалғыз жақсы оқушымды алып кететін болдыңдар» деп қасарысып бақты. Оған қараған жоқ алып кетті. Жиырма бала бардық, бәріміз бір сыныпта оқимыз, тамақты ортақ қазаннан ішеміз, тәртіп қатты болды.

Кейін сақа әртіс атанып жұмыс істеп жүрген кезде «төменге түсіп халықтан тұрмыс үйрену» дейтін болды. Халық шөпті қалай шабады, малды қалай бағады, аттың жүрісі қандай болады, осының бәрін біліп шығармаға арқау етесіңдер, дейді. Өнер адамдары үнемі төменге түсіп ел ішінен бірдемелер үйреніп келетін болдық. Осыны пайдалынып халық арасынан ескі күйлер мен жырларды жинай бастадым.

- Күйлерден басқа не жинадыңыз?

- Ою-өрнектің түрлерін жинадым. Суретті жақсы саламын. Көзіме түскен ескі оюларды көшіріп аламын. Бірақ осыны жалғастыра алмадым, үзіліп қалды.

- Қанша жыр-дастан қолыңызға түсті?

- Көп ғой. Алғашқы кезде жинаған дүниелерімді көшіріп, бір есесін өзіме қалдыратын мүмкіндік болмады. Көшіріп алайын десеңде бүгінгідей ксеркс жоқ. Артынан осы үлкен өкініш болды.

- Ең көп қазына қай өңірде басым сақталған екен?

- Қытайдың Шыңжан өлкесінде үш қазақ аймағы бар. Менің туған елім - Алтай аймағы. Сол себепті мен тек Алтай өңірін ғана жинадым. Тарбағатай, Құлжа жағына көп бара алмадым. Жалпы Қытай қазақтарында байырғы қазына Алтай аймағында көп сақталған. Соның ішінде Көктоғай, Шіңгіл халқында өте мол. Адамдары да талғампаз, ішкі қазынасын қажетсіз сыртқа шаша бермейтін секемшіл келеді. Қолындағы дүниесін оңай-оспақ бере қоймайды.

- Халық қолындағысын бермейтін болса сіз қалай алып жүрсіз?

- Менің Смағұл ақынның баласы болғаным, әрі қайын атам Тайыр Белгібайұлының күйеу баласы болғаным халықтың маған сенім артуына септігін тигізді. Ел арасында Тайыр атамызға деген құрмет ерекше бөлек. Барған жерімде «Тайырдың күйеу баласы» деп таныстырып қойса жетіп жатыр. Халық: «Ойбай, Тәкеңнің баласынан несін аяймыз» деп, жыртылып айырылады.

Тайыр Белгібайұлы үш аймақ төңкерісіне еңбек сіңірген адам. Келіскен келбеті бар, әнші, домбырашы, сал-серілігімен атаққа шыққан. Кейін 1950 жылдары аймақтық ойын сауық отауында жұмыс істепті. 1954 жылы Шыңжан қазақтары өмірінен «Қасен - Жамила» дейтін көркем фильм түсірді. Сценарин жазған Уаң-и-ху дейтін қытай мен Бұқара Тышқанбаев екеуі. Кинода Жақанның рөлінде Тәкең ойнайды. Фильмнің музыкасын жазған шанхайлық Ши-ху-сай мырза жергілікті қазақтарға фильмдегі оқиғаға қатысты күй табыңдар дейді. Тәкең қазіргі халық күйі аталып жүрген «Сал күреңді» жасап алып барады. Күйді естіген қытай қуанып кетіп: «міне менің іздеп жүрген музыкам осы» депті. Кинода Қасен мен Жамилә қашып тау арасына кіріп кететін сюжет бар. Сондағы орындалатын күй осы. Жарықтық домбыраны ала салып, өзім шертіп бердім деп отыратын.

- Халық арасынан көне мұраларды жинау ісіне үкімет тарапынан қолдау болды ма?

- Әрине, Алтай аймақтық Байырғы шығармалар кеңсесінің бастығы болып тұрғанымда бізбен қанаттас Ұлт істері басқармасы және Дін істері басқармасы дейтін болды. Дін істері басқармасы бір жылдары мешіттерге санақ жүргізді. Молдалардан емтихан алып, сыннан өткендерін имамдыққа тағайындады. Осы іске мен әдейі араластым. Қалай араласты дейсіз ғой, халық арасында сақталған кітаптарды, ауызша айтылып жүрген жырларды түгелдей жинап тапсыру жөнінен молдаларға үкімет атынан тапсырма бергіздім. Кейбіреулеріне тізім жасап ұстатып қойдым. Молданы халық сыйлайды «ойбай, молдакең сұрап жатыр!» деп қазақтар қолындағысын әкеліп береді.

- Сол тұста Алтай аймағында қанша мешіт болды?

- Тек Алтай аймағында 100-ден астам мешіт болды.

- Бұл қай жылдары?

- 1986-шы жылдар шамасы.

- Алтай аймағында осы шамада қанша қазақ болды?

- 250 мыңның шамасында. Сол кездегі статистикалық мәліметтердің бәрі бар менде.

- Содан имамдарға тапсырма беріп қойдыңыз...

- Молдалар мешітті ұстап тұру үшін үкіметтің тапсырмасын бұлжытпай орындайды. Жұма намазға жиналған жамағатқа айтып, міндеттейді. «Қолдарыңда не бар әкеліп беріңдер! Немесе естіп білгендерің болса жазып әкеліңдер!» дейді. Осылай менің қолыма ғайыптан көне кітаптар жиналып қалды. Әрбір мұраны архивке өткізіп католог жасап отырдым. Бұдан басқа таудағы малшы-қосшыларға барып үгіт-насихат айтатын топ болды. Соларға қосылып алып, ел кезіп кетемін. Адам бармайтын сонау Бәйтік, Қаптыққа дейін араладым. Отардағы малшыларға шейін барып мұра жинадым.

- Көне домбыра күйлерін қалай жинадыңыз?

- Күйді алғаш аймақтық филормонияға күйші болып келген күннен бастап жинадым. Арада біраз жыл үзіліп қалды. Оның себебін басында айттым. 1970 жылдары Алтай аймағында ақындар айтысын өткізу қолға алынды. Шыңжан тарихында тұңғыш рет ұйымдасқан түрде кең көлемді ақындар айтысы 1974 жылы Алтайда өтті. Оны өткізу туралы аймақ басшысының қаулысы шықты. Айтысты басқарып өткізу газетхананың бастығы Шабдан деген ағамызға жүктелді. Мені көмекшілікке тағайындады.

- Бұл тек Алтай аймақтық ақындар айтысы ма?

- Алғашқы айтысқа тек Алтай аймақтың ақындары ғана қатысты.

- Алтай аймағында неше аудан бар?

- Аймақта 7 аудан болды. Айтыс аймақ орталығында Алтай қаласында өтті. Осыған бір топ әнші-күйшілер жиналды. Олардың міндеті - айтыс арасында ән айтып, күй шерту. Ішінен Мақсат Кәдірханұлы деген азаматтың өнеріне сүйсініп театрға қабылдадық Қазір атақты режиссер болды. «Көрікті мекен» дейтін фильм түсірді. Оны өздеріңіз білесіздер. Биғазы дейтін жігіт келіп халық әндерін орындады. Менен екі-үш жас үлкен екен. Биекеңнен аса көп халық әндерін жазып алдым.

Жыл өткен сайын аймақтық ақындар айтысы тұрақтанды, деңгейі де көтерілді. Қазір бірнеше жүз киіз үй тігіп өткізетін дәрежеге жетті. Мұнда ұлттық киімдер бәйгесі, киіз үйлердің жарысы қатар өтетін дәстүр қалыптасты. Үш аймақ ақындары түгелдей қатысатын болды. Оған қосып сыбызғышылар, көмекей жыршылар, қисса-дастан жаттап айтатын жыршылар тұтас келіп қатысады. Айтыстың осындай жоғары дәрежеге көтерілуіне аймақ бастығы Қадыс Жәнәбілұлы, аймақтық мәденит бастығы Зақан дейтін азаматар көп еңбек сіңірді.

- Өтейбойдақтың «Шипагерлік баянын» тауып ғылыми айналымға енгізген Қадыс Жәнәбілұлы осы кісі ме?

- Өтейбойдақтың «Шипагерлік баянын» алғаш тапқан адам мына менмін.

- Қалай?

- Алақақ Буыршын жақта Егізтөбе дейтін ауылда, бір үйде ескі кітап бар дегенді естіп, іздеп бардым. Үй иесінің аты Нұртай екен. Ауылда дәрігер көрінеді. Өмірімде мұндай қырыс адамды көрсемші, үйіндегі ескі кітапты көрсеткенімен бермей қойды. Күн-түні жалынып шамам жетпеді. Содан аймақтық үкімет кеңсесіне барып баяндадым. Осындай баға жетпес қазына бар екен, алу керек дедім. Кім барса да бермеді. Ақыры сіз айтып отырған Қадыс ағай барып алған көрінеді.

- Жаңағы Нұртай деген кісіде «Шипагерлік баяннан» басқа көне кітаптар жоқ па екен?

- «Текті ел» дейтін көне кітап бар екен. Қазақтың рулық - шежіре баяны секілді көрінді. Көрсетті, бірақ бермеді. Оны ешкім әлі алған жоқ.

- Сыбызғы күйлеріне келейік. Қазақ топырағында нотаға түскен сыбызғы күйлері 30-дың маңайында екен. Ал, сіз жинақтап бастырған кітапта 121 сыбызғы күйі бар. Үлкен жетістік емес пе?

- Мен Қазақстанда бар-жоғы 30 шақты сыбызғы күйі бар екенін білген жоқ едім. Менің жинаған сыбызғы күйлерім өте көп. Содан қайталанғанын алып тастап, ұқсастарын біріктіріп жариялағанда 121 болып тұр ғой. Алтайда әйгілі сыбызғышылар болды. Қаба бойында Іркітбай, Қисабек, Жетімек деген сыбызғышылардың күйі көп сақталған. Шіңгілде Сүндетхан деген атақты сыбызғышы болды. Оны көзім көрді. Бір көзіне ноқала түскен ақкөз адам екен, өте көп күй жазып алдым. Қабадан Жұмақан деген сыбызғышыны көрдім. Тартысы сұмдық. Іркілдеген семіз адам, сыбызғы тартқанда бас терісінің құйқасы бірге ойнап тұрады. Керемет. Жұкеңнен бірталай күй жазып алдым.

- Бұл күйлерді қалай жазып аласыз, қытайша нотаға түсіріп аласыз ба, әлде..

- Ол кезде нотаға түсіргем жоқ. Магнитафон алып барып таспаға жазам да алам. Қайран дүниенің көбін архивке өткізіп жібердім ғой. Бертінде барып екі есе жазып, бірін өзіме сақтағаным болмаса. Мына әкелгендерім бұрынғы жинағанымның жұрнағы ғана. Жүздеген кассетадан қолымда қалғаны жиырма шақты болар-болмас.

- Қазақстанға алғаш рет қашан келдіңіз?

- 1991 жылы Моңғолиядан Қазақстанға қарай ел көшкенде Қобда бетіндегі туыстарымыз осы жаққа өтіпті. 1997 жылы солар шақыру жіберіп алғаш рет Қазақстанның босағасын атадым. Келсем М.Әуезовтың 150 жылдық тойы болып жатыр екен соған құрметті қонақ ретінде қатыстым.

Одан кейін 2002 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІІ Құрылтайына делегат болып келдім. Сонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты: «Сіздер Қазақстанға келгенде өздеріңіз тұрған елдің білімін, технологиясын ала келіңіздер, қазақ руханиятына үлес қосыңыздар!» деді. Осы сөз көкейімнен кетпей қойды. Елге қайтайын деген ой келді. 2005 жылы біржола көшіп келдім.

- Келген соң жоғардағы жиған-терген дүниелеріңізді біреуге көрсету керек болды. Солай ғой?

- Кімге не айтарымды білмеймін. Күнде отырып алып теледидардан ақпарат тыңдаймын. Қарап отырып Иманғали Тасмағамбетов дейтін халық мұраларына жаны ашитын азамат бар дегенді естіп қалдым. Сол үгіттің әсері ме, Имекеңге біртүрлі ішім жылитын болды. Ол кезде Иманғали Нұрғалиұлы Алматы қаласының әкімі. Ойланып отырдым да өзіме жамағайын азамат ақын Ұлықбек Есдәулетке бардым. Ақылдастым. Қолымдағы заттарды Иманғали Нұрғалиұлына көрсетсем қайтеді, дедім. Ұлықбек інім құп көріп: «Ойбай, ол кісіні мен жақсы танимын, одан артық адам таппайсыз» деп, санын шапалақтап қуанды.

Осылай Имекеңнің атына хат жазып қолымдағы кассеталардың бәрін беріп қояа бердім.

- Не деп хат жаздыңыз?

- Оқып берейін бе?

- Құлағым сізде!

-«Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы мырза! Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін Шыңжан өлкесінің батыс бөлігі бос қалды. 1760 жылдан бастап осы өлкеге қазақтар қоныстанды. Қазір 200 жылдан асып барады. Олар әдет-ғұрыпын, ұлттық құндылықтарын жойған жоқ. Тілін таза сақтаған. Дәстүрлі музыка өнері мен ауыз әдебиет үлгілері мұрты бұзылмай тұр... Өз басым халық мұраларын жинаумен көп жыл шұғылдандым. 100-ге жуық қисса - дастан, 50-дің үстінде араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған қолжазба, көне басылым кітаптар, ондаған мың шумақ өлең-жырлар, халық ән-күйлері, мақал-мәтел, аңыз-әңгімелер жинадым. ...2005 жылы атамекенге біржола көшіп келдім. Осы жинаған дүниелерімді сіздің қолға табыс етуге бекіндім. Қалай болса да қазақтың мұралары емес пе, ұлттық қорымызға қосылып кейінгі ұрпақтар кәдесіне жарар деген ниетпен сәлем жолдаған Долда Кенешұлы, 2007 жылы, сәуір» деп, хатымды аяқтадым.

- Содан хат кетті, жауап күтіп жатырсыз?

- Содан 2007 жылдың мамыр айында Иманғали Тасмағамбетов мырза шақырып жатыр деген хабар жетті. Қасыма Ұлықбек Есдәулет бауырымды ертіп алып келдім. Имекең қатты риза болып отыр екен. Дереу кітап етіп шығарайық, деді. Маған көп рахмет айтып шығарып салды. Содан 2007 жылы 10-мамырда жазушы Ұлықбек Есдәулет, сазгер Айтқали Жайымов, домбырашы Біләл Ысқақ, сыбызғышы Еділ Құсайыновтардан құралған жұмыс тобы жасақталды.

Менің күй жазған ленталарым өте ескі болатын. Алды 20 жылдан асып кеткен. Имекең ақша бөлем лентаны бүлдірмейтін жаңа құрал алыңдар, деді. Осылай жұмыс басталды. Ақыры Имекеңнің арқасында «Атамұра» баспасынан жеті кітап болып шықты.

- Сізді ән жазып, күй шығаратын сазгер деп естідік...

- «Туған жер» деген бір әнім бар. Бес-алты жыл ойланып жүріп жаздым. Естіген жұрт керемет екен, дейді. Өзім шығарған күйлерім бар. Алғаш күйді 1976 жылы жазғам. Іші тар біреулер «бұл күйде Қазақстан күйінің сарыны бар» деп, пәле жауып, жаным әрең қалғаны. Екі ел қатты өштесіп тұрған заман еді ғой. Тағы бір күй құрастырып жүрмін. Оның атын «Астана» қояатын шығармын.

АВТОР ТУРАЛЫ:

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ 1963 жылы Монғолияның Бай-өлке аймағы Қобдангол ауылында туған. 1984 жылы Ұлан-батыр қаласында Сухе-батыр атындағы Әскери жоғары институтты бітірген. Кәсіби офицер, мамандығы - артиллерист. 1991 жылы Қазақстан Республикасына қоныс аударған. 1995 жылдан бастап баспасөз саласында қызмет жасап келеді. Астана қалалық «Астана ақшамы» газетінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқаған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Мәдениет қайраткері.


Соңғы жаңалықтар