Бекет ата және жерасты мешіттерінің тарихи мәні

АҚТАУ. KAZINFORM — Халық арасында «Мединеде — Мұхаммед, Түркістанда — Қожа Ахмет, Маңғыстауда — Пір Бекет» деген тіркес кең тараған. Бекет ата немесе Пір Бекет деген атпен танымал Бекет Мырзағұлұлы туралы не білеміз? Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының бөлім меңгерушісі Айман Яриханова Бекет ата және жерасты мешіттерінің тарихи мәні жөнінде мағлұматтармен бөлісті.

Бекет ата және жерасты мешіттерінің тарихи мәні
Фото: Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы

Бекет Мырзағұлұлы — 1750-1813 жылдары өмір сүрген діни қайраткер, ағартушы ұстаз, сәулетші шебер. Халық ерекше құрмет тұтқан қазақтың әулиесі, мәмілегер тұлға және батыр болған. Оның өмірімен байланысты аңыздар көп.

Аңыз бойынша, оны әкесі әулие Шопан атаның басына түнеп, оның батасын алуға жібереді. Сонда Шопан ата оның түсіне кіріп, оған Хиуадағы атақты сопы Бақыржан қажыдан (Мухаммад Бакиржан Азиз) білім ал деп, аян береді. Осылай, Бекет ата Хиуадағы Шерғазы-хан медресесінде (Маскани Фазилан) 7 жыл оқып, діни білім алады. Ол жердегі ескерткіш тақтада Бекет Мырзағұлұлының есімімен қатар түркімен халқының ақыны Мақтымқұлы Пырағы, қарақалпақ ақыны Әжінияз Қосыбайұлы оқығандары туралы мәліметтер бар. Бекет атаның ұрпағы Қырлыбек Өтетілеуовтің жетекшілік етуімен 2017 жылы Өзбекстандағы осы медресе орналасқан «Ишан-қала» музей-қорығынан Бекет атаға арнап экспозициялық көрме ашылған.

Бекет ата және жерасты мешіттерінің тарихи мәні
Фото: Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы

Бекет ата Хиуадағы медресені бітіріп келгеннен кейін мешіттер салып, халқын сауаттандыруға, мәдениеттің өркендеуіне, болашаққа жол ашуға көп күш жұмсаған. Алғашқы мешітін Атырау облысы Жем бойындағы Ақмешіт деген жерден салған. Бұл мешітте Бекет атаның әкесі Мырзағұл, анасы Жәния, кіші баласы Тоғай мен атасы Жаналы жерленген.

Бекет ата және жерасты мешіттерінің тарихи мәні
Фото: Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы

Мешіт қатты бор жынысынан қашалған, дөңгелек етіп бір-бірімен жалғаса иіліп жасалған үш бөлмеден тұрған. Бөлмелердің қабырғаларынан қуыстар жасалып, төбесінен сәуле түсетін ойық-тесік қалдырылған, оңтүстік-батыс бөлігінде михрабы болған. Қосқұлақ тегі Ислам Мырзабекұлының ауыл ақсақалдарынан сұрастырып білуі бойынша мешіт 1937 жылдары бұзылған. Ақмешіттің жаңаруы 1993 жылы шырақшы болып келуінен басталды. Сол кездегі Жылыой ауданының әкімі Төкен Жұмағұловтың басшылығымен ауыл азаматтары жиналып, Ақмешітті қалпына келтіреді. Дәлізбен жалғасқан жерге тереңдете салынған екі бөлмелі күмбезді кесене болып жасалған қазіргі мешітінде михрабтың орнына аса таяқтың көшірмесі қойылған, Бекет атаның әкесі мен шешесіне арнап үшінші кесене бөлек салынған.

Бекет ата және жерасты мешіттерінің тарихи мәні
Фото: Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы

Бекет ата өзі оқытқан озат шәкірттеріне аса таяқ тарту етіп, батасын беріп отырған. Сол аса таяқтың бірі Кете руы Шектібай деген шәкіртіне бұйырған, бүгінде Ақтөбе облысы аймағындағы «Жирен қопа» деген жерде Тұрсынғали Нәкешовтың үйінде сақтаулы. Аса таяқтың негізгі бөлігі төртқырлы болып келген көк түсті болаттан қашалып, сабы цилиндр пішінінде күміспен қапталып жасалған, ұзындығы 1,3 метр болып келеді. Төменгі жағы үшкірленіп, өткір етіп жасалған, негізгі ұңғысының екі жерінен тесіліп, оған белбеу өткізілген. Яғни, бұл аса таяқты жүргенде сүйену үшін емес, керісінше, иесі оны қорапқа салып, иығына асып жүрген. Көк асаны жоғары күштер — әруақтармен байланысу үшін діни-ғұрыптық мақсатта пайдаланған. Көк — көк аспан, көк Тәңірі, ал Аса — аса маңызды, өте жоғары дегенді білдіреді. Бекет атада қасиетті Көк асадан басқа бірнеше аса таяқ болғаны белгілі. Оның өз әулетіне мұраға қалдырған аса таяғы Түрікменстаннан Маңғыстауға көшіп келген Бердіхан Аяпбергенұлының әулетінде сақталған.

Бекет ата және жерасты мешіттерінің тарихи мәні
Фото: Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы

Бекет атаның Ескi Бейнеудегi мешiтi — Бейнеу ауылынан 17 шақырым оңтүстiк-батыс бағытта, Жем өзенінің төменгі сағасына дейін баратын, Үстіртке қарай көтерілетін ежелгі керуен жолдарының бойында орналасқан. Жерасты мешітіне 1825 жылғы 1-ші Үстірт экспедициясының құрамында Э. А. Эверсман, А. О. Дюгамель сияқты ғалымдар келіп ескерткіштің суретін салып қалдырған. Мешiт жартасты мүйiстен ойып жасалған, жалпы көрiнiсi қазақтың киiз үйiнiң пiшiнiне келедi. Үлкендi-кiшiлi, бiр-бiрiне жалғастырып салынған 4 бөлмеден тұрады. Көлемi жағынан ең үлкен бөлмесi дөңгелек жобамен, төбесi күмбез тәрiздi ойып жасалған. Бөлмелердiң қабырғалары тегiстелген, жазу, сызу ешқандай iздер кездеспейдi, әр жерлерде шырағдан қоятын терең емес ойықтар қалдырылған. Мешіттің төбе жағында құлпытас түріндегі шағын жерлеу қойылымдары бар. Мұнда Бекет атаның үлкен ағасы, ержүрек Меңдіқұл батыр жерленген. Меңдіқұл інісінің атын ешқашан атамай, әрдайым өзіне жақын тартып жүретін болған. 2010 жылы бұл мешітке қалпына келтіру, бекіту жұмыстары жүргізілді.

Бекет ата және жерасты мешіттерінің тарихи мәні
Фото: Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы

Тобықтыдағы Бекет ата жерасты мешiтi Тиген елді мекенінен 37 шақырым солтүстік-шығыс бағытта орналасқан. Мешіт ақбортас жартастың 10 метр биіктігінде жалпақ дөңде орналасқан, жоспарда 2 камералық құрылыс. Мешіт 2015 жылы толықтай қалпына келтіруден өткен.

Тобықтыдағы Бекет ата мешіті
Фото: Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы

Бекет атаның құрдасы, Бөкен Жеменей руынан шыққан Байсал Мырзаболатұлы Оғландыдағы мешітті салғанда көп көмек беріп, Бекет атаның батасын алған деген деректер бар. Кейіннен Алланың қалауымен балалы болып, Бекет ата оған мың балаға татитындай бала болсын, Мыңкісі деп ат қойған. Байсал Бозашы түбегінің Тобықты деген ыңғайлы жерінен Бекет ата осында келем дегенше мешіт салған. Уәде еткен уақытында Бекет ата келіп, бұл мешітте екінті, ақшам, құптан, таң намаздарын оқыған.

Бекет ата және жерасты мешіттерінің тарихи мәні
Фото: Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы

Бекет атаның соңғы мекені, табиғаты керемет Үстірт шыңдарының жиегінен Оғланды тауындағы жартасты жерден қашалып жасалған. Ел арасында сақталған аңыздарға қарағанда, Бекет атаны осы жерден мешіт салуға бастап келген осы Оғлан екен. Бекет атаның өзі көзі тірісінде «маған ниет қойып, келгісі келген, шарапат тапқысы келген адам әуелі Оғландыға соғып зиярат етіп барып келсін» деп жұртшылықты дағдыландырған. Бекет атаның мешітіне жету үшін шыңның жиегінен төмен қарай жыра қабатымен 1700 м ұзақ жаяу жүріп бару керек, бұрынғы ескі сүрлеу жол, бүгінде ыңғайлы етіп тас баспалдақтар жасалған. Мешіт таудың етегінде орналасқан, жанында бұлақтары бар. Мешіт жартастан ойып жасалған, 5 камералық бөліктен тұрады, күн батыс беткейінен михрабты ойық қалдырылған, жоғарыдан жарық түсетін ойығы бар.

Оғыландыдағы Бекет ата мешітінің іші
Фото: Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы

Ескерткішке 1999-2000 жылдары және 2020-2021 жылдары айналасын тазарту, төменгі қабатын бекіту, мешіттің жоғарғы бөлігіне түскен жарықтарды бекіту, кіреберіс аумағын қалпына келтіру бойынша реставрациялау жұмыстары жүргізілді.

Бұл киелі орында жыл бойы әулиеге тағзым етіп, дертіне дауа, жанына тыныштық іздеген зияратшылардың тобы азаймайды. Халықтың сенімі бойынша, Бекет ата өзінен көмек сұрағанды қиындықта қалдырмайды, оның есімін атап, тілек тілесең кез-келген бәлені қайтарады, ал мешітіне барып дұға жасасаң, ғажайып-кереметін сезінесің. Қиналғанды демеп, адасқанға жол сілтеп, қорыққанды қорғаған бұл ғажайып жанның өнегелі өмірі, ерекше қасиеті, игі істеріне халқы сүйсініп, Пір-Бекет атады.

Оғланды жеріндегі Бекет ата жерасты мешіті ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілген «Маңғыстау түбегінің жерасты мешіттері» сериялық номинациясының құрамына кіреді.

Бекет ата Мырзағұлұлы — қазақтың рухани және тарихи тұлғасы. Оның жолы қазіргі Қазақстан Республикасының толеранттылық бағытындағы өркениетаралық, мәдениетаралық, ұлтаралық диалогтарының кешенді түрде дамуына өз үлесін қосып келеді.

Бұған дейін, Сисем ата қорымының неліктен батырлар пантеоны деп аталатыны туралы жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар