Бекмұхамбетов Мұхамеджан Шолтырұлы

Қызыл империя мен коммунистер заманында патшаға қызмет еткендердің бәрі «сатқын», «екі жүзді» деген ұғым қалыптасқан. Және осындай қағидамен өткен ғасырлардағы бірсыпыра қазақтың оқығандары мен зиялыларының есімдері аталмай, еңбектері мүлде елеусіз қалды. Біз әңгімелегелі отырған Мақаш Бекмұхамбетов те патша әкімі.
None
None
Әкім болғанда анау-мынау емес, бірнеше округтерді ондаған жылдар бойы басқарған, орыс патшасымен жүздесіп, шен алып, шекпен киген белгілі де беделді әкім. Бірақ ол халыққа адал қызмет етудің қай заманда да тура жолы бар екенін және ел басқарған қазақтардың кім екенін дәлелдеген, артына өлмейтұғын сөз қалдырған әділ әкім болған. Мұхамеджан Шолтырұлы Бекмұхамбетов 1830 жылы қазіргі Атырау облысының Теңіз ауданында өмірге келіп, 1904 жылы туған жерінде қайтыс болған. Кейбір құжаттарда Мақаш Шолтырұлы деп те жазылады. Өз заманында халық «Мақаш әкім», «Макаш правитель» деп, ұлықтап атап кеткен. Әкесі Шолтыр Кіші жүздің Шеркеш атасынан, әкесі де, атасы Бекмұхамбет (жұрт оны Бекпембет деп атап кеткен) те Жәңгір ханның замандасы. Анасы Қамқа - Бекпембеттің би келіні атанған өте сыйлы, ел анасы болған. Дәулетті әрі беделді отбасында өскен және жасынан жақсы тәрбие алған, әр іске ынталы бала Мақаш 1841 жылы Жәңгір хан ашқан мектептің алғашқы 25 шәкірттерінің бірі болады. Және белгілі этнограф Мұхамбетсалық Бабажановпен қол ұстасып барып, мектеп есігін ашады. Мектептен кейін Орынбор қаласындағы Неплюев кадет корпусында М.Бабажановпен бірге оқуға түсіп, оны 1852 жылы бітіріп шығады. Мұнда ол шығыстанушы ғалым В.Григорьевтен дәріс алады және рухани қамқорлығында болады. Кадет корпусын бітірісімен М. Бекмұхамбетов Орда қаласындағы Бөкей Уақытша кеңесіне тілмаштық қызмет атқарады да, онда көп отырмай Каспий жағалауындағы бірнеше округтерде кезек-кезек 40 жыл бойы үздіксіз басқарушы әкім болып қызмет істейді. 1892-1897 жылдарда сол Ордадағы Уақытша кеңестің кеңесшісі болып істеп, зейнетке шығады. Адал еңбегі және халық алдындағы зор беделін ескере отырып, патша өкіметі оған жасауыл шенін, «Әулетті Дворянин» құрметті атағын, Ресейдің жоғары наградасы дәрежелі қасиетті Владимир, екінші императорлық тәжді қасиетті Станислав, үшінші дәрежелі қасиетті Анна ордендерімен марапаттаған (Ө.Әлімгереев, «Жас алаш», 15.03.2001 ж.) Енді Мақаш әкімнің ел құрметіне бөленген жақсы істері мен қызметтеріне тоқталайық. М.Шолтырұлының ұзақ жыл әкімдік қызмет атқарғанын жоғарыда айттық. Сол жылдар ішінде әкім халықтың талап-тілегіне, өтініш, арыздарына үнемі назар салып, заң жолымен де, қазақтың дәстүрлі ата жолымен де әділетті түрде қарап, шешім шығарып отырған. Әсіресе, кедей-кепшіктерге, қарапайым жұмысшыларға, малшыларға ілтипатпен қарап, қолынан келгенше үкімет тарапынан да, өзі де қаржылай көмек көрсетіп отырудан таймаған. Мақаш өмірін көп зерттеген ғалым Ө.Әлімгереев оның Шыман деген кедейге мал, киім, қант, шәй әперіп, жұмысқа орналастырғанын жазады. Сол сияқты В.Лениннің әкесі ағасына, Астрахань қаласында айдауда жүрген орыс жазушысы Н.Чернышевскийге жасаған қайырымдылық істерін де көрсеткен (аталған газетте). М.Бекмұхамбетов оқу-ағарту, білім мен өнер саласына барынша назар аударып, оған қол ұшын да берген зиялы адам екенін атыраулықтар күні бүгінге дейін ұмытпай айтып отырады. Әсіресе, 1893 жылы қазақ жастары үшін өз қарамағындағы Ганюшкин селосында екі кластық орыс-қазақ мектебін ашты, оған үнемі көмектесіп, қол ұшын, тиісті жәрдемін беріп отырды. XIX ғасырдың 70-ші жылдарында Ресей отаршылдары Каспий төңірегіндегі халықтарды христиан дініне өткізу туралы әрекет жасай бастайды. Мұсылман халықтарының өз дінін сақтау үшін патшаға Өтешқали Атаниязов екеуі барып, оған сый-сияпат ұсынып, ара түскен де осы Мақаш әкім еді. Алайда өктемшіл орыс билігі оған құлақ асқан жоқ. М.Бекмұхамбетов орыс, казак сияқты жат пиғылды кейбіреулердің қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпын теріс көрсетудегі жат әрекеттеріне тосқауыл қойып, өз пікірін «Астраханский вестник» газетіне (3.05.1898) мақала етіп жазып, ел намысын қорғады. Мақаш әкімнің зор жұмысы қазіргі Астрахань облысындағы қазақ жерлерін даулап, патша өкіметіне 8 рет хат жазып, арнайы комиссия шығартып, оны деректі фактілермен дәлелдеп бергені және оны қайтарып алғандығы туралы мәліметтер Петербор мұрағаттарында сақтаулы түр. Амал не, 1919 жылы ақ патша орнына келген қызыл патшалық ол жерлерді Ресейге қайтадан қосып жіберді. Ел қамын ерте ойлап, алдағыны болжай білген Мақаш әкім қолында билік тұрған кезде қоршаған ортаны қорғау жөнінде де көп іс жасаған. Ол Каспий теңізінің тартылып бара жатқанын және осылай бола берсе табиғат апатына ұшырау мүмкін екенін толық дәлелдеді. Теңізді сақтау үшін патша үкіметіне бірнеше рет хат жазып, мемлекет қазынасынан 10 мың сом қаржы бөлгізген. Бұл кезде ол өте мол қаржы болатын. Бұған әкім қуаңшылыққа қарсы мамандар дайындап және ол жерлерді картаға түсірткен, ағаштар отырғызған. Ресей астанасынан мамандар шақырып алдырған. М.Бекмұхамбетов өз уақытында белгілі орыс, қазақ ғалымдарымен талай жүздескен белгілі қайраткерлердің бірі екенін әлі көпшілік біле бермейді. Ол Петербург университетінің профессоры И.Березинмен, Бөкей ордасы Уақытша кеңесінің бастығы, белгілі орыс әкімі В.Лазаревскиймен, ғалымдар В.Григорьевпен, Г.Карелинмен, қазақ зиялылары Д.Қосуақов, М.Бабажановпен, Венгрдің көрнекті ғалымы А.Вамберимен тығыз байланыста болып, қарым-қатынас жасап тұрған. Зиялы әрі зерделі әкім өз халқының мәдениеті мен тұрмыс-салты, ауыз әдебиеті мен тарихына назар аударып, оны насихаттап жазып отыруды да ұмытқан емес. Ол жоғарыда айтылғандай «Астраханский вестник» газетіне мақалалар жазып тұрды. Ол Асан Қайғы, Доспамбет, Жиембет жыраулардың өлеңдерін алғаш рет бастырушылардың бірі. Қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқаларын да жинақтап қағазға түсірді. Оның бұл еңбектері өзі қайтыс болғаннан кейін 1908 жылы Қазан қаласында «Жақсы үгіт» деген атпен басылып шықты. Мақаш әкімнің еңбектері мен қолжазбалары Петербордың Салтыков-Щедрин атындағы кітапханасы мен Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институты сирек қолжазбалар қорында сақтаулы тұрғанын қазақ ғалымдары анықтаған. М.Шолтырұлы жақсы ұрпақтар да тәрбиелеп өсірді. Оның ұлы Шафхат Мұхамеджанұлы Бекмұхамбетов 1916 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітірген. Туған елі мен жеріне қызметін аямай төккен М.Бекмұхамбетов сынды үлкен жүректі азаматтың өмірі мен қызметін көрсетуде және оны зер салып зерттеуде академик А.Жұбанов пен С.Зиманов, М.Ысмағұлов, Р.Отарбаев, Ө.Әлімгереев, А.Әтішев сияқты ғалым зерттеушілер, қаламгерлер көп еңбек сіңірді. Оның есімі Қазақ совет энциклопедиясына да кірді. ( «ҚСЭ», 7 том, 403-404 бет, 1975ж).Сейіт Кенжеахметұлы жазушы, этнограф
Соңғы жаңалықтар