«Бекіре – 2024»: Атырауда ұсталған жүргізушінің көлігінен 70 келі бекіре тәркіленді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда «Бекіре – 2024» іс-шарасы кезінде көлік жүргізушісі ұсталды. Оның көлігінен 70 келі бекіре тәркіленді.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 10 қыркүйектен бері «Бекіре – 2024» акциясы өтіп жатыр.
«Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Бекіре – 2024» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде Атырау қалаының аумағында күдік тудырған Toyota Camry маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында автокөлік салонынан салмағы 70 келі тартатын бекіре тұқымдас 23 балықты тәркіленді. Заңсыз ауланған бекіре балығы 5 полиэтилен пакетке салынған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Бекіре тұқымдас балықты заңсыз тасымалдаған күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалын жүргізу басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.

«Атырау облысының аумағындағы су айдындарында «Бекіре – 2024» іс-шарасының күзгі кезеңі 31 қазанға дейін жалғаcады. Бұл акция басталған 10 қыркүйектен бері 900 келіге жуық заңсыз ауланған балық өнімдері тәркіленді», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында «Бекіре – 2024» акциясы кезінде браконьерлерден 270 келі бекіре тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.