«Бекіре-2024»: Еліміздің батысында кең ауқымды балық қорғау акциясы басталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін еліміздің батысындағы су айдындарында «Бекіре – 2024» кең ауқымды балық қорғау акциясы басталды. Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы бұл акция 31 мамырға дейін жалғасады.

бекіре
Фото: t.me/knbgov_kz

Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың айтуынша, аталған акцияны өткізу үшін Ауыл шаруашылығы және Ішкі істер министрлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірлескен бұйрығы қабылданған. Соған сәйкес үйлестіру штабының құрамы мен Жайық-Каспий су бассейнінде кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген.

«Акцияға батыстағы үш облыстан 1 177 қызметкер жұмылдырылып отыр. Оның ішінде 374 қызметкер Атырау облысында, 254 қызметкер Батыс Қазақстан облысында, ал 549 маман мен әскери қызметшілер Маңғыстау облысының аумағында акцияның сәтті өтуіне атсалысады. Олар 80 қайықпен, шағын көлемді жүзу құралдарымен, 254 автокөлік және квадрациклмен, 6 дронмен қамтылды. Ал шекарашылар су айдындарының жағалауындағы 3 радиолокациялық стансаны пайдаланады», - деп хабарлады Аян Бахиянов.

Оның айтуына қарағанда, акция аясында браконьерлік фактілер жиі байқалуы ықтимал аумақтарда жылжымалы бекеттер мен мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылады. Осыған байланысты негізгі күштер мен құралдар Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында, Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістігінде шоғырланады.

Сондай-ақ Жайық өзенінің жағалауы 15 видеокамерамен бақыланады. Еске сала кетелік, бұған дейін батыстағы су айдындарында «Бекіре-2024» кең ауқымды акциясы басталатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар