«Бекіре» акциясы: 694 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл наурызда Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре» балық қорғау акциясын өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Бұл ретте, ҚР Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер министрлігі бірлескен құжатқа қол қойып, табиғат қорғау және құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді.

балықшы
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте АШМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аян Бахиянов акция жайлы айтып берді.

Белгілі болғандай, акция барысында Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының инспекторлары, құқық қорғау, табиғат қорғау органдары және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері табиғат қорғау заңнамасының 945 бұзушылығын анықтап, нәтижесінде 694 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

«Браконьерлік және сирек кездесетін сондай-ақ құрып кету қаупі төнген балық түрлерімен заңсыз қарым-қатынас жасау фактілері бойынша 71 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға 19,4 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 11 тонна 308 келі балық, оның ішінде 2 тонна 229,5 кг бекіре тұқымдас балықтар, 8 кг 328 грамм бекіре уылдырығы, 162 бірлік балық аулау құралдары және 44 бірлік су көлігі тәркіленді. Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті траулинг нәтижесінде су айдындарынан жалпы ұзындығы 300 км-ден асатын 1416 бірлік заңсыз балық аулау құралдары алынды», – деді Аян Бахиянов.

Айта кетейік, 2024 жылы уылдырық шашу кезеңі басталғаннан бері бақылаудағы су айдындарында балық шаруашылығы комитетінің облысаралық бассейндік инспекциялары әкімшілік құқық бұзушылық туралы 848 хаттама толтырған. Оның ішінде 134 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 383-бап бойынша сот органдарына жіберілген.

«Балық аулау ережелерін өрескел бұзуға жол бергені үшін құқық қорғау органдарына қылмыстық іс қозғау үшін 5 жеке тұлғаға қатысты 3 материал жіберілді. Бұзушылардан мемлекет кірісіне 2 784 тонна заңсыз ауланған балық, 286 аулау құралы, сондай-ақ 16 жүзу құралы тәркіленді. 14 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. 4,1 млн теңге сомасына балық ресурстарына келтірілген залал үшін талап қойылды», – деді спикер.

Соңғы жаңалықтар