Бекірені заңсыз сақтаған атыраулық 9,7 млн теңге залалды өтемегені үшін жазаланды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау тұрғыны 20,8 келі бекірені заңсыз сақтап, мемлекетке 9,7 млн теңге келтірген. Сот үкімімен мемлекетке келтірілген залал өтемеген тұрғынның бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылды.

Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушыға бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сақтағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 2-бөлігінің 5-тармағымен айып тағылған.
«Бірінші сатыдағы сот оны 20,8 келі бекіре тұқымдас балықты заңсыз сақтап, мемлекетке 10,7 млн теңге көлемінде ірі залал келтіргені үшін кінәлі деп таныды. ️ҚР Қылмыстық кодексінің 60-бабының 1 және 4-бөлігімен шығарылған үкімдердің жиынтығы бойынша сотталушының бас бостандығы 3,5 жылға шектелді. Одан мемлекет пайдасына 9,7 млн теңге мүліктік залал өндірілді. Прокурор үкіммен келіспей, жазаның қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына және сотталушының жеке басына сәйкес келмейтінін көрсетіп, апелляцияға өтінішхат жолдады», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Апелляцияны қарау кезінде төмендегі жайттар анықталған.
«Сот жаза тағайындау барысында сотталушының қылмыс жасаған кезде бұрынғы үкім бойынша бас бостандығын шектеу жазасын өтеп жүргенін және пробациялық бақылауда болғанын ескермеген. Сотталушы бұған қарамастан түзелу жолына түсуді қаламай, тағы да ауыр санаттағы қылмыс жасаған. Сонымен қатар, сотталушы 9,7 млн теңге шығынды өтемеген», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Сот баяндалған жайтты ескеріп, сотталушыға қатысты үкімді өзгертті.
«Сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 60-бабының 1, 4-бөліктерін қолданып, аталған құжаттың 339-бабының 2-бөлігінің 5-тармағымен 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы сот залынан қамауға алынды», - деп нақтылады соттың баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау соты алаяқтарға алданған 220 үлескердің талабын қанағаттандырған еді.