Бектенов Геологиялық кластер құрамында заманауи зертхана құрылысын 2026 жылы бастауды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Келесі жылдың соңына дейін геологиялық тарихи деректерді цифрландыру жұмыстарын аяқтау қажет. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов бейінді ведомстволарға осындай тапсырма жүктеді.
— Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуді маңызды міндет ретінде айқындады. Саланың дамуы еліміздің өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға ықпал етеді. Осы орайда барланған жер қойнауының көлемін 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізу үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл міндет келесі жылы орындалатын болады. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы құрылды. Онда 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Аталған платформа лицензияларды автоматты түрде беруге және міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Бұрын дәстүрлі қағаз нұсқада, магниттік таспаларда және фотосурет түрінде сақталған 3,5 миллионға жуық бастапқы геологиялық ақпарат цифрландырылды, — деді Үкімет басшысы.
Осы орайда Премьер-министр Өнеркәсіп министрлігіне Қаржы, Жасанды интеллект министрліктерімен және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп, келесі жылдың соңына дейін тарихи деректерді цифрландыру жұмыстарын аяқтауды тапсырамын.
— Бұл, жалпы алғанда Қазақстан бойынша тарихи және жаңа геологиялық ақпаратқа қол жеткізуді оңайлатып, инвестициялар тарту, кен орындарын барлау мен игеру жөніндегі жобаларды іске асыруды жеңілдетеді. Мамандардың айтуынша, қазіргі қолданыстағы геологиялық карталар біршама ескірген. Олар кен орындарының әлеуеті мен нақты орналасқан жерін дәл анықтауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан геологиялық карталардың ауқымын кеңейту жұмыстарын жалғастыру қажет, — деді ол.
Сондай-ақ Үкімет басшысы геологиялық барлау ісіне заманауи ғылыми әдістерді енгізуге жағдай жасау керектігін айтты.
— Осы орайда елордада Геологиялық кластер құрамында заманауи зертхана құру жоспарланып отыр. Ол минералдық-геохимиялық және талдамалық зерттеулер жүргізу үшін қажет. Өнеркәсіп министрлігі Қаржы министрлігімен және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп, 2026 жылы аталған зертхана құрылысын бастауды қамтамасыз етуі қажет, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, 2026-2028 жылдары еліміздің 100 мың шаршы шақырым аумағы зерттеледі.