Бектенов Қарағанды облысындағы өнеркәсіп пен АӨК-ті дамыту барысын тексерді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысында Президенттің өнеркәсіпті, ТКШ және АӨК-ті дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының өнеркәсіпті дамыту, терең өңдеуге баса назар аудара отырып, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық инфрақұрылым мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.

«Saran» индустриялық аймағының кәсіпорындары, «Qarmet» АҚ өндіріс нысандары, оның ішінде металлургия комбинаты мен «Саран» шахтасына барды. Энергетика, коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобаларға назар аударылды.

Премьер-министр Қарағанды облысының Саран қаласында орналасқан «Saran» индустриялық аймағының дамуымен танысты.
«Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты» ЖШС мырышталған металл бұйымдарын өндіретін жаңа кәсіпорынның ашылуын мысалға ала отырып, қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар тексерілді. Ыстық мырыштау немесе металл бұйымдарын тот басудан қорғау құрылыста, машина жасау мен ауыл шаруашылығында және экономиканың басқа салаларында кеңінен қолданылады.

Қазақстан өнеркәсібіндегі оң динамиканы ескере отырып, мырышталған металл бұйымдарына сұраныс жыл сайын артып келеді. Қуаты жылына 50 мың тонна өнім шығаруға жететін кәсіпорынды іске қосу отандық металл конструкцияларын өндірушілер қажеттілігінің 80%-ын өтеуге мүмкіндік береді. Жобаға 6,2 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 80%-ы – «Бәйтерек» холдингінің тетіктері арқылы ұсынылатын қарыз қаражаты. Зауыт мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігінің нәтижесінде іске қосылды. 115 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар ірі өндіріс ошағы төңірегінде шағын және орта бизнес белдеуін дамытуға қосымша серпін берілмек.

Премьер-министр Саран қаласындағы шиналар шығаратын «Tengri Tyres» ЖШС зауытында болды. Кәсіпорын импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған. Толық циклді зауытта халықаралық стандарттарға сай технологиялық барлық процесс іске қосылды. Биылғы қаңтар-наурыз айларында Attar брендімен жалпы құны 2,6 млрд теңге болатын 135,4 бірлік жеңіл және жүк көліктері дөңгелектері және қысқы шиналар шығарылды. Ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, жеңіл көлік шиналары экспорты жүзеге асырылады. «Tengri Tyres» ЖШС директоры Александр Уставщиков жыл соңына дейін құны 29,3 млрд теңге болатын 1,2 млн шина шығару жоспары туралы айтты. Қазіргі таңда зауытта 850 адам жұмыс істейді. Толық жобалық қуатына шығу жалпы 1 125 тұрақты жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді.

Премьер-министр жеткізілімдер көлемін одан әрі арттырудың және сату нарығын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Бұдан бұрын Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты республикалық семинар-кеңес өтті.