Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бектенов Каспий жағасында салынатын кеме жасау зауытының жобасын қарады

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрі Олжас Бектенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының өңірдің экономикалық әлеуетін нығайту және негізгі инфрақұрылымдық жобаларды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.

Бектенов Маңғыстаудағы миллиардтаған жобаларды тексерді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Атап айтқанда, Премьер-министрі Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту және отандық өндірістік қуаттарды кеңейту бағытындағы жобалармен танысты.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтау халықаралық әуежайында Премьер-министрге Каспий теңізіне шығу мүмкіндігі мен заманауи порт инфрақұрылымының арқасында ТХКБ-ны дамытуда маңызды рөл атқаратын Маңғыстау облысының көлік-логистикалық әлеуеті туралы баяндалды. Кейінгі үш жылда Қазақстан порттары арқылы контейнерлік транзит көлемі 3,8 есе артып, 42 мың ЖФЭ-ге дейін жетті. Бұл ретте порттардың жиынтық өткізу қабілеті жылына шамамен 200 мың ЖФЭ-ге дейін жеткізілді.

Олжас Бектенов сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауында заманауи кеме құрастыру верфін салу жобасымен танысты. Жобаның инвестиция көлемі кемінде 125 млрд теңге болады.

YDA Group директорлар кеңесінің төрағасы Хусейн Арслан кәсіпорында азаматтық және арнайы кемелерді жобалау мен жасаудан бастап, оларға техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеуге дейінгі өндірістің толық циклі жолға қойылатынын айтты. Сонымен қатар экипажсыз суүсті аппараттарын шығару көзделген. Өндірістік қуаты жылына 8 жаңа кеме жасауға және 24 кемеге жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 1,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба аясында технологиялар трансфері, халықаралық стандарттар енгізу және қазақстандық мамандар даярлауға арналған оқу орталығы ашылатыны атап өтілді. Өндірістік кооперацияға отандық шағын және орта бизнес кәсіпорындарын тарту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Ақтау әуежайы базасында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб құру жобасы қаралды. Кешенде әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету мен жөндеу, әуе жүктерін тасымалдау, мамандар даярлау және логистика әуе, теңіз, теміржол және автомобиль көлігі интеграциясымен біріктіріледі.

Ақтау әуежайы
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі


Жыл сайын кешенде 200-ден астам әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету және 60-қа дейін бояу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Жоба аясында 3,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Премьер-министрге Құрық портында көпфункционалды терминалдың бірінші кезеңін салу жоспары туралы баяндалды. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл шілдеде ҚХР-ға жұмыс сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.

Guoyou Materials Group директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боян компанияның жобаға 470 млрд теңге инвестиция салатынын хабарлады. Жоба аясында автоматтандырылған контейнерлік терминал құру, ұлттық желіге қосылған теміржол желісін салу, контейнерлік кемелер мен паромдарды жеткізу көзделген.

Жобаның бірінші кезеңінің өткізу қабілеті жылына 15 млн тоннаға дейінгі жүк болады. Құрылыс жұмыстарын 2026–2028 жылдар аралығында жүргізу жоспарланған. Екінші кезең 2029-2031 жылдары жүзеге асырылады, ал нысанды пайдалануға беру 2032 жылы көзделіп отыр. Барлық кешен аяқталғаннан кейін оның қуаттылығы одан әрі кеңейту мүмкіндігімен жылына шамамен 25 млн тоннаға жетеді. Жоба шеңберінде 800-ге дейін жұмыс орнын ашу, қазақстандық техникалық кадрларды даярлау және операциялық қызметті кезең-кезеңімен локализациялау көзделіп отыр.

Бектенов Каспий жағасында салынатын кеме жасау зауытының жобасын қарады
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі


Олжас Бектенов орталық мемлекеттік органдар мен Маңғыстау облысының әкімдігіне қаралған жобалардың сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Құрылыс мерзімдерін сақтауға, инвестициялар тартуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, өндірісті локализациялауға және өңір халқы мен экономикасы үшін нақты нәтижеге қол жеткізуге ерекше назар аудару қажет.

— Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік торабына айналдыру міндетін қойды. Маңғыстау облысы Қазақстан дамуының жаңа кезеңінің негізгі өңірлерінің бірі болуы тиіс. Мемлекет басшысы жүзеге асырып жатқан ауқымды реформалар экономика мен инфрақұрылымды түбегейлі жаңғыртуды көздейді. Бүгін қаралған жобалар жаңа өнеркәсіптік өндірістер мен тиімді көлік-логистикалық жүйені қалыптастырудың берік негізін қалайды. Үкімет қажетті қолдауды қамтамасыз етеді. Әрбір жоба сапалы, мерзімдерді сақтай отырып және халық үшін нақты нәтижемен жүзеге асырылуға тиіс, — деп атап өтті Премьер-министр.

Guoyou Materials Group директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боян Құрық портының базасында Еуразиялық логистикалық хаб құру жөніндегі уағдаластықтар туралы айтты.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары барысында бізбен жеке кездесу өткізді. Еуразиялық байланыстырушы хабқа айналатын Қазақстандағы Каспийде жаңа порт салу жобасы Президент тарапынан мақұлданып, жоғары бағаға ие болды. Қазіргі уақытта біз бұл үдерісті белсенді түрде ілгерілетіп жатырмыз. Президенттің қатысуымен тараптар ресми құжаттарға қол қойды. Осы портқа салынған инвестициялардың жалпы көлемі $1 млрд-қа бағаланады. Бірінші кезеңде оның жылдық өткізу қабілеті 15 млн тонна болады, ал екінші кезеңде ол 25 млн тоннаға жетеді деп жоспарланып отыр. Жоба Қазақстанда 800 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Юй Боян.

Еске салайық, бұған дейін Олжас Бектенов автобөлшек өндірісінің жоспарын бір айда әзірлеуді тапсырған еді.