Бектенов отандық өнімді шетел нарығына шығарудағы кедергілерді азайтуды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Отандық өнімді сыртқы нарықтарға жеткізу барысындағы кедергілерді азайту керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Бектенов отандық өнімді шетел нарығына шығарудағы кедергілерді азайтуды тапсырды
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

— Нақты секторды одан әрі дамыту үшін өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін төмендетіп алмау маңызды. Металлургия экономикадағы көптеген салалардың негізгі тірегі. Сондықтан оның орнықты дамуын қамтамасыз етіп, қолда бар әлеуетті іске асыру бағытында тиісті шараларды қабылдау керек. Металлургиялық кәсіпорындарды шикізатпен толық қамтамасыз ету үшін шетелдік серіктестермен барлық келіссөздерді аяқтап, нақты қадамдарға кірісу қажет. Оның ішінде, өнімді жеткізу географиясын кеңейтуге де баса назар аударған жөн, — деді ол.

Осы ретте Үкімет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры мен Өнеркәсіп министрлігіне отандық металлургия кәсіпорындарын шикізатпен ұзақмерзімді қамтамасыз ету тетіктерін пысықтауды тапсырды.

— Сауда министрлігі отандық өнімді сыртқы нарықтарға жеткізу барысында кедергілерді азайту үшін қосымша шаралар қабылдасын. Сонымен қатар Қаржы министрлігі «көлеңкелі» айналымдағы өнімдердің әкелінуіне қарсы бақылауды күшейтуі керек, — деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Премьер-министр Үкіметтің басты міндеті– инфляцияны 10%-дан төмен деңгейде ұстап тұру екенін айтқан болатын.