Бектенов сенаторлардың бұзақылықтың алдын алу жоспарын әзірлеу ұсынысына жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының бұзақылық пен ұсақ бұзақылықтың алдын алу жөніндегі ұлттық кешенді жоспар әзірлеу ұсынысына жауап берді.

полиция, парк, саябақ
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Құқық бұзушылықтардың алдын алу аясында қоғамдық тәртіпті бұзатын және қоғамның адамгершілік негіздеріне қол сұғатын фактілерді (ұсақ бұзақылық, алкогольдік ішімдіктер ішу, тыныштықты бұзу және т. б.) анықтау, кейіннен қолданыстағы заңнамаға сәйкес ден қою шараларын қабылдау басым бағыт саналады. Қабылданған шаралар 16,7 пайыздан астам (5,5 млн-нан 6,6 млн-ға дейін) әкімшілік құқық бұзушылықтың, оның ішінде 337,3 мыңы қоғамдық тәртіпті бұзудың (2024 жылы — 323 мың) жолын кесті, — деді премьер-министр.

Үкімет басшысының дерегінше, осы жылдың басынан қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы санының 5,9 пайызға (52 774-тен 49 667-ге дейін), ұрлықтың 24 пайызға (13 190-нан 9 578-ге дейін), бұзақылықтың 26 пайызға (709-дан 526-ға дейін), қоғамдық орындардағы қылмыстардың 7 пайызға (14 506-дан 13 516-ға дейін), оның ішінде көшелерде 5 пайызға (6 388-ден 6 076-ға дейін) төмендеуіне қол жеткізілді.

— Қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу бойынша жұмыс ерекше бақылауда. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі бұзақылық пен ұсақ бұзақылықтың алдын алу жөніндегі ұлттық кешенді жоспар әзірлеу және қабылдау мәселесін қарастыруды жоғарыда көрсетілген шараларды іске асырудың нәтижесі тиімсіз болған жағдайда орынды деп санайды, — деді Олжас Бектенов.

Естеріңізге сала кетсек, сенатор Геннадий Шиповских бұзақылық пен ұсақ бұзақылықтың алдын алу жөніндегі кешенді ұлттық жоспар қабылдау керектігін айтып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған еді.

Соңғы жаңалықтар