Бектенов тапсырмасы: BI Group, BAZIS тағы басқа компаниялар 17 млрд теңге салық төледі

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлермен өзара есеп айырысу арқылы салық міндеттемелерін оңтайландыру бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.

Бектенов тапсырмасы: BI Group, BAZIS тағы басқа компаниялар 17 млрд теңге салық төледі
Коллаж: freepik.com

- Талдау қорытындысы бойынша 633 салық төлеушіге, оның ішінде 172 құрылыс саласында (ірі құрылыс компанияларын қоса алғанда), 102 сауда және басқа да қызмет түрлерімен айналысатын компанияларға салық салынатын кірістерін төмендету белгілері бойынша хабарламалар жіберілді. 12 наурыздағы жағдай бойынша салық төлеушілер қосымша есептілік нысандарын тапсырып, салықтарын толықтыруда. Қазір 17 млрд теңге төленді, оның ішінде BI Group және BAZIS компаниялары да өз төлемдерін жүзеге асырды, - делінген Қаржы министрлігі таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ ведомство қазір деректерді салыстыру жұмысы жалғасып жатқанын хабарлады.

- Бірқатар ірі құрылыс компаниясы қаржы ағынының ашықтығы мен құрылыс саласындағы көлеңкелі тұстарды жою үшін цифрлық шешімдерді әзірлеуге және қаржыландыруға бастамашылық білдіріп жатыр, - дейді министрліктен.

Осы орайда Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерді салық заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

- Егер хабарлама орындалмаған жағдайда салық органдары кешенді салықтық тексерулер жүргізу туралы бастама көтереді, - деп ескертеді.

Еске сала кетсек, ақпанның соңында Үкімет басшысы Олжас Бектенов кәсіпкерлерді екі аптада салық сомасын әділетті түрде төлеуге шақырды. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниясы жүр.

Артынша Қаржы министрлігі BI Group, BAZIS-A компаниялары кірісін төмендетіп көрсеткенін хабарлады. 

Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің салық мәселесіне арналған жиында неге BI Group пен BAZIS-А компанияларына шүйліккенін түсіндірді. 

Соңғы жаңалықтар