Бектенов туристерге келген сәттен бастап, кеткенге дейін қолайлы жағдай жасауды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов туристер үшін келген сәттен бастап, бүкіл сапар маршруты бойынша және елден кеткенге дейін қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Бектенов туристерге келген сәттен бастап, кеткенге дейін қолайлы жағдай жасауды тапсырды 
Фото: ҚР Үкіметі

Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қонақ үйлер мен туристер жиі баратын басқа да орындарда қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік деңгейінің жоғары болуы қажеттігін атап өтті. 

Премьер-министр туристік өнімдерді нақты туристік топтардың, әсіресе, шекаралас өңірлердегітуристерге бейімдеген жөн екенін баса айтты.

— Мұның шағын және орта бизнестің қызметіне ғана емес, сондай-ақ бағдарламалық-цифрлық өнімдерге де қатысы бар. Туристік локацияларда сапалы ұялы байланыс пен интернет болуға тиіс. Қонақ үйлер мен туристер жиі баратын басқа да орындарда қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік деңгейіне, сондай-ақ баға саясатының қолайлы болуына назар аудару керек. Туристер үшін келген сәттен бастап, бүкіл сапар маршруты бойынша және елден кеткенге дейін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Аталған жұмысты Туризм, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктері мен әкімдіктерге бірлесіп жүргізу тапсырылды.

— Бұл әсіресе, қауіп деңгейі жоғары аймақтарға қатысты. Таудағы демалысқа арналған құрал-жабдықтар мен керек-жарақтарды түгендеп, туристердің қауіпсіздік техникасы туралы білім деңгейін арттыруды, сондай-ақ туристер үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз инфрақұрылым құруды бақылауға алу қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бұған дейін хабарланғандай, туристерге қолайлы болу үшін Қазақстанның ірі қалаларында түнде экспресс-маршруттар қатынауы мүмкін. 

 

Соңғы жаңалықтар