Бектенов Жезқазған қаласының су тазарту қондырғысын жөндеу үшін қосымша қаржыландыруды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың 6 айында мемлекеттік органдарға сумен жабдықтау мәселелері бойынша тұрғындардан 30 мыңға жуық арыз-шағым келіп түскен. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

- Маңғыстау облысындағы Кендірлі су тұщыту зауытының іске қосылуы да ұзаққа созылып кетті. «Самұрық-Қазына» қоры мен Маңғыстау облысының әкімдігіне 15 шілдеге дейін Кендірлі зауытын іске қосу жұмыстарын аяқтап, Жаңаөзен қаласына су беруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Жезқазған қаласының тұрғындарынан ауыз судың сапасына қатысты шағымдар келіп түсіп жатыр. Ондағы су тазарту қондырғысына күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына 10 жылдан асты. Қаржы және Өнеркәсіп министрліктеріне Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп, осы жылдың 1 тамызына дейін аталған жобаны қосымша қаржыландыру туралы шешім қабылдауды тапсырамын, - деді Премьер-министр.
Үкімет басшысының дерегінше, тек бірінші жарты жылдықтың өзінде мемлекеттік органдарға сумен жабдықтау мәселелері бойынша тұрғындардан 30 мыңға жуық арыз-шағым келіп түскен.
- Өнеркәсіп және Су ресурстары министрліктері мен өңір әкімдіктеріне кешігіп жатқан жобаларды толық аяқтау үшін түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырамын. Сумен жабдықтау жүйелерін дамытумен қатар үнемдеу технологияларын енгізу және су ресурстарын басқаруды цифрландыру жұмысын күшейту қажет. Сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін одан әрі төмендету керек. Ескірген коммуналдық инфрақұрылымды барынша жаңғыртып, жаңаларын салуға маңыз берілуге тиіс. Бұл мәселе қабылданған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында да шешімін табады, - деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Олжас Бектенов іске асырылу мерзімі созылып кеткен таза ауыз су жобаларын атаған еді.