Бектеновтің EKAZENT Management GmbH басшылығымен кездесуінде қандай мәселелер талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Астана халықаралық форумының қатысушылары – аустриялық EKAZENT Management GmbH компаниясының басшылығы: бас операциялық директор Габриэль Константин Кефер, басқарушы директор Норберт Пфундермен кездесу өткізді.

Басқосуда Қазақстанның сауда және туристік әлеуетін дамыту бойынша бірлескен жұмысқа көңіл бөлінді. Атап айтқанда ынтымақтастық бағыттары, оның ішінде Алматы облысында аутлет орталығын салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру перспективалары талқыланды.
Жоба өңірдің сауда және туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған және тек Қазақстаннан ғана емес, көршілес елдерден де сатып алушыларды тартуға арналған. Орталықтың құрылысы шағын және орта бизнесті дамуытуға, инвестиция тартуға және тауар айналымын арттыруға тың серпін береді.
Тараптар Қазақстанда заманауи коммерциялық жобаларды, оның ішінде дамыған логистикалық инфрақұрылымды жүзеге асыру үшін барынша қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Туристік әлеуеті мен өңірдің ірі экономикалары: Қытай, Ресей және Орталық Азия елдері маңында қолайлы географиялық орналасуы Қазақстан нарығын анағұрлым тартымды етіп отыр. Кездесу соңында қатысушылар жобаны іс жүзінде іске асыруға дайын екендерін жеткізді.
Айта кетейік, EKAZENT Management – сауда және аутлет орталықтарын басқару қызметтерінің толық кешенін ұсынатын аустриялық жылжымайтын мүлік нарығындағы көшбасшыларының бірі.