Әуесқой боксқа оралуымның бірнеше себебі бар - Бекзад Нұрдәулетов
Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Бекзад Нұрдәулетов кәсіби бокстан әуесқойлар арасына қайта оралу себебін түсіндірді, деп хабарлайды Кazinform.

«Әуесқой боксқа қайта оралуымның бірнеше себебі бар. Оның ішіндегі ең маңыздысы – еліміз намысын ірі жарыстарда қорғағым келді. Сондықтан қайта оралдым. Әрине, кәсіби бокстан түбегейлі кеткен жоқпын. Ол жақта да алатын асуым, шығар биігім бар. Ал Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен соң қатарға қосылу оңай болмады. Психологтармен жұмыс істедім. Бапкерлерім көмектесті. Токио ойындары мен үшін үлкен сабақ болды», - деп келтіреді Б. Нұрдәулетовтің сөзін Ұлттық Олимпиада комитеті.
Еске салайық, биылғы 15 желтоқсанда Астанада Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ұйымдастыруымен «Чемпиондар түні» атты кәсіпқой бокс кеші өтті. Онда Бекзад Нұрдаулетов (6-0, 2 KO) ресейлік боксшы Никита Зонды жеңді.