Бекзад Нұрдәулетов олимпиадалық салмаққа ауысатын болды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық боксшы Бекзад Нұрдәулетов олимпиадалық салмаққа ауысатын болды.

Былғары қолғап шебері қазір 85 келі салмақта сынға түсіп жүр. Енді ол алдағы жылдары олимпиадалық салмаққа ауысуға ниет танытып отыр. Айта кетсек, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында 80 келі және 90 келіде медаль сарапқа салынады.
Б. Нұрдәулетов 1999 жылы дүниеге келген. 2019 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алса, 2024 жылы Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді. 2020 жылдан бері кәсіпқой бокста да шаршы алаңға шығып жүр.
Ол жақында Астанада өткен әлем кубогында чемпион атанды. Жартылай финалда Бекзад үндістандық Джугнуды қапы қалдырды.
Бекзад әуесқой боксқа оралу себебін түсіндірген еді.
- Әуесқой боксқа қайта оралуымның бірнеше себебі бар. Оның ішіндегі ең маңыздысы – еліміздің намысын ірі жарыстарда қорғағым келді. Сондықтан қайта оралдым. Әрине, кәсіби бокстан түбегейлі кеткен жоқпын. Ол жақта да алатын асуым, шығар биігім бар, - деді ол.