Беларусь армиясына дрондарды лазермен жоятын жаңа қару түрін енгізді

АСТАНА. KAZINFORM – Беларусь армиясы ұшқышсыз ұшу аппараттарын лазер сәулесімен жоюға арналған отандық «Шафран» кешенін қару-жарақ қатарына қабылдады, деп хабарлайды ТАСС.

л
Фото: Беларусь мемлекеттік әскери-өнеркәсіп комитеті

Бұл туралы Беларусь мемлекеттік әскери-өнеркәсіп комитетінің төрағасы Дмитрий Пантус «Беларусь-1» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі әскери өнеркәсіптің басты бағыттарының бірі – ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы тиімді қорғаныс жүйелерін әзірлеу.

– Бүгінде біздің саладағы негізгі бағыт, әрине, ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы күрес болып отыр. Бұл ретте белгілі бір жетістіктерге қол жеткіздік. Мәселен, өз елімізде жасалған «Шафран» лазерлік кешені қару-жарақ қатарына сәтті қабылданды. Қазір оның қуатын, әрекет ету қашықтығын және басқа да тактикалық-техникалық сипаттамаларын жақсарту үшін жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатырмыз, – деді Дмитрий Пантус.

Комитет мәліметінше, «Шафран» кешені әуе кеңістігін радиолокациялық және оптикалық-электрондық құралдар арқылы бақылай алады. Ол 4 500 метрге дейінгі қашықтықтан дрондарды анықтап, қуатты лазер сәулесінің көмегімен 1 500 метрге дейінгі аралықта жоя алады.

2025 жылдың қарашасында кешен сынақтан сәтті өтіп, тиімділігін растаған болатын.

Дмитрий Пантустың айтуынша, Беларусь радиоэлектрондық күрес құралдарын жетілдіруге де ерекше назар аударып отыр. Соңғы алты айда төмен биіктікте ұшатын нысандарды анықтайтын отандық екі заманауи станция әскердің қару-жарақ қатарына енгізілген.

Ал елдің қорғаныс министрі Виктор Хренин дрондарға қарсы күрес құралдарының маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

– Бұрын ойыншық ретінде қабылданған дрондар бүгінде ұрыс даласында көптеген міндетті атқаратын аса қауіпті қаруға айналды. Оларға қарсы тиімді күресудің жолын қазір бүкіл әлем іздеп жатыр. Біздің ғалымдарымыз бен өндірушілеріміз де осы бағытта жұмыс жүргізуде, – деді министр.

Оның сөзінше, мұндай қорғаныс жүйелері бір мезгілде ондаған мың дрон қолданылуы мүмкін жағдайларға дайын болу үшін қажет.

Айта кетейік, бұған дейін Израиль ғарыш кеңістігінен нысаналарға соққы жасауға мүмкіндік беретін лазерлік қару жүйесін әзірлеп жатқаны хабарланған болатын.