Беларусь электронды виза жүйесін енгізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Беларусьте 67 елдің азаматтары үшін электронды виза жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Синьхуа ақпарат агенттігі хабарлады.

Флаг Беларуси
Фото: shutterstock

Бұл бейсенбі күні Беларусьтің Ұлттық құқықтық интернет-порталында ресми жарияланған Министрлер Кеңесінің қаулысында қарастырылған. Жаңа қаулы жарияланғаннан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қаулыға сәйкес, электронды визалар «Консул» автоматтандырылған жүйесінде беріледі.

Электронды визалар АҚШ, Канада, Аустралия, Жапония, Аустрия, Жаңа Зеландия, Бельгия, Ұлыбритания, Испания, Латвия, Литва, Польша сияқты 67 елдің тұрақты төлқұжат иелеріне беріледі. Мұндай визаны алу үшін Беларусьтің электронды қызметтерінің бірыңғай порталындағы жеке кабинетте өтініш беру қажет. Өтініш күнтізбелік жеті күн ішінде қаралады. Электронды визалар шұғыл түрде берілмейді.

Бір реттік және жеке электронды визалар 30 күннен аспайтын мерзімге беріледі. Сапардың мақсатына қарай визалардың келесі санаттары беріледі: іссапар, спорттық, мәдени, ғылыми, білім беру іс-шараларына және тағылымдамадан өтуге қатысу, жеке істер, туризм.

Еске салсақ, бұдан бұрын Беларусь ОСК президенттікке кандидат ретінде тіркеу үшін Александр Лукашенконың құжаттарын қабылдағаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар